ВУЗ: Казахский национальный медицинский университет им. С.Д. Асфендиярова
Категория: Учебное пособие
Дисциплина: Религиоведение (Религия)
Добавлен: 04.02.2019
Просмотров: 18589
Скачиваний: 9
Мун адамның “жаңаруы”, Құдайдың қол астындағы адам әрекеттерінің барлық сфераларын біріктіретін ортақ әлем идеалының іс жүзіне асуы жаңа әлемнің инфрақұрылымын құрастыруды қажет етеді деп біледі.
“Кришна Санасының халықаралық қоғамы”. (ИСККОН)
Бұл қоғамның негізін салушы – үнділік уағызшы Абхай Чарин Де (1896-1977). Ол Бхактиведента Свами Прабхупада деген рәсімдік ат алған. Ол өзінің ілімін “Бхагават-гита. Оның шындығы қандай?” деген және басқа да еңбектерінде тұжырымдайды.
Прабхупаданың ілімі бойынша, бір ғана абсолютті Құдай – Кришна - бар. Ол үш түрде көрінеді: Бхагаван, Брахман, Параматма. Бхагаван дегеніміз - құдайдың ең жоғары тұлға ретіндегі қыры. Ол адам миы жетпестей қасиеттерге ие. Ол - бүкіл байлық, билік, атақ-даңқ, сұлулыққа қожа. Брахман – имперсоналды қыр-сыры бар дүние. Ол - барлығына қатысты абсолютті шындық, тылсым сапасыз күш, Құдай тұлғасының трансценденталды тәнінің нұр шапағаты. Праматмада Жоғары Жан көрініс табады. Ол - әрбір тірі жанның жүрегінде орналасқан нәрсе. Ол әркімнің жеке жаны дживамен қатар тұрады. Құдай мәңгі әрі жаратылмаған, оның таусылмас қыр-сырлары жеткілікті. Оның бойында екі қуат көзі бар: жоғары (рухани) және төмен (заттық). Ол қуат бүкіл әлемді және барлық тіршілік түрлерін жаратады. Құдайдың аттары оның әрекеттерінің алуан түріне сай өте көп. Оның басты есімі – Кришна (“Барлығын қызықтырушы”). Кришна қара тәнді әдемі жігіт ретінде бейнеленеді. Қалған құдайлар (ведалық әдебиеттің болсын, басқа діни жүйелердің болсын) - Кришнаның аватарлары (жаңа кейіптері) ретінде немесе жартылай құдайлар ретінде түсіндіріледі. Мысалы, Иисус Христос - Кришнаның инкарнацияларының бірі ретінде қарастырылады. Кришна Кришналока деген планетада, жерден тыс аймақта орналасқан, бірақ та өз энергияларының арқасында ол жаратылыс әлемінің әрбір нүктесінде бола алады.
Кришнаизм бойынша, адам жан мен тәннің дуализмімен сипатталады. Жеке жан (джива, атма) – Жоғары Жанның (Параматма, Брахманның) бөлшегі. Джива үшін әрекет ету аймағы адам тәні болып табылады. Оны жан өзінің тілек-ниеттеріне қарай үлес ретінде алады. өз еркіндігін асыра пайдаланған джива заттық әлемге түседі. Онда джива үш гун (күй, модус, байланушылық түрі) билігінде болады – білмес надандық, құштарлық, игілік. Заттық әлемде джива өзінің құдайлық мәнін ұмытады, сөйтіп, карманың билігіне басыбайлы боп қалады. Карма дегеніміз себеп-салдарлық байланыс. Адам кейпіне кірген джива сансарадан босану мүмкіншілігіне ие болады, сөйтіп Құдайға қайта орала алады. Дживаның материалды әлемнен босатылуы тек қана өз бойынан Кришна Санасын тауып, дамыту нәтижесінде мүмкін болмақ.
Материалдық әлемде планеталардың үш деңгейі бар. Бірінші деңгейде жартылай құдайлар тұрады. Олардың дживалары игілікке, ізгі әрекетке толы модуста тұрады. Мұнда кришнаиттерді, брахмандарды, ғалымдарды, философтарды және сиыр малын жатқызамыз. Орта деңгей - оның ішінде Жер де бар – құштарлық модусындағы дживалары бар тәндерден тұрады. Құштарлық – үй, отбасы, атақ-құрметке деген талпыныс. Адам мұнда жанкешті еңбек етуі тиіс. Төмен деңгейдегі планеталарда надандық (жалқаулық, ессіздік) модусындағы дживалар бар. Олар жануар тәніне ие болады.
Материалды әлем өзінің материалдық қасиеттерін сақтай отыра, рухани әлемге айнала алады. Рухани әлем дегеніміз - Кришнамен байланыстының барлығы. Материалдық құндылықтар рухани құндылықтарға Кришнаға қызмет ету арқылы, яғни өзінің кірістерінің үлкен бөлігін Кришна Санасы қоғамына бөлу арқылы айналады. Қасіретке толы материалды әлемнен әрбір адам өз бойында Кришна Санасын дамыту арқылы құтқарыла алады. Тіпті ең төмен касталардың (чандал) адамдары да Кришнаға шын пейілмен ақ-адал қызмет көрсетсе Кришна Санасын дамыта алады.
Кришнаиттер өздерін вайшнавалар деп, яғни Құдайға шын берілгендер деп атайды. Кришнаиттердің мәңгі жас, тән сымбаты сұлу Құдайы еркектік бастама, пуруша ретінде қабылданады. Кришнаның қызметшілері, малайлары – вайшнавалар өздерін әйелдік бастама, пракрити ретінде қарастырады.
Кришнаиттердің культтік тәжірбиесінің мақсаты “Кришнаға деген сүйіспеншілікке толы" көздермен әлемге қарау ұстанымын қалыптастыру. Кришнаға деген сүйіспеншілік ең жоғары деңгейде медитация арқылы діни экстазға жетуден көрінеді. Медитацияны ұжыммен де, жеке өз алдына да жасауға болады. Жеке бас медитациясы (джапа) мен ұжымдық киртана – бірлесе отырып мантралар айту, музыкалық аспаптарда ойнау және ырғақты би қозғалыстарын жасау арқылы өтеді. Культте аса басты назар мантраға (“ақылды тазартуға”) аударылған: “Харе Кришна Харе Кришна Кришна Кришна Харе Харе Харе Рама Харе Рама Рама Рама Харе, Харе”. Бұл - “Құдайдың қасиетті аттарын жырлау”. Күні бойы Кришаниттер мантраны 1728 рет айтып шығуы тиіс.
Кришнаиттер ашрамдарда (коммуналарда) тұрады. Оларды гурулар (ұстаздар) басқарады. Гуру - тек қана рухани ұстаз және данагөй беделді адам ғана емес, Құдайдың елшісі, уәкілі, тіпті Құдайдың кейпіне енген жан. Гуру Кришнаны тану процесіне көмектеседі. Ол трансценденталды білімді шәкіртіне (шишьяға) жеткізу арқылы оған көмек береді. Гуру прозелиттерді инициациядан өткізеді (сырттай инициациядан өткізу де мүмкін). Ол шәкірттерінің кармаларын өзіне алады, сөйтіп оған құпия “қорғаушы” мантраны береді. Ол арқылы шәкірт қиын-қыстау (экстремалды) жағдайда Кришнаға жалбарына алады, сәжде ете алады. Гуру шишьяға өзінің рухани әлемін жаңартып, қайта жасақтауға көмектеседі. Ол шәкіртіне ерекше бір шаттықты - өмірге деген шат-шадыман, мәз-мәйрам көзқарасты қалыптастыруға жәрдемдеседі. Ол күйде Кришнаға шынайы берілген адам бар дүниеден Құдайдың себепсізден себепсіз мейірімділігін көруге тырысады.
Бақылау сұрақтарының тапсырмалары
-
Қазақстандағы дәстүрден тыс ағымдардың таралуына қандай факторлар ықпал етті?
-
Миссионерлер адамдарды өз қатарына тарту үшін қандай тәсілдерді қолданады?
-
Қандай белгілері діни бағытты секта деп атауға негіз болады?
-
1965 жылы ІІ Ватикан соборы евангелизацияға байланысты шығарылған заңда қандай мәселе қарастырылды?
-
Евангелияшыл христиандар және баптистер қауымының басым көпшілігі не себептен ресми тұрғыда жабылды?
-
Баптизмнің ілімдік ерекшеліктерін айқындаңыз
-
Иегова куәгерлерінің ілімі мен Қазақстанда таралуына дінтанулық талдау жасаңыз
-
Саентология шіркеуінің іліміне және неофиттер жұмыс жасау тәсілдеріне талдау жасаңыз
-
Қазақстандағы неопротестанттық ағымдардың доктриналдық және культтік ерекшеліктерін ашыңыз
-
Қазақстандағы жаңа ислам бағыттарының ерекшеліктерін және таралу факторларына талдаңыз
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ДІНИ ФИЛОСОФИЯНЫҢ
НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ
Діни философия бір-бірімен бәсекелес алуан түрлі мектептер мен ағымдардың бірлестігін білдіреді. Философиялық бағыттар буддизм, христиандық, ислам және басқа діндерде де бар. Діни философия онтологиялық, гносеологиялық, әлеуметтік және басқа да мәселелердің өзіндік шешімін береді. Оның теориялық негізін Киелі Кітаптың, діннің ілімінің негізгі идеалдарымен келісімді ережелер мен қағидалар құрайды. Дегенмен де, діни философия мен теология, яғни дін ілімі арасында теңдік белгісін қоюға болмайды. Бірақ оларды айырықшалайтын белгілер шартты әрі өзгермелі болады. Олар құрамы, ұғымдық аппараты, пайымдау және дәлелдеу әдісі мен жолдарына және т.б. қарай ерекшеленеді.
Тарау- ХІІ
БУДДАЛЫҚ ФИЛОСОФИЯ
Буддизмнің философиялық, немесе, дұрысын айтқанда, теоретикалық негіздері сол діни жүйе қалыптасқан кезде даярлана бастады. Буддалық философиялық мектептердің алуан түрлілігіне қарамай, оларды бір-бірінен бастапқы қағидаларына қарай түбегейлі ерекшеленетін екі түрге: хинаяналық және махаяналық буддизмге бөлуге болады.
1. ХИНАЯНА ФИЛОСОФИЯСЫ.
Хинаянаны теоретикалық негіздеу барысында негізгі рөлді дхармалар
туралы ілім ойнайды. Оны ірі ресей буддологы Ф.И. Щербатской (1866-1942) “буддизмнің орталық концепциясы” деп атайды. Дхармалар танылмайтын (Қанттың “өзіндегі заты” сынды) жалғызілікті мәндер әрі солар ғана бұл дүниеде ақиқат. Дхармалар туылмайды да, жоғалмайды да. Олардың саны шексіз. Әрбір дхарма белгілі бір қасиеттердің өзгермейтін жинағына ие. Барлық жалғызілікті дүниелер сияқты, дхармалар тиісті немесе тиісті емес болмыста болады. Ондағы тиісті болмыс дегеніміз абсолютті тыныштық күйі. Адам мен оны қоршаған әлем тыныштық күйіндегі емес, “қобалжыған” қозғалмалы дхармалардың көріністері арқылы құралады. Мұндай көріністер комбинациясы азғана уақыт мерзіміне, бір сәтке ғана құралады. Содан кейін дәл сол әлде сәл басқаша құрастырылған дхармалар көрінісінен мүлдем басқа комбинация жасалады. Ендеше, кеңістік пен уақыттағы орын алған және бар “заттар мен істер”, буддалық терминологияны пайдаланар болсақ, дхармалар көріністері бірін бірі шексіз алмастырып отыр. Осындай онтологиялық алғышарттардан туындайтын дхармалардың тиісті болмысы - абсолютті тыныштық, “қобалжусыз” күй. Ол ешқандай қосындының пайда болмағандығын білдіреді. “Заттар мен жұмыстардың” болуы, яғни адам мен қоршаған әлемнің болуы өздігінен дхармалардың “қобалжуының” куәсі, яғни олардың тиісті емес болмысының куәсі. Ал ол дегеніміз қасіретпен тең күй. Қасіреттен арылу дхармалардың “тынышталуы”, “байыз табуы” деген сөз. Тыныш табу адамның тіршілігінің тоқтауын, демек, оның қайта-қайта дүниеге келудің шеңберін үзіп шығуын білдіреді. Дхармалардың “тынышталуы”, яғни адамды құрастырушы бөлшектердің “байыз табуы” дегеніміз нирванаға жету күйі. Нирвана – адам болмысына қатысты “өзге болмыс”. Ендеше, сансара мен нирвана ешқашанда бір-біріне сәйкес келмек емес. Дхармалардың “тынышталуы” және “өзге болмысқа” өту, яғни Нирванаға қол жеткізу жолы бар. Сонымен, хинаяна философиясында түпнегізді дүние – дхармалар туралы ілім.
Көне философиялар үшін болмыстың қандай да бір бастапқы негізін, алғашқы элементтерін іздеу тән. Буддистік философтардың ойлары да сол арнада жүріп отырған. Бірақ, алғашқы элементтер туралы басқа да көптеген философиялық жүйелер (еуропалық антикалық, көнеүнділік) көзқарасы мен хинаянаны ұстанушылардың дхарманы талдауындағы түбегейлі айырмашылықты баса айту керек. Дхармалар ешқашан материалдық, заттық мәндер ретінде түсіндірілмеген: күнделікті (нұрланбаған) санада “тәні мен формасы” бар болып қабалданатынның барлығы іс жүзінде дхармалардың белсенділігінің нәтижесі болып есептеледі (Солай дей тұра, буддалық ғұламалардың арасында дхарманы материяның бөлшектері деп ұғынуға саятын үрдістер де бар екендігін айта кетелік). Дхармалар туралы ілім хинаяналық философияның компедиумында – “Абхидхармакоша” деген үнділік будда философы Васубандхудың (Vғ.) трактатында таратыла әрі толықтырыла жазылған. Бұл шығарманы буддизмнің таралу аймағының барлық жерлерінде Шри-Ланкадан Японияға дейінгі аралықтағы адамдар оқып, білген.
Дхармалардың комбинациялары уақытта шектеусіз және кеңістікте шексіз “заттар мен істер” ретінде қабылданатын композицияларды құрайды. Олар бір бірмен өзара байланыста болады әрі жалпы ортақ себептілік заңына бағынады (санскр. “пратитья-самутпада”). Сол себептілік арқасында Васубандху мен басқа да хинаяналық философтар күнделікті санаға біртұтас болып көрінетін “феноменалды” болмыстың пайда болуы мен тіршілігін түсіндіреді.
Дхармалардың шексіз көп мөлшерін Васубандху 75 түрге апарып саяды. Олар өз алдына тағы да басқа түрлі белгілеріне қарай топтастырылады. Ең алдымен, дхармалар екі түрге бөлінеді: “болмыстың ықпалындағы” (санскр “санскрита”) және “болмыстың ықпалындағы емес” (санскр. “асанскрита”) дхармалар/1/. О.О. Розенбергтің анықтамасы бойынша, болмыстың ықпалындағы дхармалар төрт процеспен – туу, тіршілік ету, өзгеру және жоғалумен байланысты. Олар әр сәт сайын болып жатады. “Болмыстың ықпалындағы емес” дхармалар аталған процестермен байланысты емес, олар - тыныш, Розенбергтің айтуы бойынша, “болуға” жаралмаған /2/.
Тірі жанды сақтап қалу, демек, нирванаға жету дхармалардың “толқуының” бітуінде жатыр, яғни оларды тыныш күйге жеткізу деген сөз. Соның салдарынан олар тұлға құрайтын композиция жасай алмайтын болады. Дхармалардың тынышталуы тұсында адамның шыр айналып жүрген қайта туу шеңбері жойылады. Сонда адам өзінің тіршілігін тоқтатады. Дхармалар арасында, жоғарыда атап өткендей, “толқитындары” және “толқымайтындары” бар.
“Толқитындарға” тыныштық күйдегілері (яғни “болмысқа жатпайтындары”) кіреді. Олар дхармалардың жалпы ағысында болғанымен де олардың комбинацияларының көріністеріне қатыспайды. “Толқымайтындардың” қатарына кейбір “болмысқа жататындары” да кіреді. Дәлірек айтар болсақ, буддистер көзқарасы тұрғысынан оң психикалық күйде болушыларға бірінші болып “дін көзі ашылу” күйіндегілер кіреді /3/. Қалған дхармалардың белсенділігі адамның жалған дүниедегі болмысын анықтайды.
Дхармалардың көріністерінің барлық комбинацияларын, жалпы алғанда, екі түрге бөлуге болады – “сезімі бар әлем (әлде сфера)” құраушылар, яғни тірі жандар мен “құмыра-сфера” құраушылар, яғни тірі жандарды қоршаған әлем, олардың мекен ету ортасы. Осы екі “сфералар” үйлесімді бірліктегі біртұтастықты құрайды және ол өте күрделі құрылымға ие. Дегенмен, басты назарды ол “сезімі бар әлемге” аударады, өйткені тірі жан - құтқарудың ең бірінші әрі, тіпті, жалғыз деуге болатындай нысаны.
Дхармалардың кешенінің және комбинацияларының көріністеріне байланысты барлық “сезімі барлар” төрт топқа бөлінеді:
1. “Жатырдан шыққандар”,
2. “Жұмыртқадан шыққандар”,
3. “Ылғалдан пайда болғандар”,
4. “Түр өзгертулер нәтижесінде пайда болғандар”.
Дхармалардың “толқулары” нәтижесінде әрбір тірі жанның қандай да бір бес “әлем-күйлердің” біреуінде болатындығына жағдай тудырады:
1. “Тозақтық”;
2. “Аш рухтық”;
3. “Жануарлық”;
4. “Адами”;
5. “Құдайи”.
Осы күйлердің барлығында (әрине, алуан түр өзгерістерде) “бір-біріне айналу жолы мен дүниеге келгендер” ғана (құдайлар, рухтар, жын-перілер және т.б.) бола алады. “Жатырдан шыққандар” (адамдар, хайуандар) екінші, үшінші және төртінші күйлерде бола алады; “жұмыртқадан шыққандар” мен “ылғалдан пайда болғандар” (балықтар, бауырымен жорғалушылар және т.т.) – үшінші және төртінші күйлерде болады. Әрине, қайсыбір “әлемге” кіру себебі қандай, неде деген сұрақ тұрады, немесе, басқаша айтар болсақ, кәдуілгі сананың (ол да белгілі бір дхармалар кешенінің көрінісі болып табылады) қайсыбір күйде болуы ретінде қабылданатын дхармалардың көріністерінің конфигурациясына не себеп болады деген сұрақ қойылады. “Әлемдерде қаңғып жүрудің” себебі екі топқа бөлінеді: “іштей тиесілі” және “сырттай тиесілі” топқа. Біріншілеріне - “іс-әрекеттер” жатса, екіншісіне – "адасулар" жатады.
“Іс-әрекеттер”, немесе карманың эвиваленті түрлі белгілерге сай жіктеледі.
“Іс-әрекетті” жасаушылар, сипатына сай, үш топқа бөлінеді: 1) “тән ісі” (кез келген физикалық іс-әрекеттер); 2) “ауыз ісі” (демек, сөз); 3) “ой ісі”. өз кезегінде олардың әрқайсысы он жақсысы мен он жаманына тағы бөлінеді.
“Адасулар” екі топқа бөлінеді: “негізгі” және “қосымша” топқа бөлінеді. “Негізгі адасулар” саны - он: көрсеқызарлық, ашушаңдық, мақтаншақтық, күмәншілдік, аурулар мен буддалық көзқарас тұрғысынан дұрыс емес түрлі нәрселер. “Негізгі адасуларды” одан ары қарай да бөлшектеп жіктеу бар. “Принципке” қатысты адасулар, яғни “төрт ақиқат” арқылы берілген тірі жан иелерінің болмысының негізгі заңы мен “іс-әрекетке” қатысты (қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс) адасулар. “Қосымша адасулар” – “негізгілер” көрінгенде пайда болатын адасулар саны – 98, демек алдыңғысы мен кейінгісі қоссақ жалпы саны 108 болады.