Файл: азастан республикасы білім жне ылым министрлігі м. Уезов атындаы оТстік азастан университеті.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 08.11.2023

Просмотров: 420

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Жұмыс үлгілерін сараптауда психикалық даму ерекшеліктерімен байланысты, грамматиканы меңгеріп қолданудағы қиындықтарға байланысты, математикалық білімі мен дағдыларының қалыптасуы, басқа да факторлардың әсерін, мысалы, ақыл-ой дамуының жалпы төмендеуі, оқуға құлшынысының болмауы, төмен нәтиже көрсетуі және тағы басқа спецификалық қателерді жіктеу өте маңызды. Баланы оқытуда тиімсіз әдістер қолданылып келген болуы да мүмкін, мысалы, жеткілікті дәрежеде бейімделмеген оқу құралдарын пайдалану. Сондықтан жұмыс үлгілерінің сараптамалары бұдан кейінгі зерттеу жұмыстарының бастамасы және баланың оқу әрекетінің бағасы болып табылуы қажет.

Бақылау мен сұхбат баланың сабақ үстіндегі әр түрлі бағыттағы тапсырмаларды орындау кезіндегі оқу іс-әрекеттерінің ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған. Бақылау арқылы оқушының тапсырмаларды орындауға қанша уақыт жұмсайтынын және оған себеп болып отырған факторларды анықтауға, сабақ барысындағы оқушының белсенділігін анықтауға болады. Білім алуға ерекше қажеттілігі бар баланың білімін тексеру барысын бақылауда алынған деректер маңызды.

Мұғалімнің міндеті алдымен баланың оң қабылдауын қалыптастыру, содан кейін пәннің оқытылуын дидактикалық қамтамасыз етіп, ұйымдастыру болып табылады.

Сұхбат. Бағалаудың алғашқы этапында сұхбат жүргізіледі. Сұхбат көмегімен баланың оқуға қызығушылығын және кейін жеке оқу жоспарында ұзақ мерзімді мақсатқа айналатын сабақтан тыс уақыттағы қалауы туралы білуге болады. Сұхбат құру алдында мақсатты анықтап алу қажет, содан соң сұхбат желісін жасап шығу керек. Айтылған ойлар әңгімеге тартып, бағыттап, ойды аяқтауға жетелеп отыруы керек.

Тестілеу. Оқушының басым және әлсіз тұстарын анықтау үшін, маңыздырақ мәліметтер жинау мақсатында ресми және бейресми әдістерді қолдану арқылы бағалау түрлері қолданылады (тестілеу). Ресми тестілеу баланы қалыпты нормадағы топпен салыстыруға негізделген (белгілі жас ерекшелігіндегі барлығымен салыстырғанда репрезентативті болып табылатын балалардың көпшілігі). Бейресми бағалау техникасы оқушының нақты бір пән бойынша білім-білік дағдыларын, білімін зерттеуге бағытталған; жас ерекшелігіне қарамастан жекелеген оқушылардың басым және әлсіз тұстарын анықтауға құрылған.

Белгілі нормаларға бағытталған тесттерден бөлек, критерийлерге негізделіп жасалған тесттер бар. Мұндай тесттердің мәні, оқушының тестілеу кезінде көрсеткен нәтижесін бағдарламада берілген нақты оқу мақсаттарына сәйкес алдын ала белгілі жетістік деңгейлерімен салыстыруға негізделген.


Тест қорытындылары (мұғалімнің, мектептің немесе тест авторының пікірі бойынша) білімді меңгеру дәрежесі болып табылатын жетістік деңгейлерімен (критерийлер) салыстырыла отырып, баллмен есептеледі.

Оқу бағдарламасының негізінде бағалау оқушылар қазір игеріп жатқан нақты білім мен дағдыларды өлшейді. Табыстылық «тесттері» оқу бағдарламасының негізінде әзірленеді. Әдетте, тестілеудің әрбір бөлігінің ұзақтығы уақытпен шектелген (бірнеше минут). Бағалау рәсімін жиі қайталап және өзгертуге болады. Деректер оқушының үлгеріміне мониторинг жасауға мүмкіндік беретін график түрінде беріледі.

Жылдам бағалау және белгілі бір оқушы туралы ақпарат алу мүмкіндігі оның артықшылықтары болып табылады. Бағалау оқу бағдарламасының мазмұнымен байланысты болғандықтан мұғалім оқушының ағымдағы білім деңгейін ескере отырып, оқыту тәсілдерін, оқу материалының көлемін түзетіп, бейімдеуді немесе түрлендіруді қажет ететін оқу бағдарламасының бөлімдерін (ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушыларға қатысты) ерекшелей алады. Сондай-ақ, тапсырманы орындау дағдыларының қалыптасу дәлдігі мен нәтижелілігі (жылдамдығы) туралы ақпарат береді. бағдарламалық білімді меңгеру барысында түзету стратегиясын жасауда маңызды ақпарат болып табылатын бұл факторға көңіл бөлінбейді.

Куррикулум негізіндегі бағалау – оқытуды бағалаудың ең нәтижелі және релевантты әдісі. Куррикулум негізіндегі бағалауда оқушының білімі мен дағдыларын өлшеу үшін тірек ретінде куррикулум тапсырмалары қызмет етеді. Куррикулум негізіндегі бағалау технологиясы сегіз кезеңнен тұрады:

1. Шешім қабылдау үшін себептерді анықтау. Бағалау барысында мұғалімге қандай да бір әдістемелік және ұйымдастырушылық шешімдер қабылдау қажет болады. Әр кезде олар ақталған, яғни педагогикалық тәжірибенің қағидаларына сай және олар бағытталған оқу контекстінің ерекшеліктері ескерілген болуы керек.

2. Куррикулумды талдау. Талдау оқушының меңгеруге тиісті білім, білік және дағдыларының кешенін нақты анықтауға мүмкіндік беретін білім беру стандарттары мен бағдарламаларын әдістемелік өңдеуді қарастырады.

3. Өлшенетін (спецификалық) міндеттерді тұжырымдау. Олар бағалауға арналған параметрлерді белгілейді. Жақсы қойылған міндетте оқушының белгілі бір білім, білік немесе дағды элементтерін меңгергендігін байқауға болатындай ол нені, қайда, қашан, қаншалықты жиі және қандай жағдайда көрсету керектігі нақты берілген.

4. Бағалаудың дұрыс рәсімін әзірлеу. Әдетте, куррикулум негізіндегі бағалау рәсімі сабақтың табиғи жағдайында нәтижелі болады.



5. Деректер жинау. Куррикулум негізіндегі мұқият бағалауда әртүрлі күндері және әртүрлі өлшеу құралдарын (процессуалды немесе басқа) қолданып жүргізілген бағалау нәтижелерін есепке алу қарастырылады. Мұндай тәсіл оқушы үлгерімінің шынайы көрінісін құрастыруға мүмкіндік береді. Бағалау нәтижелерінің сенімділігі қосымша куәгерліктермен расталып, содан соң салыстырмалы сенімді қорытынды қалыптастыру үшін әдістер мен стратегиялардың кешеніне сүйену қажет. Бақылау деректерін жинау бағдарламаны әзірлеу, оны ендіру мен бағалау процесінің міндетті құраушысы болып табылады. Ол оқушының оқу қажеттіліктеріне сәйкес келетін нақты мақсаттарды жоспарлауға мүмкіндік береді. 6. Деректерді жалпылау. Жалпылау кезеңінде сіз орнатқан академиялық критерийлеріне қатысты үлгерімнің жалпы деңгейін көрсететін барлық жүргізілген бақылау мен байқау нәтижелерінің қысқаша түйіндемесін құру қажет.

7. Деректерді беру. Егер сіз сандық есептеуге көнетін және сан немесе пайыз түрінде көрсетіле алатын (мысалы, тест, шығармашылық тапсырмалар немесе қрылымдық бақылау нәтижелері бойынша бағалар) деректер жинап, жалпыласаңыз және егер сіз бұл деректерді белгілі мерзім барысында тіркеген болсаңыз, жеткен прогресті графикте көрсетуге болады.

8. Деректерді өңдеу және шешімдерді қабылдау.

Жетістік индикаторлары. Күтілетін нәтижені көрсету үшін міндеттерді жүзеге асыруда прогресті бағалау үшін критерий болатын жетістік индикаторлары бар.

Мәнмәтінге байланысты әрбір міндетке бір жетістік индикаторы (немесе одан көп) беріледі. Олар кеңестік-педагогикалық топты жеке оқу жоспарын енгізуді бастамай тұрып дайындық кезеңінде бала прогресін өлшеу үшін стратегияны ойластыруға итермелейтінімен пайдалы. Қарқынды оқыту процесі басталған соң, олар мұғалімге өздерінің негізгі міндеттерін назардан тыс қалдырмауға көмектеседі.

Инклюзивті материалдар. Егер ұсынылған этаптардан сатылап өткен болсаңыз, қазіргі кезеңге, болжам бойынша, бір оқушыға арналған ұзақ мерзімді мақсаттар мен міндеттер кешенін дайындап қойған болуыңыз керек. Әрі қарай, инклюзивті білім беру қағидаларына сәйкес, әр мақсаттың орындалу жолын іздестіру қажет.

Басқаша айтқанда, оқушыны ұжымнан бөлмеу, оған оқу әрекетінің барысында басқалармен бірдей өзінің ұзақ мерзімді мақсаттарының ауқымында қатарластарымен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік беру. Жеке дамыту бағдарламасының бұл бөлімінде оқу процесінде жетістікке жетудің нақты әдістері анықталған. Атап айтқанда, онда оқыту шарттары жайлы айтылған, топтастыру тәсілдері туралы, оқыту стилі және жалпы оқу процесімен байланысы көрсетіледі.


Консультациялық-педагогикалық топтың отырысына дейін, оның мүшелері әр бағалау бойынша есепті түсініп, тиянақты өңдеуге жеткілікті уақыт берулері тиіс. Бұдан бөлек, отырыстан бұрын, мұғалім оның негізгі қатысушыларымен кездесу өткізуі қажет (оның ішінде ата-аналармен) және сабақтағы қалыптастырушы және қорытынды бағалау деректері туралы ақпарат береді.

Бағалау тиімді болу үшін:

- барлық күтілетін нәтиже туралы анық түсінік болуы;

- әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану;

- әдістердің құндылығын ескеру;

- жеткілікті деректер жинау, оқушы үлгерімін әр қырынан тану;

- таңдалған әдістердің әр оқушы үшін әділ болуы;

- жетістіктердің нақты критерийлерін белгілеу;

- оқушыға кері байланыс мүмкіндігін беру;

- жұмыстарының басым бағыттарын атап көрсету және түзетілуі;

- кемшіліктеріне назар аударту;

- бағалаудың кешенді жүйесімен және есеп берумен қатар жүруі тиіс.

Мұғалімдер бағалау нәтижелерін әртүрлі мақсатта қолдану үшін жинайды. Мысалы, оқытуды бағалау немесе қорытынды бағалау оқушылардың жетістіктерін салыстырмалы түрде немесе оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес бағалауға мүмкіндік береді.

Көп жағдайда қорытынды тестілеу деректері де ата-аналарға есеп беруге негіз болады. Оқыту үшін бағалау мұғалімге оқушының оқу әрекетінің сипатын түсінуге, ағымдағы білімі мен біліктілігінің деңгейін және өзінің білім беру тәсілдерінің тиімділігін анықтауға көмектеседі.

Оқыту үшін бағалау оқушыны оқу процесінің орталығына қояды. Бұл мұғалім мен оқушының серіктестік қарым-қатынаста болулары қажеттігін алға тартатын идея және оқушының білімге қажеттілігін өз бетінше бағыттауға мүмкіндік береді. Сабақта оқыту үшін бағалау тәжірибесін қолдану оқушыларды белсенді оқу әрекетіне тартуға және материалды толық меңгеруіне көмектеседі.

Оқыту үшін бағалау базалық қағидаларына сәйкес, үлгерімді жақсарту жоғарғы дәрежеде болады, егер оқушылар келесі жайттарды түсінетін болса:

1) нақты оқу мақсаттары, атап айтқанда: нені оқу және не үшін оқу;

2) белгіленген оқу мақсаттарының шегінде ол «қай жерде»;

3) бұл мақсаттарға жету үшін оқу үлгерімін қалай жақсарта алады.

Оқыту үшін бағалаудың негізгі әдістері.

Оқу мақсаттары мен жетістіктердің нақты критерийлерін беру. Оқу әрекетін орындаудың нәтижесінде оқушының нені біліп, түсініп және қолдана алатынын оқу мақсаты тура сипаттайды. Сонымен қатар, оқушылар оқу тапсырмалары (не істеу керектігі) мен оқу мақсаттарының (нені үйренетіні) арасындағы айырмашылықты ұғынулары тиіс.


Оқу мақсаттары мен жетістік критерийлері оқушыға түсінікті тілде тұжырымдалуы керек. Сапалы кері байланыс арқылы оқушылар өзінің үлгерім деңгейін қалай көтеруге болатынын түсінеді.

Өзін-өзі бағалау және өзара бағалау. Оқу әрекетіне оқушыларды белсенді тарту олардың академиялық үлгерімдерін арттыруға оң ықпал ететіні ғылыми дәлелденген. Басқаша айтқанда, егер олар нені оқу керектігін білсе, материалды түсініп, жұмыс жасау үшін керекті аспектілерін ажырата алса, оқу мақсаттарын білмей пассив қабылдаушы болып және мағынасын ұғынбастан тапсырмаларды механикалық орындаумен салыстырғанда меңгерулері толығырақ болады.

Өзара бағалау жолдасының орындаған жұмысын зерделеу барысында балаға мақсат пен жетістік критерийлерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Оқушының оқу әрекетінің тағы бір іргелі құраушысы өзін-өзі бағалау болып табылады. Өзінің жұмысын бағалау технологиясын түсініп, оқушылар соның көмегімен тиімді оқып және алға жылжи алады. Мұғалімдер оқу мақсаттарын оқушылармен бірге анықтаулары керек. Әрі қарай оқушы өзінің оқу әрекеттерін дербес реттейді, ал мұғалім қажетті қолдау көрсетеді.

Білім сапасын көтеруге қорытынды тестілеуді қолдану. Қорытынды тестілеу, көбіне жалпы мемлекеттік, оқыту үшін бағалау қолдану тәжірибесіне сәйкес келмейді деп есептеледі.

Дегенмен, оның қорытындысын қалыптастырушы бағалау құралы ретінде қолдануға болады. Ол үшін тест қорытындыларына терең талдау жасай отырып, әріптестермен бірге талқылау керек. Тест қорытындыларына терең талдау жасау, жалпы балл қоюмен шектелмейді, білім сапасын жақсартуға бағыт беріп, жол ашады.

Сондықтан инклюзивті сыныптағы оқу жетістіктерін бағалау, білімді меңгеруді қанағаттандыратын, оқу пәндері бойынша игерген біліктіліктерін және мектепте оқуға психологиялық тұрғыдан дайындығын айқындайтын құрамдас бөлігімен бірге алғанда түзете дамыту нәтижесін көрсететін оқу процесінің құрамдас бөлігі болуы тиіс, сонымен қатар оқу әрекетін табысты дамытуға жағдай туғызады