ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 13.08.2020
Просмотров: 1468
Скачиваний: 40
5. Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар қоғамды нақтылы зерттеу объектісі тұрғысынан алып қарайды. Олардың әрқайсысы қоғамды объект ретінде зерттейді. Алайда, олардың өзара айырмашылықтарын зерттейтін пәні арқылы анықтауға болады. Мысалы, саяси экономика қоғамның бір саласын – экономикалық жүйесін, саясаттану - қоғамның саяси қатынастарын, психология – психологиялық құбылыстарды, құқықтану - заңның қоғамдағы орнын, рөлін зерттесе, әлеуметтану – қоғамның әлеуметтік қырларын, оның әр түрлі салаларының қызметтерін ашып береді.
Қоғамды бір тұтас жүйе ретінде алып қарайтын ғылымдар жалпы ғылымдар деп аталады (оған тарих пен әлеуметтану жатады), ал қалғандары жеке қоғамдық ғылымдарға жатады, себебі олар жеке қоғамдық құбылыстар мен үдерістердің зерттеуін жүргізеді. Осы қоғамдық ғылымдардың әрқайсысының объектісі, оқитын заты – қоғам, ал пәні сол қоғамның әр түрлі жақтары, салалары болып табылады. Мысалы, әлеуметтану қоғамның бір ерекше қасиетін - әлеуметтілігін, экономиканың, саясаттың, құқықтың, мәдениеттің және тәрбиенің әлеуметтік қырларын анықтап береді.
Бақылау сұрақтары.
-
«Қоғам» ұғымын қалай түсінесің?
-
Қоғамдық ғылымдардың басты зерттеу объектісі не?
3. Әлеуметтану ғылымының зерттеу объектісі мен пәні не болып табылады?
4. «Әлеуметтік» және «әлеуметтік топ» деген ұғымдарды түсіндірші?
5. Қоғамның әлеуметтік жүйесі дегеніміз не?
6. Әлеуметтік жүйе дегеніміз не және оның негізгі элементтерін атаңыз?
7. Әлеуметтік байланыстарды қалай түсінесің?
8. Әлеуметтік өзара ықпалдасуды қалай түсінесң?
9. Әлеуметтік қарым-қатынастар дегеніміз не?
10. Әлеуметтік қатынастардың саяси, экономикалық және басқа қатынастардан айырмашылығы неде?
11. Әлеуметтанудың категориялары мен заңдарының байланысы қандай?
12. Әлеуметтанудың құрылымы мен фунцияларын атаңыз?
13. Әлеуметтанудың басқа гуманитарлық ғылымдармен байланысы туралы не айтасың?
ІІ тақырып. Әлемдік әлеуметтанулық ойлардың даму тарихынан
1. Антикалық және Ортағасыр дәуіріндегі әлеуметтік ойлар.
2. Жаңа заман мен Ағартушылар дәуіріндегі әлеуметтік тұжырымдамалар.
3. Әлеуметтану ғылымының дамуындағы классикалық кезең.
а). Огюст Конт – әлеуметтану ғылымының негізін салушы.
ә). Герберт Спенсердің әлеуметтану ғылымына қосқан үлесі.
б). К.Маркстің негізгі әлеуметтанулық ілімдері.
в). Э.Дюркгейм мен М.Вебердің әлеуметтанулық тұжырымдары.
1. Қандай ғылым болса да қоғамдық қажеттіліктен туатыны белгілі. Әлеуметтанудың да пайда болуының, дамуының, қалыптасуының өзіндік алғышарттары тікелей қоғам туралы ой‑тұжырымдармен байланысты болды.
Алғашқы қауымдық құрылыста қоғамдық құбылыстар мен үдерістерді түсіндіру көбіне мифтік сипатта болды да, әлеуметтік қатынастарды философиялық тәсілдермен талдаудың алғашқы элементтері Ежелгі Египетте, Қытайда, Индияда, антикалық Грекияда және т.б. ертедегі мемлекеттерде басталды.
Ғылымдар атасы философия тарихында әлеуметтанудың бастауын танытатын толып жатқан әлеуметтанулық ойлар дүниеге келді. Оларды дамытуға елеулі үлес қосқан сол кездің Конфуций, Сократ, Платон, Аристотель сияқты ғалымдардың әлеуметтік философиясы туралы ойлары теориялық әлеуметтанудың тууына алғышарт дайындады.
Қытайдың ұлы фиолсофы және алғашқы әлеуметтік утопиялық жобаның авторы Конфуцийше (б.з.б.552 – 479 ж.), мемлекет ізгілікті, үлкен жақсы отбасы іспеттес құрылуы керек, ал басқарушы әкей сияқты азаматтар жөнінде қамқорлық жасауы, сол сияқты азаматтар да оны құрметтеп, туысқанындай бірін бірі жақсы көруі қажет. Ол қоғамда әлеуметтік үйлесімділік принципін ұсынды, мемлекетті тірі организм санады.
Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІV ғасырда өмір сүрген гректің ұлы ойшылдары Платонның «Мемлекет» және Аристотельдің «Саясат», кейін Гоббстің «Левиафан», Монтескьенің «Заңдар рухы» және Гегельдің «Құқық фиолософия» сияқты еңбектерінде әлеуметтік құрылым, азаматтық қоғам, мемлекет пен құқық, басқару формалары, жеке меншік, өндіріс пен сауда, құқық пен тұлғалардың типтері туралы мәселелер және т.б. күн тәртібіне қойылып, белгілі шешімдерін тауып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, адамдардың өзара карым-қатынастары зерттеліп, олар қорытылып, қоғамды (мемлекет ретінде түсінді), оның әлеуметтік саласын одан әрі жетілдіруге бағытталған практикалық ұсыныстар жасалды. Шындығына келгенде осылар кейін теориялық әлеуметтанудың негізгі мәселелері болды.
Платонның «Мемлекет туралы» еңбегінде «Қоғам басшысынан бастап бұзылады» деп, ол зиялылардан адамгершілік тазалықты талап етті. «Қоғамды билеудің негізгі құралы билік жасау емес, бедел» деді. Оның ойынша, адамдар бірігіп қана өз қажеттіліктерін өтей алады. Бұл үшін олардың біреулері егіншілікпен, екіншілері тігіншілікпен, үшіншілері құрылыспен, төртіншілері етікшілікпен және т. с. с. айналысады. Осы бірігудің арқасында қоғам, мемлекет пайда болады. Платон мемлекет адамдардың бәріне әділ болуы керек деп көрсетті.
Ал Аристотель мемлекетті - қауымның дамыған түрі, ал кауымды — отбасының дамыған түрі санады. Оның пікірінше, адамдар мемлекетке белгілі бір игілікке жету үшін бірігеді, сондықтан мемлекеттің негізгі мақсаты қоғамда көптің бәріне ортақ игіліктер мен әлеуметтік әділеттікке жету болып табылады. Аристотель мемлекеттің дұрыс түріне әкімдер халық, ел пайдасын ойлаған, билік қоғамға қызмет істеген мемлекеттерді алды. Ол қоғамдық игілікті көздеген мемлекетті дұрыс мемлекет деп саналады.
Орта ғасырда әлеуметтанулық ойлар дінмен тығыз байланыста, өзара әрекеттістікте дамыды. Сондықтан әлеуметтік өмір діни догмалармен түсіндірілді. Дегенмен кейбір ойшылдар өз кезіндегі қоғамның құрылуын, әлеуметтік құбылыстар мен үдерістерді түсіндіруде қалыптасқан діни таным ауқымынан шыға алды. Мысалы, италияның монахы Фома Аквинский (1225-1274) әлеуметтік теңсіздік пен қоғамның әлеуметтік құрылымының күрделенуін қол өнер кәсібі өндірісінің және сауда, алыс‑берістің дамуымен түсіндірді. Ал араб философы Ибн‑Халдун (1332-1406) өзінің еңбектерінде өндірістің, сауданың, қалалардың өсуімен қоғамның әлеуметтік құрылымы өзгеретінін атап көрсетті.
2. Әлеуметтану ғылымының алғышарттары ретінде адамзат өркениеті дамуының бет бұрыс кезеңі феодализмнің ыдырауы және жаңа буржуазиялық қарым‑қатынастың дамуы болды. Бұл кезең әлеуметтік тұжырымдардың жаңа деңгейге көтерілуімен сипатталады. 1651 жылы жарық көрген өзінің «Левиафан...» атты кітабында белгілі ағылшын философы Томас Гоббс (1588-1679) «қоғамдық келісім» тұжырымдамасын баяндайды. Бұған байланысты мемлекет құдайдың құдіреті емес, адамдардың (қоғамның) туындысы. Қоғам бейбітшілік пен тәртіпте өмір сүруді қамтамасыз ету мақсатындағы адамдардың өзара келісімінің нәтижесінде пайда болған. Сонымен қоғам мен мемлекет ұғымдарының ара жігін ашуға алғашқы қадам жасалды.
Әлеуметтанулық ойлардың дами түсуінде Ағартушылар заманы мен Ұлы француз революциясының тарихи орны бөлек. Тамаша ойшыл, либерализмнің негізін салушы Джон Локк (1632-1704) қоғамдық келісім туралы тұжырымдаманы ары қарай дамыта отырып, тұлға, қоғам және мемлекет сияқты ұғымдарды алғаш рет жеке‑жеке қарастырды, тұлғаның қоғам мен мемлекеттен басымдығын көрсетті.
Француздың атақты ғалымы Шарль Луи Монтескьенің де қоғам туралы ойларының жаңа ғылымның, яғни әлеуметтану ғылымының қалыптасуындағы рөлі ерекше. Оның «Заңдар рухы туралы» (1748) басты еңбегі шын мәнісіндегі әлеуметтанулық еңбек болды. Сол себепті замандастары Монтескьені әлеуметтану ғылымы жоқ кездегі әлеуметтанушы деп атаған. Ол тарихты үдеріс ретінде танып, қоғамдық құбылыстардың заңдылығын айқындағысы келді. Монтескье қоғам заңдары оған сырттан келмейді, оны ешкім де алып келмейді, олар оның өзінің ішінде болып жататын жеке әлеуметтік құбылыстар деп түсінді. Әлеуметтанулық көзқарас тұрғысынан Монтескье ұсынған биліктің бөліну принципі туралы идеялар маңызды болды. Ал басқарудың үш түрі ‑ демократия, аристократия, деспотия буржуазиялық-демократиялық мемлекеттердің саяси құрылымының негізіне алынды.
Әлеуметтанулық ой‑пікір ары қарай Ф.Бэкон,Ж.‑Ж. Руссо, А.Гельвеций, Э. Кант, Сен‑Симон және т.б. еңбектерінде дами түсті. Мысалы, Сен‑Симон (1760-1825) өзінің ғылыми еңбектерінде өнеркәсіп өндірісі мен қоғамның әлеуметтік құрылымын зерттеуге ерекше көңіл бөлді. Ол саясат – физика сияқты позитивті ғылым, сондықтан оны табиғи және ғылыми әдістермен зерттеуге болады. Сен‑Симон пікірінше, халықтың ахуалы саяси тәртіппен қатар меншіктің нысанына, өндіріс тәсілі мен қоғамның (таптық құрлымына) жағдайына қатысты.
3. Әлеуметтану әлеуметтік философия қойнауында жетіліп, өз алдына дербес ғылым ретінде XIX ғасырдың 30-40-жылдары бөлініп шықты. Ол теориялық жағынан толысып, тәжірибелік жағынан ілгері дамыды. Сөйтіп әлеуметтану ғылымының дамуында клссикалық кезең басталды.
Бұл кезеңнің ірі өкілі, әлеуметтану ғылымының негізін салған атақты француз философы Огюст Конт болды. Ол өзінің ұстазы Сен-Симонмен бірге «Қоғамды қайта құру үшін қажетті ғылыми жұмыстар жоспарын» жасай отырып, объективті бақылаулар мен жаратылыстану ғылымының, оның ішінде физиканың әдістеріне негізделген қоғам туралы жаңа ғылым жасауды мақсат етті. Конт қоғам туралы ғылым жаратылыс ғылымдары сияқты позитивті фактыларға негізделуі керек, ал механика заңдарын қоғамды зерттеуде пайдалануға болады деп есептеді. Ол жаңа ғылымды алдымен әлеуметтік физика деп атады. Кейін 1839 жылы 6 томдық "Позитивтік философия курсы" атты еңбектің ескертпесінде Конт әлеуметтік құбылыстарды зерделеуге қатысты жаңа терминді пайдалануға тәуекел ететінін туралы жазды. Ол термин «Социология» (Әлеуметтану) деген атқа ие болады.
Огюст Конт алғашқылардың бірі болып, қоғамды организм сияқты жүйе ретінде қарастырды. Ол жүйенің тұтас, бөлінбейтін сипатын және оның бөліктерінің өзара бағыныштылығын, бір-бірімен тұрақты байланыста, қарым‑қатынаста болып, үздіксіз оң және кері ықпал ететінін атап көрсетті.
О. Конт пікірінше, жалпы адамзат танымы өзінің дамуында міндетті түрде үш сатыдан өтеді. Мұны ол адамдардың интеллектуалды ақыл-ойының, санасының дамуының теологиялық, метафизикалық (ойлау әдісі, құбылыстарды өзгермейді, бірі-бірімен байланысы жоқ деп есептейді) және позитивистік (оң, жағымды) кезеңдерін тұжырымдаумен түсіндіреді.
Бірінші теологиялық немесе жалған сатыда (адамзаттың пайда болуынан бастап біздің заманымыздың 1300 жылына дейін) адам санасы құбылыстардың бастапқы немесе соңғы себептерін табуға тырысады, ол "абсолюттік білімге ұмтылады".
Екінші метафизикалық немесе абстрактілі сатыда (1300 - 1800) адам санасы құбылыстардың ішкі табиғатын, олардың мән-мағынасын, қалыптасуының басты амалдарын абстракциялар жолымен түсіндіруге тырысты. Сөйтіп бұл үшінші кезеңді (1800 жылдан бастап), адамның интеллектуалды дамуының ғылыми түрін, яғни позитивистік кезеңді дайындады. Ал үшінші кезеңнің негізгі белгісі - мұнда ақыл-ой заңдарды қарапайым зерттеуге жүгінеді.
О.Конт қоғамның ілгері дамуының негізінде адамзаттың ақыл-ойының дамуы жатыр деп санады. Сондай‑ақ ол ақыл-ойдың дамуы – адамзаттың дамуының басты принципі деп есептеді.
Әлеуметтік құбылыстарды зерттеуде О. Конт бірнеше әдіс‑тәсілдерді ұсынды. Ол әлеуметтік фактілерді бақылау әдісіне үлкен мән берген, өйткені бақылау ғылымға объективтілік сипат береді. Оның еңбектерінде "бақылау" сөзінің екі мағынасы (кең және тар) байқалады. Кең мағынада ("жалпы бақылау өнері») бақылау позитивті әдіснаманы сипаттап, еркін құрылымға қарсы тұратын әмбебап амал болып табылады. Тар мағынада бақылау әлеуметтануда қолданылатын ғылымның басты үш әдісінің (таза байқау, тәжірибе, салыстырмалы әдіс) бірі болып табылады. Белгілі бір мағынада әлеуметтанудың барлық әдістері осы бақылаудың түрлері болып есептеледі.
Конттың ойынша, адамзат дамуы эволюциясының барысын, «қоғамның түрлі жүйелерінің шынайы сабақтастығын" анықтауға мүмкіндік беретін әлеуметтанулық салыстыру бірнеше әдіс‑тәсілдерден тұрады. Біріншісі - адамдар мен жануарлар қауымдастықтарын салыстыру. Бұл әдістің құндылығы әлеуметтік ынтымақтастықтың неғүрлым қарапайым және әмбебап зандарын анықтауға мүмкіндік беретіндігінде. Екіншісі - жер шарының әртүрлі аймақтарындағы адамзат қоғамының өмір сүру жағдайларын салыстыру. Бұл әдіс қазіргі халықтар арасындағы неғүрлым өркениетті ұлттардың бұдан бұрынғы жай-күйлерін анықтап, "адамзаттың іргелі дамуының қажетті және тұрақты тепе-теңдігін" негіздейді. Конт салыстырудың үшінші түрін "адамзаттың әртүрлі жүйелік жай-күйін тарихи салыстыру" немесе "тарихи әдіс" деп атаған. Әлеуметтік ғылымның "нағыз негізін" құрайтын бұл әдістің мәні адамзат эволюциясының әр кезеңін салыстыруда және адамзаттың әртүрлі жай-күйіне дәйекті баға беруінде жатыр.
Зерттеудің үшінші "объективті" әдісі - тәжірибе. Конт әлеуметтануда, физикадағы сияқты, құбылыстарды жасанды ету арқылы тікелей тәжірибе жасау мүмкін емес деп есептеген. Бірақ мұнда "жанама" тәжірибе бар, оның мәні қоғамдағы жалпы даму нормаларының бұзылуында жатыр. Әлеуметтануда, биологиядағы сияқты патологиялық (тірі организмдегі ауру үдерісі мен жағдайын) құбылыстарды талдау нағыз тәжірибе болып табылады.
Огюст Конт шартты түрде әлеуметтануды әлеуметтік статика және динамика деп екіге бөлді. Біріншісінің объектісі - "тыныштық қалпындағы" қоғам, екіншісінікі - "қозғалыс күйіндегі" қоғам болып табылады. Бұл екі түсінік биологиядан алынған. Әлеуметтік статика - әлеуметтік организмнің құрылымын зерттейтін әлеуметтік анатомия болса, әлеуметтік серпін - әлеуметтік организмнің үдерісін, оның дамуын қарастыратын әлеуметтік физиология. Осы әлеуметтік динамикада қоғамның ілгері дамуы туралы теория одан әрі жетілдіреді.
Конт өзінің талдауларында алғашқы кезекте негізгі қоғамдық өмірдің тұтаса түсуі үшін қызмет ететін қоғамдық институттарға - отбасына, мемлекетке, дінге ерекше көңіл бөлді.
4. Әлеуметтанудың отаны Франция болғанымен, мұнда бұл ғылым ары қарай дами алмады. О. Конттың «позитивті» әлеуметтануы одан әрі ағылшын әлеуметтанушысы Герберт Спенсер (1820—1903 ж.ж.) ілімінде дамыды. Бұған Ч. Дарвиннің биологиялық түрлердің пайда болу теориясы ғылыми негіз болды. Осыны басшылыққа ала отырып, Г.Спенсер, біріншіден, қоғамды биологиялық организм ретіңде қарастырды, екіншіден, эволюция заңын әлеуметтік даму үдерісіне пайдаланды.
Ағылшын әлеуметтанушысының ойынша, адам қоғамы тірі организмге ұқсас, соңдықтан оған биологиялық заңдар тән бола алады. Сол себепті ол өзінің барлық әлеуметтанулық ой-тұжырымдарына осыны негізге алу арқылы қоғамның эволюциясын және оның әлеуметтік құрылымын тануды мақсат етті. Ол эволюция мәнін қарапайым нәрседен күрделіге, бір тектіден әр тектіге өзгеру, үдемелі қозғалыс ретінде қарастырды. Бұл қоғам дамуының әр кезеңін зерттеуге мүмкіндік берді.
Спенсер эволюция деп аталған үдеріске мынадай жалпы анықтама береді. Эволюция дегеніміз - қозғалыстың барысында зат белгісіз, байланыссыз әртектілік күйінен белгілі, өзара байланысқан әртекті күйге өтетін заттар интеграциясы (қалпына келу). Кез келген эволюция материяны соның алдындағы тепе-теңдік, біртекті күйінен шығарып, әртекті бөлшектердің жиынтығына айналдырудан басталады.
Г. Спенсер қоғамның әлеуметтік құрылымын зерттей келе, әлеуметтік институттардың 6 түрін атап, оларға туыстық, білім, саяси, шіркеу, кәсіби және өндірістік түрлерін жатқызды. Ол әлеуметтанушылардың ішінен алғаш рет осы ғылымға әлеуметтік өсу, әлеуметтік институт, әлеуметтік құрылым және функция және т.б жаңа ұғым, терминдерді қосты.