Файл: Әлеуметтану -2 бөлік.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 13.08.2020

Просмотров: 862

Скачиваний: 6

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Британ әлеуметтанушысы Э. Гидденс вертикальды мобильдікке жан-жақты талдау жасаған. Ол Британ қоғамындағы төмен құлдырау мобильдігінің себептерін адамның психологиялық күйзеліске ұшырауынан (мысалы, жақын адамынан айырылу, сәтсіздіктерге ұшырау, т.б.) және соған байланысты индивидтің өзінің бұрынғы мәртебелік дәрежесінен айырылуынан деп түсіндірген. Мобильдіктің бұл түріне индивидтің жұмысынан босауы да жатады.

Горизонталды мобильдікте — индивид бір әлеуметтік позициядан екіншісіне ауысады. Бұл ауысу тек көлденең сызық бойында болады да оның әлеуметтік жағдайына ешбір өзгеріс әкелмейді.

Әлеуметтік мобильділік жеке немесе ұжымдық болуы мүмкін. Ұжымдық мобильділік қоғам өмірінде, құрылысында ірі өзгерістер тудырады. Бұл экономикалық немесе саяси-идеологиялық салада кездеседі.

Әлеуметтік мобильділік құбылысының екі өлшемі бар. Олар — мобильдіктің жылдамдығы және көлемі. Әлеуметтік мобильділіктің жылдамдығы белгілі бір уақыт аралығындағы тік бағыттағы әлеуметтік дистанцияның (сатылар саны) немесе жеке иңдивидтің осы бағытта жоғары өрлеуі немесе төмендеуіндегі экономикалық, саяси, кәсіби жіктердің санымен өлшенеді. Мәселен, біреулер қысқа мерзімде жоғары мәртебеге ие болса, екінші біреулердің ондай дережеге көтерілуі үшін бірнеше сатылардан өтуі және бұл үдерістің ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.

Алдыңғы қатарлы дамыған елдерде халықтың үштен екі бөлігі мобильді болып келеді және жеке вертикалды өрлеу бағытындағы мобильдіктің көлемі жоғары. Американ әлеуметтанушылары П. Блау мен О. Дункан дамыған елдердегі әлеуметтік мобильдіктің қарқынын зерттеу нәтижесінде АҚШ-да тік жоғары бағыттағы мобильдік басым деген қорытындыға келген. Батыс ғалымдары постиндустриалдық қоғамдарда "төменгі" және "жоғары таптардың" үлес салмағына қарағанда "орта таптың" үлес салмағының өсіп отырғандығын айтады.

Әлеуметтік мобильдіктің жылдамдығы мен қарқыны неге байланысты деген сұрауға ғалымдар: біріншіден, ол жеке тұлғаның сапалы қасиеттеріне байланысты деп жауап береді. Шын мәнісінде, өзінің кәсіби деңгейін, әлеуметтік-экономикалық жағдайын өзгертіп, жоғары мәртебеге ие болуы үшін әрбір индивидтің қажымай-талмай еңбек етуі, әрдайым жоғары ұмтылуы қажет. Екіншіден, жеке адамның тік өрлеу бағытында бір әлеуметтік жағдайдан екінші жағдайға ауысуына қоғамның жалпы даму дәрежесі, оңдағы мүмкіндіктер ықпал етеді. Қуатты экономикасы мен демократиялық саяси жүйесі бар елдерде жеке адамның әлеуметтік топтардың жан-жақты дамуына кең мүмкіндіктер бар. Ол елдерде мобильдіктің жылдамдығы мен қарқыны да жоғары.

П.А. Сорокиннің сөзімен түсіндірсек: "Егер мобильділік абсолютті түрде әркімнің еркіне байланысты құбылыс болса, онда қоғамда әлеуметтік жіктер де болмас еді. Қоғам бұл жағдайда бір қабатты екінші қабаттан бөліп тұратын едені мен төбесі жоқ ғимаратқа ұқсас болар еді. Олай болса барлық қоғам жіктерге бөлінеді. Қоғам өзінше бір "елеуіш" тәрізді, яғни онда индивидтер мен топтарды белгілі бір өлшемдерге байланысты іріктеп, жіктеу бар. Соның нәтижесінде біреулер әлеуметтік сатымен жоғары көтеріледі, ал, екінші біреулер төменгі сатылардан орын алады".


4. Қазіргі нарықтық экономика жағдайында Қазақстанның әлеуметтік құрылымы бұрын-соңды болмаған күрделі өзгерістерге ұшырап отыр. Егемеңдік, тәуелсіздік алған уақыттың ішінде республиканың әлеуметтік құрылымында жаңа таптар, топтар, жіктер пайда болды. Олар: бизнесмендер, кәсіпкерлер, фермерлер, банкирлер, алуан түрлі жеке фирмалардың, дүкендердің, қонақ үйлерінің, мейманханалардың және т.б. жеке меншік иелері. Тіпті бұдан басқа да өзгерістер бар. Қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік-экономикалық топтар екінші бір топтарға ауысып, өтіп жатыр, демографиялық жағдай, ел-жұрттың миграция мәселелері мен үдерістері де ерекше болып отыр. Жалпы алғанда, негізінде лауазымды қызметке, табысқа және экономикалық жағдайға байланысты қоғамда топқа, жікке бөлінушілік күшейе түсуде. Осылардың нәтижесінде Қазақстанда ауқатты, дәулеті орташа, кедей адамдар пайда болды. Қоғам мүшелерінің бұлайша жіктелуіне меншік формасының өзгеруі, жалпы нарық қатынастарының орын алуы ықпал етті.

Осы жағдайларды ескере отырып, Қазақстаңдағы әлеуметтік иерархияны шартты түрде жоғары тап, орта тап, төменгі тап деп бөлуге болады. Алайда бұлардың өзі бір текті емес, әртүрлі деңгейде.

Нарықтық экономика Қазақстанның әлеуметтік құрылымына зор әсер етіп отыр, өйткені меншік нысанының алуан түрлілігі жалпы экономиканың одан әрі бөлшектелінуін күшейтті. Осыларға сәйкес меншіктің жеке, корпоративтік, акционерлік, ұжымдық, жартылай жеке, жартылай мемлекеттік және т.б. сияқты жаңа типтері қалыптасуда. Орта, кішігірім мекемелерге, сауда үйлеріне, мейманханаларға, дүкендерге, әртүрлі акционерлік қоғамдарға қожалық ететін топ пайда болды.

Қазақстанда меншік иелері – ірі, орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатын бизнесмендер тобы қалыптасу үстінде, олар қоғамның ілгерілеп дамуына елеулі ықпал ететін заңды әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Бірақ олардың көлемін санмен көрсету әзірге қиын. Еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрақтануында орта және шағын бизнестің рөлі зор.

Жалпы алғанда, қазіргі Қазақстан қоғамында бір таптың, топтың, жіктің екінші бір тапқа, топқа, жікке ауысуы және көлденең сызықтары арқылы даму түрлері біршама жиі болып отыр. Мысалы, республикада бұдан 4‑5 жыл бұрын орташа табысы бар немесе кедей адамдар қазіргі уақытта бай коммерсанттарға, бизнесмендерге, кәсіпкерлерге, банкирлерге айналды, көбі өз алдына мекеме, мейманхана, қонақ үйлердің, дүкендердің және т.б. қожайындары болды. Бірақ, бұлардың кейбіреулері қайтадан қарыздар болып, кедейшілікке ұшырады. Мұндай құбылыстардың болып тұруы республикада нарықтық экономиканың әлі тұрақсыздығымен, қоғамдағы демократиялық үдерістердің әлсіздігімен, әлеуметтік әділеттілік принциптерінің тиісінше қорғалмауымен, заңдылықтардың қатаң сақталмауымен, қоғам мүшелерінің құқықтарының бұрмалануымен түсіндіруге болады.


Қазіргі қазақ қоғамының кейбір стратификациялық даму бағыттарын былайша белгілеуге болар еді. Жұмыспен қамтылу құрылымында өзгерістер баяу жүріп жатыр. Өндіріс орындары мен ауыл шаруашылық саласының артта қалуы адамдарды өз бетімен жұмыс табуға мәжбүрлеп отыр. Мүліктік белгілер бойынша қатты бөліну жүріп жатыр. Ең байлар және ең кедейлер жіктері жылдам қалыптасуда. Қоғамның әлеуметтік сипатын анықтайтын орта таптың қалыптасуы баяу жүруде.

Әлеуметтік мобильдік өкімет мекемелерінде де орын алады. Бұлар саясаттың өзгеруіне, парламенттің, үкіметтің, жергілікті басқару ұйымдарының жиі ауысуына, саяси реформалар мен басқарудың жаңа оңтайлы түрлерін іздестірумен, т.б. тікелей байланысты. Соның нәтижесінде біреулер бүгін министр немесе депутат болса, ертең жәй қызмет атқаруға мәжбүр болады немесе жұмыссыздар қатарына қосылады. Бұл үдеріс дамыған Еуропа еддерінде 2‑5%-дан артпайды. Ал, ТМД елдерінде, оның ішіңде Қазақстанда бұлар 15‑25%-ға дейін көтерілген.

Қалалардағы тұрмыстық қызмет көрсету саласында жұмыс, қызмет істеушілердің саны көбеюде. Кейбір дамыған елдерде бұл салада 50%-дан астам жұмысқа қабілеті бар адамдар істейді. Бұл құбылыстың да алуан түрлі себептері бар. Олардың бастылары: көптеген өндіріс орындары ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін, әсіресе, автоматтандыру, кибернетиканы кеңінен қолданып, көптеген жұмыс қолын өндірістен босатты, олар жұмыссыз қалды. Сондықтан олар тұрмыстық, қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүр.

Бақылау сұрақтары

1. Әлеуметтік стратификация нені зерттейді?

2. Әлеуметтік жіктер дегенді қалай түсінесің?

3. "Әлеуметтік мобильділік" деп нені айтамыз?

4. Вертикальды мобильдік дегеніміз не?

5. Горизонталды мобильдікті қалай түсіндіресің?

6. Әлеуметтік стратификация теориясының көрнекті өкілі кім?

7. Таптың белгілерін бойына толык сіңіре қоймаған аралық топтарды қалай атайды?





VI тақырып. Тұлға ‑ әлеуметтік жүйенің негізгі элементі


1. Тұлғаның әлеуметтанулық түсінігі.

2. Тұлға - әлеуметтік өмірдің субъектісі мен объектiсi.

3. Тұлғаның әлеуметтік құрылымы.

4. Тұлғаның әлеуметтенуі.

5. Тұлғаның әлеуметтік мұраты.


1. Тұлғаның әлеуметтік жүйенің негізгі элементі екені алдыңғы тақырыптардан белгілі. Алайда оның әлеуметтік мәні студенттерге жете мәлім емес. Мұны білу үшін "адам", "индивид", «тұлға" деген ұғымдардың арасындағы мазмұндық айырмашылықты, бір жағынан жалпы философиялық, екінші жағынан нақты‑ғылыми мағыналарын біліп алуымыз керек.

"Адам" деген — адамзат баласының жер бетіндегі басқа биологиялық организмдерден өзгеше қасиеттерін сипаттайтын жалпылама ұғым. Ол – адами қасиеттері қоғамда, әлеуметтік ортада қалыптасатын, іс‑әрекет, мінез‑құлық үдерісінде жекелік қасиеті көрінетін белсенді де саналы қызмет иесі. Адам туған күнінен бастап әлеуметтік ортамен тығыз байланыс, қатынаста болып, сол ортаның (топтың, ұйымның, алуан түрлі басқа қауымдастықтардың) сана‑қабілеттерін мен мәдени құндылықтарын өзінің бойына сіңіруі қажет.


Адам деген кім деген мәселеге әлі еш ғылым толық жауап берген жоқ. Сондықтан да француздың атақты биолог-ғалымы, хирург-тәжірибешісі, Нобель сыйлығының лауреаты Алексис Каррель өзінің бір кітабына «Адам - бұл бейтаныс» деп ат қойған. Адам феномені сан ғасыр зерттеліп келеді, бірақ ол туралы мағлұмат әлі жеткіліксіз.

"Иңдивид" адам тегінің нақты өкілі, әлеуметтануда жеке адамның әлеуметтік сапаларын айқындау үшін пайдаланады. Жеке адам (индивидуалдық) - бұл әр адамның өзіне ғана тән жеке-дара қасиеттерінің жиынтығы.

Сәби туғанынан әлі тұлға емес, ол адам тегінің өкілі. Ол тұлға болу үшін негізгі екі шарт қажет: 1) биологиялық, генетикалық дамудың алғы шарттары; 2) әлеуметтік ортаның болуы. Сондықтан тұлға құрылымында үш деңгей бар: биологиялық, психологиялық және әлеуметтік (немесе социомәдени). Әлеуметтанулық тұрғыдан нағыз маңыздысы үшінші деңгей болып табылады. Әлеуметтік ортасыз сәби жан-жақты тұлға болып дами алмайды.

Тұлға деп қоғамдық өмірдін тарихи жағдайлары қалыптастырған, саналы іс-әрекет және қарым-қатынас жасаушы, айналадағыны танып-білуші, елеулі әлеуметтік сапалар иесі жеке адамды айтамыз. Бұл адамның әлеуметтік тәжірибе игерген деңгейін айқындайтын әлеуметтік сипаттамасы.

Адам әлеуметтену үдерісінде әлеуметтік қасиеттерге ие болып тұлғаға айналады. Егер адам әртүрлі жағдайлармен (психикалық науқас болып немесе қоғамдық ортада өмір сүрмесе) әлеуметтік сапаны игере алмаса, ол тұлға бола алмайды.

Әрбір адам қоғамдық қатынас жүйесінде толып жатқан әлеуметтік байланысқа түсіп, көптеген мәртебелер мен әртүрлі рөлдер атқарады, белгілі идеялар, сезімдер, мінез‑құлық ерекшеліктерінің иесі болады. Әлеуметтануда тұлғаның әлеуметтік сапалары маңызды болып табылады. Сондықтан қайталанып отыратын елеулі әлеуметтік сапалар иесі тұлғаларды зерттеу үшін оларды типтендіреді, яғни белгілі бір әлеуметтік топқа жатқызады.

Тұлғаның әлеуметтік типі – бұл белгілі бір әлеуметтік қауымдастыққа жататын көптеген индивидтерге тән әлеуметтік сапалар жүйесі, жиынтық көрінісі. Мысалы, азиаттар, кавказдықтар, еуропалықтар, студенттер, жұмысшылар, ардагерлер, оқытушылар және т.б. Тұлғаны типтендіру әртүрлі негіздерде жүргізілуі мүмкін. Мысалы, мамандығына не қызметіне, тұратын жеріне, жас ерекшеліктеріне, әлеуметтік белсенділіне және т.б. сәйкес: экономист, қалалық, жас, басшы, т.т. дегендей.

Тұлғаларды типтендіруде аса маңызды негіздер әлеуметтік мәртебелер мен рөлдер болып саналады. Мысалы, отбасындағы ата мен әженің, әке мен ананың, аға мен апаның мәртебелері мен соған сәйкес рөлдерін айтуға болады.

2. Тұлға проблемасы қоғамдық ғылымдардың зерттеу объектісіне жатады. Мәселен, философия тұлғаны таным мен шығармашылықтың, іс-әрекеттің субъектісі ретінде қарастырса, психология оны психикалық қасиеттер мен үдерістердің: мінез-құлық, темперамент, қабілет және т.б. тұрақты жиынтығы ретінде зерттейді. Әлеуметтану тұлғаны әлеуметтік өмірге белсенді түрде араласатын, әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекеттің субъектісі, иесі ретінде қарастырады.


Тұлға - әлеуметтанудың объектісі де. Объект дегеніміз бізді қоршап тұрған объективтік нақтылы өмір, ол қоғам, адамдар, оның алуан түрлі бірліктері (отбасы, топ, тап, әлеуметтік мекемелер, ннституттар, мемлекет, т.б.), тіпті адамның өзі, оның барлық іс-әрекеті, қызметі, санасы, тәртібі, т. б.

Тұлғаның даму және қалыптасу заңдылықтары, қоршаған ортамен қарым-қатынасы, т. б. әлеуметтанудың өзекті проблемалары. Сондықтан әлеуметтану тұлғаның қоғам өмірінің барлық дерлік салаларындағы қызметін (отбасы, экология, саясат, құқық, білім беру мен тәрбие, мәдениет, т.б.) өзінің зерттеу пәніне жатқызады.

Тұлға проблемасын зерттеуде әлеуметтану өзіне тән көптеген категорияларды пайдаланады. Категориялар (жалпы ұғымдар) өмірдің нақтылы шындығын, әлеуметтік құрылымның дамуындағы маңызды жақтарды, ондағы қатынастар мен байланыстарды бейнелейді. Категориялар бір-бірімен тығыз байланыста болады. Мысалға, «әлеуметтік жүйе», «әлеуметтік байланыс», «әлеуметтік қатынас», «әлеуметтік үдеріс», «әлеуметтік тұлға», «әлеуметтік ұйым», «әлеуметтік рөл», «әлеуметтік мәртебе» және т.б.

Тұлғаны зерттеу үдерісінде әлеуметтануға тән әдістер кеңінен пайдаланылады. Олар: сұрыптау, бақылау, сұрау, құжаттарды талдау, сараптау, модель (үлгілеу), тест, т. б. Осы әдістерді пайдалана отырып, зерттеуші тұлғаны жан-жақты зерттей алады.

Адам қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысу арқылы өзінің барлық қабілетін дамытуға мүмкіндік алады. Бұл үшін материалдық, әлеуметтік-мәдени, саяси-құқықтық алғышарттар қажет. 1. Ең алдымен, адамның ішер тамағы, киер киімі, жатар орны, тұрмыс жағдайы болуы керек. Шетелдің зерттеушілерінің анықтағанындай, қоғам бай болған сайын, ол демократиялық дамуға бейім келеді. 2. Мемлекеттің жақсы тұрмысы оны тиімді басқаруға қажетті жоғары білім, кәсіби дайындықты қамтамасыз етеді. Сондықтан белгілі бір дәрежеде тұлғаның білімі, кәсіби дайындығы, саяси мәдениеті болуы қажет. Бұл қасиеттер бір‑бірімен тығыз байланысты. Білімді адамның мәдениеті де жоғары болады.

Тұлғаның қоғамдық өмірге белсенді қатысуына саяси-құқықтық алғышарттар да әсер етеді. Оған қоғамдағы демократиялық үдеріс, заңдылыққа негізделген тәртіп, жоғары саяси мәдениет, билік құрылымдарының әлемдік стандартқа сәйкес қалыптасуы, саяси басқару шешімдерін қабылдап, іске асыруда қоғам мүшелерінің қатысуы және т. б. жатады. Сондықтан шын демократиялық мемлекет өз мүшелерінің жалпы мәдениетін, оның ішінде саяси сауатын көтеруге тырысады.

3. Күрделі теориялық проблемалар қатарына тұлғаның әлеуметтік құрылымы жатады. Оны психикалық, субъективтік сапалардың жиынтығынан тұрады деп қарау жеткіліксіз. Тұлғадағы ең басты нәрсе - оның әлеуметтік сапасы.

Сонымен тұлғаның әлеуметтік кұрылымы деп индивид кірген қауымдастық пен бірлестіктің ықпал етуімен оның алуан түрлі қызметі үдерісінде қалыптасатын және өмір сүретін объективтік және субъективтік әлеуметтік қасиеттердің жиынтығын айтамыз.