Файл: Әлеуметтану - 1 бөлік.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 13.08.2020

Просмотров: 1473

Скачиваний: 40

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Адамның қоғамдағы орны көптеген әлеуметтік белгілерімен сипатталады. Оған ұлты, тұратын жері, қоғамдық өндіріске қатысуы (не қатыспауы), қоғамдық еңбек бөлісіндегі орны (өндіріс құралдарына меншік қатынасы, еңбекті қоғамдық жолмен ұйымдастырудағы рөлі, еңбектің мазмұны мен сипаты), кәсібі, білімі, табыс мөлшері, саяси билікті іске асыруға қатынасы және т. б. жатады. Осындай бір немесе бірнеше әлеуметтік белгілермен бірлескен адамдар жиынтығын әлеуметтік топ дейді. Мысалы, жұмысшы, шаруа, зиялылар, студенттер, зейнеткерлер, ауыл адамдары, қазақтар, орыстар, немістер және т. б. Өзінің қоғамдағы орнына байланысты олар бір уақытта әртүрлі әлеуметтік топтардың мүшесі бола алды. Мысалы, студент, ол қазақ, ол үлкен қаланың тұрғыны т. б.

Сонымен еңбектің қоғамдық бөлінісіне негізделген әлеуметтік топтар мен олардың өзара қатынас жүйесінің жиынтығын қоғамның әлеуметтік құрылымы дейді. Қоғамдық өмірді әртүрлі әлеуметтік топтардың өзара әрекеттестігінің нәтижесі деуге де болады. Адамның жеке белгілеріне қарай қоғам құрылымының негізгі түрлерін айқындауға, атауға болады. Оған әлеуметтік-демографиялық (жынысы мен жасына қарай әлеуметтік топқа бөлу), әлеуметтік-таптық, кәсіби және елді мекендік құрылым жатады.

Марксистік қоғамтану әлеуметтік құрылымының негізгі түрі деп қоғамның таптық сипатын алды. В. И. Ленин "Ұлы бастама" деген еңбегінде таптарға мынандай анықтама береді: "Таптар деп адамдардың үлкен топтарын, қоғамдық өндірістің тарихи белгілі бір жүйесінде олардың алатын орнына қарай, өндіріс құрал-жабдықтарына олардың (көбінесе заңмен бекітіліп, қалыптасқан) қатынасына қарай, еңбекті қоғамдық жолмен ұйымдастырудағы олардың рөліне қарай, ал олай болса, қоғамдық байлықтан олардың алып отырған үлесінің мөлшеріне және ол үлесті алу әдістеріне қарай айырылатын топтарын айтады". (В. И. Ленин. Шығармалар толық жинағы, 39-том, 16-бет). Мұнда таптың негізгі белгісі ретінде өндіріс құрал-жабдықтарына қатынастың бірдей болмауы көрсетіледі. Ол адамның қоғамдық өндіріс жүйесіндегі орнын және оның жалпы әлеуметтік жағдайын айқындайды деп саналды. Қалған белгілердің бәрі соған байланысты. Әрине, қоғамдық жағдайда өндіріс құрал-жабдықтарына қатынастың бірдей болмауының мәні зор. Бірақ сонымен қатар қоғамдағы әлеуметтік жіктелуде басқа да, мысалы, адамның билік құрылымындағы орны мен рөлі, табысының мөлшері, әлеуметтік мәртебесі, қабілет дәрежесі, білім‑білігі және т.б. белгілер шешуші рөл атқарады.

4. Қазіргі Қазақстан қоғамының әлеуметтік жүйесі, оның бағыттары мен болашағы туралы айтпай тұрып, біз қоғамның қай деңгейінде тұрмыз дегеннен бастаған жөн.

Әлеуметтану ғылымында қоғамды сараптаудың көптеген тәсілдері калыптасқан. Маркстік теория бойынша қоғамның типін белгілеуде өндіріс тәсілін, яғни өндіріс құрал-жабдықтарына меншіктің түрі мен қоғамның таптық құрылымы алынады. Осы тұрғыдан талдай келе, марксизм қоғам дамуын 5 тарихи сатыға, қоғамдық - экономикалық формацияларға жіктейді: а) алғашқы қауымдық құрылыс; ә) құл иеленушілік қоғам; б) феодалдық қоғам; в) капиталистік қоғам; г) коммунистік қоғам.


XX ғ. 50-60-жылдарыңда американдық және француз әлеуметтанушылары Даниел Белл, Уолт Ростоу және Раймон Арон ұсынған қоғам дамуының үш сатысы туралы теория ұсынды. Бұл ғалымдар адамзат қоғамының дамуын әлемдік шеңберде үш кезеңге бөледі: 1) индустриалдық сатыға дейінгі қоғамдар, оларды аграрлық немесе дәстүрлі қоғам деп те атайды; 2) индустриалдық қоғамдар; 3) постиндустриалдық қоғамдар. Алайда бұл үш сатыда да негізгі айқындаушы элемент - өндіріс тәсілі екенін ескеруіміз керек.

Индустриалдық қоғам ең алдымен еңбек бөлінісінің дамуы және күрделі жүйесі арқылы сипатталады. Мұндай коғамда индивидтің еркіндігі мен мүддесін ортақ принциптермен үйлестіруге мүмкіндік туады. Екіншіден, индустриалды қоғамда рынокқа арнап кең көлемде жаппай тауар өндіру қалыптасады. Үшіншіден, ол өндірісті автоматтандыру мен механикаландыруға және басқаруға иелік етеді. Төртіншіден, индустриалды қоғам ғылыми-техникалық революциямен сипатталады.

Бүгінгі жағдайымызды ескерсек, белгілі бір тұжырымда бізге индустриалдық қоғам дәрежесі сәйкес келеді деуге болады. Алайда индустриалдық қоғамға тән сипаттарға біз түгелдей ие емеспіз. Өйткені индустриалды қоғам теориясын жасаған ғалымдардың пікірінше, қоғам, біріншіден, еңбек бөлінісінің дамуы және күрделі жүйесі арқылы сипатталады, бұл өндірістің нақты салаларға мамандандырылуы мен басқару жүйелерінен байқалады. Бұл сипатты біздің қоғамнан да таба аламыз. Ал индустриалды қоғамға тән рынокқа арнап кең көлемде жаппай тауар өндіру және отандық тауар өндірісіне, ғылыми-техникалық прогреске көңіл бөлу бізде әлі жеткілікті деп айтуға әлі ерте сияқты.

Қазіргі жағдайда нарықтық экономикаға, әртүрлі меншіктің дамуына, саяси алуандыққа, көппартиялыққа өтуге байланысты әлеуметтік бөліну күшейе түсуде. Республикамызда бұрыннан белгілі жұмысшылар мен шаруалардан басқа фермерлер, жалгерлер, кооператив мүшелері, жеке және ұжымдық меншік иелері, жеке саудамен айналысатын құрылымдар, кәсіпкерлер және т.б. пайда болуда.

Еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңде қоғамда меншік иесі жоғарғы тап пайда болды. Оның негізін баяғы партиялық, кеңестік номенклатура қалады. Олар экономикалық реформа басталар кезде экономикада, саясатта, мәдениетте басты лауазымдарды атқарды. Сондықтан кәсіпорындарды жекешелендіру, жеке меншікке айналдыру олар үшін өте қолайлы болып шыға келді. Бұл тапқа солармен қатар көлеңкелі экономиканың пысықтары, алыпсатарлықпен айналысып кәсіпкерлер және т.б. кіреді. Бұл таптың өкілдері халықтың 1—3 пайызын құрайды.

Сонымен бірге меншік иелерінің арасында бұрын-сонды болмаған миллиардерлер мен байлар пайда болды. Олардың да, орта таптың да халқымыз арасындағы үлес салмағы туралы қолымызда мәліметтер жоқ болуына байланысты бірдеңе айту қиын. Ал қазіргі өркениетті елдерде орта тап 50-60 пайызды құраса, АҚШ‑та жоғары тап бүкіл халықтың 1,5 пайызын құрайды.


Қазіргі өркениетті елдердің тірегі, саяси тұрақтылығын қамтамасыз ететін — орташа тап. Өзінің білімділігі, іскерлігіне байланысты ол қоғамның демократиялық дамуына, нарықтық экономиканың қалыптасуына негіз болады. Сондықтан біздің басым бағытымыздын бірі — осы орташа тапты күшейту. Ол үшін ұсақ және орта кәсіпшілікті қолдау, халықтың кәсіптік білімін арттыру және кәсіптік кеңістікті деократияландыру және т.б. көптеген қомақты істерді жүзеге асыру керек.

Қоғамның болашағын неден көруге болады? Қоғам дамуының постиндустриалдық сатысы туралы тұжырымдамаға сүйенсек, болашақ - білімде, ғылымда. Рухани институттардың ғылым, білім, тәрбие, моральдық ережелер және т. б. басты элементтерінің дамуына ерекше көңіл бөлу қажет болады. Әсіресе, қоғамдағы демократиялық институттарды жетілдіре түсу аса маңызды болмақ.


Бақылау сұрақтары

1. Огюст Конт қоғамды қандай жүйе ретінде қарастырды?

2. М.Вебер қоғамды қандай әлеуметтік байланыстардың жиынтығы деп атады?

3. Т.Парсонс адамдар арасындағы қарым-қатынастар жүйесін не деп атады?

4. Т. Парсонстың адамдардың қарым-қатынастардың негізі - әлеуметтік ережелер (нормалар) мен құндылықтар дегенін түсіндірші?

5. К. Маркс қоғамды адамдардың қандай қатынастарының жиынтығы санады?

6. Әлеуметтік жүйе деп әлеуметтік тұтастықты қамтамасыз ететін қандай элементтердің жиынтығын айтамыз?

7. Әлеуметтік байланыстарды түсіндірші?

8. Әлеуметтік өзара әрекеттестік дегеніміз не?

9. Әлеуметтік қарым-қатынастар деген не?

10. Әлеуметтік нормалар мен ережелерге не жатады?

11. Әлеуметтік топ деп адамдардың қандай бірлестігін айтамыз?

12. Қоғамның әлеуметтік құрылымы дегеніміз не?

13. Әлеуметтік топтарды жіктегендегі белгілерді (өлшемдерді) атаңыз?


















64