Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 1143
Скачиваний: 21
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
- жағымды психологиялық орта орнату,
- үйренушілерде білім игеруге деген қызығушылықты (мотивация, ынта, ұмтылыс) тудыру,
- білім игеруде үйренушілерді сәттілікке бағыттау,
- білім игеру процесін коммуникативтік процесс деп түсініп, бірлескен әрекеттерді қолдану.
1.1 Жағымды психологиялық орта орнату
Бүгінде білім игеру процесінде ортаның маңызы дау тудырмайтын аксиома іспеттес. Американдық философ Джон Дьюи білімді тәжірибе деп түсініп, оны құрастыруда ортаның алатын орнын ерекше атап кеткен: «Тәжірибе индивид пен оны қоршаған ортаның әрекеттесу процесінде пайда болады». Ал қоршаған ортаны Дж.Дьюи «жеке бастың қажеттіліктері, қалаулары, мақсаттары және қабілеттерімен әрекеттесу арқылы тәжірибенің іске асырылуын қамтамасыз ететін қандай да болмасын ситуация» деп атайды (Дж.Дьюи, 343).
Интербелсенді оқуда/оқытуда үйренушілер қомақты нәтижелерге өзара қарым-қатынас пен әрекеттесу, бірлескен әрекеттер арқылы жететіндігін біледі, сол себепті де олар үйренудің нәтижесіне деген өз жауапкершіліктерін түсінеді. Сондықтан мұндай сабақтарда жағымды психологиялық климаттың, сенім атмосферасының алатын орны аса маңызды. Интербелсенді оқуда/оқытуда оқытушы бұрынғыдай барлық күш-жігерін үйретуге жұмсамай, студенттердің бірлесе отырып, өздігімен білім алуына тиімді жағдайлар жасайды.
Мұндай ұстанымның дәлелін келесі сөздерден көруге болады. Ғұлама ғалым Альберт Эйнштейн кезінде «Мен өз шәкірттерімді ешқашанда үйретпеймін; мен тек олардың үйренуіне тиімді жағдайлар жасауға тырысамын» деп айтса, суда жүзу бойынша он бір Олимпиада чемпионын дайындаған атақты австралиялық жаттықтырушы Фред Корлайль «Мен чемпиондарды даярлап шығармаймын, мен тек жеңімпаздар қалыптасатын орта дайындаймын» деген екен.
С.Мирсейітова егер «сыныптағы ортада оқушылар арасында еркін қарым-қатынас, өзара әрекеттесу мен ынтымақтастық қуатталып, оқушыларға өзіндік идеяларды ұсыну мүмкіншілігі берілсе, онда олар ешнәрседен қаймықпай, берілген тапсырмаларды ынтамен орындайды» деген ұйғарым жасап, әрі қарай былай деп жазады: «Мұндай сыныпта мұғалім қуаттаушы (фасилитатор) болып, таным процесін бағыттайды, олар өздерін үйренуші деп таниды, әр оқушының жеке тәжірибесі, әлеуметтік қарым-қатынас пен ізденуге негізделген орта құрады» (С.Мирсеитова, 2008, 24-25). Мұндай орта «таным, ізденіс және еркін пікір алмасуға жағдай жасайды», мұндай орта – «әрбір үйренушіге өз білімі мен сыныптағы барлық оқушылардың біліміне жауапкершілікті жүктейтін, тіл және басқа да коммуникативтік құралдар бірлесе проблема шешу мен жаңа идеяларды зерттеу социумы» (С.Мирсеитова, 2008, 81). Мұндай орта педагогтардың негізгі ұмтылысына айналады: «Білім берудің басты мақсаты - ешкімге ұқсамайтын дербестігі, рухани әлемі, шығармашылық потенциалы бар адамның қалыптасуы мен дамуы үшін орта құру» (С.Мирсеитова, 2008, 5).
Бұл секілді ортада бірінші кезекте жағымды психологиялық климат құрылады, яғни студенттік топ (аудитория, сынып) ішінде тұлғаның жан-жақты дамуы, бірлескен өнімді әрі тиімді жұмыс жасауына қолайлы тұлға аралық қатынастар мен жағдайлар жасалады.
Жағымды психологиялық климат топ (аудитория, сынып) құрамына кіретін үйренушілердің еркіндігін меңзейді. Бұл еркіндік өзара сыйласымдық, жолдастық, бір-біріне бейімделу және бөтен пікір мен көзқарастарды жағымды тұрғыдан қабылдау мен оларды түсінуге деген ұмтылыстан, оларға төзе білуден тұрады.
Үйренушілер тек осындай жағдайда ғана оқу/үйрену процесі тиімді сипат алатындығын түсінуі керек. Жағымды психологиялық климат құру - әр сабақтың және жалпылама алғанда бүкіл білім игеру процесінің басты мақсаты. Үйренушілер әр сабақта жағымды атмосфераны орнатуға ұмтылу - жақсылық пен ізгілік нышаны деп түсінгені абзал.
Жағымды психологиялық климат құру үйретуші мен әрбір үйренушіден келесі ережелерді сақтауды талап етеді:
1. Үйрену процесіне қатынасушылардың әрқайсымен өзара сыйластыққа негізделген жеке қарым-қатынас орнатуға мүдделі болу.
Сыйластық қарым-қатынасты оқу процесінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл өміріміздің мәні мен мағынасы деген философиялық түйін ұстанып, осындай жүздесуді сабақтың негізіне айналдыру керек.
2. Қарым-қатынаста қысымнан бас тартып, «жұмсақ» әдістерді қолдану.
Сабақ беруде халқымыздың «Жақсыдан жылы шығады», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жылы-жылы сөйлесе – жылан інінен шығады, суық-суық сөйлесе – мұсылман діннен таяды» деген аталы сөздерін ұмытпаған абзал. Сондықтан да қысымға негізделген әрекеттерді педагогикалық қызметтен аластату керек, өйткені олардың игі нәтижеге апаруы неғайбыл нәрсе.
Физиканың «Қандай да болмасын қысым қарсылыққа тура пропорционалды» деген заңын мектептен білеміз. Міне осы қағиданы француз философы әрі жазушысы Альбер Камю қоғамдық қатынастарға да қолданған. Неғұрлым қатты қысым жасасақ, соғұрлым қарсылық та күшейе түспек. Сондықтан да білім беру ісінде мейлінше жұмсақ болу шарт.
Көне қытай данышпаны Лао-цзы былай деген екен: «Шөп өсіп тұрғанда жұмсақ болады да, өлгеннен кейін қатып қалады, адам денесі де тірі кезінде жұмсақ та, өлгеннен кейін қатты болады. Демек, өмір дегеніміз - жұмсақтық, ал өлім - қаттылық. Ең жұмсақ нәрсе – су, ол қандай да болмасын кейіп (форма) қабылдап, кез келген қалыпқа енеді. Сонымен бірге ең қуатты да су: тасығанда оның тегеурініне шыдайтын бір де бір тосқауыл жоқ та болар. Демек, жұмсақтық – күш.. Демек, су сияқты жұмсақ болып, әр адамның бабын таба білу керек».
3. Әрбір үйренуші мен бүкіл топ жұмысына көмек пен жәрдем жасау, қол ұшын беруге дайындық.
Оқу процесінде қатысушылардың барлығы да өздерінің ортақ іспен айналысып, маңызы бар проблеманы шешіп жатқандығын есте ұстауы қажет: «Илеп жүргеніміз – бір пұшпақтың терісі». Сол себепті де әркімге қол ұшын беру - бірлескен жұмыстың нәтижелігін арттырады деп тұжырымдаған дұрыс. Ал ұстаздың оқу процесі барысында әрбір үйренуші мен топтың жұмысын, оның нәтижелерін қуаттап, қолдап, қолпаштап, олардың нәтижелеріне шын көңілден қуанып отыруы қажет.
4. Әрбір пікірді тыңдай білу, оны сыйлау және онымен санасу.
Әр мәселе бойынша әрбір адамның өзіндік пікір қалыптастыратындығы хақ: «Қанша адам бар болса, пікірлер де соншама» деп бекер айтылмаған болар. Сайып келгенде, білім дегеніміз әр адамның өзіндік түсінігі, пікірі, ұстанымы, тұжырымдамасы, көзқарасы, уәжі, ойлары, дәлелдері. Сондықтан да білім алу процесінде үйренушілердің өзіндік көзқарас қалыптастыруға ұмтылуын ынталандырып, ондай әрекеттерін қуаттаған жөн.
5. Жағымды (позитивтік) және конструктивистік көзқарас ұстану, ешкімді де, ешнәрсені де (өзгенің пікірі мен көзқарасы) сөкпеу, даттамау.
Жұмыс барысы мен нәтижесінде туындайтын сәтсіздіктердің алдын алу, оларды болдырмауға ұмтылу; ал сәтсіздік болған жағдайда кімнің кінәлі екендігін іздемей, оның себептерін талдап, болашақта оны қайталамаудың жолдарын қарастыру.
-
Жұмысқа әртүрлі тәсілдер мен құралдарды қолдану арқылы үнемі жаңалықтар енгізіп отыру.
Бұл жәйт үйренушілердің назарын білім игерудің қиыншылықтарынан оның қызықты жақтарына аударады, оларды ынталандырады, еркіндік береді.
-
Шығармашылыққа негізделу, шығармашылық тұрғыдан қатысушылардың ашылуына мүмкіндік беру.
Шығармашылық дегеніміз жаңалық ашу. Әр сабақта студенттерді біреудің айтқанын қайталамай (репродуктивтік әрекеттер), жаңалық жасауға, ашуға ынталандырып отырған абзал.
Жағымды психологиялық климат құруда сабақ басында (қажет болған жағдайда сабақ ортасында) үйренушілердің көңілін көтеру үшін және олардың назарын сабаққа аудару мен жұмысқа ынталандыру мақсатында ойсергектер(немесе кейде ойашар деп те аталады) қолданған тиімді. Ойсергектер үйренушілерді еркін сезіндіріп, оларды секемдік пен сенімсіздіктен арылтудың тиімді амалдары болып табылады (ойсергектердің мысалдары төменде беріледі).
1.2 Мотивация тудыру немесе қызығушылықты ояту
Үйренушінің оқуға/үйренуге деген ықылас-ынтасы, ниеті мен зауқы болмаса, оқу нәтижесінің мардымды болуы екіталай. Француз жазушысы Анатоль Франс кезінде «Тамақ тек зор тәбетпен ішкенде ғана сіңеді» деген екен. Оқу мотивациясы дегеніміз дәп осы сияқты білімге, білуге деген «тәбет».
Мотивация - әр үйренушінің білімге деген қажеттілігі мен мұқтаждығы, құлшынысы мен ұмтылысы, ынтасы мен көңілі, қызығушылығы мен құмартушылығы, оның білім процесінде алдына қойған мақсаттары мен мүдделері.
Мұнда басты мәселе әр үйренушінің жеке «Мен»-імен байланысты, яғни мотивация үйренушінің білімге деген қатынасымен тікелей байланысты болып, оқу процесінде шәкірттің үйрену әрекеттерімен айқындалады.
Мотивацияның түрлері:
1. Танымдық мүдделер
1) Кең ауқымды мотивтер
- білім алу;
- кәсіп алу, маман болу.
2) Оқу-танымдық мотивтер
- білім игеру тәсілдерін меңгеру,
- белгілі бір тақырыпты (ақпарат, мәлімет, ұғым, пән, білік, дағды, машық, құзырет) игеру.
2. Әлеуметтік мүдделер
1) Кең ауқымды
-
қоғам (адамзат, Отан, жанұя, ұжым, т.б.) алдындағы борыш пен жауапкершілік,
-
білім алудың әлеуметтік маңызын түсіну жауапкершілігі.
2) Қоғамдағы өзінің орнын табу (Абай айтқандай: «Сен де бір кірпіш... Дүниеге кетігін тап та, бар - қалан!»)
-
белгілі бір мақсатқа жету,
-
басқа адамдардың ішінен белгілі бір позицияны иемдену,
-
қоғамда беделге, материалдық құндылықтарға, атақ, лауазым, абырой, даңққа, мақтау мен марапаттауға ұмтылу.
3) Әлеуметтік қарым-қатынас
-
қоғамдағы басқа адамдармен қарым-қатынас құру,
-
қарым-қатынастың тиімді тәсілдерін меңгеру.
Әрбір үйренушінің оқу мен үйренуге (алдағы сабаққа, қарастырылатын тақырыпқа, өткізілетін шараға, т.б.) деген қызығушылығын бірінші мезетте оның жеке тұлғасына, жеке өміріне, жеке басының мұң-мұқтаждарына, қажеттіліктеріне және мүдделеріне жүгіну арқылы ғана оятуға болады.
Студенттер әр сабақ пен тақырыптың өз өміріне, оның ішінде өзінің тұлға және маман ретінде дамуына тікелей қатысы бар болып, елеулі пайда әкелетіндігін білгенде ған таным процесіне белсене араласады. Сол себепті де студенттің «МЕН» сезімі арқылы оның оқу материалына қызығушылығын тудыруға болады.
Қызығушылықты ояту дегеніміз оқуға деген «тәбетті» шақыру іспеттес, онсыз білімнің «сіңірілетіні» екіталай немесе «сіңірілу» саналы және ерікті түрде болмайды. Үйренуші игерілетін білімге тек өзінің тікелей қатысы бар екендігін сезінгенде ғана оған именуге, зер салуға, оны қарастыруға дайын болады. Басқаша сөзбен айтқанда, қызығушылықты ояту дегеніміз қажеттіліктерді айқындау.
Қызығушылықты ояту арқылы үйренушілерді келесідей әрекеттерге баулуға болады:
1. Үйренушілер өздерінің бұрынғы жеке білімін айқындайды.
Бұл үшін үйренушілер қарастырылатын тақырыпты жеке тәжірибесі тұрғысынан ой елегінен өткізіп, ол бойынша не білетіндігін естеріне түсіреді, оларды талдайды. Бұл әрекет оларды белсенді жұмысқа ынталандырады және өздерінің бұрынырақ алған білімдеріне баға беруге шақырады, өйткені мұнда әр үйренуші «Мен осы тақырып бойынша не білемін? Менің білетінім қандай дәрежеде екен? Менің есімде нендей білім жатталып қалды екен? Ол маған қалайша қажет болып еді?»