Файл: Әлеуметтану - 1 бөлік.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 13.08.2020

Просмотров: 1470

Скачиваний: 40

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Спенсер әлеуметтануының негізгі ерекшеліктері мыналар: біріншіден, зерттеуде тарихи-салыстырмалы әдісті кеңінен пайдалану; екіншіден, қоғамды организм ретінде түсіндіру; үшіншіден, қоғамдық өмірдің эволюциялық заңдылығы идеясы. Оның пікірінше, қоғамның өндірістік типіндегі экономикалық бәсекелестік табиғи таңдау рөлін атқарады, соның нәтижесінде қабілеттілер мен дарындылар ғана ары өмір сүру алады. Ол әлеуметтік революцияны әлеуметтік жүйенің бірлігін бұзатын, құбылыс, кесел ретінде қарастырды.

5. Әлеуметтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан, бұл танымда айырықша тұжырымдама жасаған Карл Маркс (1818—1883) болды. Кейбір батыс зерттеушілері К.Марксты ХХ ғасырдың әлеуметтік ойының кіндік шешесі деп атаған. Бұлай атауға негіз болған оның қоғамның формациялары туралы ілімі болды. Ол алғаш немістің ұлы философы Гегельдің диалектикалық әдісін қоғамды зерттеуге қолданды. Ол өз кезіндегі капитализмнің әлеуметтік құрылымын жан‑жақты зерттей отырып, әлеуметтік‑саяси қатынастың дамуында экономикалық факторда, барлық тарихи оқиғалардың негізгі себебі мен шешуші күші материалдық өндірісте, қоғамның экономикалық дамуының сипатында жатыр деп атап көрсетті. Содан қоғамның әртүрлі таптарға бөлінуі және олардың өзара күресі туындайды. Бұл қоғамдық-экономикалық формациялардың пайда болу, даму және ауысу заңын, прогресс заңын қалыптастырады.

К.Маркс өзінің әлеуметтанулық тұжырымдамасын «Саяси экономикаға сын» деген еңбегінің алғы сөзінде қысқаша баяндады. Маркстің қоғам туралы ілімі тек өндіріс қатынастармен, сондай-ақ бүкіл қоғамдық қатынастардың өндірістік сипатымен ғана шектелмейді. Маркс қоғамның мемлекеттік құрылымына қатысты әлеуметтік, саяси аспектілерін айқындай отырып, оның кең құрылымын, сондай‑ақ өмірдің рухани жағын да көрсетеді. Ол әртүрлі элементтерден тұратын жүйе ретіндегі қоғамды адамдардың өзара әрекетінің туындысы деп түсінді.

К.Маркстің әлеуметтану теориясында көптеген бағалы ой-пікірлері мен тұжырымдарын былай жинақтауға болады: біріншіден, қоғамның объективтік-материалистік теориясы жасалды, оның дамуы "формация", яғни ерекше бір құбылыс ретінде қарастырылды; екіншіден, қоғамның даму заңдарын түсіндірілгенде, әр уақытта экономика (яғни, өңдіріс тәсілі, оның ішінде өндіргіш күштер, оларға сәйкес өндірістік қатынастар) ең басты, қозғаушы, шешуші күш деп саналды; үшіншіден, алғаш әлеуметтік құрылым (яғни, қоғамды таптарға, топтарға, жікке бөлу) теориясы жасады. Жікке, топқа бөлудің негізгі, басты белгісі өндірістік құрал-жабдыктарына меншік нысанына байланысты екенін көрсетілді.

К. Маркс қоғамның әлеуметтік құрылымы таптардың экономикалық қатынастары арқылы анықталады деді. Осыған орай ол жеке тұлғаны зерттеудің қажеттілігін айтып, оны қоғамдық қатынастардың жиынтығы деп түсіндірді.


Маркстің әлеуметтану теориясы XIX және XX ғасырдағы әлеуметтанушыларға, әсіресе Э. Дюркгеймге, М. Веберге және т.б. зор әсер етті. Олар Маркстіқ теорияның көптеген бағалы, құнды идеяларын өз тұжырымдамаларында кең қолданды.

Қазіргі әлеуметтану бұл саланың классикалық өкілдерінің бірі, әрі өте беделдісі, француз әлеуметтану мектебінің негізін салушы Эмиль Дюркгейм (1858—1917) мұрасына сүйенеді. Еуропада әлеуметтанудың институттену үдерісі, оның өз алдына пән ретінде болуы Дюркгейм атымен тығыз байланысты. Ол «Әлеуметтану әдісінің ережелері» және «Өзін‑өзі өлтіру. Әлеуметтанулық әдіс» деген іргелі еңбектерінде әлеуметтанулық ғылымның негізіне эмпирикалық зерттеулер мен әлеуметтанудың қолданбалы сипатына назар аударып, әлеуметтанулық зерттеудің әдістемесін жасады. Оның тұжырымдамасында әлеуметтану қоғамдық ғылымдардың ішінде ең басты орынды алады. Ол тек қана әлеуметтік фактілерді зерттеумен шектелмей, басқа қоғамдық ғылымдарды әртүрлі ғылыми әдістемелер, теорияларымен қаруландырады.

Э. Дюркгейм өзінің ең басты "Қоғамдық еңбектің бөлінуі" еңбегінде әлеуметтік келісім мен ынтымақтастық (теория солидарности) теориясын зерттеуге арнады. Бұл оның әлеуметтанулық теориясының өзегін құрады. Ол әлеуметтанудың басты міңдеті - әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың табиғатын, негізін анықтау деп атап көрсетті.

Э. Дюркгейм қоғамда әлеуметтік проблемалар мен шиеленістердің болатынын білді, алайда оларды үстем таптар арасындағы қатынастарды реттеудің жетіспеушілігінен болатын нормадан ауытқушылық деп санады. Осы бағытта ол қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал ететін маманданған топ құру идеясын дамытты. Мұндай топты ол әлеуметтік құрылымның басты элементі деп санады.

Қоғам дамуының XІХ ғ. аяғы мен XX ғ. басындағы өзгерістерге талдау жасай келе, Э. Дюркгейм қоғамның тұтастығының негізі — ұжымдық сана деп санады. Оның түсінігінше, әр қоғамда тарихи қалыптасқан салт-дәстүрдің, көзқарастардың, моральдық ережелердің жиынтығы болады. Қоғам мүшелерінің көпшілігі осы аталғаңдарды өздерінің күнделікті өмірлеріңде, іс-әрекеттері мен қызметтерінде басшылыққа алып отырады.

Э. Дюркгейм әдеттегі көне, архаикалық қоғамнан қазіргі индустриалды қоғамға өту жолын талдай отырып, осы өтпелі кезеңде аномия (яғни, қоғамда адамдардың тәртібін, адамгершілік қасиеттерін басқарудың төмендеп кетуі) құбылысының объективті орын алатынын атап көрсетеді. Оның пікірінше, аномия қоғамның белгілі бір кезеңіңде адамның мінез-құлқының төмендеп, моральдық, яғни адамгершілік тұрғыдан басқару қиынға соғуынан, қоғамдағы негізгі әлеуметтік институттардың (яғни, мекеме, ұйымдардың) іс-әрекетінің тиімсіздігінен және әлеуметтік қайшылықтардан байқалмақ.

Э. Дюркгейм нақтылы әлеуметтік зерттеулер негізіңде адамдардың өзіне қол жұмсаудағы басты себепті анықтауға тырысады. Оның ойынша, адамның бұл әрекеті қоршаған әлеуметтік ортаның сипатына (түріне) байланысты болмақ. Дюркгейм өзін-өзі өлтірушіліктің 4 типін (тұрпатын) анықтап берді, олар: эгоистік (өз құлқынын ойлаушылық), альтуристік (басқа кісі туралы қалтқысыз қамқорлық), экономикалық және фаталистік (тағдырдың қайталанысына сенуге ыңғайлы адам). Бұлардың әрқайсысының өзіне тән құпиясы бар, оның шешілу жолы жеке адам мен топтың қарым-қатынасына байланысты. Э. Дюркгеймнің бұл теориялық еңбегі қылмыстық істердің және девианттық (ауытқу) мінез-құлық әлеуметтануының негізін салуда маңызды болды.


Қоғамдар өмірді зерттеу негізінде Э. Дюркгейм діннің ерекше рөлі туралы әлеуметтік тұжырым жасады. Ол діннің әлеуметтік бірлікте шешуші рөл атқаратынын атап көрсетті. Дін қоғамдағы ең құнды, бағалы қасиеттерді бейнелейді, сондықтан қоғам дінсіз өмір сүре алмайды.

Дюркгейм әлеуметтануды теориялық және әдістемелік жағынан негіздеп оны өз алдына ғылым болу мүмкіндігіне ие етті. Оның әлеуметтануы әлеуметтік өмірдің қызметіне байланысты негізінен үш салаға бөлінеді: әлеуметтік морфология, әлеуметтік филиология және жалпы әлеуметтану.

Әлеуметтік морфология анатомия сияқты, ол қоғамның негізін, оның құрылымын, материалдық формасын зерттейді. Оның саласына әлеуметтік ұйымымен байланысты халықтар өмірінің географиялық негізін зерттеу, халықтың орналасуы, оның көлемі, тығыздығы, аймақтарға бөлінуі кіреді.

Әлеуметтік филиология қоғамның өмірлік көріністерін, жеке әлеуметтік ғылымдарды қамтиды. Олар: дін әлеуметтануы, мораль әлеуметтануы, құқық әлеуметтануы, экономика әлеуметтануы, лингвистикалық әлеуметтану, эстетика әлеуметтануы.

Әлеуметтану дамуының сол тарихи кезеңдегі жемістілігін Дюркгейм төмендегідей қағидаларымен түсіндіреді:

  • қоғамды өзін құрайтын индивидтерден бөлек объективті шындық деп мойындау;

  • әлеуметтік ортаның индивидтердің санасы мен мінез-құлқына әсері;

  • моральдің, діннің және таным үдерісінің әлеуметтік табиғатын негіздеу.

7. Қазіргі әлеуметтану ғылымы Батыстың ірі әлеуметтанушысы Макс Вебердің (1864—1920) әлеуметтік таным әдістемесі мен идеалдық типтер, мәдениет, этика мен дін әлеуметтануы туралы ілімдері мен ой-тұжырымдарымен көп санасады. Ол ‑ түсінік әлеуметтануы мен әлеуметтік әрекет теориясының негізін салушы.

М. Вебердің пікірінше, әлеуметтанудың басты міндеті қоғамның әлеуметтік-тарихи құбылыстарының субъективтік (яғни, адамның санасына, ойлауына байланысты) жақтарын, нақтылы айтсақ, адамның іс-әрекетінің, қызметінің мәнін, мағынасын, мазмұнын терең түсіне отырып, қоғамның даму заңдарының себебін ашуда болып табылады. Сондықтан әлеуметтану ең алдымен адамның немесе адамдар топтарының мінез-құлқын және әлеуметтік қызметін зерттеуі тиіс. Алайда адамның мінез-құлқы мен қызметі әлеуметтанудың зерттеу пәні болу үшін, біріншіден, адамның және әлеуметтік топтардың мақсаты және оған жетудің құралдары, екіншіден, басқа субъектілерге бағытталған, яғни өз әрекеттерінің оларға тигізетін ықпалын және олардың бұған жауап реакциясын есепке алу керек.

Әлеуметтанулық ғылымның әдістемесі мен таным теориясына Вебердің қосқан үлесінің орны бөлек. Веберді әлеуметтік ойлау әдісінің данышпан реформаторы деп атауға толық негіз бар дейді әлеуметтанушылар. Себебі оның ғылыми танымы әлеуметтануды натурализм принциптері шегінен асырды, әлеуметтік шындықтың аса күрделі екенін көрсетті.


Әлеуметтанулық зерттеуде алғашқы мәселе индивидтің мінез‑құлқы болып саналады. Мінез‑құлықты психология да зерттейді, алайда Вебердің ойынша, әлеуметтану тұлғаның мінез‑құлқын оның әрекетінің белгілі бір мақсаттылығымен байланыстырады.

М. Вебер саналы әрекет етуші индивид немесе индивидтер өз әрекетін субъективті мағынамен байланыстырса ғана әрекет бола алады дейді. Әлеуметтік іс-қимыл, әрекет адамның мінез-құлқымен бірдей, өйткені әлеуметтік іс-әрекет өзінше жеке-дара өмір сүре алмайды, ол әр уақытта басқа біреуге бағытталады. Мұнсыз қандай да бір болмасын іс-әрекет, қимыл әлеуметтік болып саналмайды.

Макс Вебер әрекеттің мүмкін болар төрт түрін көрсетеді. Олардың ең бастысы, мақсатқа сәйкес келетін іс-әрекет (целерациональное действие). Сондықтан, М. Вебердің пікірінше, мақсатқа сәйкес келетін әрекет, қимыл негізгі идеалдық тип болып саналады. Әлеуметтік іс-әрекеттің ақылдылығы, парасаттылығы, ақылға жеңдірушілігі — тарихи үдерістің басты бағыты. Екінші құнды-ұтымды әрекет - белгілі бір абсолюттік құндылыққа (этикалық, эстетикалық, діни, т.б.) саналы түрде жетуге бағытталған әрекет; Мұның негізіне сөзсіз этикалық, діни немесе белгілі мінез‑құлықтың кез келген басқа басымды құндылығына сенімділік жатады. Үшінші аффектілі әрекет, ол субъектінің көңіл-күйі мен сезімінен туындайды; Төртінші әрекет, бұл ‑ көптен қалыптасқан әдет-дағдымен іске асатын әрекеттің түрі.

М. Вебер өзінің әлеуметтанулық зерттеулерінде түсіну, ұғыну әдістеріне көп көңіл аударады. Соған байланысты оның әлеуметтану теориясы "түсіну, ұғыну теориясы" деп аталып, әлеуметтану өзінің шығу көзін, қалыптасу негізін адамның немесе адамдар тобының мінез-құлқынан бастауы қажет. Адамның мінез-құлқын зерттеу әлеуметтанушыны әр уақытта қызықтырып отырады, өйткені әрбір адам өзінің тәртібіне, іс-әрекетіне белгілі бір мағына, мән береді, оны түсінуге тырысады. Осыған орай, әлеуметтану "түсіну" ғылымына айналады.

М.Вебердің келесі маңызды тұжырымдамасы - идеалды типтер. Оның пікірінше, идеалды тип (яғни, адалдықтың үлгісі) шығармашылық қиял, елес жемісі. Идеалды тип дегеніміз, ол объективтік эмпирикалық (яғни, тәжірибелік) шындықты бейнелеу емес, бұл зерттеуші ғалымның ойлануының, ой-пікірінің жемісінің теориялық құрылымы, идеясы.

М. Вебер өзінің "Протестанттық этика және капитализм рухы" деген еңбегінде экономиканы дінмен байланыстырып, діни-этикалық нұсқаулардың экономикалық іс-әрекетке ықпалын түсіндіруге тырысты. Ол осы тұрғыдан діни сенімдердің, діни этиканың, әсіресе оның адамгершілік қырын экономика дамуының негізгі ынталаңдыру факторы және адамдардың еңбек сүйгіштігін, ұқыптылығын, әділеттілігін, белсенділігін және т.б қалыптасуын қамтамасыз етіп отыратын фактор ретіңде қарады.


Әлеуметтанудың даму жолындағы барлық теорияларды тұжырымдау негізінде барынша кеңірек әлеуметтік құрылымдарды талдау қажеттілігі туды. Бұл міндетті Американың атақты әлеуметтанушысы Толкот Парсонс атқарды. Ол әлеуметтік әрекет теориясын және құрылымдық‑функционалдық талдаудың әдістемесін жасады. Т.Парсонстың ойынша, адамның әлеуметтік әрекеті рационалды, мақсатты сипатқа ие. Оған бір‑біріне тәуелді емес, төрт шартты әрекеттер жүйесі әсер етеді (биологиялық, мәдени, әлеуметтік және жекелік) және олардың әрқайсысы белгілі функциялар атқарады. Бұл жүйелердің қалыптасуын және олардың бір‑біріне ықпалын Т.Парсонс институттену үдерісі деп атады. Бұл әлеуметтік әрекет теориясы онан әрі дамытылып, қазіргі күні классикалық сипатқа ие болды.

Т.Парсонстың құрылымдық‑функционалдық талдаудың әдісі қазіргі әлеуметтану ғылымының негізгі әдістерінің бірі болып отыр. Оның негізіне бірі‑бірімен байланысты жүйешіктерден тұратын тұтас жүйе ретіндегі қоғам туралы түсінік алынған. Әрбір жүйешік өзінің жүйеде ие болған орнына қарай өзіне тән функцияларды атқарады. Олар бірін‑бірі толықтыра және өзара әрекеттесе отырып, әлеуметтік жүйенің бірлігін қамтамасыз етеді.

Бақылау сұрақтары.

1. Конфуций мемлекет туралы не деді?

2. Конфуций қоғамға қандай принцип ұсынды?

3. Конфуций мемлекетті қандай организм деп санады?

4. Платонның қоғам басшысы жөніндег3 ойы қандай?

5. Платон мемлекет туралы не деді?

6. Платон қоғамды билеудің негізгі құралы деп нені атады?

7. Аристотель мемлекеттің негізгі мақсаты неде деп түсіндірді?

8. Аристотельше дұрыс мемлекет қандай мемлекет?

9. О. Контты не себепті әлеуметтану ғылымының негізін қалаушы дейміз?

10. О.Конт қоғамды қандай жүйе ретінде қарастырды?

11. О. Конт әлеуметтік құбылыстарды зерттегеңде қандай әдістерге жүгінді?

12. Г.Спенсер өзінің әлеуметтанулық тұжырымдарын қандай теорияға негіздеді?

13. Г.Спенсер қоғамды қандай организм ретіңде қарастырды?

14. Спенсердің әлеуметтанулық көзқарасы қандай?

15. Г. Спенсердің эволюция теориясын қалай түсінесің?

16. К. Маркстің негізгі әлеуметтанулық ілімдері.

17. Э. Дюркгеймнің әлеуметтану жөніндегі ой-пікірлері.

18. Э. Дюркгеймше қоғамның тұтастығының негізін құрайтын не?

19.Э. Дюркгеймнің әлеуметтік теориясының өзегі не болып табылады?

20. М. Вебердің әлеуметтанулық тұжырымдары.

21. Т.Парсонстың әлеуметтану ғылымына қосқан нақты үлесін аташы?
























ІІІ тақырып. XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы әлеуметтік ойлар


XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Шоқан Уәлиханов (1837-1865), Ыбрай Алтынсарин (1841-1889), Абай Құнанбаев (1945-1904), Шәкәрім Құдайбердиев (1858-1931), Әлихан Бөкейхан (1870-1937), Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938) қазақ халқының әлеуметтік өміріне қатысты мол мұра қалдырды. Әлемдік әлеуметтану ғылымы да сонау ежелгі грек, қытай, үнді ойшылдарының әлеуметтік көзқарастарынан бастау алғанын ескерсек, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласының ойшылдарының да пікір‑тұжырымдары қазіргі отандық әлеуметтануға жақсы теориялық та тәжірибелік негіз болатыны шындық.