ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 13.08.2020
Просмотров: 865
Скачиваний: 6
Халықтық мәдениет барлық мәдениеттің ішінде ең алғашқы (ежелгі) және өзінің сипаты жағынан ең негізгісі болып табылады. Ол: халықтық ертегілер, мифтер, мақал‑мәтел, аңыздар, әндер, билер, әдет‑ғұрып және т.б. қамтиды. Ол басқа мәдениеттердің негізі болып саналады.
Элитарлық мәдениет жалпы халықтық мәдениеттің ішінде таңдаулылардың мәдениеті ретінде бөлек қалыптасады. Оның иелері атақты жазушылар, ақындар, музыканттар, суретшілер, скульпторлар және т.б. Оны тұтынушылар да ерекше көркемдікті қабылдай алатын және материалдық Һәм рухани мүмкіндіктері жеткілікті аз ғана адамдар тобы болады.
Корпоративтік мәдениет – белгілі ұйымдардың мәдениетінің даму деңгейін сипаттайтын жалпы мәдениеттің бір түрі. Бұл ұйым мүшелерінің жалпы мәдени қарым‑қатынастарынан қалыптасады.
Бұқаралық мәдениеттің дамуы мен тарауы бұқаралық коммуникациялық және репродуктивті жүйенің дамуымен байланысты. Бұқаралық мәдениеттің мәні мәдени үлгілердің оперативті мен көптеп шығарылуында, қол жетерлігінде және оны көпшіліктің пайдалануында. Ол әртүрлі әлеуметтік топтардың күнделікті сұраныстарын жедел қанағаттандыра алуымен қатар жаңа оқиғалар мен құбылыстарды жылдам сезінеді. Ал бұқаралық мәдениеттің негативті әсері оның халықтық және элитарлық мәдениеттерге тән жоғары көркемдік құндылықтарға ие бола алмауында, сол себепті өзінің тұтынушыларына сапалық жағынан төменгі деңгейдегі үлгілерді ұсынуында болып табылады.
Субмәдениет – қоғамда жалпы үстем мәдениеттің ішіндегі әртүрлі әлеуметтік топтың жіктелуінен пайда болған социомәдени ұйымның ерекше түрі. Әрбір әлеуметтік топ өзінің құндылықтары мен нормаларының, өзінің мінез‑құлық үлгілерінің, өзінің ішкі топтағы тілінің жүйесін, яғни өзінің субмәдениетін жасайды.
Қарсы мәдениет – қоғамдағы үстем мәдени құндылықтар мен іргелі принциптерге қарсы бағытталған социомәдени қозғалыс. Мәдениеттің бұл түрінің пайда болуын зерттеушілер жалпы қоғамның дағдырысымен түсіндіреді. Бұл ХХ ғасырдың 60-жылдары батыстың жастары арасынан шықты. Қарсы мәдениет буржуазиялық мәдениеттің мынандай құндылықтарына: индивидуалим, прагматизм, діни мораль, дәстүрлі отбасылық құндылықтарға және т.б. қарсылықтан шыққан мәдени ағым.
3. Әлеуметтанудың арнаулы теориясы – мәдениет әлеуметтануы мәдениеттің қоғамдағы әртүрлі топтардың әртүрлі мәдени қызметтерінің деңгейін, олардың мәдениет саласындағы талап-тілегін, мүддесін, ұсынысын, бұқара халықтың мәдени деңгейін, мәдениетті тұтыну салаларында әлеуметтік институттардың, мекемелердің жағдайын, қызметтерін және т. б. зерттейді.
Мәдениет әлеуметтануы мәдениеттің қоғамдағы әлеуметтік маңызына, алатын орнына және нақтылы әлеуметтік ортадағы оның қызметіне баса көңіл бөледі. Сондықтан мәдениет әлеуметтануының негізгі зерттейтін мәселесі мәдениеттің ерекше құбылыстары, оның қоғамда атқаратын қызметі, қоғамның жаңа мазмұндағы мәдени және рухани құнды мұраттарының қалыптасу заңдылықтары болып саналады.
Мәдениет әлеуметтануы қоғамдағы алуан түрлі әлеуметтік-демографиялық топтардың, бірліктердің мәдениетке қатынасын, олардың мәдениетке қандай талғамы барын, талап-тілек қоятынын, мәдени ошақтардың тек өндіріс жағдайында ғана емес, жалпы мәдениетке тартылуы, қосылуы, араласуы қандай, бұл театр, кино, музей, кітапханалар, стадиондардың және т.б. жұмыс дәрежелері қалай, олар не істеп жүр, адамдардың, олардың алуан топтарының талап-тілектерін қанағаттандыра ала ма немесе қанағаттандыра алмай ма, т.б. осы тәрізді мәселелерді қамтиды. Мысалы, қазіргі уақытта театрларға көптеген адам бармайды, өйткені қойылымдар адамдарды тартпайды. Бұған қоса театр басқармалары ұйымдастыру жұмысын дүрыс жолға қоя алмаған. Театр туралы айтылған осы пікіріміз кітапханаға да, денешынықтыру мекемелеріне де (әсіресе, стадион) қатысты.
Мәдениет әлеуметтануының бүгінгі басты бағыттары:
1) Мәдениеттің материалдық саласы: еңбек және тұрмыстық-материалдық мәдениет, оларды тану, білу, зерттеу;
2) Мәдениеттің саяси саласында: қоғамның барлық салаларында адамдардың алуан түрлі топтарының саяси белсенділігін арттыру т. б.;
3) Экономикалық мәдениет саласында нарықтық жағдайдағы еңбекшілердің экономикалық білімін көтеру, олардың нарықтық қатынастардың принциптерін толық игеріп, меңгеруі;
4) Мәдениеттің рухани саласында: әлеуметтік топтардың мәдени қызметі мен дәрежесінің көтерілуін; рухани мәдениеттің әртүрлерін (білім, ғылым, эстетикалық және көркем әдебиет, адамгершілік); мәдени мекемелердің, олардың мамандарының қызметін; мәдени дамудың әлеуметтік және болжам жоспарларын жасау, зерттеу және т. б. жатады.
4. Қоғам — әлемнің бір бөлігі, белгілі бір мақсаттарды іске асыру жолында әрекет етіп жатқан субъектілердің (тұлғалардың, топтардың, этностардың, мемлекеттердің) байланыс, қарым‑қатынас нысандары. Бұл байланыс, қарым‑қатынас белгілі бір нормалар мен ережелер негізде жүзеге асады. Бұлардың барлығы жиналып келіп қоғамның әлеуметтік жүйесін құрайды. Ал мәдениет осы тұрғыдағы жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың белгілі бір сапалық қасиеті, қызмет мазмұны ретінде мәдениет әлеуметтануының басты зерттейтін саласы болып табылады.
Мәдениеттің әлеуметтік институт ретінде төмендегідей функциялары бар:
1. Танымдық қызмет – білімді, ақпаратты, мінез‑құлық үлгілерін, қызмет және ойлау әдістерін байыту. Мәдениеттің бұл әлеуметтік қызметінің сан алуан қыры бар. Бірден біздің назарымызды өзіне аударатын нәрсе - мәдениет пен білімнің арақатынасы. Білусіз, білімсіз мәдениет қалыптаспайды. Білімділік мәдениеттіліктің маңызды алғы шарты болғанымен, бұл екі ұғымның арасында елеулі айырмашылық, белгілі алшақтық, кейде тіпті қайшылық та болып жатады. Бұл арада білімнің тәрбиеге негізделуі қажет дегеннен басқа ғылымның бет алды дамып, техниканың әлеуметтік қажеттілікке қайшы өсуінің шектелмеуі мәдениетке үлкен нұқсан келтіруі мұмкін. Тек жоғары деңгейдегі өркениет ғылым мен техниканың дамуындағы теріс салдарларды бейтараптандыра алады. Егер біз ғылым‑техника арқылы қоршаған ортамыздың шындығын ашуға талпынсақ, өнер арқылы әсемдікке ұмтыламыз, ал моральдық таным арқылы жақсылық пен жамандықты айырамыз, ізгілікті игереміз.
2. Адамды қалыптастырады, яғни тұлғаны әлеуметтендіреді. Бұл арада мәдениет пен адамның ара қатынасына назар аудару керек. Өйткені мәдени кеңістіктегі қарым‑қатынас үдерісінде адам мәдениеттің иесі болумен шектелмей, оның жасаушысы қызметін атқара отырып өзі де қалыптасады.
Адамға ең қиыны — адам болу. Ал оның негізгі шарттарының бірі ізгілік пен зұлымдық, ақиқат пен жалғандық, әділеттілік пен өктемдік, бодандық пен азаттық, сұлулық пен ұсқынсыздық арасындағы таңдаулыны алу болып табылады. Соның нәтижесінде жеке тұлғада өзіндік сана тұрақталады, ол озық мәдениет үлгілерін өз бойына сіңіреді. Жалпы алғанда, мәдениеттің алға басуы дегеніміз дүниежүзілік тарихтың адам үшін, оның мүдделері мен өзіндік мақсаттары бағытында толыққанды ашылуы болып табылады.
3. Мәдениеттің жалғастық, мұрагерлік қызметі. Шын мәнісінде қоғамда ұрпақтар жалғастығы мәдени мұраларды игеру, қабылдау және оны шығармашылықпен дамыту арқылы жүзеге асады. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, рәсім-рәміз, діл мен тіл, дін және өнер, білім мен ғылым және т.б. руханилықтың белгілі бір деңгейін меңгерудің нәтижесінде адамның мәдени өресі артады, әлеуметтік тәжірибені игереді.
4. Мәдениеттегі реттеушілік мәдениеттің құндылықтары мен нормалары негізінде адамдардың қызметі мен мінез‑құлқының белгілі тәсілдерін ұсыну және олардың сақталуын қадағалау арқылы жүзеге асады. Мәдениетте күнделіктіден гөрі жоғарыға, идеалға, үлгіге көбірек көңіл бөлінеді. Мәдени ұғымдарда нормативтік, ережелік талаптар басымырақ болады. Мысалы, «мәдениетті адам» дегенде оның адамдық жан-жақты белгілерді бойына толығырақ, тереңірек дарытқандығын көрсетеді. Ол ‑ білімі ғылым деңгейіне, киімі сол кезде көп тараған сәнге, мінез-құлқы осы қоғамның адамгершілік талаптарына сай адам.
5. Коммуникативтік, қарым-қатынастық қызмет. Бұл - мәдениеттің қоғамдағы негізгі қызметтерінің бірі. Адамдардың қарым-қатынасы, мәдениеттер сұхбаттасуы — әлеуметтік шындықтың басым көрінісі. Адам ерекше бір өрісте — қарым-қатынас өрісінде болады. Руханилық пен ізгілік, әдемілік пен жақсылық тербелісі адамды нәзік тормен қоршаған. Қоғамдық өмірде тек зат пен тауар ауысуы ғана емес, ең алдымен идеялар, мамандық, шеберлік, тәжірибе үлгілерімен ауысу толастамақ емес. Мәдениет игіліктерін жас нәресте анасының ақ сүтін еміп, оның әлди жырымен сезім дариясына шомылып қана адамдық қасиеттерді бойына сіңіре бастайды.
6. Мәдениеттің әлеуметтену функциясы – жаңа ұрпақтарды тәрбиелеу, оларды жаңа әлеуметтік мәдениет үдерісіне қосу. Бұл үдеріс те мәдени қарым-қатынасқа негізделген. Мәдени құндылықтарды оларды жасаушылар және тұтынушылар арасындағы қарым-қатынас ретінде алуға болады. Мәдени туынды қаншама асыл болғанымен, егер оның рухани азықтығы белгілі бір себептермен жетпей жатса, онда ол мәдени айналыстан шығып қалады. Адам тұрмайтын үй қаңырап бос тұрады, отарба жүрмейтін темір жол ‑ жай темір мен ағаштың үйіндісі, ешкім оқымайтын кітап ‑ шаң басып жатқан қағаз. Мәдени болмыстың тірегі деп қарым-қатынасты айтамыз.
Қорыта келгенде, «мәдениет» ұғымы күнделікті тұрмысымызда жиі кездеседі. Алайда оған біз көп мән бере бермейміз. Ал мәдениеттің адам тәрбиесіндегі рөлі үлкен. Барлығымыз да саналы, кейде санасыз түрде мәдениетке ұмтылып келеміз. Онда шек жоқ.
Бақылау сұрақтары
1. Мәдениеттің әлеуметтік құбылыс ретіндегі анықтамасы қандай?
2. Мәдениеттің тұтас жүйелік элементтері қандай?
3. Мәдениет әлеуметтануының басым бағыттары
4. Мәдениеттің негізгі типтерін атаңыз?
5. Мәдениеттің әлеуметтік институт ретіндегі негізгі функциялары қандай?
IX тақырып. Дін әлеуметтануы
-
Дін әлеуметтік өмірдің феномені ретінде.
-
Дін әлеуметтік институ ретінде.
-
Діннің құрылымы мен әлеуметтік функциялары.
4. Қазіргі Қазақстандағы діни ахуал.
1. Дін әлеуметтік феномен ретінде жалпы әлеуметтану пәнінің зерттейтін аса маңызды объектісі болып табылады. Егер философия дінді зерттеуде сенімнің мәнін түсіндіргісі келсе, әлеуметтану сол сенімдердің адамдардың мінез‑құлқына қалай әсер ететінін көрсетуге тырысады. Сондай‑ақ әлеуметтану ғылымы дін атаулыны қоғамның әлеуметтік жүйешіктерінің маңызды элементі ретінде қарастырып келеді.
Дін - тарихи құбылыс. Адамзат тарихында дін болмаған дәуірлер де болған. Ол туралы қазіргі заманның геология, биология, физиология, этнография, тіл білімі, мәдениет тарихы, логика, астрофизика сияқты ғылымдарының мәліметтері жеткілікті.
Дін деп (лат.reliqio – құдайшыл, әулие, табыну заты) ‑ әлеуметтік қауымның, топтың, индивидтің әрекеті мен ойлауын бағалаушы тануға мүмкін емес бір трансценденттік сатының өмір сүретіне сенім жүйесін айтамыз.
Дін әлеуметтануы XIX ғасырдың екінші жартысында Европада, дәлірек айтқанда, Франция мен Германия елдерінде пайда болды. Оны әлеуметтану ғылымдарының арнайы бір бөлігі ретінде қалыптастырған ғалымдардың алдыңғы қатарында Э.Дюркгейм, М.Вебер, К.Маркс, Т.Парсонс т.б. болды.
Эмиль Дюркгейм (1858—1917) француз ғалымы, көрнекті әлеуметтанушы, Париж және Бордос университеттерінің профессоры. Оның басты шығармасы: «Діни өмірдің алғашқы түрлері Австралиядағы тотемдік жүйе» деп аталады. Автордың негізгі пікірі - дін адамдардың алғашқы қауымдастықтарын топтастыру қажеттіктерінен пайда болған. Дюркгейм дінді әлеуметтік қажеттілікті қанағаттандыру үшін жаратылған негізгі әлеуметтік институттардың бірі, сондықтан оны зерттеу үшін әлеуметтанулық әдістер мен бағалау белгілері қажет деп санады.
1864-1920 жылдар аралығында өмір сүрген неміс ғалымы, талантты әлеуметтанушы Макс Вебер өзінің басты шығармасы: «Протестант және капитализм рухы» деп аталатын еңбегінде діннің мәні адамдардың мінез-құлықтары мен іс-әрекеттеріне биік мақсаттар әкелу екенін айтты. Ол дінді әлеуметтік институт ретінде қарастырды. Оның ойынша, дін әрбір индивидтің, әрбір әлеуметтік топтың мінез‑құлқы мен ойлау тәсіліне мән‑мағына береді, сөйте отырып олардың өзіндік жеке дамуына ықпал ететін құндылықтар мен нормалар жүйесінің негізін құрайды.
К.Маркс (1818-1883) марксизм ілімінің негізін қалаушы, аса көрнекті философ және публицист. Оның дін әлеуметтануы саласындағы шығармаларының ішіндегі ең бастысы - «Гегельдің құқық философиясына сын туралы» атты еңбегі. Онда К.Маркс дін адамдардың ауыр әлеуметтік жағдайларына байланысты пайда болды және ол жағдайлар жөнделген кезде дін өзінен-өзі жойылады деп қорытынды жасады.
1902-1979 жылдарда өмір сүрген, американ әлеуметтанушысы, профессор Толкот Парсонс «Әлеуметтанудың жалпы теориясының мәселелері» деп аталатын басты шығармасыдағы негізгі ойы - дін адамдардың мінез-құлықтары нормаларының негізі болып табылады, сондықтан да дінді арнайы әлеуметтанушылық тұрғыдан зерттеу керек дейді.
Діннің пайда болуы мен қалыптасуының өз себептері, қажеттіліктері бар. Олардың ең біріншісі — діннің адамдардың көңіл күйлеріне байланысты шыққандығы. Адамдар кездескен әртүрлі жағдайларға байланысты бірде қуанып, бірде күйініп, бірде толқып, бірде қапаланады. Оларға көңілді орнықты ететін, оны бір қолда ұстайтын тірек керек болады. Сол тіректі, сол медеуді адамдар табиғаттан да, өзінен де тысқары тұрған бір тылсым күштен, яғни кез келген діннің түпкілікті қазығы болып табылатын абсолюттен, құдайдан табады.
Екінші қажеттілік - адамдардың танымға, білімге құштарлық талпыныстарымен байланысты. Адам ішкі және сыртқы құбылыстардың шын себептерін аша алмай, олардың әрқайсысының өзіндік иесі болады деп ойлайды. Осының негізінде олар туралы жалған түсініктер қалыптасады. Бұған адамдардың қоршаған табиғаттағы күннің күркіреуі, найзағайдың жарқылы, судың тасуы, жердің сілкінуі, өрт, жұт сияқты дүлей күштердің алдындағы дәрменсіздігі себеп болады.
Үшінші қажеттілік таптық қоғамның орнауымен ел билеуші үстем тап өкілдері қоғамдық өмірдің тыныштығын және тұтастығын сақтау мақсаттарында көктің әмірі осындай деп, діни түсініктерді қолдап, қолпаштап, оларды кең таратудан туған. Үстем таптардың өкілдері өздерінің меншік иесі екендігін, олардың істеріне ылғи да сәттілік, табыскерлік және мәдени-руханилық сипаттар тән екенін және өздеріне басқару ісі дарығанын табиғаттан тысқары тұратын бір тылсым күштердің рахымшылығымен түсіндіруге тырысады. Мысалы, олар жеме-жемге келгенде халық өкілдеріне: «мені құдай бай қылды, ал сені кедей қылды ‑ оған қандай таласың бар» деген сөздер айтады. Діндердің пайда болуының әлеуметтік-таптық себептері осындай.
2. Дін әлеуметтануының өз алдына жеке ғылымға айналуына байланысты, оның басқа да ғылымдар сияқты зерттейтін пәні, іргетасы іспетті категориялар жүйесі, заңдары мен қызмет салалары бар.
Дін әлеуметтануының ғылым ретіндегі пәні - дін мен қоғам арасындағы диалектикалық байланыстардың жалпы заңдылықтарын зерттеу. Бұл байланыстардың бірінші жағы - қоғамның, қоғамдық қатынастардың дінге жасайтын ықпалдары. Ал екінші жағы - діннің, діни көзқарастың, діни элементтер мен функциялардың қоғамға тигізетін ықпалы.