Добавлен: 29.11.2023
Просмотров: 150
Скачиваний: 3
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
1.3. Жаңа қолданыстардың жасалуына әсер ететін факторлар
Бүгінгі таңдағы қазақ тіліндегі жаңа қолданыстардың жасалуына қоғамдык-әлеуметтік, ғылыми-техникалық күш-ықпалдармен қатар тілдің өз заңдылықтары да себепкер болып отыр. Сондықтан да біз жаңа колданыстардың «дүниеге келуіне» жол ашатын әр алуан жағдаяттарды, факторларды кең ыңғайда топтастырдық, олар – экстралингвистикалық /сырткы тілдік/ және интралингвистикалық /ішкі тілдік/ факторлар.
Қазақ тілінің қазіргі қалыпқа келуі біріншіден, кең түрде орыс тілінен сөз алу себеп болса, екіншіден, тілдің ішкі факторлары аса зор маңызы болды.
1) Тілден тыс факторлар арқылы жасалған жаңа қолданыстар. Еліміздің егемендік алуы, тіліміздің мемлекеттік мәртебесін иемденуі, сондай-ақ еліміздің Ата заңын және мемлекеттік рәміздерді қабылдауы және елімізде жүргізілген, жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық т.б. реформаларға байланысты қазақ баспасөзі жаңа сөздер, жаңа қолданыстармен байи түсті.
Мысалы: саяси өзгерістерге байланысты: Елбасы, егемендік, әнұран, елтаңба, оралман т.б. экономикалық реформаларға байланысты: нарық, кеден, көтерме сауда, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, ықпалшара т.б.
Ғылыми-техникалық дамуға байланысты: ақылды үй, ғарышкер, тінтуір, пернетақта, таратқыш т.б. Қоғамдық-әлеуметтік жағдайлармен байланысты енген сөздер: мәңгүрт, көкек ана, жатырын жалға беретін ана т.б. Интеграциямен байланысты: жаһандану, мәмілегер, келісім-шарт, кедендік одақ т.б. Мәдени: үнтаспа, мұрағат, жәдігер, тұсаукесер т.б.
Тілдің кейбір мәселелерін қайта қарау, жетілдіру, жақсарту жұмыстары жолға қойыла бастады. Осындай жолға қойылып, реттеле бастаған жұмыстардың ең маңыздысы – төл тілдің қорлары арқылы жасалған терминологиялық жүйені қалыптастыру. Сөйтіп орыс тілінен және халықаралық терминологиялық қордан алынған атауларды қазақ тілінің өз сөздерімен алмастыру жұмысы қарқынды бағыт ала бастады. Аталған қоғамдық-әлеуметтік өзгерістен кейін иноугурация, глобализация, статус, независимость, презентация, герб, гимн, Президент, таможня, резиденция тәрізді ғылымның, өмірдің әр алуан салаларына қатысты орыс тілі терминдерінің ұлықтау рәсімі, жаһандану, мәртебе, тәуелсіздік, тұсаукесер, әнұран, Елбасы, Елтаңба, кеден, Ақ орда тәрізді баламалары пайда болды. Мысалы: Осыған орай кеше «Қазақстан» қонақ үйінде «Дос Мұқасан» тобының 40 жылдық мерейтойы және ансамбльдің белгілі ди-джей Мойшемен бірлескен жобасы – «Қайдасың» атты альбомының тұсаукесері болып өтті. («Ана тілі» газеті, 8 қараша, 2007 жыл, 4-бет.).
2) Ішкі тілдік факторлардың әсері арқылы жасалған жаңа қолданыстар. Тәуелсіздік кезеңіндегі қоғамдық-саяси өмірдегі жаңа құрылыс, жаңа өмір сипаты, жаңа қарым-қатынас дамуына сәйкес қоғам өмірін бейнелейтін жаңа сөздерді тілімізге жүздеп, мыңдап жедел енгізу жұмыстары жүргізілгені белгілі.
Қазақ тіл білімінде тарихи тұрғыдан салыстырмалы-талдамалық зерттеулер жүргізу нәтижесінде тілге жаңа сөз енуінің үш түрлі бұлағы бар екені анықталған:
1. Жаңадан сөз жасау: айқұлақ, бапкер, бейнетаспа, сөзтізбе, демеуші,
есірткі, зертхана, наубайхана, зияткерлік, тосынсый, жертөле, кептеліс, салымшы, ақылды үй, еркін экономикалық аймақ, теңге бағамы, келісімшарт,
сын-ескертпе, арыз-тілек, арыз-шағым т.б.
2. Белгілі бір тілдің өз ішінен сөз тудыру: билік, әкім, хұқық, басқарма,
сайлау, төраға, қисын, таңба, кеңес т.б.
3. Сөздерді шеттен алу: а) өзге тілдерден: оппозиция, брифинг, ипотека, тендер, агенттік, лицензия, конфессия, батарея, бутик, пресс-релиз, навигация т.б.;
ә) ауызекі сөйлеу тілінен, диалектілік лексикадан: егемен, ұжым, кеден, құжат, сусамыр, кент, нысан, сардар, нарық, серке, ота т.б.;
б) ауыз әдебиеті тілінен: қызмет, өнер, қауым, жарапазан, беташар,
кіреуке, шаһар т.б.
Жаңа қолданыстардың жасалуына әсер ететін ішкі тілдік себеп-салдарларды, күш-ықпалдарды бірнеше топқа бөліп қарастырдық:
а) тілдің үнемдеу заңдылықтарына сәйкес жасалған жаңа қолданыстар. Үнемдеу заңдылығы – тіл-тілдердің қай-қайсысына да және тілдің барлық қаттауларына да тән құбылыс. Әдеби тілдің ауызша түрінде, күнделікті тұрмыстық ауызекі сөйлеу тілінде, сондай-ақ жазба тіл үлгілерінде де бұл заңдылық үлкен қызмет атқарады.
Тілдің сөздік құрамында бұрыннан бар сөз тіркестері немесе сипаттама, түсіндірме жолымен берілген атауларды жазба тіл үлгілері мүмкіндігінше жаңа коммуникациямен – бір сөзбен алмастырып беруді әрдайым жүзеге асырып отырады, бұның өзі тілдің сөздік құрамының толығуына, тың деривациялық тұлғалардың пайда болуына, сөздердің тіркесімділік қабілетінің артуына жол ашады: саралқа, пікірсарап, түпнұсқа т.б. Тілде бұрыннан бар, қалыптасқан, нормалы атауларды жаңа сөзбен ауыстыру, жаңғырту себептері, міне атап өткен жағдайларға байланысты. Сондықтан да қазіргі қазақ баспасөзі бір алуан номинациялардың «қысқарған», ықшамдалған тұлғаларын қалыптастыруға ұмтылыс жасап жүр. Мысалы, баспа қызметкері дегеннен гөрі баспагер деп қолдану орын алып келеді, айтысқа қатысушы адам дегеннің орнына айтыскер деп қолдану үрдіс алуда, ал жаңа қоныстанушылар тойы дегеннің орнына қоныстой деп қолдану да бар.
Үнемдеу принципін басшылыққа ала отырып, баспасөз тілі жаңа қолданыс жасауға сөз біріктіру тәсіліне көбірек иек артуда. Осы заңдылаққа сай баспасөз тілі изафет құрылымды сөз тіркестерін де «ықтималдық» бірлікте жасауға, сөйтіп, тың туынды тұлға жасауға мейлінше бейім тұрады, мысалы, ата тегі – ататек (предки). Өйткені бұлардың ататек кітабындағы бар айрықша сол... [3], лақап аты – лақапат; ел таңбасы – елтаңба; бет пердесі – бетперде; құлақ қабы – құлаққап. Мұндай құбылыс тіл білімінде «процесс включения» деп аталады 13 б.].
ә) Экспрессивтік-көркемдеуіш қызметке орай жасалған жаңа қолданыстар. Бұл ішкі тілдік стимул бойынша жасалған жаңа сөздер мәнмәтінде негізінен синонимдік қызмет атқарады және осы қызмет үшін пайда болады. Алайда олардың қатарында синонимдік реңінен ажырап, терминдік деңгейге көтерілген жаңа қолданыстар да жоқ емес. Мысалы: айдар, сұхбат, ғарыш, шеру, тыңгер (тың игеруші), ғарышкер, отшашу, қолүздік, бопса, ауыздықтау және т.б.
Өзіндік тілдік стильдік ерекшеліктері айқын қалыптасқан баспасөз тілі әрдайым тілдік автоматизмді, «бір белгі (знак) бір мағына» сызбасын бұзып, байырғы номинацияның жаңа, образды баламаларын жасап отырады. Олардың бір легі баспасөз тілінде біршама уақытқа дейін бояулы реңімен синоним қызметінде жұмсала алады, ал енді бірқатары қолданыс жиілігі арта келе, осы реңінен ажырап, терминдік дефиницияны бере алатын дәрежеге көтеріледі. Бұған космос терминінің экспрессивті синонимі ретінде пайда болған ғарыш сөзінің одан әрі дамуы дәлел. Бұл лексеманы термин деп атауға толық мүмкіндік бар, өйткені ол әдеби тілдің барлық стильдік тармақтарында, әсіресе ресми құжаттар тілінде орнықты.
Біртектес ұғымдарды бірыңғай атау принципі бойынша жасалған жаңа қолданыстар Бір топқа, бір тек түрге жататын бірыңғай реалий атауларын бір жүйемен қалыптастыру, олардың бір амал-тәсілмен жасалған номинациясын беру – тілдің жетілгендігінің, сұрыпталғандығының белгісі. Осы принципті тілдің өз ішкі заңдылығы қажет етеді. Айталық, -хана жұрнағы, кейінгі кезеңге дейін сөз тудыру процесіне бәсең араласып келді, 1960 жж. осы тұлғаның көмегі арқылы шеберхана, емхана типтес бірер сөз ғана жасалған болатын. -хана қосымшасының «мекен, орын, адамдардың қызметіне, жұмысына, тұрмыс-тіршілігіне және т.б. қажетті тұрғынжай дегенді білдіре алатын түпкі араб-парсының мағынасы қазір бір алуан жаңа қолданыстардың жасалуына арқау болып отыр. Мысалы: қымызхана, шұбатхана, дәріхана, дәрісхана, дәмхана, мейрамхана, тойхана, т.б. -жай, -хат, қағаз, таным, тану, қан, шым, жол, сауыт
тәрізді нақты мағынадан гөрі жалпы мағынаны иелене бастаған бірқатар біріккен тұлғалардың жасалуына сүйеніш болып бірыңғай атаулардың номинациясын жүйеге түсіруге ат салысады. Мысалы:
жай: тұрғынжай, көрмежай, мұражай, жағажай, өнержай, әуйежай, саяжай, ғарышжай, мекенжай;
таным: дүниетаным, кинотаным;
тану: сәкентану, абайтану, ахметтану, шығыстану, өлкетану, т.б.
қап: құлаққап, түнемелқап.
Сонымен, қазақ тіліндегі жаңа қолданыстардың жасалуына түрткі болатын әлеуетті факторлардың бірі – ішкі тілдік жағдайлар, қоғам өзгерістері мен жаңалықтары болса, тілдің өз талабы, өз заңдылығы да әр алуан тың орамдар мен соны сөздердің айналымға түсуіне ықпал жасайды. Жаңа белестерді еңсеріп келе жатқан қазіргі қазақ тілінің алдағы уақытта ішкі тілдік факторлардың әсерінен әлі де толығып жетіле түсетініне тілдің толассыз іштей дамуы мен қоғамның барлық саласындағы күнделікті өзгерістер айқын дәлел.
1.4 Жаңа қолданыстардың лексика-семантикалық топтары
Жаңа қолданыстарды түрлi семантикалық топтарға жiктеу тек зерттелiп отырған фактiлерге шолу жасап қана қоймай, сонымен қатар лексикалық жүйенiң мәндi белгiлерiн объективтi түрде тануға мүмкiндiк бередi.
Өмірге келіп жатқан жаңа тілдік қолданыстардың айналымға еніп, қалыптасып тұрақталуында баспасөздің атқаратын қызметін ғалым С.Исаев: «Баспасөз тілі – жазба тіл. Қай дәуірде болсын, баспасөз өзі қызмет етіп отырған халықтың тілін пайдаланып қана қоймайды, оның байып, дамып отыруына әсер – ықпалын тигізіп те отырады» [14, 8 б.], – деп айтқандай, еліміздің егемендік алып, тәуелсіздік тұғырына көтерілуі, тіліміздің мемлекетгік тіл мәртебесіне ие болуы қазақ баспасөзінің де жаңа арнаға түсіп, жаңаша дамуына алып келді. Осыған сәйкес, еліміз егемендік алғаннан бергі кезеңдегі қолданысқа түскен жаңа сөздерді баспа беттерінен қарастырылып, 7 топқа жіктелді. Олар:
1) Қоғамдық-саяси лексика. Мұның ішінде ең көп тарағаны қоғамдық-саяси лексика, яғни көптеген жаңа сөздер осы салада пайда болуда. Қоғамда болып жатқан өзгерістер, әлеуметтік жағдай, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, еліміздің тәуелсіздік алуы нәтижесінде қоғамдық-саяси лексика дамып, толығып отыр. Қоғамдық-саяси лексиканың өзін ішінара бірнеше топтарға бөліп қарастыруға болады:
а) саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты сөздер мен сөз тіркестері: Халықаралық қауымдастық, парламент, Парламент палаталары, сенат, сенатор, саммит,
Егемен ел, рухани жаңғыру, мәдени мұра, жолдау, Адами капитал, халықаралық дәліз, Нұрлы жол, ұлықтау рәсімі, егемендік, сыбайлас жемқорлық, жаһандану, сын-қатерлер, мәслихат, мажоритарлы жүйе, жол картасы, дағдарыс, геосаяси ахуал, Болашақ бағдарламасы, бітімгерлік, еститін үкімет, т.б. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Елбасының 2017 жылы 12 сәуірде жарық көрген осы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізінде жасалған («Егеменді Қазақстан», 2017, 15 қазан).
Халықаралық қауымдастық Астананы Азиядағы Женева деп біледі («Егеменді Қазақстан», 2018, 13 қыркүйек).
Сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке, әрбір отбасының әл-ауқатына, балаларымыздың жарқын болашағына және тұтастай алғанда елдің дамуына қауіп төндіреді («Егеменді Қазақстан», 2020, 9 ақпан); Бүгінгі бас қосуда қазіргі жаһандану заманындағы адамзат өркениетіне төнген әлемдік сын-қатерлер мен оған қарсы тұратын ұстанымдар қарастырылды («Ана тілі, 2015, 2 қараша); «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды («Ана тілі, 2022, 17 наурыз); Жақында аудан әкімінің Жол картасы қабылданды. Жаңадан әзірленген Жол картасы туралы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Л.Қозыбаева түсіндіріп берді («Айқын», 2018, 19 сәуір).
ә) мемлекеттік ұйым, мекеме, қызмет, лауазым атаулары: Тұңғыш Президент, Елбасы, Ақорда, Президент әкімшілігі, билік, жергілікті билік, атқарушы билік, лауазымды тұлға,шенеунік, электронды үкімет, офис, билік институттары, құзырлы органдар, инфрақұрылым, этномәдени бірлестік, виртуалды қабылдау, Ұлттық құрылтай, т.б. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің Интерактивті білім беру орталығында Ақорданың – Президент резиденциясының макеті тұр («Егеменді Қазақстан», 2017, 17 наурыз); Атқарушы және жергілікті билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды («Айқын», 2022, 10 қаңтар); Қазақстандағы әрбір этномәдени бірлестіктің еркін жұмыс істеп, қолға алған игі бастамаларын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан қолдау зор. Қазақстанның этномәдени бірлестіктері – Қазақстан аумағында тұратын этностардың тілі, мәдениеті, дәстүрлерін дамыту мақсатында біріккен қоғамдық ұйымдар («Егеменді Қазақстан», 2021, 8 желтоқсан); Ұлттық құрылтай ұлт ұясы Ұлытаудан бастау алды («Айқын», 2022, 6 маусым); «Электронды үкімет