Добавлен: 04.02.2019

Просмотров: 18588

Скачиваний: 9

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Хинаянаның теоретиктері, әсіресе, Васубандху дхарманың “істер мен заттардың” әлеуетті продуценттер ретіндегі жіктемесін бүге-шігесіне дейін даярлаған. Дхармалардың көріністерінің комбинацияларының құрылымының механизмі, кез келген комбинациялардың пайда болуының себептері тәптіштеп келтірілген. Хинаяналық философтардың бұл пайымдаулары алғашқы екі “ізгі ақиқатты”: "барлығы – қасірет", "қасіреттің өзіндік себептері бар" дегенді негіздейді.

Қайта туылу шеңберінен шығу, яғни дхармалардың “тынышталуы” екі шартты орындаған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Бірінші шарт – “жоғары даналыққа” (санскр. “праджни”) ие болу. Бұл даналық “Заңды білуден” тұрады. Соның арқасында төрт “ізгі ақиқаттарға” қатысты “тілек” сатысындағы адасулардан ажырау мүмкін және қалған екі сатыда пайда болатын “адасу” түрлерін білу мүмкін.

“Білімнің” екі түрі одан гөрі тереңірек төрт “білімге” бөлінеді - әрбір “ізгі ақиқаттарға” қатысты адасушылықты жеңіп шығу туралы "білімге" бөлінеді. Солардың ішінен “толық білім” мен “туылмағандық туралы білім” айрықша бөлініп алынады.

Көзі ашылу үшін міндетті түрде қажетті шарттың бірі - медитация мен серт сақтау. Медитацияның мақсаты - адамның психикалық күйін өзгертуде, себебі, күнделікті сана деңгейінде “жоғары даналыққа” ие болу мүмкін емес. Демек, қайта дүниеге келуден шығу да мүмкін емес. Хинаянада медитацияның жеті түрі келтірілген. Олардың ішіндегі ең тиімдісі – “таза қадалу, көңіл аудару” немесе “қобалжымауға” қадалу, көңіл аудару: бұл медитацияның нысаны - дхармалардың “тынышталғандығы”, яғни нирвана күйі.

Буддист көптеген қайта дүниеге келу барысында жүзеге асыратын діни практика нәтижесінде “архатқа” айналады, яғни әулиеге айналады. Әулие – барлық “адасулардан” толығымен арылған, яғни, осы әлемде қандай да бір байлауы жоқ адам. өмір сүруі барысында архат “қалдық қалған Нирвана” күйінде болады, өйткені оның физикалық тәні бар (тән дегеніміздің өзі “қалдық”). өлгеннен соң, яғни физикалық тәні ыдыраған соң, ол “қалдықсыз нирванаға” енеді, сөйтіп, ешбір басқа түр-әлпетте бұдан былай қайта туылмайды. Себебі оның алдындағы қайта-қайта жаратылуына себепші болған дхармалардың “толқуы” толығымен “тынышталады”.

Қайта туудың шеңберінен шығу жолдары туралы пайымдаулар үшінші және төртінші “ізгі ақиқатты”- қасіретті болдырмау мүмкіндігі мен одан айырылу жолын негіздейді.


2. МАХАЯНА ФИЛОСОФИЯСЫ.

Құтқарылуды махаяналық тұрғыдан түсіну танымал буддалық қағидаларды қайта қарау мен жаңаларын құрастыруымен белгілі.

Біріншіден, махаяналықтар Абсолют концепциясын ұсынады. Абсолютті олар атрибутсыз және рационалды түсінуге келмейтін, бірақ нағыз шындық деп түсіндірді. Дхармалар, басқа да жеке мәндер сияқты, “өзіндік табиғаты” жоқ, яғни шартты түрдегі шындық деп жарияланды.


Екіншіден, махаяналық теоретиктер, хинаяна теоретиктеріне қарағанда, Будданы сәл басқаша түсіндіреді. Хинаянада Будда – бесжүзден астам қайта жаратылулардан кейін жер бетінде тіршілік ететін тірі жан иелеріне төрт “ізгі ақиқатты” ашу маңдайына жазылған адам. Махаянаның ұстанымы тұрғысынан алғанда адамдардың Будда ретінде Шакьямуниді қабыл алғаны - “Дхарма тәні” деп аталатынның көрінісі, эманациясы. “Дхарма тәні” - заттық дүние емес, кеңістік пен уақытта шексіз, бәріне енетін әрі өзі ілкі текті, Будданың мәндік қыры. Осылайшы, бастапқыда Будданың екі, одан соң - үш “тәні” туралы ілім қалыптасты. Ол - махаяна буддизміндегі маңызды ілім. Ақыр аяғында - Абсолют пен Будданың “Дхарма тәнінде” теңдестірілуі орын алды.

Нирвана да Абсолютпен теңдестірілген. Осылайша, осы нақты жердегі әлемде өмір сүруші әрбір адам (өзі сезбесе де) нирванада болған. Демек, нирвана ендігі жерде дхармалардың “тынышталуы” мен фәни дүниенің аяқталуы деп саналмайды. Нирванаға жету феномендер (материалдық болсын, рухани болсын) әлемінің елес дүние екендігінен құтылу, арылу, сөйтіп, “істер мен заттар” сынды қасірет көздерінен еркіндік алу. Нирвана енді буддист психикасының белгілі бір күйі ретінде ұғынылады, сондықтан да махаянада психологиялық фактордың функционалдық рөлі қатты артады.

‡нді философтарының шығармаларында негізгі принциптері тұжырымдалған классикалық махаяна екі бағыт арқылы танымал – мадхьямака (шуньявада) мен виджнянавада (йогачара). Мадхьямакидің жетекші теоретигі (шындап келгенде - оның негізін салушы) – ірі үнділік будда философы Нагарджуна (І-ІІ ғғ.) ал виджнянаваданың негізін салушы – үнділік будда философы Асанга (ІVғ.) және Васубандху (өзінің кейінгі іс-әрекеттерінде). Нагарджуна мен оның ізбасарлары басты назарды жекелеген мәндердің шартты (салыстырмалы) шындығы (ақыр соңында – елес шындығы) туралы махаяналық тезиске аударды. Виджнянавадиндер қандай да бір құбылыстың қиял-елестен туындайтын көзі туралы сұрақты сондай қиял-елестер пайда болу процестерінде шешуге тырысты.

Махаяна арқылы буддалық философия ең жоғары гүлдену шегіне жетті. Бұл бағыттың теоретиктері өздерінің ілімдерінің негізгі қағидаларының шындығын дәлелдеу үшін көп күш салатын. Оның үстіне, хинаяна өкілдерімен күрес те, махаянаның өз ішіндегі мектептер арасындағы күрес те, ол аз болса - Үндістандағы және оның сыртындағы буддалық емес діни және философиялық жүйелер өкілдермен күрес те соған ынталандыратын.

Мадхьямаки доктриналарын құрастырудағы бастапқы нүкте жалпылама себептілік туралы заңды қайта ой-санадан өткізу, яғни “пратитья-самутпаданы” сараптау болды. Осы маңызды сұраққа қатысты Нагарджунаның пайымдау қисынын былайша көз алдымзға елестетуге болады.

Ең алдымен анықтама мен анықталатын дүние арасындағы етене, үйлескен байланыс анықталған: барлық “заттар мен дүниелер” міндетті түрде әйтеуір бір көрініс табады, яғни оның сыртқы бейнесі болады, ал кез келген анықтама әлденені сипаттайды. Демек, атрибутсыз мән жоқ және мәнсіз атрибут та жоқ. Әйтсе де, барлық “іс-әрекеттер мен заттар” тек бір біріне қатысты ғана аталына алады, анықталына алады. Сондықтан Нагарджуна “егер де “өзінікі” болмаса (оны субъект - биномның бірінші мүшесі деп түсіндіруге болады), онда “оныкі” де (яғни биномның екінші мүшесі - объект) де жоқ” (“Мадхьямака - карикас”) дейді. Демек - әрі бұл өте маңызды нәрсе - әлдене белгілі бір бастапқы нүкте болғанда ғана анықталады, ал ол өз кезегінде келесі бір басқа нүктеге қатысты анықталады, сөйтіп шексіз кете бермек. Абсолютті бастапқы нүкте жоқ. Ары қарай, кез келген атрибуттың артында одан бөлінбестей мән тұруы тиіс болса, онда соңғысы, яғни мәннің өзі (атрибут сынды) де - салыстырмалы дүние. Ол - нағыз шындық емес.


Ендеше, кез келген жеке дүниені (дербес, басқадан бөлектенген) басқа бір жеке дүниеге қатысты бар нәрсе деп атауға болады. Нагарджунаның ойларының барлығының пафосы, екпіні мадхьямиктер үшін маңызды нәрсені дәлелдеуге арналған болатын. Солардың артынша махаянаның басқа мектептерінің теоретиктері үшін де жеке дүниенің, яғни дхармалардың түптің түбінде ғайыптығы (шындық еместігі) туралы қағиданы дәлелдеуге бағытталған.

Нагарджуна қозғалыс, тыныштық, субстанция, сапа, уақыт, өзгеріс, себептілік, “мен”, сол сияқты, Будданың адам бейнесінде басқа еш нәрсеге қатыссыз көрінуінің мүмкіндігін мұқият, ықтиятты сараптан өткізген, сөйтіп, ештеңені өздігінен атауға болмайтындығын көрсетті, басқаша айтар болсақ: “ештеңе өздігінен дербес тіршілік етпейді, себебі барлығы себеп пен салдардың шексіз легіне негізделген” /4/.

Сонымен, “заттар өз өзінен туылмайды (пайда болмайды) (сөзбе сөз айтар болсақ - өз тәнінен өзі); олар міндетті түрде іштей және сырттай тиесілі себептерді күтеді”, - дейді Нагарджуна. Ендеше, “заттар түрлі себептерден пайда болады және сондықтан да өзіндік жаратылысқа ие емес. Ал егер олардың өзіндік жаратылысы жоқ болса, онда ол заттар қалай тіршілік ете алады?”. “Егер де заттар (түрлі) себептерден туындамаса, олардың өзіндік жаратылысы болған болар еді”.

Мадхьямака жекеліктің, оның ішінде дхарманың нағыз шындығын жоққа шығарумен ғана шектелмеген. Іс жүзінде шартты, салыстырмалы шындықтың артында нағыз шындық (санскр. “татхата” - осындайлық) тұр. Нагарджунаның пайымдауларынан нағыз шын деп өзіндік жаратылысы бар “мән” танылады, ол себептілікпен туындамайды және де басқа ештеңеге тәуелді емес. Басқалармен себептілік (үйлестілік) байланыста тұрған шартты шындықтың дәлелдемесінен осындай қорытынды шығып тұр.

Осылайша, пайымдаулар жүйесінде Абсолют ұғымы пайда болады. Абсолют дегеніміз шартсыз әлдене және сондықтан да ол - нағыз шындық. Әрине, мадхьямики теоретиктері алдында Асолюттің мәнін анықтау мүмкіншілігі мен оның феноменалды болмыспен қатынасы туралы сұрақ тұр. Осы қиын мәселелерді шешу үшін Нагарджуна “шунья” (“бос кеңістік”, “құр бостық”) категориясын енгізеді.

“Шунья” - өте терең ұғым және де бұл ұғымның мәнін тек айтылған сөздің жалпы контекстінде ғана анықтауға болады. “Шуньяның” көмегімен жеке мәндер (дхармалар) да, Абсолют те сипатталады. Демек, егер сөздің дәл мағынасын алатын болсақ, олар – “бос”. Бірақ философиялық тұрғыдан “шунья” ешқашан да дәп-дәл құр бос кеңістік немесе бейболмыс дегенді білдірмеген. “Шуньяның” қазіргі буддологиялық басым кездесетін, дереккөздерге сай түсінігі ғалым Ф.И. Щербатскойдың арқасында мүмкін болды.

Бірінші кезекте “шуньяны” қандай да бір феноменнің мәнділік сипатының жоқтығы деп түсіндіру керек және соған сай - шынайы мәннің жоқтығы деп, тек қана салыстырмалы мәннің барлығы деп түсіну керек. Екінші кезекте “шуньяда” атрибутсыздық мағынасына екпін түсіндіріледі, яғни жалпылыққа анықтама берудің принципиалды түрде мүмкін еместігіне назар баса аударылады. Бұл мағынасында Абсолют - бос, “оның алдында сөз тоқталады” /5/.


Ақыр соңында, Абсолют (“нағыз шындық”) бір жаннан ажыратылмағандық, іштей кереғар еместік тұрғысынан алғанда “шуньятаға”, “бос кеңістіктікке” тепе-тең деп танылған. Екінші жағынан, шартсыздық, абсолютті тұтастық тұрғысынан да “шуньятаға” тепе-тең деп танылған. Дегенмен де, абсолютті болмыс (“нағыз шындық”) феноменалды болып көрінеді. Мадхьямиктер айтпақшы, оны “уақытша атаулар” арқылы қабылдар болсақ, және керісінше, егер соңғыларынан “асып түссек”, онда болмыстың нағыз мәні ашылады. Т.Р.В.Мурти айтқандай, бұл жағдайда айырмашылық онтологиялық емес, эпистемологиялық айырмашылық болып табылады /6/.

Мадхьямиктер үшін абсолютті тану мүмкіншілігі туралы сұрақ аса өзекті мәселе болып табылған еді. “Нағыз шындықты” көрудің жалғыз ғана жолы “праджня” - қайсыбір жоғары даналық, интуитивті білім. Таным процесінде интелект категориялар, логикалық конструкциялар жиынтығымен жұмыс істейді. Олар принципалды түрде нағыз шындықты дұрыс та лайық танудың құралы бола алмайды, өйткені олар нағыз шындықты “қосарландырады, екілендіреді”. Мадхьямиктер түсінігі бойынша, тұтасты бөлу зерденің жаратылысының өзіне тиесілі. Зерденің, бір жағынан алғанда, Абсолютті танитындай қабілеті жоқ. Ал басқа жағынан алғанда, ол өзінің қандай да бір концепциялар (басқаша айтсақ, салыстырмалы анықтамалар) арқылы көрініс табатын өзінің іс-әрекет жемісін болмыстың шынайы бейнесі дей салады. Бұл көзқарас тұрғысынан абсолют туралы кез-келген тұжырымдамалар (“заттар мен істер” туралы да) ең жалпы дегенінен – “бар” әлде “жоқ” дегенінен - бастап жалған деп жарияланды. Дәл осы тұстан иррационализм және, әрине, оған сай мистицизм де орын алатындығын айта кету керек. Ол әсіресе, махаяна буддизміне тән қасиет. Оның тәмәмдалған көрінісін чань (дзэн)-буддизмнен табамыз.

Махаяналық сутралар қатарында (мысалы, Аштасахасрика-сутрада) эксплицитті түрде (жасырын түрде) Будданың ең биік даналығы ретіндегі праджнаның “Дхарма тәніндегі” Будданың өзімен теңдігі идеясы көрініс табады. “Праджня” тіршілік иесінің абсолютті тануға қабілеттілігі ретінде түсіндірілмейді, сол тірі жанға о бастан тиеселі және белгілі бір жағдайларда оған ашылатын қасиет ретінде түсіндіріледі. Осылайша, келесі теңдестіктер тізбегі құралады: “татхата” (“нағыз шындық,” Абсолют) – “праджня” (“жоғары кемеңгерлік”, интуитивті білім) – Будда (“Дхарма тәніндегі”). Осылардың барлығының да атрибуттары жоқ болғандықтан олар “шуньята” (бос кеңістік) ұғымының көмегімен сипатталады. Будданың және “праджняның” онтологизациясы “Дхарма тәнінін” (демек, “жоғары даналықтың”) жалпы болмыспен идентификациялауға әкелді. Бұл көзқарас тұрғысынан алғанда жеке тіршілік етуші және түрлі болып көрінуші “заттар мен істер” - “Дхарма тәнінің” көзге көрінерлік бейнелері болып табылады.


Будданың (“дхарма тәніндегі”), “праджня” мен жалпы болмыстың теңестірілуі нирвананың жаңаша түсінігін анықтайды. Ол түсінік махаянаның барлық мектептеріне дерлік ортақ түсінік еді деуге болады. Ол - Будда іліміндегі осы бір маңызды категорияны даярлауды ынталандырды.

Мадхьямиктердің “істер мен заттар” арасындағы көпе-көрнеу ғана айырмашылық бар екендігі туралы пайымдауларынан сезіммен қабылданатын әлем, барлық жалқылық болмысы (яғни сансара) мен нирвананың теңдігі туралы өте маңызды тұжырым шықты. өз кезегінде, болмыстың барлық деңгейлері Будданың “Дхарма тәніндегі” көрінісі болғандықтан, бұл мінездеме, сипаттама нирванаға да қатысты. Ендеше, нирвана мен Будда - бір нәрсенің түрліше аталуы дейді Ф.И.Щербатской /7/. Демек, болмыстың “сансаралық” деңгейінде тұрғанның барлығы да өз бойында Будданың түп мәнін (жаратылысын, табиғатын, әлеуетін) ала жүреді. Бұл шешім махаяналық мектептің басқа да ілімдері қатары мен сотериологиялық доктриналарды даярлау үшін аса маңызды болған.

Нирвана да, болмыстың басқа да деңгейлері сияқты, “бос” (“шунья”), яғни оның ешқандай мәндік сипаттамалары болуы мүмкін емес. Сондықтан да, мадхьямиктер нирвананың ешқандай оң анықтамаларын берген емес. Ал оның “арнайы бір белгісі”, яғни түрі туралы Будда, Нагарджунаның айтуы бойынша, “адамдар үшін” уағыз таратқан. Басқаша жеткізер болсақ, нирванаға “уақытша аттар” берген.

Мадхьямака барлық тірі жандарды сақтап қалу мүмкіншілігінің бар екендігін мойындай алады. Ол Будда-Абсолют концепциясынан шығып тұр. Бірақ сансара мен нирвананың теңдігін тану, сөйтіп, сол арқылы нирванаға жету өте қиын іс болып есептелген. Құтқарылу процесінің шапшаңдығы көптеген факторларға және де, ең алдымен, адамның өз басына байланысты. Кейбіреулердің бір мезеттің өзінде-ақ көзі ашылмақ, бірақ көпшіліктің көзі ашылу үшін қажетті сипаттары пайда болады дегенше бірнеше дүниеге келулерден өтетіндей мерізім керек.

Виджнянаваданың философиялық негіздемелері қатал иерархиялық бір-біріне бағыныштылықта құралады және дхармалар ағысы ретінде елестетілетін феноменалды болмыстың талдауынан басталады. Виджнянавадиндерге дхармалардың жүз шақты түрлері белгілі: олар, хинаянаның философтары сияқты, дхармаларды сол категориялар арқылы топтастырады.

Санаға қатысты дхармалар виджнянавадада 8 түрлі деп көрсетілген (естеріңізге сала кетейік, хинаянада - біреу) және олар сананың үш тобын құрайды. Ең алдымен дхармалардың алты түрі бөлініп алынады. Олар естіген, көрген, сипап сезген, иіскеп білген, дәмін татып көрген және менталды орган арқылы көзге елестетілгеннің пайымдалуын шарттайды. Сананың бұл түрін “алты сана” деп атайды.

Екінші топ – жалпылаушы, концептуализациялаушы сана (санскр. “манас”). Ол алғашқы “алты санадан” алынғанды пайымдау нәтижелерін жүйелендіреді, “істер мен заттарды ажыратуды” орындайды, субъект пен объектілерді бөліп қарайды және де ақыр аяғы – оларды логикалық құрастыру көмегімен дәлелдейді.