Файл: азастан республикасы ылым жне жоары білім.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Дипломная работа

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 29.11.2023

Просмотров: 146

Скачиваний: 3

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
болыс, старшын, төбе би, болыс айлау, әмеңгер, жар салу, құн төлеу, ұрын бару сияқты сөздер мен сөз тіркестері норма болса, қазіргі қазақ әдеби тілінен олар шығып қалды, керісінше, депутат, дауыс беру, қамқорлыққа алу, ғарышкер, оқулық, оқырман, оқу залы, аялдама, тоңазытқыш тәрізді сөздер мен сөз орамдары – ол кездегі әдеби тілде мүлдем қолданылмаған, кейінгі нормалар [14, 15 б.].

Қазақ әдеби тіліндегі жаңа сөздердің пайда болуы, жасалуы тіл да­муының кезеңдерінде әртүрлі. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында жа­салған жаңа сөздердің пайда болуы тіл тазалығы, ағартушылық бағыт негізінде болды. Одан кейінгі кезеңдерде орыс тілінің қарым-қатынас құралы ретінде басым бағытты иеленуіне байланыста қазақ тіліндегі жаңа сөздердің тілге енуі бәсеңдеді. Мысалы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы мерзімді басылымдардың тілі бойынша зерттеуде орыс тілі сөздерінің сөздік құрамға енуі прогрессивті бағыт ретінде баса айтылған, жаңа сөздер мәселесі қозғалмаған [15].

1960 жылдары қазақтың зиялы қауымы күнделікті тұрмысқа дендеп енген тұрмыстық заттар мен бұйымдардың, ұғым-түсініктердің қазақ­ша баламасын қалыптастыра бастады. Мысалы, кейбір мәліметтерге қарағанда 1960 жылдары белгілі аудармашы І.Жарылғапов 200-ден аса жаңа сөздер жасаған, бірақ олар ешқандай нұсқада тіркелмеген. Олардың ішінде аялдама, балмұздақ, оқырман, көрермен, қолшатыр сияқты бірер сөздер ғана ғылыми талдаудан өтіп, 1970 жылдардың орта тұста­рына қарай әдеби нормаға айналған. Осы тұтаста, яғни 1960 жылдардың аяқ жағына қарай қазақ тіл ғылы­мында бірқатар қолданбалы проблемаларға, сөз мәдениеті, қазақ тер­минологиясы, аударма, емле мәселелері сияқты маңызды тармақтарға көңіл аударыла бастады. Оларға қатысты айтылған ғылыми пікірлердің қай қайсысында да жаңа сөздер және олардың нормалануы туралы айтылды.

Терминологияны қазақыландыру мәселесі ғұлама жазушы М.Әуезовтің пікірі бар: «Ғылым тілі – бұл уақытқа шейін қазақ оқығанының бір қалыпқа қойып, бір негізге құра алмай келе жатқан мәселесінің бірі» деп, ғылыми терминдердің тіл жүйесіндегі маңыздылығын және тер­мин жасамдағы қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктерінің мол екендігін атап көрсетеді. Ал қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мәселесі әлі күнге дейін нақты шешімі табылмаған мәселе».

Қазақ әдеби тілінің неологизмдермен баюы мен толығуы мәселесі қазақ ғалымы М.Б. Балақаевтың еңбектерінде де қарастырылды. Академик М. Балақаев қазақ тілінің негізгі толығу жолдарын көрсетеді (араб, парсы және орыс тілдерінен сөздердің кіруі) «неологизм» ұғымына анықтама береді, алайда шынайы неологизмдер мен окказионализмдерді ажыратпайды, қазақ тілінің сөздік қорының толығуындағы белсенді аффикстерге жан-жақты сипаттама береді.


Қазақ әдеби тілінің сөздік құрамындағы жаңа сөздерді ғылыми- теориялық зерделеудің көш басынан академик Рәбиға Сыздық көрінді. Шын мәнінде академик Р. Сыздық қазақ неологиясы мен неографиясының негізін қалаушылардың бірі деп санауға әбден болады. Ол 1966 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған мақаласында сөздік қорға енген жаңа сөздерді қажеттілігі, семантикалық сәйкестілігі, жасалу жолдары жағынан пайымдап, жаңа сөздердің орнығуы мен нормалануындағы жазба нұсқалардың, әсіресе баспасөз тілінің доминант сала екендігін анықтап берді.

«Заман өткен сайын сөздік қазынаның сан жағынан молая түсу тенденциясын жоққа шығаруға болмайтынын мойындау керек» дей отырып, зерттеуші кейінгі зерттеулерінде қазақ тіліндегі лексикалық жаңа бірліктердің теориялық негіздері мен ұстанымдарын, олардың түрлері мен жасалу көздерін, нормалануын талдайды [16].

Ғылымда «неологизм» деп аталғанымен, тіл айналымына түсетін жаңа сөздердің өзі қолданысына, жұмсалатын өрісіне қарай, сондай-ақ әдеби тілге енген немесе енуге әлеуеті байқалған, жеке тұлғаның, ақын-жазушылардың тарапынан жасалған бірқолданыс сөздер, басқа тілдерден енген сөздер түрінде ажыратылатыны белгілі. Әлемдік ғылымда кейде олардың барлығын да «неологизм» деп танушылық бар. Осы аталғандардың нормалық және нормалану дәрежесі, сөздік құрамға қосылу мүмкіндігі әр басқа болатындығын байқап, ұстаз Р. Сыздық оларға «тілдегі жаңалықтар» немесе «тілдік жаңалық» деген нақты атау береді. Тілдегі жаңалықтарды номинация, терминология, аударма, сөзжасам және сөз мәдениеті салаларымен тығыз байланыста қарау, талдау керектігін көрсетеді. Ғалымның пікірі бойынша тілдегі жаңа қолданыстарды ең алдымен «неологизм», «аэлогизм» және «нео­лексизм» қатарларына топтастырып барып талдау керек. Зерттеушінің неологизм деп танығандары қосымшалар арқылы (өтіл, салымшы, ауысым), сөз біріктіру жолымен (орамжапырақ, тұсаукесер, ақуыз), сөз тіркестіру арқылы (атаулы көмек, тұтыну қоржыны), сөз мағы­насының ауысуы (желі, қарымта кездесу, еншілес кәсіпорын) арқылы жасалған, қазақтың төл сөздері негіз болған жаңа бірліктер болса, аэлогизм қатарын құрайтындары – байырғы сөздердің жаңа мағынаны иеленуі (көзқаман), ал неолексизм – сирек қолданыстағы, қазіргі нормативті сөздіктерге енгізілмеген, «қайта тірілген» сөздердің жаңа мағынаға ие болуы (егемен, орынтақ, үйқамақ).

Академик Р. Сыздық тұжырымдарының жаңалығы қазіргі жаңа сөздердің пайда болуының тілге деген ұлттық рухани сұраныстың күшеюі мен ұлттық сананың беки түсуіне байланысты қарастырылуында.



Ғалым тарапынан көңіл бөлінген өзекті мәселе – бүгінгі жаңа қолданыстардың әлеби тілге ену әлеуеті мен нормалануы. Ғалымның көрсетуі бойынша бірқатар жаңа бірліктер тілден орын алды, оған себеп болған факторлар:

1) беретін ұғымның семантикалық өлшеміне сай келуі;

2) әлеуметтік талғамның үдесінен шығуы; қолданыста олардың ор­тақтық, дәстүрлік, тұрақтылық сипатының қалыптасуы.

Автор айтқан маңызды тұжырымдардың тағы бірі – субъективті түрде, жоғарыда аталғандай өлшемдерге жауап бере алмайтын жаңа сөздердің қалай бағаланатындығы. «Бүгінде еркін және өз орнында қолданылып келе жатқан, басым көпшілігі «кірме сөз» статусына ие бола алатын интербірліктердің баршасын қазақшалап, олардың орны­на қайткенде де қазақша неологизмдер ұсыну ұстанымын (принципін, мұратын, бағыт-мақсатын) толық мақұлдауға болмайды. ... кірме сөздерді қазақ лексикасының бір қабаты деп тану керек», – дейді ғалым. Бұл пікір ұсынылған жаңа сөздің қолданысқа қажетсіздігінің, олардың семантикалық сәйкессіздігінің себептерін тануға, жалған жаңа сөздер жасалуының тоқталуына тіреу бола алады.

Өткен ғасырдың 80-жылдарына қарай жаңа сөздер ұғымы тұтастай алғанда қазақ терминологиясын жетілдіру және ғылым мен техниканы қазақша сөйлету мәселесімен біртұтастықта қарастырылды.

Академик Ә.Қайдар «термин (атау) шығармашылығында ана тіліміздің өз мүмкіндіктерін сарқа пайдаланудың орнына термин жасаудың оңай жолы – шет тіл элементтерін қабылдауға көбірек көңіл бөлуден кірме терминдердің көбейіп, ана тіліміздің ұлттық ерекшеліктерімен табиғатына нұқсан келе бастады. Мұндай жағдайдың дами түсуіне бүгінге дейінгі қалыптасқан мына фактор себеп болып отыр: тілімізге күн санап, апта санап (соңғы кезде шығып жатқан әр түрлі пәндердің сөздігі арқылы да) еніп жатқан жүздеген, мыңдаған терминдік ұғымдардың барлығы бір орталықтан, яғни «донор – тіл» деп аталатын орыс тілінен ғана еніп, жаңа терминдер тек соның негізінде жасалып қабылдануынан сақтану керек», – дейді [17, 3 б.].

Қазақ әдеби тілінің сөздік құрамына қандай өзгеру үдерістері тән екендігі және тілдің толығу үдерістері туралы пікірлерді академик Ш. Сарыбаев қорытқан. Ғалым өз зерттеуінде неологизмдердің атау қызметін көрсете келе, кез келген жаңа құбылыс, жаңа нәрсе және жаңа зат өзімен бірге жаңа ұғымды ала келсе, сонымен бірге жаңа сөз де келетіндігін айтады. Ш. Сарыбаев сөздік қордың баю жолдарына мысал ретінде сөз мағынасының кеңеюі мен олардың басқа мағынаны иеленуін көрсетеді және бұл фактордың қазақ әдеби тілінің баюындағы оң рөлін атайды. Ғалым әсіресе бұрынғы мағынасын сақтаған және сонымен бірге жаңа мағынаға ие болған сөздер, яғни мағынасы кеңею үдерісіне түскендердің тілді байытудағы қызметін саралаған [18, 106 б.].


Академик Ө. Айтбаев тілдегі жаңалықтар туралы: «белгілі бір дәуірде эволюциялық дамудан революциялық сапаға ауысып, ал кейде керісінше қалыпты күйге көшіп отырады. Тілде пәлендей революциялық өзгерістер бола қоймағанмен, ол қоғамдық құбылыстардың бәрін қамтып, соған лайықты ұғым, түсініктерді сөз түрінде таңбалап береді. Барлық өзгеріс, өрістер тілде көрініс бермей тұрмайды, – деп көрсетеді [19, 80 б.]. Қазақ әдеби тілінің сөздік қоры туралы қазақ ғалымдарының ішінде О. Бүркітовтің «Қазақ әдеби тілінің публицистикалық стилі» деп аталатын диссертациялық жұмысындағы ғылыми тұжырымдар да маңызды. Зерттеуде ғалым публицистикалық стильдің сөздік қормен тығыз байланысына ерекше назар аударады. Сондай-ақ автор тарапынан мерзімді баспасөздегі жаңа сөздердің жасалу тәсілдері және жаңа сөздерді қол­данудағы публицистикалық стильдің рөлі қарастырылады [20, 14 б.].
Қазақ әдеби тіліндегі жаңа қолданыстардың белгілі бір кезеңдегі (1976-1991 жылдар арасындағы) жалпы сипатын, олардың нормалануы мен қалыптануындағы нақты коммуникативтік кеңістік – мерзімді баспасөздің рөлін, жаңа сөздердің нормалануына ықпал ететін өзара байланыстағы үш ұстанымды (өзектілік, сәйкестік және эстетикалық ұстанымдар талданған зерттеу неология ғылымының теориясы мен практикасында айрықша атап өтуге тұрарлық.

1995 жылға дейінгі мерзімдегі жаңа сөздердің табиғаты Қ. Қадырқұловтың еңбегінде талданған [21]. 1991 жылдан бастап қазақ тіл білімінде жаңа сөздер қазақ тілі терминдерін қалыптастыру мәселелері аясында біртұтас қарастырыла бастады. Терминденетін лексика сөздері, жалпы халықтық тілдегі сөздердің терминдену ерекшеліктері, жаңа атаулардың жүйелену қажеттілігі, тұтастай алғанда, ұлт тіліндегі ғылыми-техникалық терминологияны қалыптастыру, термин шығармашылығының әртүрлі қырлары тікелей арқау болған іргелі еңбектер бар [18].

Терминологиялық сөздіктерді шығаруға қойылатын талаптар мен практикалық ұсыныстар, терминді жасауға қатысты әлеумет, тіл, ғылым мүдделерінен туындайтын лингвистикалық талаптар, термин түзудің ғылыми-практикалық қисындары талданған зерттеулерде де жаңа сөз­дердің табиғаты біршама сөз болады [22, 22 б.].

Зерттеуші Н.И. Букетованың еңбегі бірнеше тілдердегі жаңа сөздерді жасайтын түбір морфемаларды талдауға арналған. Қазақ тіліндегі неологизмдер салыстырмалы-тарихи және салғастырмалы тіл білімі аясында қарастырылған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жаңа сөздердің – қоғамдық-саяси неологимздердің қалыптасуы мен қолда­нысқа түсуінің кешенді талдауы жүзеге асырылған еңбек жаңа сөздердің құрылымы әрбасқа тілдердегі сипаттамасын жан-жақты танытқан.


Шамамен алғанда, 1976-2015 жылдарға дейінгі аралықтағы жаңа сөздердің лексикографиялық түзілуін анықтау да жаңа сөздерді жүйелеу, талдау және сұрыптау мәселелерінде маңызды. Қазақ тіл білімінде жаңа сөздердің тіркелуі 1985 жылы жүзеге асырылды. Қазақ тіліндегі жаңа атаулардың үш жинағы ғалымдар тарапынан «қазақ әдеби тілі лек­сикасының дамуын, жаңа сөздердің жинақталуын көрсетуі жағынан аса құнды еңбек» деп бағаланған. Зерттеу нысанына қарай жаңа сөздер бойынша тілдік фактілерді талдауда, жүйелеуде, сұрыптауда және олардың қалыптану үдерістерін белгілеуде соңғы 25-30 жыл ішінде жарияланған екі тілді терминологиялық сөздіктердің рөлі ай­рықша. Ғалымдардың көрсетуінше, 1991 жылдан бері қарайғы кезеңде ғылымның барлық дерлік салалары бойынша 200-ге тарта екітілді, түсіндірме, терминологиялық сөздіктер жарияланған.

Жаңа сөздерге қатысты мәселелерді анықтауда Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен 31 ғылым саласы бойынша қазақша-орысша және орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер сериясы жаңа сөздерді жүйелеу және қалыптану үдерістерін зерделеу тұрғысынан бірегей басылым болып бағаланады.

Қазақ әдеби тіліндегі жаңа сөздердің зерттеулерінің табиғатына қатысты мынадай қорытынды жасалған болатын: «қоғам өміріндегі жаңғырулар, тілдің өз қозғалысы лексикалық құрамды әрдайым жаңа тілдік бірліктермен толықтырып отырады, сондықтан қазақ тілтанымында неология мен неография саласын, әсіресе тілге толассыз енген (және еніп жатқан) жаңа тілдік бірліктердің кодификациялануын теориялық-практикалық тұрғыдан қарқынды дамыту маңызды болып отыр. Осы салалардың кешенді түрде қолға алынуы қазақ сөз мәдениеті, әдеби тіл нормалары, терминология және терминография, аударма және әлеуметтік лингвистика, лексикология мен сөз семантикасы, әдеби тілдің функционалды стильдерінің қазіргі сипаты, орта мектептерде білім беру жүйесінде қазақ тілін оқыту әдістемесін жандандыру бағыттарын­дағы зерттеулерді толықтыратыны, ең бастысы – қазақ неологиясы мен мен неографиясының қалыптасуына жол ашатыны сөзсіз.