Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.12.2023

Просмотров: 1169

Скачиваний: 21

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

ҚОСЫМША

Бірлесе оқудың элементтері

(Дэвид Джонсон және Роджер Джонсон құрастырған бірлесе оқудың элементтері келесі кітаптардан келтірілді:

1. Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Бірлескен оқу. «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы үшін әзірленген №5 оқу құралы. - Алматы, 1998. - 13 – 14 беттер.

2. Некоторые вопросы образования. Пер. с англ. - Алматы: Центр Демократического Образования, 2001. - 26 бет).
1. Өзара позитивтік тәуелділік.

Студенттер қандай да болмасын жұмыс пен тапсырманы орындау үшін және сәтті нәтижеге жету үшін бір-біріне тәуелді (жағымды тұрғыдан) екендігін, бір-бірімен байланысты екендігін сезінуі керек. Мұндай тәуелділікті студенттік топ ішінде келесі түсініктерді ұстану арқылы құрастыруға болады:

- студенттерге ортақ мақсаттар қою (студенттер тек өздері ғана оқымай, сонымен бірге өз жолдастарын да үйренуге ынталандырады),

- студенттер арасында еңбекті бөлу (жұмысты рөлдер немесе міндеттерге бөлу студенттердің ортақ жұмыстың нәтижесіне деген жауапкершілігін арттырады),

- студенттер арасында материалдарды, ресурстар немесе ақпараттарды топ мүшелері арасында бөлу (мұнда студенттердің назары ортақ түсінік құрастыруға бағытталады),

- студенттерге жауапкершілік жүктеу (түсінік құрастыру және сол ұғымды басқалардың игерілуі әр студентке байланысты деген идеяны ұстану),

- студенттердің шағын топтарын марапаттау (мадақтау мен марапаттау топтың әр мүшесіне оның жұмыс нәтижесіне қосқан үлесін ескерусіз теңдей бөлінеді).

2. Бетпе-бет тұрғыдан өзара әрекеттесу.

Аудиторияда студенттердің бір-бірімен әрекеттесуі үшін тиімді жағдайлар жасау қажет: парталарда студенттер бір-біріне бет қаратып отырып, оларда бірлескен әрекеттердің нәтижесін көрсетуге болатын материалдар болуы керек (плакат, маркерлер), оларға өзара әркеттесуді қажет ететін тапсырмалар беру керек. Студенттер бір-біріне жәрдемдесу, өзара пікір алмасу, бірін-бірі демеу, бірін-бірі үйрету арқылы өз оқуын жақсарта түседі.

3.Жеке жауапкершілік.

Топтың әрбір мүшесінің мақсаттары мен жауапкершілігін айқындау керек. Әр студенттің орындаған тапсырмасы жеке бағаланып (тест немесе жауап беру арқылы), оның нәтижелері топқа жарияланып отырады. Жауапкершілік тек жақсы оқитындарға ғана жүктеліп қоймай, барлық студенттерді де қамтуы қажет.


4. Тұлға аралық жұмыс дағдылары.

Үйренушілерде әлеуметтік дағдылар қалыптаспаса, олар тиімді түрде бірлесіп жұмыс жасай алмайды. Мұндай дағдылар оқу/оқыту процесінің басты мақсаттарына айналып, әр сабақтың негізін құрауы керек. Өзара әрекеттесу келесідей дағдыларды меңзейді:

- басқара білу,

- шешім қабылдау,

- сенімге негізделген қарым-қатынас құру,

- жанжалдардың алдын алу, оларға жол бермеу.

5. Топтың дамуы.

Топтардың өз мақсаттарына қалайша жететіндігін және өзара тиімді қарым-қатынасты қалайша құратындығын талқылау үшін студенттерге қажетті уақыт берілуі керек. Ұстаздың топтың дамуын келесі әрекеттерді қолдану арқылы жоспарлауына болады:

- Берілген тапсырманы орындауда топ мүшелерінің ұтымды үш әрекетін келтіру.

- Келесі сабақта топ жұмысының тиімділігін арттыруы мүмкін бір әрекетті келтіру.

2. Интербелсенді оқуды ұйымдастыру ережелері
Бірінші ереже. Аудиторияны жұмысқа дайындау.

Тиімді жұмыс жасау үшін аудиторияда (сынып бөлмесінде, кабинетте) компьютер, LCD- проектор, тақта (оған қоса жылжымалы тақта да болса тіпті жақсы) немесе интербелсенді тақта, қол астында бор, флип-чарттар (плакаттар), маркерлер, А-4 форматындағы қағаз болғаны дұрыс.

Аудитория үйренушілердің еркін түрде жұмыс жасауына қолайлы болуы керек. Мәселен, әр сабақта үйренушілер шағын топтар құрамын бірнеше рет өзгертуі ықтимал, сол себепті де парталар мен үстелдер олардың емін-еркін қозғалуына кедергі болмауы қажет.

Әдетте аудиторияда студенттер партаға екеуден отырып, жүздерін оқытушы жаққа беріп отырады. Бұлай отыру олардың бір-бірімен қоян-қолтық араласып, тиімді қарым-қатынас жүргізуіне жәрдемдеспейді: алда немесе арт жақта отырғанмен қалайша әңгімелесуге болады? Отырғанда студенттер бір-бірінің жүздерін көргені дұрыс, өйткені олардың әңгімелесетін, қандай да болмасын мәселені талқылайтын серіктері өз жолдастары болады.

Парталарды қоюдың да көптеген тәсілдері бар. Ең бастысы үйренушілердің бәрі де бір мезгілде сабақ жүргізушіні көре отырып, топ ішіндегі жұмысқа белсене араласуға мүмкіндік алуы керек (Кесте №11).
Кесте №11

Сабақта парталарды қою үлгілері



1. Бетпе-бет отырыс



2. Қарама-қарсы отырыс










3. Үш жақты отырыс



4. Дөңгелек үстел












Екінші ереже. Топқа бөлу.

Әр сабақта (әсіресе семинар және практикалық сабақтарда) студенттерді шағын топтарға бөліп, сол арқылы олардың бірлесе жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасау керек. Үйренушілерді шағын топтарға 4-6 адамнан бөлген тиімді, олар партаны жағалай бір-біріне бет қаратып отырады.

Топқа бөлу әдетте кездейсоқ түрде жасалынады. Алайда семестр бойы бір студент жолдастарының әрқайсысымен семестр бойы топ құрамында жұмыс жасап шығуы керек. Мұндағы басты мақсат - үйренушілердің бір-бірімен тиімді қарым-қатынас құрып, ортақ тіл таба білуіне ықпал жасау.

Топқа бөлуді әрекетке негіздеп, қызықты қылып өткізген жөн (топқа бөлу тәсілдері төменде беріледі).

Үшінші ереже. Мақсаттарды және күтілетін нәтижелерді айқындау.

Әр сабақтың басында бүгін қарастырылатын тақырып бойынша ұстаз өз тұрғысынан сабақтың мақсаттарын айқындап, үйренушілерден қандай білім, білік, дағды, әрекеттер күтетіндігін жеткізеді. Сонан соң үйренушілердің өздерінен сабақтан нендей нәтиже күтетіндерін құрастыруды талап еткен орынды. Бұл әрекет әр үйренушіде өзінің сабаққа тікелей қатысы бар екендігі туралы ойды нақтылап, оларды «Сабақта мен қандай білім ала аламын? Ол үшін мен қандай жұмыс пен әрекеттер атқаруым керек? Бұл білім маған қандай пайда бермек?» деген сұрақтар төңірегінде ой-толғаныс жасауға шақырады.

Төртінші ереже. Жұмыс ережелерін қабылдау.

Сабақ басында жұмыс ережелерін қабылдап (силлабуста келтірілгендерден басқа), оларды әрі қарай қатаң ұстану үйренушілерді тәртіпке шақырып, тиімді әрі үнемді түрде жұмыс жасауға қолайлы. Ол үшін әрбір шағын топ бұл мәселені 1-2 минут талқылап алғаннан кейін, олардың ұсыныстарын көлемді параққа (флип-чарт, плакат) түрлі-түсті маркерлермен жазып, аудиторияның көрнекті жеріне іліп қоюға болады. Ұстаз тарапынан емей, өздері құрастырып қабылдаған ережелерді үйренушілер мейлінше қадағалауға тырысады.

Ережелер сан-алуан болуы мүмкін, мәселен, жұмыс регламенты, реті мен тәртібін анықтайтын, алайда олардың дені бірлескен жұмыста силасымды қарым-қатынас құруға бағытталғаны жөн. Мәселен:

- Біреу сөйлегенде, оның сөзін бөлмейік!

- Тұлғаның жеке басын сынамай, көзқарас пен пікірді сынайық!

- Сабаққа кешікпейік!

- Қысқа да нұсқа сөйлейік!

- Уақытты үнемді әрі тиімді пайдаланайық!

- Берілген тақырыптан ауытқымайық!


- Біз үшін әрбір пікір құнды!

- Жекелей жұмыс жасағанда, бір-бірімізге бөгет жасамайық!

- Тыңдай білейік!

- Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайық!

Бесінші ереже. Сенім және жұмыс атмосферасын қалыптастыру.

Үйренушілерді психологиялық тұрғыдан интербелсенді оқуға дайындау қажет. Әдетте сабаққа келгендердің бәрі дерлік оқуға белсене араласып кетуге дайын емес, өйткені олардың өздерін ыңғайсыз әрі дискомфортты сезінуі мүмкін. Мұның себептері де баршылық:

- өзіне көтеріңкі жауапкершілік жүктеуі және содан қаймығу, жүрексіну,

- оң нәтиженің шығуына күмәндану,

- жазалаудан немесе күлкі/мазаққа жығылудан қаймығу,

- еріншектік пен шаршағандық (мәселен, бірінші сабақта ұйқысын аша алмау, немесе соңғы сабақта шаршау),

- назарын жинақтай алмау (мәселен, үзіліс кезіндегі оқиғалардың немесе алдыңғы сабақтың әсерінде болу).

Үйренушілердің сабақ барысында барлық шарттылықтардан арылып, ойлау аппаратын белсенділендіріп, жұмысқа толық ниеттеліп, қызу кірісіп кетуін бірінші мезетте ойсергектер арқылы жүзеге асыруға болады. Ойсергектер арқылы аудиториядағы үйренушілер өздерін жеңіл сезінеді, ашылады, әрқайсысы біртұтас ұжымның өкілі ретінде алда күтіп тұрған бірлескен күрделі жұмысты атқаруға дайындалады (Ойсергектердің үлгілері төменде беріледі).

Алтыншы ереже. Барлық үйренушілер жұмысқа қатынасады.

Интербелсенді әдіс аумағында өтетін сабақ мақсаттарының бірі бірлесе жұмыс жасау болғандықтан, әр қатысушының жұмысқа белсене қатысқандығы абзал. Үйренушілердің білім игеру жұмысының, оның ішінде әсіресе бірлескен жұмыс әрекеттерінің қызықты әрі тартымды екендігіне көздерін жеткізгені дұрыс. Сол себепті де сабақтың басты тәсілі ретінде топтық жұмыстарды тану керек.

Жетінші ереже. Тыңдай білу: барлық пікірлер тыңдалады.

Суырылып алға шығып сөйлегеннен гөрі, тыңдай білген қиын шығар. Топтық талқылау кезінде барлық үйренушілердің өз пікірін келтіріп, басқалардың оны мұқият тыңдап, оның пікірін силап, санасатын жағдай жасап отыру қажет. Мұндайда барлық қатысушылардың пікірі тыңдалуы керек.

Топтық бірлескен жұмыстан соң (талқылау, пікірлесу, ой қозғау, тапсырманы бірлесе орындау, т.б.) әр топқа өз пікірі мен көзқарасын жариялау мүмкіндігін беру керек. Ол үшін топ атынан бір үйренуші (оны «сөйлеуші», «шешен», «спикер», «капитан» деп атауға болады) берілген уақыт ішінде өз ойлары мен ұйғарымдарын ортаға салады.


Сегізінші ереже. Жазбаша жұмыстар.

Үйренудің басты мақсаты – тұлғаның дамуы, оның ішінде әсіресе ойлау қабілеті мен шығармашылық дағдылардың өркендеуі. Ал жазу (жазба жұмыстары) - ойлаудың шырқау биігі. Жазуда үйренуші сонымен қатар «Мен» тұрғысынан өзінің ішкі жан дүниесін ашып, оны асқақтата түседі. Сол себепті де әр сабақта жазу жұмыстарын жиі қолданып отырған орынды. Ал үйренушінің бүгінгі сабақта нендей және қандай дәрежеде білім алғанын, оның өсуі мен дамуын, яғни оның білімін бағалауды тек жазбаша жұмыстарды орындауынан ғана объективті түрде білуге болады. Жазу жұмыстары - студент білімін бағалаудың дәлелді нысаны.

Тоғызыншы ереже. Кері байланыс.

Кері байланыс дегеніміз сабақтың мазмұны немесе әдіс-тәсілдері, оның тиімділігі мен қандай дәрежеде өткендігі туралы үйренушілердің ой-пікірлері мен эмоциялары, олардың болашақтағы (келесі сабақтардағы) өз мұқтаждарын келтіруі. Бұл пікірлер оқытушыға өткізген сабағына баға беріп, оның ұтымды жақтары мен кем-кетіктерін анықтап, өз жұмысына өзгерістер енгізу мүмкіндігін береді.

Үйренушілер «Сабақ қалай өтті: қызық болды ма?», «Сіз үшін сабақтың құнды жәйттері қандай болды?», «Бүгін не нәрсеге үйрендіңіз (білдіңіз)?», «Бүгінгі үйренгеніңіз Сіз үшін болашақта қажет болады деп ойлайсыз ба?», «Осы тақырып бойынша тағы да не білгіңіз келеді (қандай ақпарат көздерін оқисыз)?», «Қандай сұрақтарыңыз бар?», «Сабақтың өту барысы бойынша қандай пікірлеріңіз/ұсыныстарыңыз бар?», «Келесі сабақта қандай мәселелерге назар аудару керек деп ойлайсыз?» деген сұрақтарды ауызша талқылағаннан кейін, оларға жазбаша жауап берумен жалғастыруы мүмкін. Жауаптарды, мәселен, «Шығу парақтары» тәсілі бойынша беруге болады. Әдетте жауаптар анонимді түрде беріледі.

«Шығу парақтарында» студенттердің сабақ бойынша келесідей сауалдарға жауап бергені орынды:

  • Білдім (Білдім және түсіндім)

  • Білгім келеді

  • Ұнады

  • Ұнамады

  • Сұрақтарым

- өзіме

- оқытушыға

- басқа студенттерге

  • Пікірім

  • Тілектерім

- өзіме

- басқа студенттерге

- оқытушыға

  • Өз жұмысыма деген көзқарас

- Мен қалайша жұмыс жасадым?

- Өз жұмысыма көңілім тола ма?

Бұл жерде әр «Шығу парақтарында» үш сұрақ/сауалдан аспағандығы орынды екендігін естен шығармау керек.

Үйренушілердің пікірлері мен қойған сұрақтары оқытушы тарапынан ескеріліп, келесі сабақты соларға жауап берумен бастау мүмкіншілігін береді.