Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 26.10.2023

Просмотров: 301

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Жергілікті рейтингтік агенттіктерге көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейту есебінен неғұрлым кең өкілеттіктер беру мәселесі пысықталатын болады; рейтингтік бағалар беру әдіснамасы жаңартылады; рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеу, бақылау және қадағалау тетіктерін енгізу мүмкіндігі қаралып, олардың берген рейтингтік бағалары үшін жауапкершілігі артады.

Аудиторлық қызметті, оның ішінде айыппұлдар мен анық емес ақпарат үшін лицензияны қайтарып алу тетігі есебінен реттеуді күшейту қаралатын болады.

3.16 «Қаржыландырудың баламалы көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету» бастамасы. Private eguity, факторинг, микрокредиттеу, венчурлік қорлар мен басқалары сияқты банктік емес қаржыландыру құралдарын дамыту үшін нормативтік құқықтық база жаңартылады. Микроқаржы институттары үшін неғұрлым арзан қаржыландыруды тарту мақсатында апексивті ұйым құру бойынша іс-шаралар әзірленетін болады.
«Өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ынталандыру» міндеті

Міндет шеңберінде ұлттық стандарттарды халықаралық деңгейге келтіру және сертификаттау инфрақұрылымын дамыту есебінен өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ынталандырулар көзделеді.

3.17 «Ұлттық стандарттарды халықаралық стандарттармен жедел үйлестіру» бастамасы. Ұлттық стандарттарды халықаралық стандарттармен үйлестіру процесі жеделдетіледі. Экспортқа бағдарланған салаларға арналған стандарттар негізгі сыртқы нарықтардың тиісті стандарттарымен үндестірілетін болады. Өзге де өнімдер мен көрсетілетін қызметтер үшін халықаралық стандарттарды таңдау талап етілетін сапа деңгейіне негізделе отырып жүзеге асырылады.

3.18 «Өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауды күшейту» бастамасы.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында қауіпсіздігін бақылау жүйесін дамыту және нығайту бойынша жүйелі шаралар әзірленіп, қабылданатын болады.

Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау институты мен құралдарын, оның ішінде кейін нарыққа қатысушыларды жауапқа тарту үшін міндетті талаптардың сақталмауын және халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірілуін анықтау мүмкіндіктерін нығайту арқылы шаралар қабылданатын болады.

Сапа зертханаларының жаңаларының пайда болуы, сондай-ақ жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мен толық жарақтандыру үшін сынақ және сертификаттау орталықтарын, оның ішінде жоғары оқу орындарының қолда бар


зертханалық базалары негізінде ынталандырулар жасалатын болады.
«Еңбек өнімділігінің өсуіне кедергі келтіретін тосқауылдарды жою» басымдығы

Технологиялық жаңғырту мен цифрландырудан басқа, өнімділіктің өсуінің маңызды факторы кәсіпорындардың операциялық қызметінің тиімділігін арттыру болып табылады. Тиімділік өз қызметін (өндірістік процестерді, материалдарды сатып алу және жеткізу процестерін, әкімшілік ету процестерін) жақсарту, сондай-ақ ресурстарға (оның ішінде электр энергиясына, суға, газға), логистика мен өнімдерді өткізуге шығындарды азайту есебінен артуы мүмкін.

«Кәсіпорындардың операциялық тиімділігін арттыру» міндеті

Барлық экономика секторларында еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған қолданыстағы бағдарламалардың шаралары мен қамту құралдарын кеңейту қажет.

3.19 «Қамтуды ұлғайту және операциялық тиімділікті арттыруға ынталандыруларды оңтайландыру» бастамасы. Барлық салаларда өнімділікті арттыру үшін ынталандыру шараларын салалық қамту кеңейтіледі.

Бұл ретте қолдау тетіктері әрбір жеке саладағы өнімділіктің өсуін тежейтін нақты кедергілерге байланысты салалар арасында әртараптандырылады.

Қазірдің өзінде қолданыстағы шаралардан тиімсіз және талап етілмейтін шаралар алынып тасталып, олардың орнына еңбек өнімділігінің өсуін ынталандырудың жаңа, мысалы, облыстардың шегінен тыс жеткізілімдер географиясын кеңейту кезінде тауар өндірушілердің көліктік шығасыларын төмендетуге, делдалдарды, демек, өндірістің соңғы құнын төмендету үшін электрондық сауда платформасын құруға бағытталған тетіктері әзірленді.

Өнімділікті өсірудің технологиялық процестері, құралдары мен ықтимал нәтижелері туралы хабардар болуды арттыру мақсатында компаниялар басшылары мен меншік иелерінің білімі мен құзыреттері деңгейін арттыру бойынша жұмыс жандандырылады.

3.20 «Бизнесті операциялық тиімділікті арттыру құралдары туралы белсенді түрде хабардар ету» бастамасы. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы операциялық тиімділікті, өнімділікті арттыруға және энергия тиімділігін жақсартуға арналған құралдар мен технологиялар туралы бизнесті белсенді хабардар етіп отыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізетін болады. Технологияларға тұрақты шолулар, операциялық тиімділікті, энергия тиімділігін арттыру құралдарының сипаттамалары, озық тәжірибелердің мысалдары, персоналды көтермелеу әдістемелері, экспорттық нарықта жұмыс істеу үшін қажетті ақпарат жарияланатын болады.



3.21 «Өнімділікті арттыру шараларын әзірлеу және мәртебесін мониторингтеу үшін диалог платформасын құру» бастамасы. Бизнестің, банктер мен мемлекеттік органдардың қатысуымен тұрақты мемлекеттік-жекешелік диалог алаңшалары жұмыс істейтін болады. Алаңшалар Бәсекеге қабілеттілік кеңесі шеңберінде жұмыс істей алады. Жетекші рөл Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілетін болады.
«Табиғи монополиялардың операциялық тиімділігін арттыру» міндеті

Табиғи монополиялар жұмысы тиімділігін арттыру барлық салаларда өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Шекті тарифтер тетіктерінен басқа, инновациялық технологияларды енгізуге бағдарланған тариф белгілеудің ынталандырушы әдістері енгізілетін болады.

3.22 «Электр энергиясы мен қуаттың көтерме сауда нарығының моделін енгізу» бастамасы. Электр энергиясын өндіру сегментінің проблемаларын шешу үшін электр энергиясы мен қуаттың (нысаналы модель) көтерме сауда нарығының моделі әзірленіп, енгізілетін болады, ол шекті тарифтер тетігінің орнын басады. Нысаналы модель шеңберінде электр энергиясы мен қуат нарықтарының бәсекелі баға белгілеумен жұмыс істеуі қаралады. Нысаналы модельге көшуді 2019 жылдан бастап жүзеге асыру болжанып отыр.

Электр энергиясына арналған тарифтер, сондай-ақ қуаттың бағасы (қолданыстағы, жаңа және жаңартылатын) электр энергиясын өндіру секторының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ететіндей болып қалыптастырылуы тиіс. Атап айтқанда, электр энергиясын арналған тариф электр энергиясын өндірушілердің барлық негізделген шығындарын өтеп, тіркелген пайданы қамтамасыз етуі тиіс, ал қуат төлемақысы өндірушілердің инвестициялық шығындарын өтеуі тиіс.

3.23 «Ұзақ мерзімді тарифтік реттеу жүйесін өзектендіру» бастамасы. Энергетика саласын тиімді дамыту, оны технологиялық жаңарту, жаңғырту, реконструкциялау және жаңа активтерді салу үшін тариф белгілеу әдістері жетілдірілетін болады.

Үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес энергия өндіруші ұйымдарда электроэнергияны сатудың орталықтандырылған моделіне кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылып, энергия өндірушілердің тарифтерді бекітуі мен өзгеруіне, оның ішінде электр энергиясын өндірудегі шығын сметасына қатысты материалдарды ашық қол жеткізуге міндетті түрде орналастыру арқылы тариф белгілеудің ашық тетіктері енгізілетін болады.

Табиғи монополиялар субъектілері үшін көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігінің және қызметі тиімділігінің критерийлері енгізілетін болады, оған қол жеткізу бекітілетін тариф деңгейіне тәуелді болады.


3.24 «Энергетика саласында бәсекелестікті күшейту және ойыншыларды шоғырландыру» бастамасы. Энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және электр энергиясына жұмсалатын шығындарды төмендету үшін энергетика саласында құрылымдық қайта құрулар жүргізіліп, өңірлік электр желілік компанияларды ірілендіруге ықпал ететін тетіктер мен талаптар енгізілетін болады.

Жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар арасында бәсекелестікті дамыту мақсатында электр қуатын Орталықтандырылған сауда-саттықта Бірыңғай сатып алушы алатын болады.

Коммуналдық сектордың табиғи монополиялары субъектілерінің қызметтер көрсетуін кезең-кезеңімен «бір терезе» қағидаты бойынша беруді қамтамасыз ететін, олардың инфрақұрылымына техникалық қосу үшін талаптардың толық тізбесі айқындалатын болады.

3.25 «Магистральдық теміржол желісінің тариф белгілеу жүйесін жетілдіру және операциялар жүргізу қызмет көрсетулерін мемлекеттік реттеуден шығару» бастамасы. Магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтерін тарифтік реттеудің оңтайлы моделін қалыптастыруға, қызметтерді көрсету шығындары мен кірістерін құрылымдауға және теңгерімдеуге, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа прогрессивті тәсілдер енгізіледі. Магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтерінің тарифтерін реттеу мемлекеттің қарамағында қалады, сонымен бір мезгілде жылжымалы құрамның операциялар жүргізу қызмет көрсетулері мемлекеттік қадағалаудан шығарылады.

«Көлік-логистика және сауда инфрақұрылымын дамыту» міндеті

Қазақстанның транзиттік әлеуетін іске асыру, сондай-ақ экономикалық өсуді қолдау көлік-логистика жүйесінен негізгі халықаралық көлік дәліздеріне белсенді интеграциялануды талап етеді. Көлік саласындағы көрсетілетін қызметтердің сапасы ең жоғары деңгейге шығарылуы, сондай-ақ жүктердің тасымалдануын оңтайландыруға және жеткізу мерзімдері мен құнын қысқартуға негізделуі қажет. Бұл негізгі транзиттік бағыттардың дамуын қамтамасыз етуге, қолданыстағы көлік инфрақұрылымының «тар жерлерін» жоюға және олардың өткізу қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Экономиканың жекелеген секторларында (атап айтқанда ауыл шаруашылығында) делдалдардың көп болуына байланысты шығасыларды азайту мақсатында көтерме сауда-тарату орталықтарын және электрондық сауданы дамыту үшін жағдай жасалады.

3.26 «Автомобиль жолдарының сапасын арттыру және жол бойындағы көрсетілетін қызметтерді дамыту» бастамасы.
Республикалық, сол сияқты жергілікті автомобиль жолдары желісінің жағдайын жақсарту үшін күтіп ұстауға, жөндеу мен реконструкциялауға арналған қаржыландыру көлемі ұлғайтылатын, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарымен қамту кеңейтіледі. Бұл ретте жолдарды күтіп ұстауға және жөндеуге жұмсалатын шығыстардың тиімділігін арттыру үшін автожолдарды ақаусыз күтіп ұстау жөніндегі, яғни тікелей нәтижеге бағдарланған келісімшарттардың жаңа нысандары енгізіледі. Аталған келісімшарттардың басты ерекшелігі жұмыс көлемін сандық есепке алудан - жол жағдайының сапалық көрсеткіштеріне ауысу болып табылады, бұл ретте мердігер жұмыстарды орындаудың сабақтастығы мен технологияларын өз бетінше таңдауға құқылы.

Бөлінетін бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне, автожолдарды салу мен күтіп ұстауға жұмсалатын шығасыларды төмендетуге назар аудара отырып, жол желісінің (әсіресе жергілікті жолдардың) сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарды бағалау үшін нақты критерийлер мен сапалы индикаторлар әзірленетін болады.

Жол бойындағы сервисті дамыту мақсатында халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында қызмет көрсету объектілерін салу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Объектілердің бір бөлігі желілік бизнес-құрылымдарды тарта отырып салынатын болады, кешенді сервис объектілері болып қайта құрылады немесе толық жарақтандырылады. Бұл ретте жеке сектордың мүдделілігін арттыру үшін перспективалы сервис объектілерін халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына орналастыру схемасы бекітіледі, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың салынып жатқан және жоспарланып отырған сервис объектілеріне инженерлік коммуникацияларды тартуға рұқсат құжаттарын беру рәсімдерін жеңілдету мүмкіндігі қаралады.