ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 08.09.2021
Просмотров: 8152
Скачиваний: 57
Мицелиялар біржасушалық, септаланған, яғни көлденең перделермен- септалармен (ол ценоцитті-бірегей, ортақ деп аталады) белінбеген болуы мүмкін; немесе септаланған көпжасушалы; немесе жалған мицелиялар (бүршіктеніп бөліне бастаған жасушалардан тұратын) түзеді. Ценоциттік саңырауқұлақтарға зигомицеттер (Zygomycetes), септаланғандарға-аскомицеттер (Ascomycetes), дейтеромицеттер (Deuteromycetes) және базидиоммицеттер (Basidiomyctes) жатады.
Саңырауқұлақтарды субстраттарда (тері, шаш, тырнақ немесе зертханалардағы қоректік орталар) өсу сипаты бойынша вегетативтік (субстраттық) және репродуктивтік (ауалы) деп бөледі.Сырттай қарағанда зертханалық жағдайда субстарттық түрі қоректік ортаның бетінде (сирек жағдайда ішінде) орналасады; ал репродуктивті түрі-субстраттың беткейінен жоғары көтеріліп өседі.
Саңырауқұлақтар жыныстық және жыныссыз жолмен көбейеді. Жыныстық жолмен көбейетіндер-жетілген саңырауқұлақтар, ал жыныссыз жолмен көбейетіндер-жетілмеген саңырауқұлақтар деп аталады. Бірқатар саңырауқұлақтартарда жыныстық және жыныссыз жолмен де көбейетіндігі анықталған.
Жыныстық жолмен көбею аскомицеттерге, базидиомицеттерге және зигомицеттерге тән. Осындай жолмен көбею бірнеше сатыдан тұрады. Бұл кезде бір-біріне жақын орналасқан екі шеткі гифалардың бірігуі, гаметалар, жыныстық споралар және басқа жыныстық құрылымдар (телеморф) пайда болуы іске асады. Мұндай үрдіс нәтижесінде жыныстық споралар пайда болады: қалталарда (аскаларда) – жетілетін аскоспоралар, өнім беретін денешіктерде – жетілетін базидоспоралар, зигоспоралар. Саңырауқұлақтардың 70 %- да дамудың жыныстық фазасы тіркеледі, ал жыныстық даму кезеңінің аралығында саңырауқұлақтар жыныссыз жолмен-вегетативті тәсілмен көбейеді. Жыныссыз жолмен дейтеромицеттер көбейеді. Бұл жолдың негізінде митоз жатыр, яғни мицелия гифаларының қарапайым бөлінуі және саңырауқұлақтың жыныссыз өнімдік құрылымы (анаморф) пайда болуы жүреді. Анаморфтарға артроспоралар, хламидоспоралар, конидиялар, және де оларды қалыптастыратын және ұстап тұратын құрылымдар (спронгиялар, конидияұстаушылар, өнімдік денешіктер, фиалалар т.б.) жатады. Аталған анаморфтар саңырауқұлақтардың жайылып өсуіне және қолайсыз жағдайда олардың сақталуына себепкер болады.
Этиологиялық маңызы бар саңырауқұлақтарды идентификациялап зертханалық диагноз қою телеморфтар және анаморфтардың сипатын, соның ішінде құрылысының, мөлшерінің ерекшелігін, конидилар санын анықтау негізінде жүргізілетінін ескеру қажет. Анаморфтар мөлшері шамалы біржасушалы (микроконидиялар) және көпжасушалы (макроконидиялар) болуы мүмкін. Артроспоралар немесе таллоконидиялар кәдімгі гифалардың шетінде немесе екі жанында орналасатын септаланған гифалардың фрагменттері. Бластоконидиялар (бластоспоралар) аналық жасушадан ұрпақтық жасушаның бүршіктеніп көбею жолымен пайда болады, хламидиоконидиялар (хламидиоспоралар) мицелия ішінде гифаның шеңберленіп қалыңдауы және оның қалың қабатпен қоршалуы нәтижесінде пайда болады.
Спорангияспоралар (эндоспоралар) саңырауқұлақтардың ерекше қапшығының-спорангиялардың ішінде жетіліп және сол жерде орналасады. Конидиялар (эктоспоралар) өнім беретін гифаның ең шетінде жетіледі және сол жерде орналасады.
2.3.1. Саңырауқұлақтарды жүйелеу (систематика).
Микология саласында саңырауқұлақтардың (соның ішінде медициналық маңызы барлардың) жүйелік жіктемесі толық және бірегейлі ретте жасалмаған. Жаңадан жарияланған оқулықтардың, оқу құралдарының ешқайсысында медициналық маңызы бар саңырауқұлақтардың бірегейлі жіктемесі (классификациясы) жоқ. Саңырауқұлақтардың құрылысының өте күрделілігіне, олардың in`vivo және in vitro жағдайында атқарылатын функциялық-морфологиялық ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі зерттеушілер ұсынған көптеген жіктемелік (классификациялық) нұсқалар тәжірибелік дәрігерлердің жұмысын қиындатады. Сонымен қатар, саңырауқұлақтарды зерттеп, идентификациялауда стандарттауда үлкен қиындықтар бар. Өте ауыр түрде өтетін аурулар кезінде (әсіресе иммундық жүйесі әлсірегендерде) бұрын клиникалық маңызы белгісіз саңырауқұлақтар табылатын жағдайлар жиі кездесе бастады; осындай жағдайларда микстинфекциялардың болуы да ықтимал.
Саңырауқұлақтарда көбінесе жыныссыз жолмен қатар жыныстық жолмен көбею жүретіндіктен олардың жіктелуін және таксономиясын анықтауда едәуір қиындықтар туындайды. Бұл өз кезегінде таксономиясын және номенклатурасын қайта қарап өзгертуді қажет етеді. Сонымен бірге Д. Саттон, А.Фотергилл, М.Ринальди ұсынған «Патогенді және шартты патогенді саңырауқұлақтар анықтауышында» (2001 ж.), G.S. De Hoog, J. Guarro, J. Gene. MI. Fugnerras-тың «Клиникалық саңырауқұлақтардың атласында» (2-басылым, Испания, 2000 ж., 1126 бет) қазіргі кезгі классификациялық нұсқа бойынша саңырауқұлақтардың екі атауы-біреуі жыныстық дамуының телеморфты сатысы, екіншісі-жынысыз анаморфты сатысы бойынша қатар келтірілген. Осыған орай саңырауқұлақтардың көптеген түрлерінің бірнеше синонимдары бар. Медициналық әдебиеттерде олардың әртүрлі атаулары кездеседі. Осыған байланысты, және де саңырауқұлақтардың жалпы қабылданған қолжетерлік классификациясы жоқ болғандықтан, оқулықта саңырауқұлақтардың классификациясын «Патогенді және шартты патогенді саңырауқұлақтардың анықтауышы», 2001 ж. бойынша ұсынылып отыр.
Fungi патшалығы.
1) Типі-Askomycota
1. Класы- Endomycetes (ашытқылар)
Қатары-Saccharomycetales
Тұқымдастығы (3)
2. Класы-Euascomycetes (зең саңырауқұлақтар)
Қатары-Dothideales
Тұқымдастығы (6)
Қатары-Eurotiales
Тұқымдастығы (2)
Қатары-Hypocreales
Тұқымдастығы (2)
Қатары-Microascales
Тұқымдастығы (2)
Қатары-Onygenales
Тұқымдастығы (4)
Қатары-Ophiostomatales
Тұқымдастығы (1)
Қатары-Phyllochorales
Тұқымдастығы (1)
Қатары-Sordoriales
Тұқымдастығы (4)
Қатары-Trichospheriales
Тұқымдастығы (1)
Қатары-Xylariales
Тұқымдастығы (2)
2) Типі-Basidiomycota
1. Класы-Heterobasidiomycetes (ашытқылар)
Қатары-Filobasidiales
Қатары-Ustinagenales
2. Класы-Holobasidiomycetes
Қатары- Aphyllophorales
Тұқымдастығы (1)
3) Типі-Zygomycota
1. Класы- Zygomycetes (зең саңырауқұлақтар)
Қатары- Mucorales
Тұқымдастығы (5)
Қатары-Enteromphtarales
Тұқымдастығы (2)
Әрбір тұқымдастыққа туыстастықтардың және саңырауқұлақтардың екі түрдегі (телеморфты, анаморфты) аттары кіреді.
Анаморфты (митоспоралы) саңырауқұлақтар аттарының тізімі (147 туыстастықтар, түрлері) жеке берілген. Жыныстық көбею сатысы анықталмаған саңырауқұлақтарды митоспоралылар деп атайды. Оларды Deuteromicotina немесе Fungi immperfecti-дің 4-типіне жатқызады.
Мицелиялы саңырауқұлақтардың 3 класын ажыратады:
1. Hyphomycetes (гифомицеттер)-конидиялары бос орналасады.
2. Agonomycetes (агономицеттер)-стерильді гифалар, хламидиоспоралар, склероциялар түзеді.
3. Coelomycetes (целомицеттер)-конидиялары ішінде немесе жыныссыз спораұстаушы ерекше құрылымдардың беткейінде орналасады.
2.4. Қарапайымдылардың жіктелуі және құрылымы
Қарапайымдылар – Animalia жануарлар әлемінде Protozoa патшалық тармағын (грек тілінен рrotoz-бірінші, zoon-жануар) құрайтын эукариотты бір жасушалы микроорганизмдер (8 – сурет). «Eucarya» доменіне жататын эукариоттар болып табылады. Қарапайымдылардың жасушасы ядро қабықшасы мен ядрошықтан, эндоплазмалық ретикулумнан құралған цитоплазмадан, митохондрия, лизосома, көптеген рибосомалардан және т.б. компоненттерден тұрады.
Қарапайымдылардың өлшемі орташа 2 ден 100 мкм –ге дейін ауытқып отырады. Сыртынан жануарлардың жасушаларының цитоплазмалық мембранасының аналогы - мембранамен (пелликуламен ) қапталған.
Қарапайымдылардың қозғалу (талшықтар, кірпікшелер, псевдоподийлер), қоректену (қоректену вакуольдері) және бөліп шығару (жиырылғыш вакуольдері) мүшелері бар. Талшықтар блефаропласттан шығады. Олар 9 жұп перифериялық, 2 жұп орталық микротүтікшелер және қабықтан тұрады. Кейбір қарапайымдылардың тіректік фибриллалары бар. Қарапайымдылар фагоцитоз нәтижесінде немесе ерекше құрылымдар түзіп қоректенеді. Жыныссыз жолмен – екіге бөліну немесе көптеп бөліну (шизогония), кейбіреуі жынысты жолмен (спорогония) көбейеді. Қолайсыз жағдайда олардың көпшілігі температура, ылғалдылық өзгерістеріне төзімді – тыныштық сатысында цисталар түзеді. Романовский-Гимза әдісімен бояғанда, қарапайымдылардың ядросы - қызыл, цитоплазмасы-көк түске боялады.
Қарапайымдылар 7 типке бөлінеді, соның ішінде төртеуі (Sarcomastigophora, Apicomplexa, Ciliophora, Microspora) адамдарда ауру қоздырады. Олардың бір қатарының нақты таксономиялық жіктелуі жоқ. Мысалы, пневмоцисталар мен бластоцисталар саңырауқұлақтар мен қарапайымдылардың қасиеттеріне ие.
Sarcomastigophora типі Sarcodina және Мastigophora типшесінен тұрады. Sarcodina типшесіне (саркодалылар)- Entamoeba histolytica жерше амебасы - адам амебиазының қоздырғышы, еркін тіршілік ететін амебалар (неглерия, акантамеба және т.б. туыстастықтар) және патогенсіз амебалар (ішек амебасы т.б.) жатады. Бұл қарапайымдылар жалған аяқтар (псевдоподий) түзіп қозғалады, олардың көмегімен қоректік заттар ұсталып жасуша цитоплазмасына енеді. Амебалар жынысты жолмен көбеймейді. Қолайсыз жағдайда олар циста түзеді. Мastigophora типшесінің (талшық тасымалдаушы) патогенді өкілдері бар, мысалы: трипаносомалар-африкалық трипаносомоз (ұйқы ауруы) және Шагас ауруларының қоздырғыштары; лейшманиялар – тері және висцеральды лейшманиоз; қынаптық трихомонада-трихомоноз қоздырғышы; лямблия-лямблиоз қоздырғыштары. Бұл қарапайымдылар талшықтарының болуымен сипатталады, мысалы, лейшманияларда бір талшық, трихомонадаларда – 4 еркін талшық және қысқа мембранамен қосылған 1 талшығы бар.
Apicomplexa типі. Sporozoa (споровиктер) класының патогенді өкілдеріне безгек плазмодийлері, токсоплазмалар, саркоцисталар, изоспоралар, криптоспоралар, циклоспоралар, бабезийлер жатады. Паразиттердің апикальды кешені иесінің жасуша ішіне еніп әрі қарай жасушаішілік паразиттік тіршілік етуге мүмкіндік береді. Әрбір өкілдерінің күрделі құрылымды және өзіндік тіршілік ету ерекшеліктері бар. Мысалы, безгек қоздырғышының тіршілік циклы жыныстық көбею сатысы (Anopheles масасының ағзасында) мен жыныссыз (адамның эритроциттері мен тін жасушаларында көптеп бөліну жолымен) сатысының кезектесуімен сипатталады. Токсоплазмалар жарты ай пішінді болады. Адамға жануарлардан жұғады, қоздырғыш плацента арқылы беріліп, ОЖЖ (ЦНС) және ұрықтың көзін зақымдайды.
Ciliophora типі. Кірпікшелердің патогенді өкіліне адамдардың тоқ ішегін зақымдайтын балантидиаз қоздырғышы – Balantidium coli жатады. Балантидиилер қозғалғыш, көптеген кірпікшелері бар талшықтарға қарағанда, олар жіңішкелеу және қысқа болады.
Microspora типі микроспоридийлер – ұсақ (0,5-10 мкм) облигатты жасушаішілік паразиттер, жануарлар арасында кең таралған және денсаулығы әлсіреген адамдарда диареялар мен іріңді-қабыну ауруларын қоздырады. Бұл паразиттердің инфекциялық ерекше споралары – спороплазмалары бар.
2.5. Вирустардың жалпы сипаттамасы
2.5.1. Вирустардың табиғаты
Вирусологияның ғылым ретінде дамуы вирустардың табиғатын тануға да әсер етті. ХХ ғасырдың 30-жылдардың соңы мен 40-жылдардың басында вирустарды зерттеудің алға жылжығаны соншалықты - вирустар табиғаты бойынша тірі организмге жататыны күмән туғызбады. Оған мынадай себептер негіз болды: вирустар басқа организмдер сияқты өсіп-өніп көбейе алады; тұқымқуалаушылық және өзгергіштік қасиеті бар, ортаның өзгеруіне бейімделу қабілеті бар; табиғи және жасанды сұрыптау нәтижесінде биологиялық эволюцияға ұшырай алады. Дегенмен, вирусологияның молекулалық-биологиялық кезеңі кезінде вирустарды организм ретінде қарастыру концепциясына көзқарас өзгере бастады. «Вирион» деген түсінік енгізілуіне байланысты вирустар құрылымының жасушалар құрылысынан ерекшелігі бар екені, сонымен қатар жасушаға қарағанда вирустар айрықша - дисъюнктивті жолмен көбейетіні анықталды, бұл кезде генетикалық материал (РНҚ немесе ДНҚ) және ақуыздардың синтезделуі уақытша бір-бірімен байланыссыз атқарылатыны дәлелденді. Бұл кезеңде А.Львовтың ұсынысы бойынша вирустардың басқа организмдерден айырмашылығы туралы негізгі критерийлер жасалды: генетикалық материалы бар нуклеин қышқылынан –РНҚ немесе ДНҚ-дан тұрады, ал басқа организмдерде нуклеин қышқылының екі типі де болады. Бірақ бұл критерий абсолютті бола алмады. Өйткені ДНҚ-құрамды вирустар репродукциялану үрдісінің барысында информациялық РНҚ-н, ал РНҚ-құрамды вирустар ДНҚ-н синтездейді. Вирустарды басқа тірі организмдерден ажыратуға мүмкіндік беретін ең негізгі және абсолютті критериі - олардың ақуызды синтездейтін өзіндік жүйесі жоқ болды. Егер де вирустар организмге жатпаса, олар кім болғаны? Бұл сұраққа жауап беру үшін вирустар деп атауға болатын биологиялық құрылымдардың шеңберін анықтау қажет. Кәдімгі вирустар (шешек вирусы, фагтар т.б.) туралы болса бұны жасау өте жеңіл. Вирустардың қатарына кеміс (дефектные) вирустарды жатқызу керек, олар нағыз вирустар бар кезде өсіп-өніп көбейе алады (полимераза генінде кемістік болмаса), немесе көмекші-вирус ақуызын пайдаланады. Репликациялануы бойынша әрқашанда кемістігі болатын вирустардың бірнеше топтары бар, олар туыстастығы жақын емес нағыз вирустардың сателлиттері болып табылады. Мысалы, аденосателлиттер тек қана көмекші-вирустардың қатысуымен репликацияланады, көмекші-вирус тек қана аденовирус емес, ұшық вирустары да бола алады. Бұл - вирустар мен вирустар арасындағы ерекше паразитизм. Сателлит-вирустар өте майда вирустарға жатады, мысалы дельта-вирус геномының молекулалық салмағы 0,5х106-дай және бір ғана генінде бір капсидтық ақуыз кодталған.
Сателлиттерге жақынырағы – плазмидалар. Олар – молекулалық массасы 10х106-дан кем емес шеңбер пішіндес (сирек жағдайда сызықша), мөлшері шамалы ДНҚ-ң молекулалары. Плазмидалар әдетте хромосомадан тыс орналасады, кейде тасмалдаушы жасушаның геномына тіркелуі де мүмкін. Вирустар мен плазмидалар арасында қатал айырмашылығы жоқ. Мысалы, кейбір плазмидалар өздерінің гендерінің көпшілік бөлігін жоғалтқан фагтардың өнімдері болып табылады. Бірқатар вирустар, мысалы, сиыр папилломасының вирусы, жалаңаш ДНҚ –плазмида түрінде ұзақ уақыт персистенциялана алады.
Вирустар тобына вироидтар кіреді. Олар - мөлшері шамалы (200-400 нуклеотидтерден тұратын) РНҚ-ның сақиналы молекуласы және капсиді де, қабаты да болмайды. Вироидтар - өсімдіктердің кейбір ауруларының қоздырғыштары. Вирустарға приондарды да жатқызуға болады. Олар - нуклеин қышқылы жоқ, ақуыздардан тұратын жұқпалы бөлшектер. Приондар куру, скрепи, сиыр және қойларда құтыру ауруларын қоздыруға себепкер болады.
Классикалық (кәдімгі) және кемісті-вирустарды, сателлит-вирустарды, плазмидаларды, вироидтарды және приондарды бірге қарастыруға қандай негіз бар? 2000 - жылы вирустар таксономиясы бойынша 7-Халықаралық комитетінің мәжілісінде вирустың келесі анықтамасы берілді - геномы бар және қоршаған ортаның өзгерулеріне бейімделу қабілеттілігіне ие, тірі жүйенің кейбір қасиеттері бар элементарлы биологиялық жүйе. Вирустар биология нысандары (объекті) болып табылады, өйткені олардың гендері бар, репликацияланады, эволюциялық өзгеріске ұшырай алады, белгілі иесінің организміне, тіршілік ортасына, тиісті экологиялық қуысқа (экониша) бейімделеді. Бірақ олар бос энергияны тасып ала алмайды және сақтай алмайды, иесінің жасушасынан тыс жағдайда функциялық белсенділігі жоқ. Сондықтан оларды патогенді микроорганизмдер деп қарастырмай, патогендер деп қолданған жөн.
Вирустардың шығу тегі бойынша бірнеше болжамдар (гипотезалар) бар:
1. Вирустар - жер бетіндегі тіршілік белгісінің ең алғашқы, жасуша пайда болғанға дейінгі, тіршілік формасы.
2. Паразитизмдік қасиет күшейген сайын регрессивтік эволюция нәтижесінде бір жасушалық организмдерден пайда болған.
3. Вирустар, белгілі жасушалық гендерден пайда болған, олар жасушадан шығып кету және қайтадан оралу қабілеттілігін сақтайды.
Вирустар – тіршілік етудің ерекше түрі (формасы), оларға мынадай қасиеттер тән:
• өсіп-өну қабілеттілігі бар;
• тұқым қуалаушылық қасиеті бар;
• генетикалық өзгергіштік қабілеттілігі бар;
• тиісті экологиялық қуысқа (ниша), иесі организміне бейімделуі бар;
• ие организмнің жасушасына еніп, көбейіп, инфекция қоздыру қабілеттілігі бар;
• жалпы генетикалық код заңдылықтарына сәйкес вирус геномының қызмет етуі бар.
Вирустардың тіршілік ету қабілеттілігі болуына қарамастан, оларды бүтін организм деп атауға болмайды. Вирустардың басқа тірі жүйелерден бірқатар ерекшеліктері бар: