Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 26.10.2023

Просмотров: 294

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


регламенттерді сақтау мен мерзімдерді қайткенде де орындау басымдығынан – бастамашылдық және нәтижелілік басымдығы болмақ.
Алдағы міндеттер

Мемлекеттік аппарат «Өзгерісті өзіңнен баста» қағидатын осы реформаның бастау көзіне қояды. Мемлекеттік органдардағы өзгерістер басқа реформалардың басымдықтарына ілесетін болады. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілер еңбегінің өнімділігін арттыру үшін олардың жұмысын технологиялық жаңғыртуға қатысты. Сондай-ақ бизнесте қолданылатын, азаматтардың қанағаттану дәрежесіне бағдарлануды көздейтін, үздік тәжірибелерден алынған жаңа қағидаттар мен әдістерді енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізіледі.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, әсіресе жергілікті деңгейде жедел және сапалы көрсету клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделетін болады. Бизнес-практиканың нәтижелілік, бейімділік сияқты басқа да маңызды белгілері де мемлекеттік қызмет саласында дамитын болады.
«Мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру» басымдығы

Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен өнімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысына цифрлық технологияларды енгізу қажет. Бұл ретте цифрландыру ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен сүйемелденуі тиіс. Осымен қатар қайталауды жою және оларды оңайлату үшін мемлекеттік органдар жұмысы процестерін оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс.

«Мемлекеттік органдардың ішкі процестерін цифрландыру және реинжирингтеу» міндеті

Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ішкі процестерді кең түрде цифрландыру және реинжирингтеу жүргізу қажет.

7.1 «Мемлекеттік органдардың ішкі процестерін цифрландыру» бастамасы. Ішкі процестерді цифрландыру ақпараттық жүйелерді дамытуды (мысалы, сот ісін жүргізу процесін автоматтандыру), процестерді интеграциялауға арналған платформаларды құруды (мысалы, ұлттық геоақпараттық жүйе) және инфрақұрылымды дамытуды (мысалы, бұлтты құжат айналымы) қамтитын болады. Ішкі құжаттарды орналастыру және алмасу мақсатында мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары үшін қолжетімді платформа құру статистикалық және есептік деректермен, талдамалық материалдармен жедел алмасып отыруға мүмкіндік береді.

7.2 «Мемлекеттік органдардың ішкі процестерін оңтайландыру» бастамасы. Процестерді оңайлату және ресурстарды оңтайландыру мақсатында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмысына «сканерлеу» жасалады. Қысқартудың негізгі қағидаты қайталануды жою, процесс элементтерін оңайлату және қысқарту, мысалы, келісулер кезіндегі сатыларды және қағаз жүзінде сүйемелдеуді талап етуді қысқарту болуы керек. Бұл ретте функцияны оңтайландыру нәтижесінде босаған адами ресурстар мемлекеттік органдар қызметінің өзге бағыттары үшін кадр көзі бола алады.


«Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» міндеті

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету техникалық шараларды іске асыруды ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің жеке басының жауапкершілігін арттыра отырып қауіпсіздік шараларын үйретуді талап етеді.

Төменде баяндалған бастамаларды іске асыру кезінде дербес деректерді сақтаудың құқықтық және ұйымдастыру тетіктері күшейтілетін болады.

7.3 «Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша техникалық шараларды іске асыру» бастамасы. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жабдық, бағдарламалық қамтылым, жаңа технологияларды қолдану процестері сияқты барлық маңызды салаларды қамтитын ұйымдастырушылық және техникалық шаралар іске асырылатын болады. Мемлекеттік қызметшілер үшін шағын электрондық құрылғыларды пайдалану бойынша нормативтік құқықтық шектеулерді төмендетуге, жұмыс мақсатында Интернет желісін пайдалануды кеңейтуге бағытталған шаралар қабылданатын болады. Бұл ретте құпиялылыққа қойылатын талаптарды қоса алғанда, қауіпсіздіктің қажетті деңгейі сақталатын болады.

7.4 «Мемлекеттік қызметшілерді ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оқыту» бастамасы. Мысалы, Интернетті, бұлтты технологияларды, шағын компьютерлер, планшеттер, смартфондарды пайдалану бөлігінде қағидалар мен талаптарға, қоғамдық орындарда электрондық-ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу қағидаларына оқытуды қамтитын бағдарламалар жүргізіледі. Цифрлық сауаттылық, АКТ пайдалану мәдениеті дамытылады.
«Нәтижеге және азаматтардың мүдделеріне бағдарлануды арттыру» басымдығы

Нәтижеге бағдарлауды дамыту нәтижеге бағдарланған тәсілдерді жүйелеу, адаптивті тәсілді дамыту және клиентке бағдарлануды қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылатын болады.

«Нәтижеге бағдарлану тәсілдерін жүйелендіру» міндеті

Нәтижеге бағдарлану, сапалы және дұрыс түсіндірілген деректерді қамтамасыз ету, сондай-ақ жобалар мен даму бағдарламалары барынша нәтижелі болуы үшін жобалық басқаруды қолдану мемлекеттік органдар жұмысының жалпы тиімділігін елеулі көтеруге мүмкіндік береді.

7.5 «Нәтижелерге қол жеткізу бойынша ынталандыру жүйесіне көшу» бастамасы. Жеке компаниялардағы ынталандыру қағидаттарына ұқсас мемлекеттік қызметшілерді олардың нақты нәтижелерге қол жеткізуіне байланысты материалдық ынталандыру жүйесі біртіндеп және барлық жерде жетілдірілетін болады. Жауапкершіліктің артуына және соңғы нәтижеге әсер етуіне байланысты «кепілдендірілмеген», сыйақы (бонустар) мөлшері де артатын болады. Мемлекеттік органдардың нəтижелерін бағалау тиiстi саясат бойынша олардың тиiстi құрылымдық бөлiмшелерге декомпозициясымен негiзгi индикаторларды орындау негізінде жүргізілетін болады.



7.6 «Мемлекеттік органдар қызметінің, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асырудың тиімділігін одан әрі арттыру» бастамасы. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу кезінде процеске емес, қорытынды нәтиженің сапасына, сондай-ақ нәтижелерді іске асыру, мониторингтеу мен бағалау тетіктеріне бағдарланған нысаналы индикаторларды сапалы айқындауды қамтамасыз етуге баса назар аударылатын болады.

Шешім қабылдауда жауапкершілік пен дербестік орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мүмкін болатын ең төменгі басқару деңгейлеріне берілетін болады.

Мониторингтеу және бағалау жүйесі бағдарламаларды іске асыру барысында бүкіл бағдарламаны/саясатты тұтастай қайта қарауды және қайта бекітуді талап етпестен, түзету шараларын енгізуге мүмкіндік беретін болады. Бағдарлама аяқталғаннан кейін әзірлеу, іске асыру және әсерді бағалау сатыларында мемлекеттік саясаттар мен бағдарламалардың экономиканың (салалардың, қоғамның, жекелеген нарық ойыншыларының) жағдайына әсерін талдау практикасын енгізу есебінен тұрақты мониторингтеу мен бағалау күшейтіледі.

7.7 «Статистикалық деректердің сапасын арттыру» бастамасы. Нәтижелілігін бағалау үшін статистикалық деректерді, әсіресе, бағдарламалар мен жобалардың нәтижелері туралы деректерді жинақтау жүйесі жетілдірілетін болады. Кемшіліктері бар салаларда ақпараттың толықтығы мен объективтілігі, жоғары нақтылау деңгейі, деректерді жаңартудың тұрақтылығы мен уақтылығы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдардың тиісті елдік рейтинг бағасын жасау үшін пайдаланатын деректерінің сапасы мен сенімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

7.8 «Жобалық басқаруды тарату» бастамасы. Мемлекеттік органдардың ішінде, бірінші кезекте, ірі өзгерістерді талап ететін жобаларды әзірлеу мен іске асыру сияқты салаларда пайдалану үшін жобалау тәсілдерін тарату бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Ең қазіргі заманғы, мысалы, цифрлық технологияларға байланысты тақырыптар бойынша бағдарламалар мен жобалар әзірлеу үшін Agile сияқты қазіргі заманғы тәсілдер қолданылатын болады.
«Клиентке бағдарланудың негізінде сапаны арттыру» міндеті

Мемлекеттік органдардың іс-қимылдары тікелей халық пен бизнестің мүдделерін қанағаттандыруға бағдарлануы тиіс. Клиентке бағдарлануды арттыру көрсетілетін қызметтер мен атқарылған жұмыстар бойынша тұрақты кері байланыс алу есебінен жүргізілетін болады, бұл мемлекеттік органдарға, бірінші кезекте, неғұрлым өзекті мәселелерді шешетін жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік береді.


7.9 «Ақпараттың қолжетімділігін арттыру» бастамасы. Мемлекет ұсынатын көрсетілетін қызметтерге, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жоспарлары мен қызметінің нәтижелеріне қатысты бүкіл ақпарат ашық түрде қолжетімді болуы тиіс. Бұл ретте «Ашық үкімет» порталы мен әлеуметтік желілер сияқты ақпаратты ұсыну мен таратудың қазіргі заманғы нысандары пайдаланылуы тиіс. Үкімет порталы қайтымды байланыс ұсынуды оңайлату, деректерді жаңарту мен көрініп тұруын автоматтандыру үшін жетілдірілетін болады.

7.10 «Назар аударатын мемлекетті» дамыту» бастамасы. «Назар аударатын мемлекет» қағидаттарына сәйкес әріптестікке бағдарлана отырып, бизнес пен азаматтардың шешімдері мен маңызды мемлекеттік құжаттарды дайындауға қатысу мүмкіндіктері кеңейтіледі. Бизнес өкілдерінің қатысуымен қоғамдық кеңестердің, азаматтармен кері байланыстың, сарапшылық кеңестердің рөлі күшейтіледі; мобильді қосымшалар мен «электронды үкімет» негізінде азаматтармен цифрлық іс-қимыл жасасу тәсілдері қалыптастырылып, танымал етіледі. Азаматтарға қолайлылықты арттыру үшін қоғамдық кеңестерде, мысалы, «Ашық үкімет» негізінде, қатысудың цифрлық тетігі жасалатын болады.

7.11 «Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтардың қанағаттану деңгейіне бағдарлану» бастамасы. Халықтың қанағаттануы тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде пайдаланылатын болады. Халықтың қанағаттануы бойынша сауалнама тұрақты негізде жүргізілетін болады. Өлшеу әдістемесі бекітілетін, көрсеткіш барынша декомпозицияланатын болады. Азаматтардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге және инфрақұрылымға (мектептер, ауруханалар) қанағаттанушылығының нысаналы деңгейлері мен мониторингтеудің іріктелген нәтижелері ашық қолжетімділікте орналастырылатын болады.

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізбесіне өзгерістер енгізіледі, бағалау әдістемесі мен мемлекеттік бақылау қағидаларын қоса алғанда, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік бақылау жүйесі жетілдіріледі, жаңа мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттері қабылданады.
«Мемлекеттік сектордағы сананы жаңғырту» басымдығы

Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен ұйымдар еліміздегі қоғамдық сананы жаңғыртудың «өзгерістер агентіне» айналады. Мемлекеттік қызметшілердің құндылықтар жүйесін нығайту, жұмысқа ынтасы мен жауапкершілікпен қарауы бүкіл елдегі қоғамдық сананың жаңғыруына түрткі болады. Мемлекеттік сектордағы сананы жаңғырту жөніндегі кешенді бағдарлама басшылардан бағыныстыларға және тікелей мемлекеттік қызметшілерге деген екі бағыт бойынша өтетін болады.


«Басшыларды бағыныстылардың ынтасы мен жұмыс тиімділігінің деңгейін өзгертуге тарту» міндеті

Мемлекеттік қызметшілердің санасын жаңғыртуға жасалатын ең маңызды қадам тікелей басшылары тарапынан қолдауды қамтамасыз ету болып табылады. Басшылар бағынысындағылармен жұмыс істеудің неғұрлым қазіргі заманғы тәсілдері туралы қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіледі.

7.12 «Басшыларды бағыныстылардың ынтасы мен тиімділігін жақсартуға тәсілдеріне оқыту» бастамасы.

Неғұрлым табысты тәсілдерге шолу бойынша материалдар әзірленіп, таратылады және халықаралық сарапшылардың қажетті тренингтері мен таныстырылымдары ұйымдастырылады. Мемлекеттік органдардың түрлі құрылымдық бөлімшелері басшыларының арасында тәжірибе алмасу үшін семинарлар ұйымдастырылды.
«Ұйымдастыру мәдениетін дамыту және мемлекеттік қызметтің беделін арттыру» міндеті

Бұл міндет мінез-құлықты ынталандыру моделін әзірлеуге бағытталған.

7.13 «Мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастыру мәдениетін әзірлеу және ілгерілету» бастамасы. Мемлекеттік қызметшілердің бөлімше ішінде де, сол сияқты ведомствоаралық мәселелер бойынша да өзара іс-қимылын ынталандыратын, мемлекеттік қызметшілерге арналған прагматикалық, тиімділік, кәсібилік және тағы басқалар сияқты құндылықтар жүйесі әзірленіп, танымал етілетін болады.

7.14 «Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру» бастамасы.

Мемлекеттік қызметтің жеке сектордағы жұмысқа қатысты бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, бүкіл мансаптық жолында кәсіби дамуы үшін қосымша жағдайлар жасауды, жетістіктерді жариялауды қамтитын мемлекеттік қызметтің беделін қалыптастыру және ілгерілету бойынша іс-шаралар қабылданатын болады.

Озық технологиялар мен басқару әдістемелерін меңгеруді, инновациялық ұсыныстарды әзірлеуге қатысуды, құзыретті басшылардан үйрену, неғұрлым табысты сарапшылардан, жеке және квазимемлекеттік сектордың ірі компанияларында тағылымдамадан өту мүмкіндігін қамти отырып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына ерекше назар аударылатын болады.
Күтілетін нәтижелер

Мемлекеттік аппараттағы өзгерістерді іске қосу Стратегиялық жоспардың басқа да реформаларын енгізуді және олардың әсер болуын жеделдетеді. Өзгерістердің қозғаушысы рөлін атқара отырып, мемлекеттік сектор басқару әдістерінің бейімділігі мен қазіргі заманауилығын арттырады, шешімдер қабылдауды жеделдетеді және көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру және неғұрлым ықшам аппаратты қалыптастыру есебінен мемлекеттік шығындарды үнемдеуді жүзеге асыра алады.