Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 1166
Скачиваний: 21
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Билл Ньюменнің «Бүркіттермен бірге қалықтаңдар» кітабынан
1.4 Бірлескен топтық жұмыс
Әрбір сабақта топтық жұмыс арқылы бірлесе әрекеттенген тиімді. Бұл ұстаным Құрастырылған (конструктивтік) білімнің басты идеяларының бірі. Осы бағытты ұстанған оқу/үйрену жобаларының барлығы да бірлескен әрекеттерді үйренудің негізі деп таниды. Ж.Пиаже бұл туралы келесідей жазады: «Адамның ақылы («ми» деген мағынада – А.Ә.) өзін таниды, яғни, психологиялық тілмен айтқанда, басқа заттармен немесе басқа ақылдармен қатынаста ғана болады» (Ж.Пиаже, 347). Адамның санасы тек басқа адамдармен қарым-қатынаста ғана дамиды, тек қарым-қатынас әрекеттері ғана бізді жаңа түсінікке әкеледі. Ал қарым-қатынас дегеніміз өзімізді басқаларға (олардың пікіріне, идеяларына, көзқарасына, мінезіне) бейімдеу деген сөз.
Шағын топтық (немесе жұптық) жұмыстар үйренушілерде бірлік, бірегейлік (корпоративтік) сезімдер қалыптастырып, сол арқылы өздерінің ұжымға тікелей қатысы бар екендігін аңғартады. Ал «Көптің түкіргені – көл», «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» екендігі баршаға аян, ұжым болып қандай да болмасын тапсырманы орындау қызық та тартымды шаруаға айналады.
Бірлескен жұмыс барысында шағын топ мүшелерінің (ең тиімдісі әр топ құрамында 4-6 студент болғанда) барлығы да өзара қарым-қатынасқа негізделген (интербелсенді) әрекеттерді атқарады (мәселен, тыңдай білу, өз пікірін ұтымды және дәлелді түрде жеткізе білу, ортақ пікір қалыптастыру, туындаған егес пен дау-дамайларды шеше білу, бірлесе шешім қабылдау). Мұнда біреудің жұмыстан тыс не қалыс қалуы екіталай: барлығы да қызу әрекетте болады, барлығы да жұмыстың қорытынды нәтижесіне өз үлесін қосады.
Әдетте дәстүрлі сабақта бірнеше үйренуші ғана әрекет жасайды: олар ұстаз талабы бойынша берілген тапсырманы жеке-жеке орындап, жасалған жұмысы бойынша есеп және жауап береді. Ал бұл мезетте қалған студенттер белсенді әрекеттер атқармайды. Бұған керісінше, топтық жұмысқа барлық дерлік студенттер қатысады, өйткені берілген тапсырма бірлескен жұмыс арқылы ғана орындалуы тиіс. Әр студент идеяларды келтіру мен оларды талқылау, таңдау және шешім қабылдау ісіне белсенді қатысады: топтық жұмыста әрбір пікір мен көзқарас құнды.
Дәстүрлі сабақта үйренушілерді жұмысқа жұмылдыру ұстаз тарапынан қатаң талап қою арқылы жүзеге асырылады (мәселен, бұйрық, нұсқау, жарлық, үкім арқылы). Ал топтық жұмыста үйренушілерді белсенділендіру кеңес, сұраныс, ұсыныс арқылы жасалады. Дәстүрлі сабақта ұстаздың өзі үйренушілердің жұмысын бақылауға алса, топтық жұмыста бақылауды топ мүшелерінің өздері жүргізеді.
Топтық жұмыс үйренушілерде ұжымдық сезім қалыптастырып, бірлескен жұмыстың қызықты әрі тартымды әрекет екендігін көрсетеді, студенттердің жалпы еңбекке деген ынтасын арттырады. Студенттер өмірде «МЕН» қағидасынан гөрі (эгоцентристік немесе эгоистік ұстаным) «БІЗ» тұжырымының (ұжымдық, жамағаттық, қоғамдық ұстаным, бірлік идеясы) анағұрлым пайдалы екендігін аңғарады, бұл позицияның зәулім гуманистік идеяларға негізделгеніне көздерін жеткізеді.
Бірлескен жұмыс нәтижелері қандай болады?
Бернард Чемвей, Джоел К.Кибос және Эмилия Илиева «Влияние коллективного обучения на преподавание поэзии» атты мақалаларында (Перемена, Международный журнал о развитии мышления через чтение и письмо, том 6, №4, октябрь, 2005. - С. 26-34) бірлесе оқу жайлы өткізілген сауалнама сұрақтарына мектеп оқушыларының қалайша жауап бергенін келтіреді.
1. Оқушылардың басым көпшілігі бірлесе оқудың оқу материалын түсінуге ықпал жасайды деген тұжырыммен келіскен: қыздарға арналған мектептердің оқушылары - 100%, ұлдар мектептерінің оқушылары - 91%, аралас мектептердің оқушылары – 86,48%. Ал дәстүрлі оқыту бойынша жұмыс жасайтын мектептерде оқу материалын түсіну көрсеткіштері келесідей болған: қыздарға арналған мектептерде - 35%, ұлдар мектептерінде – 27,02%, ал аралас мектептерде – 22,50%.
2. Қыздар мектептерінде оқушылардың 84%, ұлдар мектептерінде - 82%, аралас мектептерде – 83,78% сыныптағы бірлескен жұмыс тәжірибесі өздеріне тиімді ықпал жасады деп есептеген. Дәстүрлі мектептерде оқушылардың өздеріне жасалған тиімді ықпалдар жайлы көрсеткіштері келесідей болған: қыздар мектептерінде – 12,50%, ұлдар мектептерінде – 16,20%, аралас мектептерде – 0.
3. Оқушылардың көпшілігі (қыздар мектептерінде оқушылардың 68%, ұлдар мектептерінде – 63,63%, аралас мектептерде – 70,27% ) сыныптағы бірлескен жұмыс тәжірибесі олардың ойлау қабілетін өсірді деп есептеген. Ал дәстүрлі мектептерде оқитын оқушылардың аз бөлігі ғана өздерінің ойлау қабілетінің өскендігін көрсеткен: қыздар мектептерінде – 17,50%, ұлдар мектептерінде – 6,23%, аралас мектептерде – 12,50%.
Бұл көрсеткіштер бірлесе оқудың үйренушілер тарапынан да қолдау тапқандығын дәлелдеп, жұмыстың мұндай түрін оқудың/оқытудың негізгі әдістерінің біріне айналдыру қажеттілігін дау туғызбайтын аксиома дәрежесіне көтереді.
Лирикалық шегініс
Ақиқатқа апаратын жол
Бір жас жігіт сопылардың шайхысынан былай деп сұрады:
- Ұстаз, мен Сіз секілді ақиқатты іздейін деп едім. Бұған қалайша жетуге болады? Қандай жолмен жүру керек?
- Ақиқатқа апаратын жол өте қиын, балам! – деп жауап берді шайхы. – Сол себепті де сен жалғыз жүрмей, басқа да жолаушыларға қосыл. Бұл жол – қауіптерге толы сапар. Онда қарақшылар, кедергілер мен қиыншылықтар көптеп кездеседі. Егер қорықсаң – үйде отыра бергін. Бидайды желге ұшырып, дәнін кебегінен тазалайды. Ақиқатқа апаратын жолда кебек дегеніңіз – қорқыныш.
Топтық жұмысты ұйымдастыру арқылы оқытушы келесідей мақсаттарға жетеді:
- үйрену процесіне қатысушылардың әрқайсысы бір-бірімен жеке қарым-қатынас орнатады;
- үйренушілер туындаған сенімсіздік пен қобалжудан («Бұл жұмысты мен орындай алар ма екенмін?», «Жұмысты орындай алмасам қайтемін?», «Ұят болып қалмас па екен?»), қорқыныштан («Мені жазаламас па екен?», «Басқалар менің жұмысымды сынап немесе мені күлкіге жығып кетпес пе екен?») арылады;
- әр үйренушіге өзінің қабілеттері мен ерекшеліктерін ашуға (көрсете білуге) жағдай жасалады;
- үйренушілер арасында еркіндік және сенім атмосферасы қалыптасады;
- үйренушілер топ жұмысында позитивтік, конструктивтік, шығармашылдық қағидаларды ұстанады.
Топтық жұмыстың тиімділігі мен нәтижелігі келесі әрекеттерден артады:
1. Берілген тапсырма топтың барлық мүшелеріне қызықты болуы керек.
Тапсырма барлық студенттердің мүдделеріне сәйкес келіп, оларда бірлескен жұмысқа деген ынта тудыруы керек.
2. Топқа бөлудің қызықты тәсілдерін қолдану керек.
Студенттерді топқа бөлудің қызықты әрі танымды тәсілі олардың алдағы жұмысқа деген ықыласын арттырады. Бөліну кезінде басқалардан ерекшеленетін қасиеттері арқылы олар уақытша болса да бастарын біріктіреді, араларында бір-біріне деген жылы сезімдер орнайды.
3. Топ ішіндегі бірлескен жұмыс ережелерін айқындап, нақты уақыт белгілеу керек, оларды әр жұмыс алдында тағы да бір қайталап, еске түсіріп отырған жөн.
4. Тапсырманың топқа бөлінбей тұрып берілгені дұрыс.
5. Тапсырма берілгеннен соң оның түсініктілігін топ ішінде талқылап алу керек.
6. Топтар арасында бәсекені негізгі мақсатқа айналдырып жібермеу керек.
Топ аралық бәсеке студенттерді проблема шешу мәселесінен «қайткенде де бірінші болу керек» деген ұстанымға ауытқытып жіберуі мүмкін. Әрбір студент бәсекеге өзгелермен емес, алдымен өзімен-өзі түсуі керек.
7. Жұмыс аяғында әр топ жұмыс нәтижелерін жариялап немесе ол туралы есеп беруі керек.
Бірлескен жұмыстың ережелері семестр басында студенттермен бірлесе қабылданып, оларды аудитория қабырғасына іліп қойған орынды. Мұнда келесідей талаптарды ұстануға болады:
- Тыңдай білу керек!
- Бірлескен жұмыста актерлер мен көрермендер жоқ – бәрі де қатысушылар!
- Әрбір қатысушы өз пікірін келтіруі керек!
- Біреу сөйлегенде, оның сөзін бөлуге болмайды!
- Жеке бастың қасиеттері сыналмай, тек пікірлер ғана сыналады!
- Мәселе жеңіске жетуде емес, басқалардың пікірін біліп, ең тиімді шешім табуда!
- Басқалардың пікірлерін сыйлау керек!
- Бірлесе жұмыс жасауға ұмтылу керек!
- Бір мәмілеге келуге ұмтылу керек!
- Жанжалдарды болдырмау керек!
Бұған қоса қарым-қатынастың (коммуникацияның) ережелерін құрастыруда Г.Грайстың максималарын (этикалық қағидаларын) қолдануға тұрарлық. Бұл максималар алдымен бірлескен әрекеттерді қамтиды:
1. Ақпараттың толықтығы максимасы.
2. Сапа максимасы (Шындықты айт!).
3. Релеванттылық максимасы (Тақырыптан ауытқыма!).
4. Мәнер максимасы (Анық, қысқа және бірізді түрде сөйле!).
Мұнымен қатар Г.Грайс қарым-қатынаста аса маңызды тағы да бір қағида – сыпайылықтың максималарын келтіреді:
1. Әдеп максимасы (Басқалардың мүддесін сақта! Оның жеке әлемінің шекарасын бұзба!).
2. Кеңпейілділік максимасы (Басқаларға жүк артпа!).
3.Қолпаштау максимасы (Басқаларды жамандама!).
4. Кішіпейілділік максимасы (Мақтаудан қашқақта!).
5. Келісу максимасы (Қарсылық білдіруден қашқақта!).
6. Симпатия максимасы (Мейірбандық таныт!) (С.Мирсеитова, 2005, 43).
Сабақ аяғында (кері байланысты ұйымдастыруда) бірлескен жұмыстың нәтижелігі туралы студенттерге келесі сұрақтарға ауызша немесе жазбаша жауап беруді тапсырған орынды:
- Топ ішінде жұмыс жасау оңай ма?
- Топ қалайша ортақ пікірге келді? Ортақ пікірге келуде қандай қиыншылықтар туындады?
- Сіздің пікірлеріңізді топ қандай дәрежеде ескерді?
- Топтың пікірін жариялаған спикердің көңіл-күйі қандай дәрежеде болды?
- Бірлескен жұмысқа қандай жәйттер кедергі болды?
- Бірлескен жұмысқа қандай жәйттер көмектесті (пайдалы болды)?
- Топ жұмысын басқарған студенттің пікрлері қашан да ұтымды болып отырды ма?
- Топтық жұмыста Сіз қандай тәжірибе жинақтадыңыз?
- Топтық жұмысты қалайша жақсартуға болады?
Лирикалық шегініс
Егер есек болмасаң
- Ұстаз, айтыңызшы: адам жалғыз жүріп ақиқатқа жете ала ма?
- Ақиқатты іздеу – құм басқан құлазыған далада мөлдір суы бар құдық іздеумен тең. Егер құм ішіне жалғыз аттансаң, мүмкін жыртқыш аңдардың тырнағына түспей, құдықты табарсың, алайда сен жалғыздықтан мол қайғыға батасың.
Есек те жалғыздан жалғыз құм даланың бір шетінен екінші шетіне жете алады, бірақ дұрыс бағытта жүруі үшін оны қаншама тепкі мен қамшы астына алу керек!.. Сондықтан да, егерде есек болмасаң, сапарға жалғыз шықпа.