ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 13.08.2020
Просмотров: 1474
Скачиваний: 40
Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы жазылған «Жер жалдау жайынан» атты мақаласында қазақтардың қоныс аударған орыстарға жерлерін сатып жатқанына, егер жер сату тыйылмаса, қазақтың күні қараң болып, жерден айрылатынына тоқталады. Қазақ жерінің тұтқасының екі ұшы екі қолда: бір ұшы қазақта, екінші ұшы орыста екенін, әдіс қылған жағы ауыстырып алып, бос ұстаған жағының жерден айрылып қалып жатқанын айтып, қазақтың әрекетсіздігін сынады. Ал қазақтың бас көтерер адамдарының жұрт пайдасынан гөрі өз пайдаларын жоғары қойып, жер сатып, баюды әдетке айналдырғанына налыды.
«Көшпелі әм отырықшы норма» деген мақалада да А. Байтұрсынов ерекше дау туғызып отырған жер мәселесіне қайта оралып, бұл туралы баспасөз бетінде көтерілген пікір-таластарға талдау жасайды. Көшпелі және отырықшы нормалардың өзіндік ерекшеліктерін аша отырып, оны әр қазақтың тиімді пайдалана білуінің керектігін айтады. Осыған байланысты қазақтың бас көтерер адамдарына адаспауды, ол үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етуді, қазақтың байлары мен күштілеріне жарлы-жақыбайлар мен нашарларды жермен теңгеруді ұсынады. Алаштың аты шыққан адамдарына көсемдіктерін адаспай жасауды ескертеді, себебі олар адасса, артынан ерген алаш та адасады деп санайды автор.
4. Қазақ қоғамындағы бұқара халықтың әлеуметтік белсенділігі Ахмет Байтұрсыновтың тұрақты назарында болды. Бұрын газет жоқ кезде қазақ дүниеде не болып жатқанынан хабарсыз болса, ал газет бар жағдайда да қоғамда болып жатқан оқиғаларға үнсіздік бұрынғы күйінде қала берді. Газет бетінде дүркін-дүркін көтерілген даулы пікірлерге қазақ жұрты селт етпеді. Орыс билеушілері осыны жақсы пайдаланды. Сондықтан қазаққа олар ойына келгенін істеді. Мысалы, 1910-шы жылы бастауыш мектептер туралы Думада кеңес болып, Ресейге қараған басқа тілді ұлттар, жұрттар өз тілдерін ұмытып, орыс тіліне ауып, орысқа сіңуі туралы әңгімелер болып жатқанда, орыстан тілі басқа жұрттар бұған қарсылық білдіріп, әр халық бастауыш мектепте өзінің ана тілінде оқуы тиіс деп, тұс-тұсынан телеграмма жаудырған кезде, қазақтың дыбысы естіле қойған жоқ еді. Бұрын Думада не мәселе қаралып жатқанын қазақ газетінің жоқтығынан білмесе, газет бола тұра, қазақ көре, біле отырып, еш әрекетке бара алмады. Осылардың барлығы «Қазақ әм түрлі мәселелер» атты мақалаға арқау болды.
Қазақтың тұрмыс деңгейі, шаруа жағдайы оның денсаулығына да үлкен әсер еткені белгілі. Бұл қазақ қоғамындағы аса күрделі әлеуметтік мәселе еді. Ауылды жерлерде аурухана, маман дәрігерлер қасқалдақтың қанындай қат болатын. Сол себепті халық арасында әртүрлі аурулар көп болды. Бұл мамандығы жағынан дәрігер болмаса да, табиғатында ағартушы А. Байтұрсыновтың назарынан тыс қала алмады. Осы тақырыпқа 1913 жылы жазған «Ауру жайынан» атты алғашқы мақаласында тығырықтан шығар жолды ол тәннің тазалығынан, бағымның жақсы болуынан іздейді. «Емнің асыл түбі – ауруды аздырып, тәнді күшейту, яғни ауру мен дененің алысқан жерінде дене жағына болысу, ауруды әлсіретіп, жеңе беру. Ол мақсат науқас адамды бағумен һәм дәрі берумен табылады» дейді. Бағымның жақсы болуына керек нәрселер деп: жағымды тамақ, жайлы орын, таза ауаны ұсынады. Ал «Тәні саудың — жаны сау» (1922) мақаласында «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама», «Мастық не дегізбейді, аштық не жегізбейді», «Бірінші байлық — денсаулық...» сияқты қазақ мәтелдерінің философиялық мәні талданып, денсаулықтың қоғамдағы орнына тоқталады. Тән мен жан сабақтас, екеуі бірінен-бірі айырғысыз. Тәнсіз жан жоқ, жансыз тән тұра алмайды. Сондай біріне-бірі байлаулы, айырғысыз нәрсе болған соң, бірінің жайына бірі қарайды, біріне келген кемшілік екіншісіне білінбей қалмайды дейді автор. Ол тәні де, жаны да сау, яғни ауырмайтын, денсаулығы мықты халық қана жақсы еңбек етеді, ғылыммен, өнермен шұғылданады деп атап көрсетеді.
Ахмет Байтұрсынов тән сұлулығын қазақтың бәрі де жақсы көретіндігін, бірақ оған керектіні қазақтың бәрі де істей бермейтіндігін айта отырып, тән саулығына не керек деген мәселелерге де тоқталады. Олардың ауа, тамақ, сусын, тәнге зиян келтіретін нәрселерден қорғау сияқты басты-бастыларын атап көрсетеді. Қай заманда болсын, адам баласының өз еңбегімен күнелтіп, жан сақтағанын айтады. Ол ауру болған адамның күші, ісі, есі қандай болса, ауру қаптаған халықтың да күші, ісі, есі сондай болады дейді. Тән саулығының тамыры тазалықта, жан сұлулығының тамыры тән сұлулығында екенін ескертеді. Сол себепті бәрінен бұрын тазалықтың кадірін білуге шақырады.
Қазақ халқының бірлігі А. Байтұрсыновтың да ерекше көңіл бөлген көкейкесті мәселелерінің бірі еді. «Партия әм кеңес құрылысындағы рушылық әсері» (1926) мақаласында ол қазақ халқының сол кездегі саяси-экономикалық жай-күйіне талдау жасап, партия және кеңес құрылысында рушылдық бар ма деген сауалға нақты жауап береді. Ғылыми қағидаларға сүйене отырып, қазіргі қазақ қоғамында ру болып бөлінуге негіз жоқ екенін, бірақ кейбір атқамінерлердің тікелей әрекеттері арқылы ел арасында рушылдықты қоздырып, оны өздері қойған мақсатқа жету үшін пайдаланатынын қатаң сынға алады. Бұл мәселенің бір жағы. Екінші мәселе – орыс патшасының «бөл де, билей бер» принципіне негізделген отаршылдық саясаты. Бұл қазақ арасында рушылдықтың отына май құйды. Патша өкіметіне керегі – қазақты оңай билеу және олардың өзара егестерін тиімді пайдалану үшін бір болыстық жерге үш-төрт рудың басын қосып, оларды болыстыққа таластырып қою. «Олар жәрдемге руын шақырады, өздерін сол руды қорғаушы етіп көрсетеді. Бұған қарағанда, қазір қазақ ішінде ру талас жоқ. Елдің бұқараны алдап, ру тонына жапсырып жүрген атқа мінерлердің егестері бар» - дейді А. Байтұрсынов.
Ахмет Байтұрсынов - өзі өмір сүрген қоғамның ең өзекті деген әлеуметтік мәселелерін биік деңгейде көтеріп, оны шешудің де жолын көрсете алған. Ғұлама ғалымның: «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөздері ұлтымызға мәңгілік ұран болуға тиіс.
Бақылау сұрақтары
1. А.Байтұрсынұлы адам тәрбиесіндегі білім‑ғылымның рөлі туралы не деді?
2. Мектеп ‑ әлеуметтік орта дегенді қалай түсінесің?
3. А.Байтұрсынұлы қазақ қоғамындағы жер мәселесі жайлы не айтты?
4. А.Байтұрсынұлы қазақтың әлеуметтік белсенділігі мен бірлігі хақындағы пікірі қандай?
5. А. Байтұрсынұлы қазақты артқа тарқан мәселелер туралы не деді?
6. А.Байтұрсынұлының: «Өнер-білім теңдікке жеткізеді, әлсіздерге күш береді, тұрмысты түзетеді, басқалармен терезесін тең етеді» дегенін түсіндір?
7. А.Байтұрсынұлы неге халықты оятудың жолын оқу-білімнен іздеді?
8. А.Байтұрсынұлы қазаққа Еуропаны қай мәселеде үлгі тұтты?
9. А.Байтұрсынұлы неге мектепте қазақтың діні, тілі, жазуы таза болуын талап етті?
10. Ұлы ұстаздың бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалім – мектептің жаны, мектеп сондай болады дегенін қалай түсінесің?
11. «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» дегенді қалай түсінесің?
ІV тақырып. Қоғам әлеуметтік жүйе ретінде
1. Қоғам әлеуметтік жүйе ретінде
2. Әлеуметтік жүйенің мәні мен түсінігі.
3. Қоғамның әлеуметтік құрылымы мен қызметі.
4. Қазіргі Қазақстан қоғамының әлеуметтік жүйесі.
1. Адамзаттың қауымдастығы ретінде қоғам барлық қоғамдық ғылымдардың негізгі объектісі әрі басты категориясы екендігі белгілі. Соған байланысты ғылыми әдебиеттерде қоғамның 150-ден астам анықтамалары бар. Біз үшін қоғамның әлеуметтану ғылымының басты категориясы ретіндегі анықтамасы мәнді. Осы мағынада қоғам өзі‑өзінен дамитын әлеуметтік организм ретіндегі жүйелік құрылым.
Қоғамның жүйелігі оның бөліктері ‑ әлеуметтік институттардың, әлеуметтік топтардың, жеке индивидтердің өзара әрекеттілігі және өзара тәуелділігінің ерекше тәсілімен қамтамасыз етіледі. Француздың атақты философы Огюст Конт қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде қарастыра отырып, әлеуметтану ғылымының негізін салғанын тағы еске сала кеткен артық емес. Енді қоғамның әлуметтанулық анықтамасының бірнешеуіне тоқтай кетейік.
Әлеуметтанудың негізін қалаушы француз ғалымы Огюст Конт қоғамды белгілі бір қызмет атқаратын, ынтымақтастық пен қоғамдық еңбек бөлінісіне негізделген жүйе деп тұжырымдайды.
Көрнекті неміс ғалымы Макс Вебер: "Қоғам - адамдардың бір-біріне ықпал, әсер етуінен туындайтын әлеуметтік байланыстардың жиынтығы" деді.
Американдық әлеуметтанушы Талконт Парсонстың пікірінше, қоғам - адамдар арасындағы қарым-қатынастардың жүйесі, ал ол қарым-қатынастардың негізі - ережелер (нормалар) мен құндылықтар болып табылады.
Әлеуметтанудың кіндік шешесі атанған Карл Маркс қоғамды адамдардың бірлесіп қызмет етулерінің нәтижесінде пайда болып, тарихи дамып отыратын қатынастардың жиынтығы ретінде түсіндіреді.
Бұл анықтамалар қоғамның мәнін толық көрсете алады: 1) қоғамның белгілі қызмет атқаратындығы; 2) оның ынтымақтастық пен еңбек бөлінісіне негізделгені; 3) қоғам бір-біріне ықпал ететін әлеуметтік байланыстардың жиынтығы; 4) ол адамдар арасындағы қарым-қатынастардың жүйесі; 5) және ол қарым-қатынастардың негізі нормалар мен ережелер болып табылады. Студенттердің назарын мынандай аса мәнді мәселеге аудара кеткен жөн. Өйткені олардың көпшілігі әлеуметтану пәнінен бірнеше дәріс тыңдағанымен қоғам мен әлеуметтік ұғымдардың мәніне көңіл бөле бермейді. Әлеуметтану нені зерттейді деп сұрасаң, ойланбай «қоғамды» дей салады. Сол себепті пән ретінді әлеуметтанудың негізгі мәселесі әлеуметтік әрекет болып саналады. Сондықтан кейбір әлеуметанушылардың әлеуметтік жүйе адамдардан тұрмайды, олардың қарым‑қатынасына тұрады дегендерінің жөні бар.
Осыларды ескере отырып, «қоғам» ұғымына мынадай әлеуметтанулық анықтама беруге болады: қоғам - адамзат дамуының белгілі бір тарихи кезеңінде өз қажеттерін канағаттандыру мақсатында тұрақты және біртұтас қалыптасқан, әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар негізінде өзара байланысқа, қарым‑қатынасқа түскен, өзін‑өзі басқарып, өзін‑өзі жетілдіріп отыратын, әлеуметтенген адамдардың жиынтығы.
Қоғам - адамдардың кез келген механикалық жиынтығы емес, керісінше, ол санасы, ақыл-ойы бар адамдардың, олардың арасындағы айтарлықтай тұрақты, орнықты және жеткілікті дәрежедегі тығыз өзара байланыс, ықпалдастық пен өзара әрекеттестіктің негізінде құрылған бірлестік.
2. Француз ғалымы Огюст Конт алғашқылардың бірі болып қоғамды жүйе ретінде қарастырып, ол жүйенің тұтас, бөлінбейтін сипатын, оның бөліктерінің өзара байланыстылығы мен ықпалдастығын атап көрсеткен болатын. Бұл қағидадан «жүйе» деген ұғымды айқындап алған жөн.
Жүйе деп өзара бір-бірімен байланыста, қарым-қатынаста болатын, тәртіптелген және тұрақтылықты құрайтын, бірінің өзгерісі екіншісінің немесе басқаларының өзгерісіне әкелетін көптеген элементтердің тұтас жиынтығын айтады. Ал әлеуметтік жүйе деп әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар негізінде өзара қарым-қатынас пен байланыста, өзара ықпалдастықта болып, тұтастықты қамтамасыз ететін жүйе элементтерінің жиынтығын айтамыз. Ал қоғамның әлеуметтік жүйесінің негізгі элементтерін не құрайды? Олар: адамдар, әлеуметтік институттар мен ұйымдар, әлеуметтік топтар мен қауымдастықтар, әлеуметтік байланыстар мен қатынастар, әлеуметтік ықпалдастық, әлеуметтік нормалар мен ережелер және т.б.
Жекелеген адамдар және адам топтарының арасында болатын байланыстар, қарым-қатынастар және өзара ықпалдасу әлеуметтік нормалар мен ережелер негізінде тұрақты сипатта болады және тарихи дамып, бір ұрпақтан екінші бір ұрпаққа ауысып отырады. Осы арада әлеуметтік жүйенің басты элементтеріне арнайы тоқтай кеткеннің артықтығы жоқ.
Әлеуметтік байланыстар ‑ адамдар немесе адамдар тобының арасында белгілі кеңістік пен уақытта нақты мақсатқа жету үшін бірлесе қызмет ету үдерісі.
Әлеуметтік өзара әрекеттестік — жеке адамдар мен адам топтарының бір-біріне әсер немесе ықпал етулерінің нәтижесінде пайда болатын үдерістер. Осының нәтижесінде шағын топтарда немесе тұтас қоғамда оң не теріс өзгерістер болып отырады.
Әлеуметтік қарым-қатынастар — адамдар және топтар, әлеуметтік институттар арасындағы тұрақты өзара байланыстар. Кез келген адам өз өмірінде сан қилы қатынастарға түседі. Мәселен, өзінің отбасымен, туған-туысқандарымен — туыстық қарым-қатынаста болса, құрбыларымен — достық, жолдастық қатынаста; өндірісте — еңбек қатынасында; билік орындарымен — саяси қатынас орнатады.
Әлеуметтік жүйедегі әлеуметтік әрекеттестік үдерістері саналы, тіпті кейде санасыз түрде белгілі бір әлеуметтік нормалар мен ережелер негізінде жүзеге асады. Ал әлеуметтік нормалар мен ережелер конституция, заңдар, қаулы‑қарарлар, әдет‑ғұрыптар мен салт‑саналарды және т.б. қамтиды.
Сонымен қоғамның тұтастығын әлеуметтік нормалар мен ережелер негізіндегі әлеуметтік мәні бар байланыстар, қарым-қатынастар және адамдардың өзара әсерлесуі қамтамасыз етеді. Сондай‑ақ әлеуметтік жүйедегі басты элементтердің (адамдардың) орналасуында белгілі бір тәртіп болады. Басқаша айтқанда, ол тәртіп белгілі координация (үйлестіру) мен субординациядан тұрады.
3. Қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде қарастырғаннан кейін, оның жүйешіктерін білген жөн. Адамдардың белгілі қызмет саласы немесе адамдардың белгілі саладағы қатынасын реттейтін, оның аса маңызды қоғамдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін пайда болған әлеуметтік институттар қоғамның жүйешіктерін құрайды. Т.Парсонс қоғамның төрт жүйешігін атап көрсетеді: әлеуметтік, мәдени, тұлғалық және мінез‑құлықтық. Ал Ресей ғалымдары В.И.Добреньков және А.И.Кравченко негізгі институт ретінде саяси, экономикалық, білім институты, отбасы және неке, дін институтарын атайды. Тағы басқа пікірлер жоқ емес. Осыларды салыстыра және жинақтай келе мынандай негізгі жүйешіктерді атаған жөн.
1. Әлеуметтік жүйешік – әлеуметтік байланыстар мен қарым‑қатынасты жалғастыру, социумды үйлестіру, өзара әрекет және интеграциясы.
2. Отбасылық‑некелік – отбасылық‑некелік қарым‑қатынастарды реттеу, ұрпақтар жалғастығын қамтамасыз ету.
3. Экономикалық – адамдардың өмірлік қызметіне қажетті азық‑түлікті өндіру, бөлу және пайдалану.
4. Саяси ‑ қоғамда билік қатынастарын реттеу, оны саяси әдістермен басқару.
5. Рухани – мәдени құндылықтар, идеологиялық бағдар, дәстүрлер, әдет‑ғұрып, діни сенімдер жүйесі.
Осылай әлеуметтік жүйешіктерді айқындап алғаннан кейін қоғамның әлеуметтік құрылымы мен жіктелуін оқып-білудің мәні зор. Құрылым дегеніміз не? Ол жүйенің әлеуметтік нормалар мен ережелер негізінде ретке келуі, ұйымдасуы, тәртіптелуі, институттенуі.
Қоғамның құрылымын айқындап, оның негізгі элементтерінің ғылыми классификациясын жасау және олардың арасындағы байланыстардың, қарым-қатынастардың, өзара ықпалдастықтың сырын, заңдылықтарын ашу - әлеуметтанудың негізгі объектісі ғана емес, аса маңызды міндеті де.
Қоғамның құрылымы өте күрделі, ол қоғамның ішкі құрамы, оның элементтерінің жиынтығы мен олардың арасындағы әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар негізінде қалыптасқан сан алуан байланыстар, қарым-қатынастар мен ықпалдастық. Құрылымның басты элементтеріне: а) өзара тығыз байланыста, қарым-қатынаста болатын индивидтер немесе адамдар жатады; ә) қоғам мүшелерінің бірігуі, топтасуы негізінде пайда болып, дамып отыратын әлеуметтік топтар мен қоғамдастықтар; б) сол қоғамда қалыптасқан, белгілі бір функцияларды атқаратын әлеуметтік институттар.