Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.10.2023
Просмотров: 293
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Азаматтарды мемлекет қызметіне тарту мемлекеттің күш-жігерін нақты өмір сүру сапасын жақсартуға неғұрлым тиімді трансляциялауға мүмкіндік береді. Клиентке бағдарлану халық пен бизнестің мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қанағаттанушылығын арттырады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік Банктің мемлекеттік басқару тиімділігі индексінде 51.44 процентильден 60-75 процентильге дейін көтеріледі.
5-тарау. Эволюциялық жол: «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асырудың басым бағыттары
1-саясат. Ынталандырушы макроэкономикалық саясат
Саясаттың мәні: макроэкономикалық саясат тұрақты экономикалық өсуді, жұмыспен қамтуды, баға деңгейінің тұрақтылығы мен мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, тиімді ақша-кредит саясаты мен ынталандырушы салық саясатын жүргізу, инфляция деңгейін кезең кезеңімен төмендету, бюджет шығыстарын ұтымды ету және фискалдық орталықтан алу макроэкономикалық саясаттың негізгі қағидаттарына айналады.
Жалпы жинақтардың ЖІӨ-нің кемінде 25-30% деңгейіне дейін өсуі үдемелі өсудің шартына айналады, бұл өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейту, бизнестің көлеңкеден шығуы және инфляция деңгейін төмендетуге бағытталған тиімді ақша-кредит саясатын жүргізу арқылы халықтың, мемлекет пен бизнестің нақты кірістерін арттыру есебінен салыстырылатын елдердің деңгейіне сәйкес келеді.
1-міндет. Макроэкономикалық және құрылымдық саясатты үйлестіру
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банкі тұрақты экономикалық өсу, жұмыспен қамту мен баға деңгейінің тұрақтылығы бойынша мақсаттарға қол жеткізу үшін ақша-кредит, салық-бюджет және құрылымдық саясаттарды үйлестіруді қамтамасыз ететін болады.
2-міндет. Ақша-кредит саясатын күшейту
Ел экономикасының теңгерімді өсуін қолдау және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында инфляция деңгейін біртіндеп 4%-дан аспайтын деңгейге жеткізу және кейін сол деңгейде ұстап тұру ақша-кредит саясатының негізгі міндетіне айналады. Инфляцияның нысаналы деңгейіне қол жеткізу үшін теңгенің құбылмалы айырбас бағамы режимі кезінде пайыздық саясатқа баса назар аудара отырып, ақша-кредит саясатының құралдар жүйесі қолданылатын болады.
Ұлттық Банктің нарықтық мөлшерлемелерді базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізінде ұстап тұруға бағытталған пайыздық саясаты инфляциялық күтілімдер мен айырбас бағамына қатысты күтілімдерді неғұрлым тиімді реттеуге мүмкіндік береді, осылайша ақша нарығындағы құбылмалылықты шектеуге және ұзақ мерзімді пайыздық мөлшерлемелерді қалыптастыруға, шетел валютасындағы активтерге сұранысты және долларландыру деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Қаржылық тұрақтылықты сақтап тұру пруденциалдық реттеу, қадағалау және инспекциялау әдістерімен қамтамасыз етіледі. Тұрақтылығын арттыру мақсатында банк капиталының есептілігі мен сапасының дұрыстығы бойынша талаптарды арттыру осы қызметтің маңызды бағыты болады. Капиталдың тұрақтылығы мен сапасын арттыру банктердің кредиттік белсенділігінің артуына әкеледі.
Ұлттық Банктің халық пен бизнес үшін тұрақты және уақтылы хабардар ету мен түсіндірмелер беру жөніндегі ақпараттық-коммуникациялық қызметі күшейтілетін болады.
3-міндет. Экономиканың өсуін қолдауға арналған салық-бюджет саясаты
Экономиканың одан әрі өсуін сақтау және бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін біртіндеп азайту үшін мемлекеттік қаржының салықтық түсімдері тұрақтылығын нығайту салық-бюджет саясатының негізгі міндеті болады.
Ұлттық қордың қаражатын пайдалануды қысқарту, мұнайлық емес сектордан түсетін кірістердің өсуін ынталандыру және бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру есебінен мұнайлық емес тапшылық 2016 жылы ЖІӨ-нің 9%-нан 2025 жылы ЖІӨ-нің 6%-на дейін қысқаруы тиіс.
Мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру мақсатында нарықтық бағаларды бұрмалауға әкеп соқтыратын және жеке сектордың дамуына теріс әсер ететін қолдау бағдарламаларын қаржыландыру біртіндеп қысқартылатын болады. Мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектордың кəсіпорындары үшін бюджеттік қаржыландыру да біртіндеп төмендейтін болады. Өзін-өзі ақтайтын жобаларды көбіне қарыз капиталын тарта отырып, негінен даму институттары қаржыландыратын болады. Мемлекет жеке инвестицияларды ауыстырмай, жеке сектордың инвестициялық белсенділігін ынталандыратын болады.
Ұлттық қордың активтерін тұрақтандыру және сақтау үшін Ұлттық қордан республикалық бюджет шығыстарын қаржыландыруға қаражат тарту көлемі мұнайлық емес сектордан түсетін кірістердің өсуіне байланысты біртіндеп төмендейді.
Жалпы алғанда, орта мерзімді перспективада бюджет тапшылығы қалыпты борыштық жүктемені және үкіметтің ішкі және сыртқы міндеттемелері бойынша төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ЖІӨ-ге қатысты 1% аспайтын деңгейде сақталады.
Бюджетаралық қатынастар шеңберінде жергілікті және өңірлік мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы органдардың дербестігін арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Орта мерзімді кезеңде бюджетаралық қатынастар саясатының негізгі мақсаты халыққа заңнамамен кепілдендірілген көрсетілетін қызметтерді ұсынуда өңірлердің тең фискалдық мүмкіндіктерін қамтамасыз ету болып табылады.
Салықтық әкімшілдендіруді ырықтандыру және кедендік әкімшілендіруді жүйелендіру, сондай-ақ салықтық есептілікті оңайлату мен барынша азайту саясаты жалғастырылады.
Мемлекет пен салық төлеушілердің мүдделері теңгерімінің сақталуын ескере отырып, салық салуда жаңа тәсілдер, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада бюджет кірістерінің тұрақтылығын сақтау және ұлғайту қолданылатын болады.
Салық жүйесін жетілдіру мақсатында:
өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды «көлеңкеден» шығаруға әкелетін, бөлшек сауда мен ауыл шаруашылығына арналған бірыңғай салық базасында жеңілдетілген салық режимдерін енгізу;
жеке тұлғалар үшін табыстар мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялауды енгізу;
әлеуметтік салық мөлшерлемелерін қайта қарау жолымен еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету;
азаматтарды салықтарды ерікті түрде төлеуге ынталандыру – салықтық әкімшілікті жеңілдету;
қолма-қол ақшасыз айналымды салықтық ынталандыру, қосылған құн салығын әкімшілендіруді жетілдіру және арнайы салық режимдерін реформалау есебінен көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету;
жаңа кен орындарын өндіруді ынталандыру арқылы инвестициялық қызметті арттыру;
адал салық төлеушінің мүдделерін қорғау бойынша шаралар қабылданатын болады.
Салықтық тексерулерге бастамашылық жасау үшін негіздемелер 56%-ға (32-ден 14-ке дейін) азаяды, бұл 2025 жылға қарай тексерулер санын
3 есеге қысқартуға мүмкіндік береді.
2019 жылдан бастап ірі салық төлеушілермен өзара іс-қимыл жасау үшін салықтық және кедендік бақылаудың ұштасуын, сондай-ақ қосымша тексерулердің қажеттілігі болмауын болжайтын, деңгейлес мониторинг енгізіледі. 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнес үшін талап қою мерзімінің өту уақытын 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту көзделуде. Салық төлеушінің сенімділігіне байланысты салықтық әкімшілендіруге сараланған тәсіл енгізіледі.
2019 жылдан бастап ерікті негізде ҚҚС бойынша бақылау шотын енгізу жолымен ел ішінде сатып алынған тауарлар бойынша дебеттік сальдоны қайтару тетігі көзделетін болады. Жеделдетіп қайтарудан басқа, бұл тетік
ҚҚС-тан жалтару схемаларын қолдануды елеулі қиындатады.
Өтпелі кезеңнен кейін сауда саласында көлеңкелі айналымды төмендету мақсатында 2020 жылдан бастап патент негізіндегі арнайы салық режимінен сауда саласы алып тасталады. Патент негізіндегі арнайы салық режимі қолданылатын қызмет түрлерінің тізбесі қысқартылып, қол өнеріне қолданылатын болады.
2020 жылдан бастап шаруа қожалықтары үшін жердің бағалау құнынан кіріске салық салу объектісі өзгереді, бұл жалпыға бірдей декларациялау талаптарына сәйкес келеді.
Жеке табыс салығының прогрессивті шәкілін енгізу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мөлшерлемесінің ұлғаюына,
2020 жылдан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары енгізілуіне байланысты әлеуметтік салық мөлшерлемесін төмендету мәселелері пысықталатын болады.
2019 жылы өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар сәйкестендіріледі және оларды заңды айналымға тартуға арналған тәсілдер әзірленеді.
4-міндет. Мемлекеттік борыш деңгейін қауіпсіз деңгейде ұстау
Бюджетке борыштық жүктемені төмендету және борышты ел үшін қауіпсіз деңгейде ұстап тұру мақсатында жыл сайын үкімет борышының, мемлекеттік кепілдіктер беру лимиттері мен жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттері белгіленеді.
Борыштық жүктеменің шамадан тыс өсуін шектеу үшін квазимемлекеттік сектордың қарыз алу көлемдері Үкіметпен келісілетін болады.
Инвесторлық базаны кеңейту және Үкіметтің борыштық бағалы қағаздар шығару стратегиясын жетілдіру есебінен мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту жалғастырылады.
Елдің борыштық саясаты бюджет тапшылығын қаржыландыру және ел үшін борышты қауіпсіз деңгейде ұстап тұру үшін қолайлы шарттарда үкіметтік қарыз алуларды жүзеге асыруға бағытталады.
2-саясат. Экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігі
Саясаттың мәні: экономика салаларын дамыту саясаты еліміздің әлемдік нарықтардағы бәсекелестік артықшылықтарын нығайтуға және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өндіруде жаңа бәсекелестік артықшылықтарын қалыптастыруға бағытталатын болады. Жаңа технологияларды енгізу, әсіресе қызмет көрсету саласында, жаңа индустриялар мен экономиканың перспективалы салаларын құруды және дамытуды ынталандыратын болады.
1-міндет. Базалық салалардың әлемдік нарықтардағы позицияларын нығайту
Базалық салаларды дамыту саясаты, бірінші кезекте, өңірлік және әлемдік нарықтардағы өнімділік пен бәсекеге қабілеттікті арттыруға, табиғи ресурстарды тартуға және өңдеуді барынша тереңдетуге, қосылған құнның жаһандық тізбегіне енгізуге және жаңа экспорттық өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді өсіруге бағытталатын болады.