ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 12.12.2023
Просмотров: 759
Скачиваний: 11
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ақыл-ой кемістігі бар оқушылар танымдық қызметі мен жалпы тұлғалық айқын жетілмеуі салдарынан оқыту процесінде едәуір қиындықтарға ұшырап жатады. Арнайы ұйымдастырылған оқыту мен тәрбиелеудің әсерінен балалар дамиды, белгілі бір білім, білік, дағдыларды меңгереді, алайда оқыту және дамытудағы бұл ілгерілеушіліктер әр оқушыда әр түрлі болады. Ақыл-ойы кем балаларды оқытудың алуан мүмкіндіктері даму бұзылыстарының тереңдігі мен таралуына байланысты.
В.В. Воронкованың басшылығымен КСРО Педагогикалық ғылым академиясындағы Дефектологияны ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерінің көп жылдық зерттеулері ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың арнайы оқу бағдарламаларының материалдарын меңгеру кезінде байқалатын типологиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ алынған білім, білік және дағдылардың сапасына әсер ететін өзіндік қиындықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Жүргізілген зерттеулер негізінде авторлар оқыту мүмкіндіктері бойынша оқушылардың 4 типологиялық топтарын айқындайтын оқушылардың педагогикалық классификациясын жасады.
Бірінші типологиялық топқа фронталды оқыту үдерісінде бағдарламалық материалдарды ойдағыдай табысты игерген оқушылар жатады. Олар оқу тапсырмасын өз бетінше орындауға қабілетті. Өзгертілген тапсырманы орындау кезінде көп қиындықтарды бастан кешірмейді, негізінен жаңа жұмысты жасау барысында бар тәжірибені дұрыс қолданады. Бұл балалар есептеу тәсілдерін, есепті шешу амалдарын тез есте қабылдап алады, пәндік көрнекіліктерді сирек қажет етеді. Әдетте оларға белгілі бақылауларға, құбылыстартарға сөздік нұсқаулар жеткілікті. Олардың білімдерінің салыстырмалы беріктігі мен икемділігін айтуға болады. Оқушылар пайымдаулардың кері барысын меңгеруге қабілетті. Олар фразалық сөйлеуді қолданады, өз әрекеттерін еркін түсіндіреді, жұмысты, тапсырмаларды орындау тәсілдерін алдын ала жоспарлай алады.
Екінші типологиялық топ оқушылары да сыныпта айтарлықтай табысты оқиды. Олар негізінен мұғалімнің жаппай түсіндірмесін түсінеді, оқылатын материалды естеріне жақсы сақтайды, бірақ педагогтың көмегінсіз қарапайым қорытындылар мен жалпылаулар жасауға қабілетті емес. Олардың ерекшелігі – жұмыстың барлық түрлерін орындау кезінде дербестігінің аз болуы, олар мұғалімнің ынталандырушы және ұйымдастырушы көмегін қажет етеді. Бұл оқушылар оларға айтылған құбылыстар, заттар, оқиғаларды елестете алмайды. Олар зерттелетін нысандардың, құбылыстардың, заңдылықтардың тікелей бақылауын ұйымдастыруды қажет етеді. Заттардың көмегімен көрнекіленген жағдайда ғана тапсырманы саналы түрде орындайды. Сөздік тұжырымдалған мәліметтер оларда қажетті түсінікті қалыптастыра алмайды.
Бұл балалар бірінші топтың оқушыларына қарағанда білімдерін баяуырақ жинақтайды, жұмыс істеу тәсілдерін, оқу іс-әрекеттер алгоритмдерін баяуырақ меңгереді.
Үшінші типологиялық топқа әр түрлі көмек түрлерін қажет ете отырып, бағдарламалық материалды қиындықпен меңгеретін оқушылар жатады. Бұл оқушылар үшін қайта түсіндірілген материалды жеткіліксіз түсіну тән.
Оларға ең бастысын анықтау, бөліктердің қисынды байланысын орнату, екінші кезектегі қосымша бөліктерді бөліп көрсету қиынға соғады. Жаппай сабақтар кезінде олар материалды түсінбейді, қосымша түсіндіруді керек етеді. Олардың ерекшелігі – төмен дербестігі. Пәндік-практикалық қызметті ұйымдастыру, көрнекі құралдарды пайдалану оларда толыққанды білім қалыптастыруға кепіл бола алмайды. Байланыстарды, қарым-қатынастарды, себеп-салдарлық тәуелділікті олар түсінбейді. Олар тапсырмаларды орындауда жекелеген фактілерді, талаптар мен ұсынымдарды жадында ұстап тұрады, бірақ бұл саналы түрде мағынасын түсініп, есте сақталмағандықтан, балалар ой әрекеттірінің және тіпті шынайы іс-әрекеттердің де реттілігін бұзады, оқытылатын фактілердің мәнді және мәнсіз белгілерін шатастырады.
Үшінші типологиялық топ оқушылары фразалық сөйлеуді меңгеруде үлкен қиыншылықтарға ұшырайды, сөздік қоры аз, терминологияны меңгеру өте баяу жүреді. Бұл оқушыларды оқыту мұғалім оларды пәндік-практикалық іс-әрекеттерге үнемі үйретіп отырған жағдайда ғана, жасалатын нақты ісқимылдардың, болып жатқан өзгерістердің мәнін, маңызын үнемі оларға түсінікті түрде айтып отырған жағдайда ғана табысты өтуі мүмкін.
Төртінші типологиялық топқа оқу материалдарын өте үлкен қиындықпен меңгеретін оқушылар жатады. Бұл ретте оларға тек фронталды оқыту жеткіліксіз. Олар көп мөлшердегі жаттығуларды орындауды, қосымша оқыту әдістерін енгізуді, жұмыстарды орындау кезінде тұрақты бақылап тұруды және бағыттап отыруды қажет етеді. Белгілі бір шамада өз бетінше қорытынды жасау, өткен тәжірибесін пайдалану оларға қол жетімді емес. Кез келген тапсырманы орындау кезінде мұғалімнің оқушыларға бірнеше рет анық түсіндірмесі керек. Мұғалімнің тікелей кеңестер түріндегі көмегін кей оқушылар дұрыс пайдаланады, кейбіреулері мұндай жағдайларда да қателіктер жібереді.
Бұл оқушылар өз жұмысындағы қателерді көрмейді, оларға қателіктерін анықтап көрсетіп, қалай түзету керектігін түсіндіру қажет. Әрбір келесі тапсырманы олар жаңа тапсырма ретінде қабылдайды. Білімді механикалық түрде қабылдап, тез ұмытып кетеді. Төртінші типологиялық топ балалары үшін, әдетте, әрбір оқу пәні бойынша жеке оқу бағдарламасы жасалынады.
Ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытудың арнайы жағдайлары.
Ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытудың негізгі міндеттері оқушылардың танымдық қызметіндегі және эмоциялық-ерік өрісіндегі кемшіліктерді барынша еңсеру, оларды өздігінше өмір сүруге, өндірістік еңбекке қатысуға, қазіргі заманғы қоғам жағдайында әлеуметтік бейімделуге дайындау болып табылады.
Жалпы білім беретін мектепте ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытудың анағұрлым дәл келетін жағдайлары арнайы сынып жағдайы болып табылады. Арнайы сыныптар жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушылар үшін жеке сынып және орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушылар үшін бөлек сынып құрылуы мүмкін. Бұл оқушыларды бір сыныпта біріктіріп оқытуға да болады.
Арнайы сыныпта «Олигофренопедагогика» мамандығы бар жоғары білімді дефектолог мұғалім жұмыс істеуі қажет.
Арнайы сынып жағдайында ақыл-ой кемістігі бар балаларды мектепте оқытудың ұзақтығы:
- бірінші сатысы – 0 (даярлық), 1-4-сыныптар;
- екінші сатысы – 5-9-сыныптар.
Егер мектепте бастауыш кәсіптік еңбекке дайындау үшін жағдай болса, онда 10-кәсіптік сынып ұйымдастырылуы мүмкін.
Даярлық сыныбына ұйымдастырылған мектепке дейінгі даярлықтан өтпеген 7-9 жастағы балалар қабылданады. Даярлық сынып белгілері жағынан ақыл-ой кемістігіне ұқсас басқа да бұзылыстары бар (психикалық дамуының тежелуі, әлеуметтік-педагогикалық қараусыз қалған, сөйлеудің ауыр бұзылыстары) балаларды қате қабылдаудың алдын алу мақсатындағы диагностикалық сынып ретінде де қызмет етеді. Едәуір даярланған оқушылардың оқуды 1-сыныптан бастауына болады.
Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған сыныптардың бірінші сатысында ақыл-ой кем оқушының тұлғасын жан-жақты психологиялықмедициналық-педагогикалық зерттеу, білім беру процесін ұйымдастырудың түрлері мен әдістерін әзірлеу мақсатында оның мүмкіндіктері мен жеке ерекшеліктерін анықтау жүзеге асырылады.
Екінші сатысында балалар жалпы білім беретін практикалық бағыты бар пәндер бойынша білім, әр түрлі бейіндегі еңбек дағдыларын алады.
Әлеуметтік бейімдеуге және кәсіптік еңбекке даярлауға назар аударылады. Оқу процесі оқушыларға сараланған және жеке тәсілдемені қолдана отырып, жүзеге асырылады. Саралау тәсілінің негізіне ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың педагогикалық жіктелуі (В.В. Воронкова бойынша) алынған.
Бірінші, екінші, үшінші типологиялық топқа жататын оқушылар бір тақырып көлемінде оқиды, бұл ретте оқыту процесінде оларға сараланған тәсілдеме қолданылады. Ол, мысалы, вариативтілігінен көрінуі мүмкін:
- оқушылардың өзіндік дәрежесі;
- мұғалім көмегінің түрлері;
- көрнекілік-дидактикалық материалдың түрлері;
- орындалатын жұмыстың көлемі;
- оқу тапсырмаларының күрделілігі және т.с.с.
4-ші типологиялық топтың оқушылары көбінесе оқытудың жеке бағдарламасына сәйкес басқа оқу тақырыбының аясында жұмыс жасайды.
Педагог жеке-дара сипаттағы тапсырманы және жеке көмек шарасын ойластырады.
Төрт типологиялық топтардың оқушыларын оқытудың маңызды тұсы оқу жетістіктерінің әркелкі болу фактісі болып табылады, яғни әр баланың оқытудағы өз ісі болады. Мұны мұғалім оң нәтиже ретінде бағалауы тиіс.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқыту жеке оқу бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Олар баланы кешенді психологиялық-педагогикалық зерттеу негізінде сынып педагогімен және мектеп консилиумының мамандарымен жартыжылдықтан аспайтын мерзімге жасалады. Оқытудың жеке бағдарламасын іске асыру уақыты өткеннен кейін әрбір оқушының жетістіктеріне талдау жүргізіледі және келесі жартыжылдыққа арналған жоспарлау орындалады. Педагог әрбір оқушының жеке мүмкіндіктерін және оқу жетістіктері мен жеке жетістіктерінің мониторинг нәтижелерін ескере отырып, оқытудың мазмұнын, әдістерін, түрлерін, дидактикалық құралдарын өз бетінше таңдайды.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқытудың мазмұны мыналарды: өзі туралы түсініктерді; өзіне өзі қызмет көрсету және өз тыныстіршілігін қамтамасыз ету дағдыларын; қоршаған орта туралы және ортаға бейімделу туралы қолжетімді түсініктерді; коммуникативтік икемділіктерді;
заттық-тәжірибелік және қолжетімді еңбек қызметін; практикалық бағыттылығы бар және тәрбиеленушілердің психофизикалық мүмкіндіктеріне сәйкес келетін жалпы білім беретін пәндер бойынша білімді қалыптастыруға бағытталған.
Бірінші сатыда оқу процесі пәндік емес оқыту негізінде ұйымдастырылады: барлық сабақтар біріктірілген сипатта болады және оқушыларды жалпы дамытуға бағытталған (коммуникативтік, қимылдық, сөйлеу, сенсорлық). Оқушылардың жеке дамуындағы алға жылжуына қарай пәндік оқытуға көшу жүзеге асырылады.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың жетістіктерін бағалау кезінде білім беру процесін дараландырудың негізі болып табылатын сипаттамалық бағалау қолданылады (Ақыл-ойы кем оқушыларды критериалды бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдарды Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА сайтынан қараңыз (www.nao.kz).
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған сыныптарда білім алушылардың психофизикалық даму ерекшеліктерін және
мектеп ресурстарын ескере отырып, қарапайым еңбек түрлеріне (қолөнер) оқыту ұйымдастырылады.
Еңбекке баулудың бейіні баланың психофизикалық ерекшеліктерін, дәрігердің ұсынымдарын және мектептің мүмкіндіктерін ескере отырып, жекедара анықталады. Қажет болған жағдайда еңбекке баулудың бейіні өзгеруі мүмкін.
Контингенттің жеткіліксіздігінен арнайы сыныптарды құру қиындықтары бар өңірлерде 1-2 жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыны жалпы білім беретін мектептің қалыпты сынып құрамына қосуға болады. Бұл балаларды аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мамандарының немесе психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі мамандарының түзету арқылы қолдауымен қамтамасыз ету керек. Оқытудың кез келген ұйымдастырушылық түрінде, ең алдымен, баланың мүдделері ескеріледі. Ол арнайы педагогтің (олигофренопедагог) көмегін алуы керек, оқытудың арнайы әдістері мен оқулықтары пайдаланылған арнайы бағдарламалар бойынша оқуы керек.
Ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған арнайы сыныптың оқушылары екінші жылға қалдырылмайды. Ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған арнайы сыныптардың түлектері мемлекеттік үлгідегі арнайы куәлік алады.
Арнайы оқу-әдістемелік қамтамасыз ету
Жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған арнайы сыныптардағы білім беру процесі Үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларының екі түрімен қамтылған. Олардың мазмұны ҚР МЖБС талаптарының орындалуына бағытталмаған.
Оқу жоспары мен бағдарламаларының бірінші түрі жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға бағдарланған. Оқу жоспары мен бағдарламаларының екінші түрі – орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға бағдарланған. Оқытудың орташа ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған оқу бағдарламалары ұсынымдық сипатта болады.
Оқу процесі барлық оқу жылдарында орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануымен болған танымдық қызметтің тұрақты бұзылуын ескере отырып, құрастырылған арнайы оқу-әдістемелік кешендер (оқулықтар, жұмыс дәптері, әдістемелік ұсыныстар, арнайы АКТ) көмегімен жүзеге асырылады.
Ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың ерекше білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру Мектеп өз түлектерін өмірге, еңбек қызметіне тікелей қосылуға дайындайды. Ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқытудың өзіндік ерекшелігі әрбір оқу пәнінің мазмұнына пропедевтикалық (дайындық) оқу материалын қосу болып табылады. Бұл материалдар оқу бағдарламаларының мазмұнын меңгеруге даярлауға бағытталған.