ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 13.08.2020
Просмотров: 863
Скачиваний: 6
Билік ұғымында мынандай сұрақтың тууы заңды. Неге бір адам екіншіге бағынады? Өйткені өзге күштірек (мысалға, тонаушы белгілі бір құралмен қорқытып тұр) немесе ақылдырақ және тәжірибелі (адам оның кеңесіне және қиыншылықтар мен мүмкін болар кемшіліктерден аулақ болу үшін ұсыныстарына құлақ асады), болмаса бастық және ол өзінің лауазымына қарай билік жүргізе алады. Сонымен біреудің екіншіге тәуелділігінде табиғи теңсіздік (физиологиялық, интеллектуалдық және т.б.) және әлеуметтік (мәртебелік, экономикалық, білімділік және т.б.) факторлар жатыр.
2. Саяси әлеуметтану қазіргі заманғы әлеуметтік-саяси қатынастардың қызмет етуінің бүкіләлемдік, жалпы адамзаттық заңдарын зерттейді. Бұл заңдарды былайша типтеуге болады: 1) әлеуметтік-саяси өмірдің қызмет ету заңдары; 2) олардың дамуының заңдылықтары.
Бірінші топтағы заңдар әлеуметтік-саяси өмірдің субъектілері мен объектілерінің, әртүрлі элементтерінің өзара әрекетін, байланысын ашады. Мысалы, биліктің үш тармаққа бөліну заңы, саясаттағы біріншілік пен екіншіліктің заңы, ортақ мүдделерді жүзеге асыру заңы және т.б.
Даму заңы әлеуметтік-саяси өмірдің бір жағдайдан екіншіге ауысу, сапалық өзгеріс заңы. Бұл заңдар әлеуметтік-саяси құбылыстың себепті байланыстарын, өзгерістердің факторлары мен түрлерін, бағыттарын белгілейді. Мысалы, саяси революция, саяси күрес, қоғамдық-саяси қозғалыстар және басқалар.
Саяси әлеуметтанудың заңдары мен оның принциптері тығыз байланыста. Гносеологиялық жағынан олардың (принциптер мен заңдардың) елеулі айырмашылықтары жоқ. Ғылымдағы заң шындықтың объективті бейнесі болып табылады. Бірақ заңның өзінде былай істе, олай істе деген ниет, ишара жоқ. Мысалы, әлеуметтік-саяси режимнің ауысу заңы. Принцип – бұл қызмет тәртібі, дұрыс қызмет етудің бағдары. Мысалы, «әлеуметтік-саяси жағдайды ескеру», «адамзаттық құндылықтардың басымдығы», «басқа ғылымдардың жетістіктерін есепке алу мен пайдалану» принциптері және т.б. осылай істеуге итермелейді, міндеттейді. Бұл және басқа принциптер мен заңдардан бас тарту болмаса оны мойындамау қоғамда елеулі қателіктерге және деформацияға (өзгерістерге) әкеледі.
Саяси әлеуметтанудың ұғымдары сөз еткенде алдымен оның бастапқы негізгі ұғымдары, тіпті оның тұжырымдамалық негізі болып саналатын «қоғам», «саясат», «әлеуметтік-саяси іс-әрекеттер мен қатынастар» категорияларын атаған жөн. Сонымен қатар саяси әлеуметтанудың ұғымдары заңдарына сәйкес екі топқа бөлінеді: 1. Саяси өмірдің қызмет ету ұғымдары. Мысалы, саяси үдеріс, саяси қызмет, саяси мәдениет, билік жүйесі, партиялар, бейресми бірлестіктер, т.б. 2. Даму ұғымдары. Мысалы, билік үшін күрес, реформа, плюрализм, саясаттанған тұлға, т.б.
3. Саяси әлеуметтанудың міндеті тұлға мен қоғамның өзара әрекетінің проблемаларын зерттеу болып табылады. Қоғамдық-саяси өмірдің барлық құбылыстарының адами аспектісі негізгі назарда болуы керек, яғни барлық экономикалық және қоғамдық-саяси өзгерістер адамға оң қызмет етуі қажет.
Саяси әлеуметтануда жалпы ғылыми, пәнаралық әдістер: талдау мен жинақтау (синтез), абстракциялау және абстракциялаудан нақтылыққа шығу, логикалық пен тарихи талдауды ұштастыру, модельдеу, математикалық әдістер кең пайдаланады.
Саяси әлеуметтануды да жалпы әлеуметтану сияқты басқа қоғамдық ғылымдардан ерекшелейтін негіз эмпирикалық әдіс және нақты-әлеуметтанулық зерттеу болып саналады: статистикалық мәліметтерді пайдалану, құжаттарды талдау, анкеталық сауал, зертханалық эксперименттер, экстремалдық (аса қолайсыз) жағдайдағы адамның мінез-құлқын бақылау, т.б. Мұндай әдістерді жүзеге асыруда саяси әлеуметтану мына нормалар мен формалардың жиынтығына ерекше мән береді: диалог, тараптардың және адамдардың әлеуметтік психологиясының мүдделерін есепке алу, дәлелдеу (аргументация), сенім, қоғамдық пікірді зерттеу және соған сүйену, саяси және идеологиялық төзімділік, консенсус.
Саяси әлеуметтану әртүрлі әдістердің жағымды жақтарын пайдаланады. Мысалы, диалектикалық-материалистік әдістен нақты-тарихи тәсілді пайдалану, әлеуметтік-саяси оқиғаларды даму, өзгеріс үдерісінде қарау, қоғамдық өмірге көптеген факторлардың әсерін ескеру және т. б. алынады.
Саяси әлеуметтануда бихевиористік (ағылшын тілі бихевиор- поведение (мінез-құлық) тәсілге үлкен мән беріледі. Бұл әдіс индивидтер, тұлғалар мен топтардың әлеуметтік-саяси рөлдерді атқару кезіндегі мінез-құлқын талдау, зерттеуде пайдаланылады.
Саяси әлеуметтанудың қорытындылары мен ұсыныстары тікелей практикаға шығады. Егер осы қорытындыларға қатаң сүйенсек, онда қоғамдағы күрделі үдерістер мен бағыттарды дұрысырақ пайымдауға, осымен байланысты практикалық саяси үдерістерді дұрыс шешуге болады. Осы мағынада саяси әлеуметтану мультпарадигмалық ғылым тәрізді (лат. «мульти» - көп және грек. «парадигма»-теориялық модель, теория). Әдістемелікте мультпарадигмалық жалғыз ғана тәсілді пайдаланумен шектелмейді, тәсілдердің барлық жиынтығын пайдаланады. Мысалы, марксистік әдебиетте қоғамдық құбылыстарды зерттеуде жалғыз ғана әдіс - диалектикалық-материалистік әдіске сүйенеді. Бірақ бұл әдістің жағымды жақтармен қатар бірсыпыра кемшіліктері де бар. Ол бұл әдістің идеологиялық әсірелеу бағытының басымдығы. Жалғыз қоғамдық құрылысты (социализм, коммунизм) жиі дәлелсіз, объективсіз қорғау, басқа марксистік емес теориялар мен әдістерге төзімсіздік таныту. Мысалы, кешегі кеңес өкіметі кезінде әлеуметтік-саяси білім белгілі жағдайда марксизмнің құрамдас бөлігі ретіндегі социализмнің әлеуметтік-саяси теориясымен толықтырылды. Алайда бұл жалғыз қоғамдық жүйемен шектелу, әлемдік қоғамтанудан қол үзу, қазіргі үдерістер мен бағыттарды зерттеуде социализм теориясы жетімсіз болды.
Көріп отырғанымыздай, жалғыз ғана әдісті пайдалану әлемдік өркениеттегі сан түрлі қоғамдық-саяси үдерістерді объективті зерттеуге жетімсіз болады.
4. Саяси әлеуметтанудың қызметтеріне тоқталғанда төрт бағытты ескеру керек. Олар: дүниеге көзқарас, танымдық, тәрбиелік, саяси-тәжірибелік қызметтер.
Саяси әлеуметтанудың дүниеге көзқарас қызметі - әр адамның, әсіресе саяси басшылардың санасына жаңа саяси ойлауды ендіру. Жалпы адами құндылықтардың жеке топтардың (таптық, ұлттық, діни және т.б.) мүдделерінен басымдығын, әрбір халықтың әлеуметтік және саяси таңдауын еркін мойындау сияқты принциптерді терең сезінудің қажеттігі.
Саяси әлеуметтанудың танымдық қызметі. Саяси‑әлеуметтік құрылымдарды, олардың өзара қарым‑қатынастарын, институттарды, мәртебелер мен рөлдерді, жинақтай айтқанда экономикалық қарым‑қатынастағы адам факторының рөлін зерттеу, білу. Саяси әлеуметтану әлеуметтік-саяси қатынастармен, санамен, саяси мәдениет және қызметпен, олардың заңдарының қызмет етуімен және өзгеруімен байланысты проблемалардың бар жиынтығын терең зерттейді.
Саяси әлеуметтану адамдардың ресми тәрбиесінде негізгі салмақты көтереді. Ол саяси идеялар мен идеалдарды, саяси нормалар мен дәстүрлерді тарату үдерісіне үлкен ықпал етеді. АҚШ-та азаматтардың саяси тәрбиесі саяси ғылымға жүктелген. Ол университеттерде, колледждерде жүзеге асады.
Саяси әлеуметтанудың саяси-практикалық қызметі де маңызды. Қоғамтану жүйесінде саяси әлеуметтану басқалардан өзге нақты тәжірибеге, қоғамдық өмірдің барлық саласындағы адамдардың жасампаздық немесе консервативтік іс-әрекетіне жақынырақ.
Сонымен саяси әлеуметтану әлеуметтік-саяси үдерістерді түсіндіреді, олардың дамуының бағыттарына болжау жасайды, ондағы тұлғалардың рөлін көрсетеді, саяси білім, ойлау мен мәдениетті қалыптастыруға әсер етеді, адамды азаматтықтың жауапты міндеттерін орындауға дайындайды.
Саяси әлеуметтанудың бүгінгі күні рөлі тұрақты артып келеді. Оның артуына төмендегідей факторлар игі әсер етіп отыр:
1. Нарықтық экономикаға өту, соған сәйкес саяси құрылымдардың пайда болуы (билік жүйесіндегі жаңа құрылымдық өзгерістер).
2. Саяси қатынастардың объектілері мен субъектілері санының артуы, олардың мазмұны мен құрылымының күрделілене түсуі (партиялар мен саяси қозғалыстар санының артуы).
3. Жеке адамдар мен әлеуметтік топтардың саяси мәдениетін қалыптастырудың қажеттігі (саяси және әлеуметтік, әсіресе, ұлтаралық қатынастардағы дау-жанжалдарды өркениетті жолмен шешудің қажеттігі).
4. Тұлғалардың саясаттағы, азаматтық міндеттерді орындаудағы рөлдерінің артуы (сайлау науқандарында, басқа саяси шараларда).
5. Адамдар туғанынан саяси сауатты, саяси өмірге бейімделіп тумайды. Олар біртіңдеп, өмір бойы саяси білімін кеңейтеді, толықтырады. Саяси мәдениеттің үлгілері бір дәуірден екінші дәуірге мұра ретінде қалып, соңғы ұрпақ алдыңғының үлгі-өнегесінен үйреніп отырады. Мұндай үдерісті ғылым тілінде саяси әлеуметтену дейді.
XIX ғ. аяғында Америка әлеуметтанушысы Ф. Гидденс, француз әлеуметтанушысы және психологі Г. Тар тұлғаның әлеуметтік ортаға байланысты қалыптасуын «әлеуметтену» дей отырып, осы ұғымды ғылыми айналымға енгізді. Кейін осының негізінде "саяси әлеуметтену" деген ұғымды дүниеге келді. Бұл ұғымға жеке адамдардың қоғамдағы саяси құндылықтарды, қалыптарды, ережелерді өз бойларына сіңіріп, іс-әрекетінде басшылыкқа алуы жатады. Сонымен саяси әлеуметтену деп адамның саяси ілімдерді, ережелерді, құндылықтарды бойына сіңіріп, оларды өзінің рухани ішкі дүниесіне айналдырып, сол арқылы өзінің саяси санасы мен мәдениетін қалыптастыру, саяси іс-әрекетке дайындалу үдерісін айтады.
Саяси әлеуметтену мәселесі XX ғасырдың 50 жылдары кеңінен көтерілді. Оған себеп болған Батыс саяси жүйесінің дәстүрлі институттарының дағдарысқа түсуі еді. Бұл кезде сыбайлас жемқорлық кең етек алып, нәсілдік кемсітушілік әлі жойыла қоймаған болатын. Саяси билік адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандырмады. Сондықтан билік институттарына сенімсіздік, саяси абсинтеизм (саясатқа селқос қарау), билікке жаппай қарсы шығу және т.б. көбейді. Бұрынғы дәстүрлі материалдық құндылықтарға (жеке табыс, байлыққа тырысу) қарсы шыққан субмәдениет пайда болды. Мысалға XX ғ. 60 жылдары дамыған хиппилер қозғалысын алайық. Оған ірі саясаткерлердің, бизнесмен, заңгерлер сияқты ауқатты отбасыларының балалары қатысты. Олар жеке адамның өзін-өзі толық көрсетуіне жағдай жасалмағандығы, адамдар арасында теңсіздіктің, алалаушылықтар бар екендігіне сол кездегі қоғамдық тәртіпті кінәлады. Сондықтан қоғамдағы әлеуметтік тәртіпке, тіпті адам өзін-өзі ұстауы, шектеуі керек, бүтін, таза киінуі, сақал-шашын алуы, мәдениетті сөйлеуі, нашақорлықпен айналыспауы керек сияқты дәстүрлі мәдениетке қарсы шығып, олар, керісінше, шаштарын жалбыратып өсіріп жіберді, жыртық-тесік киім киді, өз диалектілерінде сөйледі, нашақорлықпен айналысты. Ғалымдар бұл құбылыстың себептері мен сырын ашу үшін зерттеулер жүргізіп, сөйтіп саяси әлеуметтену мәселесі күн тәртібіне қатты қойылды.
Саяси әлеуметтену үдерісі үш негізгі мәселені шешуге бағытталады:
- қоғам мүшелеріне саяси мәдениеттің және саяси сананың негізгі элементтерін игерту;
- қоғам мүшелеріне қажетті саяси тәжірибе алуға, саяси іс-әрекет етуге және шығармашылық жасауына қолайлы жағдай жасау;
- саяси мәдениеттің элементтерін заман талабына сәйкес өзгерту.
5. Саяси әлеуметтену институттарына мыналар жатады: отбасы, білім жүйесі, ақпарат құралдары, мемлекет, партия және жеке саяси оқиғалар.
Саяси әлеуметтену ең алғаш отбасынан басталады. Қазақтар "ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" деп тегін айтпаған, үйде қалыптасқан саяси көзқарас көбіне өмір бойына жадында қалады.
Саяси әлеуметтенудің келесі сатысы - мектеп. Бұл кезде жалпыға бірдей негізгі саяси қазыналар мен көзқарастарды оқушылар оқып біледі. Жастар әртүрлі ұйымдарға қатысып, алғашқы саяси тәжірибелер жинайды.
Саяси әлеуметтенудің келесі кезеңі 18—40 жастар аралығы. Адам 16 жастан азамат атанады, іс-әрекетіне толық жауап береді, қоғамдық өмірдің саяси саласына, сайлауға қатыса бастайды. Көбісі жоғары оқу орнына түсіп, терең саяси білім алады. Саяси партияларға мүше болулары да мүмкін.
Саяси әлеуметтену адамның өмір бойына тән үдеріс. Оның көзқарастарына, саяси іс-әрекеттеріне өмір тәжірибесі, қоршаған орта тұрақты әсер етеді.
Саяси әлеуметтенуде мемлекет пен партияның рөлі ерекше. Саяси әлеуметтенуге ақпарат құралдары көп ықпал жасайды. Олар адамға тікелей ықпал етеді және саяси құндылықтарға деген қатынасын қалыптастырады, бір идеалды негіздеп, қорғап, екіншісіне тойтарыс береді, адамзаттың ғасырлар бойы қалыптастырған қазыналарын, алдыңғы ұрпақтың саяси тәжірибесін соңғы ұрпаққа жеткізіп, саяси тұлғаны тәрбиелейді.
Бақылау сұрақтары
1. Саяси әлеуметтанудың объектісі не?
2. Саяси әлеуметтанудың пәні не?
3. Саяси әлеуметтанудың негізгі зерттеу пәні не?
4. Саяси әлеуметтенудің мақсаты неде?
5. Адам өзінің саяси әлеуметтенуіне қалай әсер етеді?