ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 13.08.2020
Просмотров: 1469
Скачиваний: 40
І тақырып. Әлеуметтану ғылыми пән ретінде
1. «Қоғам» туралы түсінік.
2. Әлеуметтанудың объектісі мен пәні.
3. Әлеуметтанудың категориялары мен заңдары.
4. Әлеуметтанудың құрылымы мен қызметі.
5. Әлеуметтанудың басқа гуманитарлық ғылымдармен байланысы.
1. Әлеуметтік өзара әрекеттестіктегі тұлға мен адамдардың әлеуметтік әлемі туралы ғылымды, яғни әлеуметтануды түсіну және игеру үшін ең бірінші «қоғам» категориясынының мәнін ашып алуымыз керек. Өйткені осы бір ұғымды күнделікті өмірде сан рет қайталасақ та, оның құдыретті мағынасына, адамзаттың дамуындағы айрықша рөліне жеткілікті көңіл бөле бермейміз.
Қоғам – адамзат дамуының белгілі бір тарихи кезеңінде өз қажеттерін канағаттандыру мақсатында тұрақты және біртұтас қалыптасқан, әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар негізінде өзара байланысқа, қарым‑қатынасқа түскен, өзін‑өзі басқарып, өзін‑өзі жетілдіріп отыратын, әлеуметтенген адамдардың жиынтығы. Бұл анықтамада бірнеше принципті мәселелер бар. Олар ‑ қоғамның тарихи құбылыс екендігі, адамдардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыратын қауымдастығы, белгілі әлеуметтік нормалар мен ережелер негізінде өзара байланыс, қарым‑қатынасқа түсетіндігі, қоғамның өзін‑өзі басқарып, өзін‑өзі жетілдіріп отыратындығы және бұл адамдардың ынтымақты, еркін бірлестігі екендігі. Бұл қоғам туралы түсінікті баянды ете түседі.
Қоғам әлеуметтік философия, тарих, антропология, этнография, әлеуметтану, саясаттану, дінтану, демография және т.б. қоғамдық ғылымдардың барлығының зерттеу объектісі болып табылады. Ал қоғамдық ғылымдардың зерттелетін объектісінің объективті ерекшеліктері, белгілері мен үдерістері және солардың кешенді ойластырылуының диалектикалық бірлігі оның пәнін айқындайды. Мысалы, әлеуметтік философия әлеуметтік құрылым мен дамудың жалпы теориясын зерттейтін болса, әлеуметтану осы дамудың нақты көріністерін зерттейді. Саяси экономика қоғамның бір саласын – экономикалық қатынастарының жүйесін, психология – психологиялық құбылыстарды, құқықтану - заңның қоғамдағы орнын, рөлін зерттесе, әлеуметтану қоғамның бір ерекше қасиетін - әлеуметтілігін зерттейді. Тарих адамзат қоғамының өткен оқиғаларын зерттесе, саясаттану саяси үдерістер мен құбылыстарды, демография – халық санағының негізгі тенденцияларын, яғни туылым мен өлім‑жітімнің сандық көрсеткіштерін зерттейді.
Күнделікті өмірде «қоғамдық» және «әлеуметтік» ұғымдарды қатар немесе бірінің орнына бірін пайдалану бар. Ғылыми тұрғыда бұлай ету дұрыс болмайды, өйткені бұл екі ұғым бірдей емес, өзіндік ерекшеліктері бар. Әлеуметтік ‑ бұл жеке адамдар немесе әлеуметтік топтар арасындағы өзара әрекеттің нәтижесінде пайда болатын құбылыстар мен үдерістер. Ал «қоғамдық» кеңірек ұғым, бұл қоғамдық өмірдің экономикалық, саяси, мәдени, идеологиялық және т.б. салаларындағы қатынастарды қамтиды.
2. Әлеуметтану ғылымының зерттейтін объектісі мен пәнін айқындамай, оны толық танып, білу мүмкін емес. Бұл екі ұғым бірімен‑бірі тығыз байланысты, бірінсіз бірі жоқ, дегенмен олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындай отырып қана оларды бірін бірінен ажыратуға болады. Әлеуметтанудың обьектісі дегеніміз ‑ бізді қоршаған объективті нақты өмір, ол адам, оның алуан түрлі бірліктері (отбасы, әлеуметтік топ, ұйымдар мен институттар, т.б.) мен барлық іс-әрекеті, қызметі, санасы, тәртібі, мінез‑құлқы т.б.
Жалпы ғылымның пәні не дегенге тоқтай кеткен артық болмас. Ол, бір жағынан, зерттеу объектісінің өзіндік өзгешіліктері, белгілері мен үдерістерінің диалектикалық синтезі болса, екінші жағынан, оларды тұжырымдамалық тұрғыдан пайымдау болып саналады. Олай болса, әлеуметтанудың пәні деп адамдардың немесе әлеуметтік ұйымдардың бірігіп, еңбек етуін, жалпы материалдық, рухани іс-әрекеттерін, олардың арасындағы алуан түрлі қатынастарды, бір-бірімен әрекетін, түрлерін жан-жақты, терең танып, білуді айтамыз.
Әлеуметтанудың пәні туралы алуан пікірлер бар. Мысалы, О.Конт әлеуметтанудың пәні адамзат мағынасындағы қоғам десе, Г.Спенсер әлеуметтанудың пәнін адамдардың қарым‑қатынастарының туындысы ретіндегі әлеуметтік топтың құрылуы, дамуы, құрылымы және функциясы дейді. М.Вебердің пікірінше, әлеуметтанудың пәні – адамдардың әлеуметтік әрекет үстіндегі әлеуметтік мінез‑құлқы дей отырып, ол әлеуметтануды әлеуметтік әрекетті түсіндіретін ғылым деп санады. Ал Э.Дюркгейім әлеуметтанудың пәні ‑ әлеуметтік институттар, ол әлеуметтік фактыларды зерттейді дейді. Бұл арада жоғарыдағы атақты әлеуметтанушылардың әлеуметтану пәніне нақты анықтама беруді мақсат етпегенін, әр қайсысы оның негізгі қырларын атағанын ескеруіміз керек. Сондықтан әлеуметтану пәнінің басты міндетін әлеуметтік жүйелерді өзіндік ортақ белгілеріне қарай жіктеу, топтау, олардың іс-әрекет, қызмет ету тәсілдерін анықтау, әрбір әлеуметтік объектінің байланысы мен қатынастарын, бір‑біріне әсер етуін зерттеу деп тұжырымдауға болады.
3. Енді "Әлеуметтану" ұғымының шығу төркініне зер салайық. Ол латын тілінің "Soсіеtаs" қоғам және гректің 1оgоs — ілім, ұғым деген сөздерінің қосындысы «Социологиядан» шыққан. Бұл ұғымды XIX гасырдың ортасында атақты француз әлеуметтанушысы Огюст Конт енгізді. Осы жерде «Социология» сөзіне қарағанда «Әлеуметтану» ұғымының өз пәніне әлде қайда жақын екенін, қазақтың «әлеумет» деген сөзі қашаннан ел, жұрт, халық деген мағыналарды білдіретінін ескерте кеткен артық болмас. Бұлай деуіміздің себебі осы кезге дейін қазақша қолданыста «Социология» дегеннен арыла алмай келеміз.
Әлеуметтану ғылымында "әлеуметтік" ұғымның орны бөлек. Ол (әлеуметтік қатынас, әлеуметтік сала) адамдардың күнделікті өмірлік қажеттерін ( тамақ, киім, тұрғын үй, қауіпсіздік, ұрпақ жалғастығы, рухани өсу және т.б.) қанағаттандыру мақсатындағы өзара әрекеттің нәтижесінде пайда болады. Осы қарым‑қатынастың барысында әлеуметтік мәртебелер мен рөлдер айқындалады және нығаяды, құндылықтар, нормалар мен ережелер, жасалады, әлеуметтік институттар құрылады, сөйтіп қоғамның әлеуметтік жүйесі қалыптасады.
Сонымен әлеуметтік дегеніміз қоғамдағы жеке тұлғалар мен олардың белгілі бір тобының белгілі бір кеңістік пен уақыттағы қатынастары мен іс-әрекеттерінің жиынтығы. Осындай бір немесе бірнеше әлеуметтік белгілермен бірлескен адамдар жиынтығын әлеуметтік топ дейді. Мысалы, жұмысшы, шаруа, зиялылар, студенттер, зейнеткерлер, ауыл адамдары, қазақтар, орыстар, немістер және т. с. с. Өзінің қоғамдағы орнына байланысты олар бір уақытта әртүрлі әлеуметтік топтардың мүшесі бола алды. Мысалы, студент, ол қазақ, ол астана тұрғыны т. б.
Әлеуметтану ғылымының негізін салушы Огюст Конт тұңғыш рет қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде қарастырды. Ол жүйенің тұтас, бөлінбейтін сипатын және оның бөліктерінің өзара тәуелділігін атап көрсете отырып, әлеуметтік жүйенің кез келген сан алуан бөліктерінің бір-біріне үздіксіз оң және кері ықпал ететінін атап көрсетті.
Енді қоғамның әлеуметтік жүйесінің элеметтеріне арнайы көңіл бөле кетелік. Мұны білу ‑ маңызды мәселе. Әлеуметтік жүйенің негізгі элементтері адамдар, ұйымдар, мекемелер, институттар, әлеуметтік құбылыстар, үдерістер, әлеуметтік нормалар мен ережелер, оларға негізделген өзара байланыстар мен қарым-қатынастар, өзара ықпалдасу. Бұларды жете ұғынбай, жалпы әлеуметтану ғылымын терең түсінуге болмайды.
Әлеуметтанушылардың әлеуметтік жүйе адамдардан тұрмайды, олардың қарым‑қатынастарынан тұрады дегенін басшылыққа ала отырып, әлеуметтік жүйенің маңызды деген жеке компонеттеріне арнайы тоқтай кеткен жөн.
Әлеуметтік байланыстар – белгілі бір адамдар немесе адамдар тобының арасында нақты бір уақытта пен кеңістікте бірлесе қызмет етуді білдірсе, әлеуметтік қарым-қатынастар деп адамдар және топтар арасында болатын салыстырмалы түрдегі біршама тұрақты байланыстарды айтамыз. Кез келген адам өз өмірінде сан қилы байланыс, қатынастарға түседі, мәселен, ол өзінің отбасымен, туысқандарымен – туыстық қарым-қатынаста болса, құрбыларымен ‑ достық, жолдастық, өндірісте — еңбек; билік орындарымен ‑ саяси қарым‑қатынас болады. Ал әлеуметтік өзара ықпалдасу жеке адамдар мен адам топтарының бір-біріне әсер немесе ықпал ету болып табылады. Саналы адам бір‑бірімен байланыс, қарым‑қатынаста, өзара ықпалдастықта әлеуметтік жүйенің аса маңызды компоненттері – әлеуметтік нормалар мен ережелер, яғни конституцияға, заңдарға, қаулы‑қарарларға, әдет‑ғұрыптарға т.б. сүйенбей отыра алмайды.
Әлеуметтік жүйенің маңызды компоненттерін, әсіресе практикалық сабақтарда нақты мысалдар келтіре отырып, жан‑жақты түсіндірген орынды.
4. Әлеуметтанудың ғылыми пән ретіндегі қалыптасуында оның категориялары шешуші рөл атқарады. Категориялар, яғни, жалпы ұғымдар әлеуметтік өмірдің нақты шыңдығын, әлеуметтік құрылымдардың дамуындағы қатынастарды, байланыстарды және өзара ықпалдастықты бейнелейді, әлеуметтік құбылыстар мен үдерістердің өзара іс-қимылын, әрекетін көрсетеді.
Әлеуметтанудың категориялары алуан түрлі, бірақ бір‑бірімен тығыз байланыста болады. Олар әлеуметтік әрекеттің, яғни объектінің мәнді жақтарын, өзіндік белгілері мен қасиеттерінің бәрін қамтиды: "әлеуметтік жүйе", "әлеуметтік байланыс", "әлеуметтік қатынас", "әлеуметтік үдеріс", "әлеуметтік тұлға", "әлеуметтік бірлік", "әлеуметтік құрылым", "әлеуметтік ұйым", "әлеуметтік институт", "әлеуметтік бақылау", "әлеуметтік басқару"; "әлеуметтік ережелер" (бұған құқықтық ережелер, оның жартылай бөлігі); "әлеуметтік стратификация", "әлеуметтік рөл", "әлеуметтік мәртебе", "әлеуметтік тәртіп", "әлеуметтік сана", "әлеуметтік талап-тілек", "әлеуметтік топ", "әлеуметтік мүдде", "әлеуметтік тұтыну", "әлеуметтік қауіпсіздік", "әлеуметтік қорғау", "әлеуметтік белсенділік", т.б. Осылардың көмегімен нақтылы өмірдің үлгілері мен әлеуметтік мәні айқындалады.
Әлеуметтану басқа қоғамдық ғылымдардың категорияларын да пайдалана береді. Мысалы, әлеуметтік философиядан, театр өнерінен, құқықтық ғылымнан қоғам, адам, индивид, прогресс, құбылыс, үдеріс, мәртебе, рөл, құқық т.б. ұғымдарды алуға болады.
Категориялар әлеуметтанудың заңдарына қызмет етеді де, соларды қалыптастырады. Әлеуметтануда әлеуметтік жүйенің іс‑әрекетінің, қарым‑қатынастарының мән‑мағынасын, белгілі бағыт‑бағдарын көрсететін бес негізгі заңы тұжырымдалған:
1. Әлеуметтік құбылыстардың бірімен-бірі байланыста, қатар өмір сүретінін анықтаушы заңдар. Мысалы, өнеркәсіптің дамуы қаланың халқын көбейтіп, ауыл шаруашылығын қысқартуға әкеледі, ал қала халқында бала саны азаяды, ажырасу көбейеді. Егер "А" құбылысы болса, ол әр уақытта "Б" құбылысын қажет етеді.
2. Әлеуметтік құбылыстардың арасындағы алуан түрлі байланыстар мен қарым-қатынастардың себеп‑салдарларын анықтайтын заң. Мысалы, әлеуметтік қауымдастық қоғамдық және жеке мүдделерді сәйкестендіру, үйлестіру негізінде жүзеге асады, өмір сүреді.
3. Әлеуметтік құбылыстардың даму тенденцияларын (яғни, бағыттарын) анықтайтын заң. Мысалы, өндіргіш күштердің өзгеруі өндірістік қатынастардың жаңаруын талап етсе, өндірістік қатынастардың дамуы өндіргіш күштердің артуына алып келеді.
4. Әлеуметтік құбылыстардың арасындағы алуан түрлі ықпалдастықты, әсер етуші күштерді анықтайтын заңдар.
5. Әлеуметтік құбылыстардың арасында болуы мүмкін ықтимал байланыстар мен қатынастарды анықтайтын заңдар. Мысалы, атомның бөлшектелуі туралы заңның адамзат баласына келтірер пайдасы мен зияны туралы пікірлер.
5. Қазіргі әлеуметтану әлеуметтік құрылымның әртүрлі фрагменттерінің (тұтас қоғамнан бастап топтар мен ұйымдарға дейін) қарым‑қатынастарын зерттеу үшін танымның толып жатқан әдіс‑тәсілдерін пайдаланатын теориялық және қолданбалы болып екіге бөлінеді.
Теориялық әлеуметтану негізінен академиялық сипатта болады. Өйткені ол әлеуметтанудың теориялық жағын зерттей отырып, әлеуметтанулық білімнің өзін дамытады, оның әлеуметтік шындықты танытатын негізгі прнициптері мен категорияларын жасайды, әлеуметтанулық танымның әдістемелік жағын байытады, әлеуметтік дамудың үдерістерін байыптауды. Теориялық әлеуметтану жаңа білім, сипаттама, түсініктеме бере отырып, әлеуметтік шындықты танытады, жаңартуға ықпал етеді.
Теориялық әлеуметтанудың зерттелетін объектінің көлеміне қарай үш деңгейі бар:
-
іргелі, жалпы әлеуметтанулық теория болмаса макроәлеуметтану;
‑ орта деңгейдегі теория, яғни әлеуметтанудың салалары (отбасы, білім, дін, мәдениет т.б, әлеуметтануы);
‑ микродеңгейдегі әлеуметтану болмаса микроәлеуметтану (кіші топтардың, топтық қатынастардың, жеке тұлғалардың әлеуметтанулық теориясы).
Қолданбалы, яғни эмперикалық әлеуметтану тікелей нақты әлеуметтік объектілерді зерттеумен, эмперикалық мәліметтер мен фактыларды жинаумен, соның негізінде практикалық ұсыныстар мен академиялық сипаттағы кең көлемде теориялық тұжырымдар жасаумен байланысты. Ол қоғам дамуының реалды үдерістері туралы түсінік береді, әлеуметтік саясатты болжаумен, жобалаумен, қалыптастырумен айналысады, әлеуметтік басқарудың тәжірибесі үшін ұсыныстар дайындай отырып, әлеуметтік шындыққа, әлеуметтік қауымдастыққа әсер етеді.
Әлеуметтану ғылымының маңызы оның функцияларымен айқындалады. Басқа ғылымдар сияқты, ол да ең алдымен танымдық қызмет атқарады. Әлеуметтану қандай да бір деңгейде болмасын, ол әр уақытта әлеуметтік шындық туралы жаңа білімнің көкжиегін кеңейтіп, қоғамның, оның құрылымының фактылары мен дамуының, қызметі мен өзгерістерінің заңдылықтарын танытады.
Әлеуметтану әлеуметтік құбылыстар мен үдерістерді бақылау қызметін атқарады. Ол болмаса әлеуметтік қысым, әлеуметтік дағдарыс және катаклизмдер көбейіп кетуі мүмкін. Көптеген елдерде атқарушы мекемелер мен билік өкілдері, саяси партиялар және алуан түрлі бірліктер өздерінің мақсатты саясаттарын жүргізуде әлеуметтанудың барлық мүмкіншіліктерін пайдаланып отырады.
Әлеуметтану әртүрлі әлеуметтік құрылымдар мен құбылыстардың даму болашағын, бағытын анықтайды, яғни ғылымға негізделген болжау қызметін атқарады. Еліміздің жаңа, нарықтық қатынастарға көшуіне байланысты болуы мүмкін оң және кері құбылыстарды болжап шешуде әлеуметтанудың маңызы зор. Мысалы, нарықтық қатынастардың еңбекші бұқара халыққа беретін мүмкіншілігінің ауқымы, әлеуметтік құбылыс пен үдерістердің дамуындағы баламалы түрлер, оң және теріс жақтарының арасалмағы мен арақатынастары және т.б.
Әлеуметтану қоғамның экономика, саяси, рухани және т.б. салаларында әлеуметтік даму жоспарын жасау қызметін атқарады. Аймақтық, аудандық, тіпті еңбек ұжымдарының әлеуметтік жоспарларын жасағанда әлеуметтік зерттеуден алынған жаңа деректерді, фактілерді, кеңес-ұсыныстарды, т.б. кеңінен пайдаланады.
Әлеуметтану әрбір әлеуметтік объектілерді басқару қызметінде практикалық мақсаттарды шешу үшін пайдаланатын әлеуметтік ұсыныстар, жобалар мен жаңа технологиялар дайындайды.
Әлеуметтану қоғамда тәрбиелік ‑ идеологиялық функция да атқарады. Ол адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды, байланыстарды одан әрі жетілдіру мақсатында әлеуметтік‑саяси, адамгершілік, діни сипаттағы әртүрлі идеяларды насихаттайды, олардың сана-сезімдерін, мінез-құлықтарын, тәртібін жақсартады. Сөйтіп ол қоғамдық қатынастарды жетілдіріп, гуманистік (адамгершілік) функцияны да атқарады.