Файл: Әлеуметтану - 1 бөлік.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 13.08.2020

Просмотров: 1472

Скачиваний: 40

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Шынында да, патша айтты деп, қазақ дереу 15 десятинадан жер алып, мал бағып, кәсіп етіп кете алмайтын. Бұл арада патшалық әкімшілік тарабынан болып отырған әділетсіздікті көріп-біліп отырған Ә. Бөкейхан: «Өстіп жұртты билеген патшалық бар ма екен? Біздің патшалық конституциялы емес пе, біздің патша қол астындағы адамның бәріне бірдей әділ емес пе? Біздің қазақ жерінен күнде көшіретіндей не жазып еді?» деп ашына жазады. Екінші жағынан, қазақтың өзінің де заң-жобаны біле бермеуі көп кедергі келтіріп отыр еді.

Әлихан Бөкейхан қазақ жерін бөлудің мөлшері туралы жазған «Жауап хат» мақаласында көрші Оренбург және Уфа губернияларында ер басына 30 десятинадан қара топырақты жері бар халық қала болғанымен, мал бағу және егін егу шаруасын жөндей алмай отырғанын айта отырып, былай дейді: «Үкімет біздің қазақ халқының пайдасын ойласа, сен, қазақ, бір күнде мал шаруасын тастап, егінші бол демейді. Шаруа қиындықпен, зор шабындықпен өзгертіледі. Орыс мұжығының біздің қазақтың даласына қашып жатқаны мың жылдан бері ұстап келе жатқан жерді үшке бөліп егін салатын, мұнысы «трехполье» атанады, шаруаны өзгерте алмағанының азабы. Мемлекет қазақты өзінің баласының бірі қылса, қазақты осы тұрған шаруасын бұзбай орналастырар еді. Сонда қазақ неше жылда эволюция жолымен бірте-бірте отырықшы болар еді. Шаруасы мал бағу болса, 15-тен жер алғанмен, отырықшы мәдениетке жете алмайды».

Әлихан Бөкейхан – ірі ғалым, көреген саясаткер ғана емес, қылышынан қан тамған большевиктік өктем саясатқа қасқиып қарсы тұрған, кеңестік шындыққа бетпе-бет келген бірден-бір қайсар тұлға. Ол «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметті» қабылдай алған жоқ. Оның: «1905 жылы 9 январьда астанадағы (Сакт-Петербург-автор) неше мың жұмысшылар бостандық бер деп Николайға барған. Николай бұларға пулемет бостандығын көрсеткен еді. Большевик Николайдың аяғын құшты. Николайдың да, мұның емшектес інісі большевиктің де пулеметтеп жатқаны, жалпы жұрт, екеуінің де сүйенгені қараңғы солдат» деп жазуы осы қайсарлықтың жарқын көрінісі еді.

Халқының бостандығы мен азаттығы, болашағы мен бақыты жолында жан сала күрескен, сол жолда құрбан да болған Әлихан Бөкейханның сан салалы саяси қызметі мен рухани асыл мұралары қазақ өз елінің иесі болып тұрғанда мәңгі жасай бермек.

Бақылау сұрақтары

1. Отарлық саясаттың әлеуметтік зардаптары туралы.

2. Білім мен мәдениет - қазақ халқының бірден-бір өркениет жолы.

3. Қазақ халқының әлеуметтік бірлігі жайлы.

4. Қазақтың әлеуметтік мәселесінің өзегі - жер туралы

5. Ә.Бөкейханның: «Автономия болу - өз алдына мемлекет болу» дегенін қалай түсінесің?

6. Ә.Бөкейхан ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру идеясын немен байланыста қарастырды?

7. Ә.Бөкейханның: «газеттің жаны – мақала» дегенін түсіндірші?


8. Ә.Бөкейхан қоғамдық мешеуліктің себеп-салдарын немен түсіндірді?

9. Ә.Бөкейханның кеңес өкіметін «Найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған» дегенін қалай түсінесің?


Ахмет Байтұрсынұлының әлеуметтік ойлары


1. Адам тәрбиесіндегі білім‑ғылымның рөлі туралы.

2. Мектеп ‑ әлеуметтік орта.

3. Қазақ қоғамындағы жер мәселесі жайлы.

4. Қазақтың әлеуметтік белсенділігі мен бірлігі хақында

1. ХХ ғасырдың басында үркердей топтанып шыққан қазақтың зиялы қауымының аса көрнекті өкілі, Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтқанда, «оқыған азаматтардың тұңғыш көсемі» ретінде танылған Ахмет Байтұрсынов өзі өмір сүрген қоғамның көкейкесті әлеуметтік мәселелерін қозғаған, адамды рухани қалыптастырудағы оқу-білімнің құдіретін терең түсінген ойшыл болатын.

Білімді, білікті құрметтеу – шығыс халықтарының ата заманнан келе жатқан құнды дәстүрі екені белгілі. Сонау ХІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұни тәрбие мен білім беру мәселелеріне ерекше көңіл бөле отырып, ол білім мен біліктілікті құтқа (берекеге) жетудің жолы, бүкіл ата-аналардың бірінші кезектегі міндеті, парызы деп түсінген. Ал кезінде екінші ұстаз атанған ұлы әл‑Фарабиді алсақ, ол бақытқа тек қана білім, таным арқылы жетуге болады деп есептеді.

Осы үрдісті бойына сіңірген, қазақтың ұлы ғалымы Ш. Уәлиханов, тұңғыш ағартушысы Ы. Алтынсарин, ұлы ақыны Абайдың тамаша дәстүрлерін жаңа кезеңде заңды жалғастырушы Ахмет Байтұрсынұлы болды. Ол халыққа білім беру, оқу саласы, мектеп жұмысын ұйымдастыруда қазақ тарихында өшпес мұра қалдырды.

Ұлы ағартушы қазақты артқа тартып отырған аса қиын мәселенің бірі – ел ішіндегі надандық пен жалқаулық екенін жақсы ұғынды. Ол өнер мен ғылымның қадіріне жеткен өзге елдерді өнеге ете отырып, өнер-білімнің теңдікке жеткізетінін, әлсіздерге күш беретінін, тұрмысты түзететінін, оған қол жеткізгендердің басқалардың аяқ астында жаншылмайтынын, олармен терезесі тең болатынын айтты. Ол: «Надандықтың кесепаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айрылмай келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз — бәрі надандық кесапаты. ... Дүниеде ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым менен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз» деп налыды. Алайда, қазақ халқын қараңғы дегенде, әңгіме тек халықта емес, содан құтқаратын мүмкіндіктердің жоқ болып отырғандығында еді. Сол кездегі оқу іздеген талапкерлердің қырықтан біреуі ғана оқырлық орын тауып, басқалары далада қаңғырып жүргені шындықтан туған жай болатын.

Батыс мәдениетінен алшақ, білім-ғылымнан кенже қалған, күнделікті малын бағып, егінін еккеннен басқа тірлігі шамалы, бейқам, жым-жырт жатқан қазақ халқын, «баяғы қалпы мен салты, ұйқыдан басқаны ойлай қоймайтын жұртты, қымызға қанып, қызарып жанып жүрген бай мен шалап ішіп мас болған кедейді» оятуды А. Байтұрсынов басты мақсат етті. Ол «малы қамауда, жаны талауда, ұйқысы әлі қанбаған» халқына көзіңді аш, оян, ұйықтайтын не сиқың бар дей отырып, алға басып, жұрт қатарына кіру, басқадан кем болмаудың басты амалы білім мен ғылым деп білді.


Ахмет Байтұрсынов Еуропада ғылым, өнер толық, қазақта олардың жұрнағы да жоқ деп, Еуропаны үлгі тұтты. Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді деп санады. «Қазақша оқу жайынан», «Оқу жайы», «Білім жарысы» «Білім жарысы қақында», «Оқыту жайынан», «Жазу тәртібі», «Бастауыш мектеп», «Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек» және т. б. мақалаларында оқыту, оны ұйымдастыру мәселелерін қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық және техникалық даму мәселелерімен тығыз байланыста қарады.

Алаш жетекшілері қазаққа мұсылманша да, орысша да оқу керектігін жақсы сезінді. Оны даусыз мәселе деп қарады. Әңгіме мұсылманша қалай оқу, орысша қалай оқу, қандай мектеп, медреселер, школдар (әңгіме орыс мектебі туралы болып отыр – Ә.Б.) ашу керектігінде еді. Жалпы міндетті бастауыш оқудың аса қажеттігі және оның ана тілінде болуы, сонымен қатар жалпы халықтың сауатын ашу мәселесі де күн тәртібіне қойылды.

Қазақ елі ғылым дамуынан кенже қалуы себепті зауыт-фабрика дегенді біле қоймады. Сондықтан А. Байтұрсынов ғылымсыз, өндіріс орындарынсыз қазақтың бар байлығы өзгелердің қолына көшетінін жақсы білді, халықты білімді болуға, бай және күшті болуға үндеді. Ол елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауды ұсынады. «Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой; біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін білімді, бай және күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп жазды ол.

Халыққа білім беру мәселесімен қатар А. Байтұрсынов қазақ қоғамындағы ғылымның дамуына ерекше көңіл бөлді. Адамзат қоғамында жан таңырқарлық нәрсенің бәрі ғылыммен табылғанын айта отырып, ол 1913 жылы жазылған «Орысша оқушылар» атты еңбегінде ғылымның құдіретін насихаттайды. Ол адам баласын көкте құстай ұшқызған да, суда балықтай жүздірген де, дүниенің бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызған да, отарба, от кемелерді жүргізген де ғылым екенін айта отырып, басқа елдердің де қазақ еліндей болғанын, олардың бүгінгі күндерге тек ғылым арқылы жетіп отырғанын айтады. Одан әрі қазақ баласы тәуірірек оқырлық мектептерде қазыналық орындар аз, өз күшімен оқытуға әркімнің шамасы келе бермейтінін, ал патшалық Ресей қазаққа мектеп салып бермек түгіл, қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейтінін, мектептерді тәртіпке келтіру, қазақша оқуды халыққа тарату - өз міндетіміз екенін атап көрсетеді. «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. ...Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» - деп жазды ұлы сағартушы.

Қазақ қоғамындағы оқыту үдерісінде, әсіресе қазақша оқуда кемшілік көп болатын. Сол себепті қазақ балаларын өз тілінде оқыту ісі кәсібилікті талап ететінін арнайы мәселе дәрежесінде көтерді. Сондықтан оның: «Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек... Бұл күнгі ғылымды жұрттарда бала оқыту жұмысы бала оқыту ғылымын оқып шыққан адамдардың қолында» - деп жазуы тегіннен-тегін емес еді.


2. 1912 жылы «Айқапта» басылған «Жазу тәртібі» атты мақаласында А. Байтұрсынов халықты сауаттандыру үшін сол кездегі оқуды реттеу, тәртіпке келтіру жөніндегі ойларын ортаға салады. «Қазаққа керегі екі түрлі оқу, оның бірі мұсылманша, екіншісі — орысша» дей отырып, олардың ерекшеліктеріне тоқталады. Орысша оқуға уақыт және басқа жағынан мүмкіндіктер бола бермеуіне байланысты, «жалпақ жұрттың бәрінің қолы жете алмағандықтан», қазақша оқуды, тезірек сауат ашуды ұсынады. Қазақша оқу дегенде сол кездегі мұсылманша оқуды айтпайды, қазақтың тілінде оқуды айтады. Содан әрі автор оқу құралының қажеттігіне тоқталып, бала оқытатын кітаптың, балалар үшін жазу тәртібінің болуына баса көңіл аударады. Ғалым өзі жасаған әліпбидің негізгі мазмұнын түсіндіріп, араб таңбаларының қажеттігін дәлелдей отырып: «Араб әліппесі қазақ арасына дінменен бірге таралған, сіңген, дінменен бірге байласқан әліппені алып тастап, басқа әліппені алдыру қиын жұмыс. Бұлай болған соң араб қаріптерін қазақ дыбыстарына жеткізу амалын табу керек», - дейді. Ол қазақ тіліне сіңіп кеткен араб, парсы сөздерінің тілімізде сақталуын жақтайды.

Мақалада бастауыш мектепте қазақтың діні, тілі, жазуы таза болуы, оның миссионерлік пікірден, саясаттан алыс болуы алға тартылады. Сонымен бірге қазақты дінінен, болмаса жазуынан айыруға болмайтыны, сол себепті үкімет мектеп арқылы қазақтың дінін, тілін, жазуын жоғалтып, орысшаға аударамын деген пікірден безіп, бастауыш мектеп екі жаққа да пайдалы болуы керектігі атап көрсетіледі.

Ахмет Байтұрсынов бастауыш мектептерде оқу үшін 5 жылдықты ұсынады. Оның алғашқы үш жылында бірыңғай қазақша, екі жылында орысша оқытуылуы тиіс. Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа кәсіп, жаратылыс жайы. Ал бастауыш мектептің орысша оқытатын екі жылында үйретілетін білім гимназияның төменгі кластарына жарарлық болуы тиіс екеніне назар аударады. Автор қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе, орысша да білу қажеттігіне тоқталады. Сонымен бірге қазақты орысқа аударамыз, орыс тіліне түсіреміз деген пікірдің бәрін бүлдіріп отырғанын атап көрсетеді.

Ол кездегі қазақ мектептерінде оқу құралдары, оқу бағдарламалары атымен жоқ, тіпті әліппенің өзі енді ғана шығып жатқан еді. Ана тілінде оқытудан басқа, педагогика, методикадан хабардар мұғалімдер тіпті жетімсіз болатын. Сол себепті «Мектеп керектері» деген мақалада мектепке керектіні, яғни білімді, педагогика мен методикадан хабардар, дұрыс оқыта білетін мұғалімді дайындау, табу негізгі міндет деп саналды. Ұлы ұстаз бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалім – мектептің жаны, мұғалім қандай болса, мектеп сондай болады деді.

Ахмет Байтұрсыновтың мектеп жөніндегі ойлары бүгінгі күнге дейін мәнін әсте жойған жоқ. Ол мектептің тәуелсіздігін, оқу үдерісі мәселелерін өзі шешіп, өзін-өзі басқаруын қалады. Мұғалімдердің жоғарыдан тағайындалмай, сайлау жолымен орналасуын ұсынды. Сол уақытта оқу-тәрбие үдерісі нәтижелі болмақ. Оның бастауыш мектептерде оқу ана тілінде жүргізілуі керек деген пікірі тіліміздің қазіргідей жағдайында аса өзекті мәселеге айналып отырғаны даусыз.


Қазақ тіл білімінің негізін салушы ретінде А. Байтұрсынов өзінің «Қазақша сөз жазушыларға» атты мақаласында түркі тілінің тарихына, оның әлеуметтік рөліне зер салады. Оның әуелде бір тіл болып, сонан соң ел бұтақталып, өскенде оның да тарау-тарау жікке бөлінгенін айтады. Түрік тұқымынан неше бұтақ ел болса, сонша тіл барлығын, олардың тілдік айырмашылықтарының басқа жұрттармен араласып-құраласу нәтижесінде пайда болғанын атап көрсетеді. Ұлы тюркологтың: «20-шы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін қолымызға алып, быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас» деген сөзі бүгінгі жаһандану жағдайында зор мәнге ие болып отыр.

3. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында жер мәселесі ерекше дау туғызғаны белгілі. Столыпин заңынан кейін жүйелі жүргізілген отарлау саясатына сәйкес қазақ өлкесіне Ресей шаруалары жаппай көшіріле бастады. Бұл қазақ мемлекеті үшін ең үрейлі әлеуметтік мәселеге айналды. Сондықтан да А. Байтұрсынов өзінің «Қазақтың өкпесі», «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Жер жалдау жайынан», «Көшпелі әм отырықшы норма» және т.б. мақалаларында қазақ жерінің тағдырына қатысты мәселелерді жан-жақты талқыға салды. Ол келушілер көп болып, бұл аймақтың бұрынғы тұрғыны сан жағынан азайса, онда көпшілік азшылықты жұтып жібереді деді. Ал жергілікті халықтың да, қоныстанушылардың да мәдениеттері жоғары болса, онда екеуі де тең жағдайда өмір сүріп, әрқайсысы өзінің ұлттық бейнелерін сақтай алатынын атап көрсетті.

Алайда, қазақ даласындағы әлеуметтік-мәдени жағдай Ресейдің орталық аудандарынан әлдеқайда төмен болатын. Сонымен қатар қоныс аударушылар қазақтың ортасына кірудің бар мүмкіндіктерін пайдаланды. Мұның жаман нышан екенін А. Байтұрсынов жақсы түсінді. Осылай жалғаса берсе, қазақ тек тілінен айрылып қана қоймай, ұлт есебінде мәңгі жойылады деп санады.

1909 жылы патша өкіметінің жер-суды пайдалану туралы заңы шықты. Бірақ қазақ жұртшылығы бұл заңның (низам), бұйрықтардың қайсысы қалай орындалып жатқанынан хабарсыз болатын. Жолсыз істерден орынсыз жәбір көріп, әуре болып, алдымен қыстайтын жаңа жерге орналастыруға міндетті мекемелердің ынтасыздығынан жергілікті халықтың көпшілігі қыстауларынан айрылып, екі жыл, үш жыл, төрт жыл пішен шауып, егін сала алмай, отырарға орын таппай, сандалып жүрген еді. Сондықтан 1911 жылы жазылған «Қазақ жерін алу турасындағы низам» атты мақаласында А. Байтұрсынов патшалық Ресейдің низам, бұйрықтарының ең бастысы – Министрлер кеңесінің 1909 жылғы 9 маусымда жариялаған 22 тармақтан тұратын нұсқауына талдау жасап, қазақтың жерін алуды мақсат еткен патша өкіметінің жарлығына нақтылы түсініктеме береді. Ол бұл низам, бұйрықтарды жұрт білсе, ел ішінде жәбір көрушілер азаяр еді деп ойлады. Заңды білгенде ғана жеке адам өз құқын қорғай алады дегенді басшылыққа ала отырып, ол халықтың азаматтық-құқықтық санасын оятуға әрекеттенді. Осыған байланысты қазақтың жерін алу туралы низам, бұйрықтарды қазақшаға аударып, бірте-бірте жұрттың құлағына тигізудің керектігіне тоқталады.