Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 1182
Скачиваний: 21
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Дөңгелек үстел – шағын топ ішінде (5-6 адам) студенттердің қарастырылып отырған тақырып (сұрақ, проблема, мәселе, идея, тұжырым, т.б.) бойынша белгіленген уақыт аумағында (3-4 минут) өз ойларын ортаға салу тәсілі (сөз сөйлеу кезекпен сағат тілі бойынша да атқарылуы мүмкін). Бұл әдіс тәжірибемен алмасу және практикалық әрекеттердің жетістіктері мен қателерін талқылау отырысы (кеңесі) іспеттес.
Әдетте дөңгелек үстел талқыланатын мәселе ауқымында іс-тәжірибесі бар студенттердің қатысуымен өткізіледі, өйткені мұнда жедел шешімді талап ететін өзекті мәселелер қарастырылады. Ал мұндай жұмыс студенттерден өз көзқарастарын жан-жақты нақтылап, дәлелді түрде келтіре білуді қажет етеді. Өз ұстанымдарын келтіру және қорғау арқылы студенттер тақырып мазмұны мен оның негізгі мәселелерін игереді. Дөңгелек үстелді жүргізуші ретінде оқытушы студенттерге оның тақырыбы мен негізгі қарастырылатын сұрақтарын алдын-ала таратып береді. Дайындық барысында студенттерге келесідей теориялық және анықтамалық материалдардың тізімін ұсынған жөн:
- Конституция мен басқа заңдардың көшірмелері;
- мемлекет басшыларының сөздері мен үндеулері;
- статистикалық көрсеткіштер;
- әдебиет тізімі немесе қажетті мәлімет сақталған беттерінің ксерокөшірмелері;
- Интернет сайттарының тізімі.
Дөңгелек үстелде келесі ережелерді ұстанған жөн:
-
біреудің сөзін бөлуге болмайды; -
басқаның пікірін сыйлау керек: келіспегенімізді сөз, мимика, ишарат, интонация арқылы білдіруге болмайды; -
берілген уақыт шеңберінен аспау керек; -
сұрақтар туындайтын болса, оларды дөңгелек үстел аяғында ғана қоюға болады.
Дөңгелек үстелде сөз бір студентке бірнеше рет айналып келуі мүмкін. Келесі сөйлегенде студенттер алдындағы ойларын қайталамай, оларды ары қарай жалғастыруы және басқалардың пікірін де ескері отыруы қажет.
Дөңгелек үстел жазбаша да өтуі ықтимал. Ондай жағдайда студенттер (мәселен семинар немесе практикалық сабақтарда) парақтарына өз ойлары мен идеяларын белгіленген уақыт аумағында (2-3 минут) жазып, уақыт аяқталған соң оң жағындағы көршілеріне парағын ысырады. Көршілері алдыңғы жолдасының жазғанымен танысып, сол ойларды ары қарай жалғастырады. Белгіленген уақыт өте парақтар тағы да оңға қарай жылжытылады да жазуды толықтыру әрі қарай жалғаса береді. Жазба жұмысы парақтың жазу иесіне қайтып оралғанша жалғаса береді. Бүкіл үстелді айналып өткен парақ қолына тигенде, парақ иесі жазғандардың бәрімен де танысып шығып, қорытынды тұжырым жазады.
Жазбаша өткізілген дөңгелек үстелде барлық студенттер бір мезгілде жұмыс жасайды, олар бір-бірінің жазғанына тәуелді болады, сондықтан да бір-бірінің алдындағы жауапкершілікті сезінеді: егерде ол еш нәрсе жазбайтын болса, өз көршісіне қиындық туғызатындығын біледі. Ал оқытушының әрбір топтың қалай жұмыс істегендігін бағалап, олардың ойлары мен идеялары қалай, қандай бағытта, қандай дәрежеде дамығандығын аңғаруына болады.
Студенттердің өз идеяларын бір параққа ғана жазуына да болады, онда топта бір парақ қана айналымда болады.
(Бұл тәсіл S.Kagan. Cooperative learning. San Juan Capistrano, 1992. кітабында келтірілген).
Бестармақ – ойды тиянақтап, өзіндік түсінікті нақты сөздермен келтіруге мүмкіндік беретін тәсіл. Бұл тәсілде студенттер өз ойын қорытындылау үшін тек 11 сөзді қолдануы керек. Бестармақ жазбаша төменде көрсетілген схема бойынша орындалады. Ол бес жолдан тұрады, ал әрбір жол саны және сөз таптары белгіленген сөздерден құралуы керек. Бестармақты жиі Бес жолды өлең деп те атайды, бұл ағылшынның Cinquin (синквин), яғни Бес жолды өлең деген сөзінің тура аудармасы.
Бестармақтың құрамы
-
Бірінші тармақ (жол) 1 зат есімнен тұрады
Бұл сөз, студент пікірі бойынша, тақырыптың (проблеманың, мәтіннің, т.с.с.) негізгі мазмұнын (идеясын, ойын) айқындайды (атау, термин, т.б.).
-
Екінші тармақ 2 сын есімнен тұруы керек.
Бұл сөздер бірінші жолдағы негізгі сөзді анықтауы керек, соған сын-сипат береді.
-
Үшінші тармақта 3 етістіктің болуы шарт.
Етістіктер негізгі сөзді әрекет пен іс-қимыл тұрғысынан сипаттауы қажет.
-
Төртінші жол студенттің негізгі сөзді бағалайтын кез келген сөз таптарынан тұратын 4 сөздеден тұрады.
Бұл сөздер студенттердің негізгі сөзге деген көңілін, сезімін (жақтыру/ жақтырмау, қабылдау/ қабылдамау, ұнату/ ұнатпау, жақтау/жақтамау сияқты) білдіруі керек.
-
Бесінші жол тағы да бір сөзден тұрады.
Бұл сөз негізгі атаудың басқаша баламасы, оның синонимі болуы керек (әдетте зат есім).
Мәселен, сабақ тақырыбы «Жанартаулар» болды делік. Өз ойларын қорытындылау мақсатымен студенттер алдымен жеке-жеке берілген уақыт ауқымында (әдетте 2-4 минут) Бестармақ құрастыруы керек. Олардың Бестармағы келесідей болуы ықтимал:
Везувий
Жалынды, күркіреген,
Атқылайды, арқырайды, шашады,
Помпеяны құртқан сұмдық тау...
Тажал.
Бірінші көзге қарағанда Бестармақ кішкене балалардың ойыны іспеттес қарапайым, жұпыны, орындалуы оп-оңай тәсіл ретінде көрінуі мүмкін. Алайда тәсілді қолдану барысында студенттер аз да болса қиыншылықтарды бастан өткеріп, терең толғаныста болатындығы ақиқат.
Өйткені әдетте біз өз ойымызды жеткізуде еш шектелмейміз: қандай және қанша сөздер, қай сөз таптарын қолданатынымызды өзіміз білеміз, сол себепті де көсіліп сөйлеуімізге болады. Ал Бестармақта барлық ойды тек 11 сөз шеңберіне сидыру керек – бұл оңай шаруа емес. Бұл тәсілдің негізінде әр сөзді таңдау мен өз пікіріңді білдіру, яғни бағалау жатыр.
(Бұл тәсіл Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Сыни ойлауды дамыту әдістері. «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы үшін әзірленген №2 оқу құралы. - Алматы, 1998. - кітабында келтірілген).
Шығу парағы – сабақ аяғында студенттер бірнеше сұраққа (2-3 сұрақ) жазбаша жауап береді. Ол сұрақтар (немесе тапсырмалар) сабақты қорытындылап, студенттің алған білімін, сабақтың қалай өткендігін бағалайды:
- Бүгін не үйрендіңіздер?
- Сабақ бойынша қандай сұрақтарыңыз бар?
- Келесі сабақта қандай мәселелерге аса назар аудару керек?
- Сабақ қызық өтті ме?
- Сіз үшін сабақтың құнды жәйттері қандай болды?
-Бүгінгі үйренгеніңіз Сіз үшін болашақта қажет болады деп ойлайсыз ба?
- Осы тақырып бойынша тағы да не білгіңіз келеді?
- Осы тақырып бойынша тағы да қандай ақпарат көздерін оқисыз?
- Сабақтың өту барысы бойынша қандай пікірлеріңіз/ұсыныстарыңыз бар?
- Келесі сабақта бүгінгі сабақпен салыстырғанда, азырақ ... (ұсыныстарыңыз).
- Келесі сабақта бүгінгі сабақпен салыстырғанда, көбірек ... (ұсыныстарыңыз).
Үш қадамды сұхбат – тақырып бойынша студенттер бір-бірінен кезектесіп интервью алу тәсілі. Бұл тәсіл Сұрақ қою, қайтадан сұрақ қою тәсіліне ұқсас, алайда мұнда басты назарды жауапқа аудару керек.
Шағын топ ішінде (3-4 адам) студенттер тақырып бойынша бір-бірінен интервьюді келесі кезекпен алуы мүмкін:
Үш студенттен тұратын топта
-
А студент В-дан интервью алады, ал С олардың сұрақ-жауабын жазып отырады; -
В студент С-дан интервью алады, ал А олардың сұрақ-жауабын жазып отырады; -
С студент А-дан интервью алады, ал В олардың сұрақ-жауабын жазып отырады.
Төрт студенттен тұратын топта
-
А студент В-дан интервью алады, ал С студент Д-дан интервью алады; -
В студент С-дан интервью алады, ал Д студент А-дан интервью алады; -
Төртеуі де жауаптарды ортақтаса талқылайды.
Үш қадамды сұхбатты жазбаша да орындауға болады.
Әрине бұл тәсілді қолданғанда да оқытушының жұмыс ретін шығармашылық тұрғыдан өзгертіп тұруы әбден орынды.
(Бұл тәсіл S.Kagan. Cooperative learning. San Juan Capistrano, 1992. кітабында келтірілген).
Пікірталас – қандай да болмасын проблема бойынша қарама-қарсы пікірлерді келтіру арқылы ақиқатқа жету тәсілі.
Пікірталас өткізудің түрлері баршылық. Жалпылама олардың негізгі әрекеттері төмендегідей.
1) Екі жақты шешімі бар проблеманы келтіргеннен кейін, оқытушы студенттердің осы мәселе төңірегіндегі өз ойларын қағазға түсіріп алып, өз көзқарасын айқындауын сұрауы керек.
2) Осыдан кейін студенттер үш үлкен топтарға бөлінеді: бірінші пікірді, екінші пікірді жақтағандар және «мүмкін» деген көзқарасты ұстанғандар.
3) Студенттер бір пікірді ұстанғандар тобында өз көзқарастарын дәлелдейтін тұжырымдарды талқылап, олардың тізімін жасайды.
4) Әрбір топ бүкіл топ атынан сөйлейтін спикерді таңдайды.
5) Осыдан соң топ спикерлері кезекпен өз дәлелдерін аудиторияға белгіленген уақыт ішінде (мәселен, 2 минут) жеткізеді.
6) Спикер сөйлеп болған соң, қарсы жақтардың сұрақ қоюына болады,оларға жауапты тек спикер ғана бермей, топтың басқа да мүшелері де қайыруына болады.
7) Осылайша үш топ та өз дәлелдері мен уәждерін келтіргеннен кейін қарсыластар бір-біріне қол соғып, орындарына отырып, пікірталастан кейін бағанағы проблема жөнінде өз ойларын эссе түрінде жазбаша келтіреді.
Пікірталастың ережелері:
-
спикер сөйлегенде, оның сөзін бөлмеу керек; -
қарсы жақтың көзқарасына жағымсыз тұрғыдан сын және пікір айтпау керек («дұрыс емес!», «келіспейміз!», «жалған!», «біздің ойымыз ғана дұрыс!» деген сияқты); -
егер келіспесеңіз, тек қарсы жақтың көзқарасын айқындайтын сұрақ қана қоюға болады.
Пікірталас соңында студенттерден «Қай жақ жеңді?» деп сұрауға болады. Егер студенттер жеңісті біреуге беретін болса, онда оларды келесідей ұғымға сұрақ қою арқылы алып келу керек секілді:
- пікірталас ақиқатқа жетудің тиімді тәсілі;
- пікірталас әркімнің өз көзқарасын айқындауға зор мүмкіншілік береді;
- пікірталаста жеңілгендер болмайды: бәрі де ұтыста болады.
Топтық зерттеу (Бірлескен жұмыс) – семинар немесе практикалық сабақтарда студенттердің бірлесе отырып белгілі бір проблеманы графикалы түрде шешу тәсілі.
Оқытушы тақырып бойынша шешуді талап ететін проблеманы студенттерге ұсынады. Студенттер шағын топтарға бөлініп, аталмыш проблеманы шешу жолдарын талқылап, өздерінің шешімін маркерлермен плакатқа түсіреді (15-30 минут ішінде). Студенттер өздігімен мазмұн мен тапсырма орындаудың форматын таңдайды, ақпарат жинастырады, оларды талдап, бағалайды. Содан кейін плакат қабырғаға ілінеді де, топ атынан спикер шығып жұмысты қорғайды. Қорғау соңында топ мүшелері басқалардың сұрақтарына жауап береді, олардың өз шешіміне түзету енгізуі де мүмкін.
Бірлескен жұмысты қорғау кезінде келесі ережелерді ұстанған орынды:
-
спикер сөйлегенде, оның сөзін бөлмеу керек; -
басқа топтың көзқарасына сын айтпай, тек жағымды және позитивті тұрғыдан пікір келтіруге болады; -
тек сұрақ қана қоюға болады.
Оқытушы әр топқа жеке де тапсырма беріп, немесе топтар тапсырмаларды өздері де таңдап алуы мүмкін.
Пирамида құру – жаңа мәліметпен жұмыс жасалғаннан кейін, түрлі деңгейлерде түсінік құрастыру тәсілі. Бұл тәсіл жүзеге «жеке – жұп – топ – аудитория» схемасы арқылы асырылады:
1. Студенттер берілген материалмен (мәтін, лекция, оқулық) жекелей танысып болғаннан кейін, ол бойынша өзіндік түсінік және пікір қалыптастырады.
2. Студенттер жұптарға бірігіп, өздерінің идеялары, ойлары мен пайымдауларымен серіктерімен бөліседі.
3. Студенттер төрт адамдық шағын топтарға бірігіп, туындаған проблемалар мен мәселелердің шешімдерін талқылайды, қорытындылайды, бір шешімге келеді.
4. Соңында студенттер бүкіл аудитория болып, проблеманың шешімдерін келтіреді, олардың ең тиімділері тақтаға (плакатқа) жазылады.
Жеңілдетілген анықтама (немесе түсіндірме).
Сабақтың соңында студенттерге қарастырылған тақырып бойынша қандай да бір атау (ұғым, түсінік, т.б.) таңдап алып, оны 1-сынып оқушысына түсінікті болатындай етіп анықтама немесе түсіндірме беруді сұрау керек.
Бұл тапсырманы алдымен жұп/топ ішінде ауызша, сонан кейін жекелей жазбаша орындаған орынды.
Тәсілдің негізінде жазушы Курт Воннегуттың «Өзі зерттеп жатқан ғылыми тақырыбын он жастағы балаға түсіндіріп бере алмаған ғалым – алаяқ» деген сөздері жатыр.
Салыстырмалы кестелер.