Добавлен: 04.02.2019

Просмотров: 18558

Скачиваний: 9

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Конфессияаралық диалогтың идеясы осы жылдар ішінде даму мен кең қолдау тауып отыр. Егер де 2003 жылы I Съезге 17 делегат келген болса, ал 2006 жылы форумға 20 елден 43 делегат,ал 2009 жылы 35 елден 77 делегат келді.Оның құрамында Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық жөніндегі ұйымы (ЕҚЫҰ), БҰҰ мәдениет мәселелері жөніндегі ұйым (ЮНЕСКО), «Ислам конференциясы» ұйымы (ИКҰ) бар.Сонымен қатар Съезд жұмысына қатысушылар санына жаңадан діни конфессия өкілдері ( III Съезд жұмысына бірінші рет синтонизм, даосизм, зороастризм) қосылып, жаңа елдерден (Польша, Индонезия, Пәкістан, Палистина) дін басылар келе бастады.


Қазақстандағы қазіргі діни жағдай және психологиялық қиындықтарға төзу мәселесі.

Тәуелсіздік жылдары азаматтық қоғамның және нарықтық экономиканың құрылуымен ғана емес, сондай-ақ діни серпілістің жүруімен де сипатталады: дәстүрлі діни бірлестіктер ұстанымдарының күшеюімен бірге қазіргі Қазақстан үшін беймәлім, жаңа “дәстүрлі емес” діни ұйымдар пайда болды.

Атап айтар болсақ, пресветериандық және методизм, протестанттық конфессиялар, сондай-ақ “Агапе” “Жаңа аспан” сияқты протестанттық шіркеулер, “Бахаи” “Сайтан шіркеуі”, “Саентология шіркеуі” сияқты діни бірлестіктер көріне бастады.

Қазақстандағы қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан-салалы. Кейбір деректер бойынша, 1989 жылғы 1 қаңтарда 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлес­тіктер болса, 2003 жылдың 1 қаңтарында 3206 діни бірлестіктер жұмыс істеген. Олардың арасында 1652 исламдық, соның ішінде 1642 суниттік, 2 шииттік, 2 сопылық, 4 ахмадия ағымдары бар. Бұған қоса Қазақстанның аумағында православиелік шіркеуге жататын 241 діни бірлестік (олардың 230-ы Орыс православие шіркеуіне қарайды), 7 старообрядтық шіркеу, римдік-католиктік шіркеуінің 77 бірлестігі, бірқатар протестанттық бірлестік жұмыс істейді. Қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі емес діни қауымдарға төмендегілер енеді: 5 буддистік қауым, 24 индуистік, 12 кришнаиттік, 23 бахаи, 2 трансценденталдық медитация қауымы, ұлы ақ бауырластықтың 2 қауымы, 6 саентология шіркеуі қауымы және т.б.

Еліміздің негізгі діни қауымы суниттік ислам және христиандықтың православиелік бағыттары. Елімізде 1700-ге жуық мұсылман бірлестіктері бар. Оның басым көпшілігі суниттік бағыттағы бірлестіктер. Орыс православие шіркеуінің үш епархиясына 214 приход, 8 монастыр және басқа шіркеулік құрылымдар тиесілі. Орыс православие шіркеуі приходтар санының өсуіне және материалдық тұрғыдан нығаюына күш-жігерін жұмсауда. Еліміздің бірнеше қаласында православиелік ғибатханалардың құрылысы жүріп жатыр.

Кейінгі уақытта католик, протестанттық және дәстүрлі емес діни құрылымдар өз қызметтерін белсенді түрде жүргізуде. “Иегова куәлары” бірлестігінің миссио­нерлік қызметі ерекше қарқын алуда. “Иегово куәлары” Қазақстандағы саны жағынан өсіп келе жатқан конфессия болып отыр. Оның діни орталығы Есік қала­сында орналасқан, 70-тен астам діни бірлестіктері әділет органдарында ресми тіркелген және 30-дан аса жергілікті қауымдары бар, оны ұстанатын адамдар 20 мыңға жуық.


1999 жылы діни бірлестіктердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатымен Қазақстанның діни бірлестіктер қауымдастығы құрылды. Бұл қауымдастық 200-ге жуық діни бірлестіктерді біріктіреді.

Сонымен қатар елімізде протестантизмнің жаңа апостолдық шіркеуі, елушілер (пятидесятничество), методизм, меннонизм, пресветерианство сынды ағымдары таралуда. Пятидесятничество ХХ ғасырдың басында АҚШ-та құрылған. Бұл ағымның ең ірі қауымдары Қарағанды және Алматы қалаларында орналасқан. Апостолдар рухындағы евангелшіл христиандар өз жұмысын белсенді жүргізуде. Қазіргі кезде 3 мыңға жуық адамды біріктіретін 40-қа жуық қауымдар бар. Пресветериандық ағымы елімізде америкалық, корейлік уағыздаушылардың миссионерлік қызметі нәтижесінде таралып жатыр. Бұл уағызшыларға шет елдегі діни орталықтар көмек көрсетуде. Елімізде 20-дан аса пресветериан бірлестіктері бар. “Грэйс-Благодать”, “Бірінші пресветериан шіркеуі,” “Алматы аймақтық прес­ветериан шіркеуі” бірлестіктері белгілі болып отыр.

Жетінші күн адвентистері қауымының республикалық орталығы Жетінші күн христиан-адвентистерінің Солтүстік Қазақстан конференциясы Астана қаласында. Ұйымдық жағынан бұл бірлестік Алматы қаласында орналасқан Жетінші күн адвен­тистерінің Оңтүстік одағына кіреді. Евангелшіл бағыт елімізде негізінен неміс этносының арасында таралған. Елімізде лютерандық 70-тен аса діни қауым бар.

Евангелшіл христиан-баптистердің қауымдары 10 мыңнан аса сенушілерді біріктіреді. Евангелшіл-христиан баптистер Қазақстан евангелшіл христиан-бап­тистері шіркеулерінің одағын құрды. Бірлестіктің орталығы Қарағанды облысының Саран қаласында. Евангелшіл-христиан баптистердің 250-ден аса қауымдары мен топтары бар. Евангелистер 2010 жылға дейін Қазақстан мен Орталық Азия елдерін евангелшілдендіру жоспарын басшылыққа алуда.

Шет елдік миссионердің белсенді қызметі арқасында протестанттық ағымдардың харизматикалық қауымдары “Агапе”, “Жаңа өмір”, “Жаңа аспан”, “Благая весть” және т.б. жұмыс істеуде. Елімізде дәстүрлі емес культтер қатары өсуде. Саентология шіркеуі АҚШ-та ХХ ғасырдың 50-ші жылдары пайда болды. Негізін салушы Лафайет Рон Хаббард (1911-1986). Ол өз ілімін “Динаетика: ақылды ойдың саулығы туралы бүгінгі заманғы ілім” атты еңбегінде қорытындылаған. Саен­тология шіркеуі діни бірлестігі Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында ресми тіркелген. Саентология шіркеуі Ресей, АҚШ, Англия, Австралия елдеріндегі саентологиялық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан.

Кришна санасы” қоғамы елімізде әрекет етіп отырған жаңа діни ағымдардың бірі. Индуизмнен тармақталатын “Кришна санасы халықаралық қоғамының” негізін салушы – Свами Прабхупада (1896-1977). Бұл діни ағым жастар арасында таралып жатыр. Дүниежүзілік христиандықты біріктіру жолындағы Қасиетті рух ассоциациясы (Бірігу шіркеуі) 1954 жылы құрылған. Негізін салушы – Сан Мен Мун. Бірігу шіркеуінің миссионерлері әлемнің 100-ден аса елінде қызмет етеді. Бұл шіркеудің түрлі бағыттағы ұйымдары бар. Бірігу шіркеуі елімізде 1992 жылдан жұмыс істейді.


Қазақстанда түрлі дәстүрлі емес культтар саны өсуде. Атап айтсақ, 1990 жылдары жаңа культтар саны 10-нан сәл асатын болса қазіргі уақытта жаңа культтардың саны 160-тан асады. “Кришна санасы қоғамы”, “Соңғы өсиет шіркеуі”, “Жаңа аспан”, “Жаңа өмір шіркеуі” сынды ХХ ғасырдың наным-сенімдері үгіт-насихат жұмыстарын түрлі мерекелік және қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы жүргізуде.

Елімізде экстремистік бағыттағы “Хизб-ут-тахрир” (“Азат ету партиясы”) ұйымының заңға қайшы әрекеттері жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Хизб-ут-тахрирдің мақсаты – Ислам атын жамылып, дінаралық келісім мен үн қатысуға зиянын тигізіп, бейбіт өмір тыныштығын бұзу. Хизб-ут-тахрир Орталық Азия елдерінің мем­лекеттік құрылысын мойындамайды және осы аймақта халифат құруды өздерінің мақсаты ретінде ұстанады. Аталған ұйым күресі идеологиялық күрес, идеология­лық төңкеріс, билікті өз қолдарына алу сынды үш бағытта жүргізіледі. Кейінгі жылдары мұсылмандар арасында жік салатын пікірлер мен ұстанымдар көрініс беруде. Діни фанатизм, лаңкестік, пікір төзімсіздігі ислам дініне жат.

Елімізде “әл-Каида”, “Мұсылман бауырлар”, “Талибан”, “Лашкар”, “Таиба”, “Боз-құрт”, “Өзбекстан ислам қозғалысы” және т.б. лаңкестік ұйымдардың қызметіне тыйым салынған.

Миссионерлік – діни ұйымдардың ілімдерін таратуға арналған діни және саяси қызмет. Миссионерлік ұйымдардың шоқындыру саясаты Африка және Азия халық­тары арасында қарқындап, мақсатты түрде жүргізіліп отыр. Миссионерлік ұйымдарға бірқатар елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайырымдылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық топтар материалдық және моральдық тұрғыдан көмектесіп, ортақтаса жұмыс жасайды. Миссионерлер баратын ел халқының дінін, тарихын, әдет-ғұрпын, ділі мен психологиясын зерттеп біліп барады.

Көптеген миссионерлер жергілікті халық басым елді мекендерде тұрып, сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын өз қызметтерін табысты атқару үшін жетерліктей деңгейде зерттеп, үйренеді. Елімізде протестанттық және неопротестанттық шіркеулердің миссионерлік қызметтері халқымыздың діни бірлігі мен ынтымақты өміріне кері әсерін тигізеді.

Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, Ислам дінін терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлердің үгіт-насихатына тез ілігеді.

Жаңа” культтардың бірі – Бахаи сенімінің бастауында “Баб” (“қақпа”) деген лақап атымен белгілі болған Сейд Әли Мұхаммед тұр. Ол өзін пайғамбар деп жариялаған. Бабтың ілімін жүйелеп дамытқан, бахаи сенімін орнықтырып, діни ілімін негіздеген Мырза Хусейн Әли (Баха-Улла) болды. Бахаи сенімі құдайдың бірлігін, діни төзімділікті, туыстықты, барлық діндердің мақсат бірлігін уағыздайды.


Бахаи сенімінің ең жоғары ұйымы – дүниежүзілік әділдік үйі Израиль мемлекетінің Хайфа қаласында орналасқан. Бахаи сенімінің ұлттық рухани мәжілісі елімізде 1994 жылы тіркелген. Қазіргі уақытта бахаи сенімінің 80-нен аса қауымы бар. Кейбір деректер бойынша, пайда болғанына бір ғасыр шамасы болған Бахаи сенімінің бес миллионға жуық ұстанушылары бар.

Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Ислам, христиандық және иудей діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтары ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы маңызы ерекше. Олар қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Қазақ халқының мәдениеті мен руханиаты ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі. Елімізге ислам діні күшпен емес, бейбіт жолмен енді.

Қазақстанның зайырлы мемлекет болуына байланысты, ресми идеология дінге мейлінше бейтарап қарайды: ол діншіл де, дінге қарсы да сипатқа ие емес. Қазіргі Қазақстандағы діннің жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттерден түбірінен өзгеше.

Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы Қазақстан үшін күрделі мәселе. Бүгінде Қазақстан әлемге бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы есебінде де таныс. Оған әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды заманауи діни мәселелерді шешу үшін жиналады.


АЛТЫНШЫ БӨЛІМ

ДІН ӘЛЕУМЕТТАНУЫ


Дін әлеуметтануы - жалпы әлеуметтанудың бір саласы ретінде дін мен қоғам арасындағы қатынастарды, діннің қоғамдық негіздерін, оның пайда болу, даму және қызмет етуінің қоғамдық заңдылықтарын, оның элементтері мен құрылымын, қоғамдық жүйедегі орны, қызметі мен рөлін, діннің осы жүйенің басқа элементтеріне әсерін және осы қоғамдық жүйенің дінге қайта әсерінің ерекшелігін зерттейді. Дін әлеуметтануының дін философиясынан ерекшелігі өзінің алдына діни ұстанымдарға баға беруді мақсат етіп қоймайды.

Әлеуметтанудың бұл саласының қалыптасу алғышарттары француз ағартушылығы дәуіріне сәйкес келеді. Осы уақытта христиандық тарихы және европалық емес діндер бойынша бір жүйеге келтіріп, пайымдауды қажет ететін бай дереккөздік мұра жинақталған болатын. Француз ағартушылығының көптеген идеологтары әлеуметтік институт ретінде дінге деген сыни қызығушылық қалыптастырған еді. Огюст Конттың позитивистік әдіснамасы мен И. Канттың рационалистік гносеологиясы дінді сараптаудың әдіснамалық негізін қалыптастырып берді.

Қазіргі дін әлеуметтануының негізін қалаушылар ретінде Эмиль Дюркгейм, Макс Вебер және т.б. көрсетіледі.

Дін әлеуметтануының зерттеу әдістері. Әлеуметтанушы ғалым дінді зерттеу үшін сұрау және статистикалық сараптама, қадағалау және эксперимент, кросс – мәдениетті салыстыру сараптамасы, хаттарды, тарихи құжаттарды, контент сараптамаларды сараптау әдістерін пайдаланады.


Сұрау әдісі – зерттеу әдістерінің ең маңызды түрлерінің бірі болып табылады. Сұрау әдісінде стандартталған сұхбат алу немесе респонденттен анкетаны толтыру арқылы жүзеге асады. Респоденттерге олардың діни ұстанымдары жайлы, ғибадатханаға жиі барады ма, діни құлышылық жасай ма, діни ілімдерді жақсы біледі ма, діни ілімдердің жеке бір элементеріне калай қарайтындығы жайлы сұрақтар қамтылады. Бұл сұрақтар арқылы адамның мінез – құлқын және діндарлығың, руханилығын байқауға болады.

Сұрау әдісі – адамның мінез-құлқын, әлеуметтік ұстанымдарын білуге өте пайдалы әдіс болып табылады. Ал тереңдетіп зерттеу үшін статистикалық сараптама, қадағалау, эскперимент сияқты қосымша әдістерге сүйену керек.

Қадағалау әдісі стандартталған болуы мүмкін: зерттеуші өзінің зерттейтін қоғамының ішінде өмір сүреді және жұмыс жасайды; ашық немесе жабық әдісі үлкен пайда әкеледі. Себебі, кейбір іс-әрекеттерге қатысып қана оның мәнін ашып, бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл әдіспен діндар адамның зерттеушіге айтқан сөздерінің іспен сәйкестігін тексеруге болады.

Эксперимент жасау әдісі қоғамның барлық сфераларында қолданғанымен, дінді әлеуметтік зерттеуде пайдаланбаған. Өйткені дін адамның тереңде жатқан тұлғалық сезімімен байланысты.

Кросс – мәдениетті сараптама – әр-түрлі мәдени жағдайлардағы діни феномендерді салыстыру әдісін пайдаланады. Вебер құтқарылу мағынасында буддизмде және христиандықта берілетін анықтамаларды бір-бірімен салыстырады.

Тарихи мағлұматтарды, хаттарды, құжаттарды сараптау әдісі діни ұйымдардың типологиясын жасағанда, қоғам тарихандағы діннің эволюциясын зерттеуде, протестантық капитализмнің дамуына әсерін зерттеуде жақсы пайдаланылады.

Әртүрлі мәтіндердін мазмұның анализдеу әдістерінің ең жемістісі әрі маңыздысы – контент-сараптама (ағылшын тілінен аударғанда content – мазмұн). Бұл әдіс арқылы аян мәтіндерін сараптауға мүмкіндік алуға болады.

Сонымен, әлеуметтің қолында әлеуметтік өмірдің элементі ретінде саналатын дінді зертейтін әртүрлі және бір-бірін толықтырып отыратын әдістері бар.

Дін әлеуметтануы мен феноменология. Діннің феноменологиясы ғылыми дінтану мен теология арасындағы аралықта тұр. Ол, адамның күнделікті өмірінде кездестіретін нысандармен салыстырғанда, діни табыну нысанының - «қасиетті», «мүлдем бөлекті» мойындаудан туындайды. «қасиетті» - өзге қатарда тұрған шынайылық, оның «табиғи» шынайылықтан толығымен айырмашылығы бар; ол адамилыққа да, космостыққа да ұқсамайды. Оны бір ғана тәсілмен анықтауға болады: қасиетті дегеніміз - бұл материалды болмысқа қарсы тұрған дүние. Өйткені ол табиғи адами тәжірибенің аясынан тысқары жатыр, оның адами құралдармен айтып жеткізу, көрсету мүмкін емес- тек астарлы түрде ғана жеткізуге болады, себебі біздің тіліміз материалды өмірге тән болып келеді. Қасиеттінің ұлылығы алдында адам өзін ештеңеге қауқары жоқ бірдеңедей сезінеді. Бұл философтардың құдайы емес – әлемдік зерде де емес немесе абстрактілі ұғым да емес, жақсылықтың моралді суреттелуі емес, бұл Құдайдың қаһарында көрінетін алып қуат. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда, дін адамның «қасиеттімен»– яғни, адам үшін құпия болатынмен кездесуі, онымен ұшырасуы адамның бойында қарама-қайшы сезімдер тудырады: бір жағынан – қорқыныш пен үрей, ал екінші жағынан – таңқалу, қастерлеу, табыну.