ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 13.08.2020
Просмотров: 1477
Скачиваний: 40
Абайдың топшылауында дүниеде, оның ішінде қоғамда қозғалмайтын, өзгермейтін ешбір нәрсе жоқ. Ол өзінің 1894 жылғы жазған сөзінде: «Дүние бір қалыпта тұрмайды», «адам да, адамның көңілі де бір калыпта тұрмайды, өзгеріп тұрады» деп жазды. Ал өлең сөздерінің бірінде бұдан да ашық:
Күн артынан күн туар,
Бір күн дамыл еткізбес,
Ой артынан ой туар,
Желге мінсең жеткізбес, ‑ дейді.
Бұл мәселені Абай «Отыз сегізінші сөзінде» едәуір ашық койып және оған едәуір ғылыми астар береді. Ол: «Дүние үлкен көл, замана соққан жел, алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деп қоғамның тарихи құбылыс екенін айтады. «Жамандық та қайдан баяндап қалар дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» (II том, 214-бет) деп табиғатта болатын өзгерісті мысалға ала отырып, Абай қоғамның да сондай өзгеретінін мойындады.
Абай дүниені білуге, тануға болатындығын дұрыс топшылаған. «Дүниенің көрінген және көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды» дейді (II, 164). Бұған қарағанда Абай адамның санасынан тыс — объективтік дүние барлығын, демек дүниенің көрінбей тұрған сыры да барын мойындайды және оны адамның бес сезімі арқылы қабылдауға болатынын айтады. Адам сыртқы дүниені танығанда «Көзімен көріп, кұлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады» деп келеді де, ол хабарлардың «ұнамдысын ұнамды қалпымен, ұнамсызын ұнамсыз қалыппен әр нешік, өз суретімен, ол көңілге түсіру бағанағы бес нәрседен (көз, құлақ, қол, тіл, мұрын – Ә.Б.) өткен соң, оларды жалғастырып, көңілде суреттемек» деп жазды. Міне, осылардың арқасында адам өседі, жетіледі. Сөйтіп «Он тоғызыншы сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», ‑ деп адамның қалыптасу, тәрбилену үдерісін аңғартады.
3. Өз заманының асқар білімпазы, Мұхтар Әуезов ойымен айтқанда, ұлттық рухани бұлақтан таным‑сусынын қандырған, Шығыс пен Батыстың озық мәдениетінен барынша нәр алған Абайды феодалдық‑патриархалдық қазақ қоғамының басты проблемасы ‑ адам тағдыры қатты ойлаңдырған. Адам баласының дүниеге жылап келіп, кейіп өлгенге дейінгі өмірі, оның іс‑әрекеті, мінез‑құлқы, мұраты және т.б. Абайдың барлық шығармаларының алтын арқауындай деуге болады. Өзінің шығармашылық кредосын «Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ, Наданның көзін қойып көңілін ашпақ...» деп айқындауы жайдан‑жай емес. Сөйтіп алға нақты мақсат қояды. Ал «Қырық үшінші» нақыл сөзінде ол адамның жан азығы — білуге құмарлығы, бұл болмаса оның малдан айырмашылығы жоқ деп адамды білімге уағыздады. Білмекке құмарлықты қанағаттандыру — дүниенің көзге көрінген және көрінбеген қасиеттерін танып білу, іздену, сұрап білу, ғылымға ұмтылу, дүние сырын білу, бұлар көкірекке сәуле, көңілге сенім береді деп өмірдің мән‑мағынасын айқындайды.
Абай адам болмысының өте күрделі үдеріс екенін өз замандастарының қайсысынан болса да жақсы білген. Сондықтан адамның өзі ақыл‑ойын, дарын‑қабілетін, таным‑түсінігін, рухани өресін үнемі, тоқтаусыз жетілдіре түсуі, оған бойындағы бар күш‑жігерін мақсатты түрде жұмсап отыруы қажет. Тек білім мен ғылым ғана адамға қоршаған ортаны, адамдармен күнделікті қарым‑қатынас үдерісінде байқалатын адамгершілік пен иамандылық қасиеттерді тереңірек танып, оны өз бойларына жұғысты етуге ұмтылуы керек. Абайдың айтуынша, адалды арамнан, шындықты өтіріктен, әділеттілікті әділетсіздіктен, жаманды жақсыдан, қайырымдылықты қатыгездіктен айыра біліп, өз мақсат‑мұратына жету үшін адам ең алдымен өзін, сонан соң қоршаған ортаны тани білуі айрықша қажет. Өйткені қоршаған ортаға, адамға деген ынта‑ықылас адамның, әсіресе жас ұрпақтың біліміне білім, өмірлік тәжрибесіне біліктілік қосады, ой‑өрісін байытады.
Қазақ қоғамының қайшылықты көріністерін жақсы білген ақын "Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ" сияқты адам баласының бес дұшпанын атап көрсету арқылы халықты түзетуге тырысты, жаман қасиеттерден сақтандырды. Бұған "Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым — ойлап қой" деп адамзатты биік мәртебелерге жеткізетін «асыл істерді» қарсы қойды. Жаманнан жиренуді, жақсыдан үйренуді насихаттады.
Абай адамдардың ішкі жан дүниесін, оның қатпар‑қатпар астарын, қысқа ақыл, жай көзге таныта бермейтін жұмбақ сырларын шебер сөзбен өрнектеп береді. Мысал үшін «Сегіз аяқты» («Алыстан сермеп») атты өлеңін алайық.
Тасыса өсек,
Ысқыртса кесек,
Құмардан әбден шыққаны.
Күпілдек мақтан.
Табытын қаққан,
Андығаны, баққаны.
Ынсап, ұят, терең ой,
Ойлаған жан жоқ, жауып қой.
Абайдың "Болыс болдым мінеки", "Болды да партия", "Бөтен елде бар болса", "Мәз болады болысың" деген өлендерінен қоғамның әлеуметтік ауыр жағдайларына субъективтік факторлардың зардабы тиіп отырғанын байқаймыз. Сонымен қатар ел тізгінін ұстаушылардың шен құмарлыққа ұмтылып, соның жолында малын да, арын да сатып, мәз болуын қатты сынайды. Сол кездегі ел билеушілердің әлеуметтік портретін тамаша суреттейді:
Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал,
Қалмады елге тығындап.
Сөйтсе-дағы елімді,
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса
Бас изеймін шыбындап.
Болмаса
Қайраттанып халқыма
Сөз айтып жүрмін күпілдеп:
«Құдай қосса, жұртымның
Ақтармын осы жол сүтін» деп,
Қайраттысып, қамқорсып,
Сайманымды бүтіндеп.
Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді,
Өз еліме айтамын:
«Бергенім жоқ,- деп- белімді».
Бұдан артық айту қиын. Бұл сөзбен кестеленген болыстың бет бейнесі, адами тезбен айтқанда «жарым адамның» бар жан дүниесі. Осы арада Абайдың қиянатшыл кісіні «жарым адам» дегенін еске сала кетейін.
Абай ұлтының билік те, тіршіліктің көзі де жаттың қолында болып, олардың қолпаштауынсыз малынды малдап, жаныңды жандай алмайтын, ел-жұрты тәуелді күйге түскен халін "Қалың елім, қазағым, қайран жүртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың" - деп бар болмысымен қынжыла айыптайды. Халқының дәрменсіздігін, ел тізгінін ұстаушылардың шенқұмарлыққа ұмтылып, соның жолында малын да, арын да сатып, өзара қырқысқанын көріп налиды.
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға,‑ деп өз қандастарының қылығына налып, шарасыздық хал кешеді.
Өз ұлтын бұрын‑сонды Абайша сүйе білген де, қиыншылығына күйіне білген де ешкім болмағанына дау жоқ. Ұлының қуанышы да, реніші де ұсақ болмайды. Сондай‑ақ ұлы адам ұлттық деңгейде де қала алмайды. Олай болса, ол ұлы да бола алмас еді. Сондықтан Абайдың күллі адам баласын қор қылатын үш нәрседен сақтандыруын түсіну қиын емес. Ол: «Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық» деп нақты атап береді. «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талассыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны» дей отырып, ұлы ойшыл бұлардың басты емі білім, ғылым екендігіне назар аударады.
Абай халықты адамгершілік қасиетті арттыруға жұмылдырды. Абайдың ойынша, елдің жақсы, жаман болуы оның ынтымақ‑берекесіне байланысты. Ол ел берекелі болса — жақсы жайлау, ол бір — көл дейді. Сондай‑ақ Абай: Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос,- деп, ұлттық бірлікке, ішкі татуластыққа, ынтымақтастыққа үндеді. Өз халқымыздың мүддесі үшін достықтың, бірліктің керектігіне ерекше назар аударды. Бұл - бір, екіншіден, Абай қазақ қоғамының қараңғылығынан шығар жолды іздеді. Оның "Ғылым таппай мақтанба" деуі әсте жайдан‑жай емес. Данышпан Абай өзінің «Он сегізінші» сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылдық» дегенде де ғылымды бүкіл адам баласының басты қасиеттерінің бірі ретінде атаған болатын [2, 453].
3. Абай халықты ауыр тұрмыстан құтқарып және караңғылықтан алып шығып, жарық жолға салар ағартушылық жолды қалады, соған халқын шақырды. Абайдың ағартушылық жолы орта ғасырлық схоластикаға мүлде қарама-қарсы дүние тану, адамдардың өмірін жақсы құрып, бақытты тұрмысқа жеткізу жолы еді. Ондай дұрыс жолды Абай орыс халқының озық мәдениетінен іздеді. Сондықтан «Жиырма бесінші сөзінде» «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - орыста зор... Орыстың ғылымы, өнері — дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» деді.
Жалпы, Абай әлеуметтік мәселелерге моральдық тұрғыдан қарады. Ол байлар мен кедейлердің арасыңдағы айырмашылықтарды, олардың жағдайын, қоғамдағы алар орындарын салыстырып, сауатсыздардың «көзін қойып, көңілін ашып» түсіндірмек болған.
Абай ескіліктің кетіп, жаңаның келетініне сенді. Ескілікті тез жолдан алып тастап, жаңалыққа тез жол ашу үшін Абай бар күшімен қаратүнек ескілікке, жауыздыққа қарғыс айта, қарсы тұрды. Сол бір кездердегі жазған: «Базарға қарап тұрсам, әркім барар», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Өлең сөздің патшасы - сөз сарасы», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Білімдіден шыққан сөз», «Сәулең болса кеудеңде» т. т. осы сықылды өлендерді Абай халық ағарту тақырыбына арнап жазды.
Абайдың қоғамдағы теңсіздердің теңелуі үшін, отаршылық қысымнан құтылу үшін халыққа ұсынған қару емес, ағартушылық жолы еді. Бірақ Абайдық ағартушылығы: тек оқу, хат тану ғана болмаған. Абайдың ағартушылығы кең көлемді, адамшылық қасиетті көксеген, демократиялық бағыттағы ағартушылық, өмір, тұрмысқа пайдалы ағартушылық болды. Ол «Отыз екінші сөзінде» «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек» дей отырып, талаптың біраз шарттарының барлығын айтады. Әуелі – білім-ғылым табылса, оны мынадай іске жаратар едім деу керек; екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек қажет; үшінші - әрбір ақиқатқа ыждағаттылықпен көзің жетсе, содан айрылмау керек; төртінші – ақыл кеселі – уайымсыз салғырттықтан қашық болу керек; бесінші – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын.
Сонымен бірге Абайдың ағартушылығы адам баласына керекті игілікті істерді, рухани күшті, айтайық: адамгершілікті, мәдениеттілікті өркендетуге қажет болатын басқа да толып жатқан қасиетті қамтиды; мәдениеттілік, естілік, қайырымдылық, халықты сүюшілік, талаптылық, еңбек сүюшілік тағы-тағы сол сықылды адам өмірін асыл ететін жақсы қасиеттер. Міне, ұлы ұстаздың өз халқына ұсынар талаптары, игі адами қасиеттер.
4. Абайдың дін туралы айтқандары аса маңызды әлеуметтік мәселелер. Өз заманының, арғы‑бергі өткен ғұламаларды тереңдей оқып, талдап тоқыған Абай он сегіз мың ғаламның жалғыз жаратушысы Алланың құдіретін өлеңмен де, қара сөзбен де жеткізе айтты:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас.
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөзі айырмас.
Болмаса
Махабатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы деп әділетті.
Бүкіл адамзатты махаббатпен жаратқан Алланы да махаббатпен сүймеу мүмкін емес. Бұл өлең жолдарының құдіреті де осында.
Абайдың дін туралы бірсыпыра тұжырымды ой‑пікірлері өзінің «Отыз сегізінде сөзінде» баяндалған. Бұл жүрегінің қуаты перзенттеріне арнаған өсиет сөзі еді. Ұлы хакимнің өсиет еткен дүниелерінің бірі ‑ Алла жолының ақиқаттығын, оны танудың амалы ғылым‑білім екендігін айта келе былай деп жазды: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат (пайдалыны алу ‑ автор) дәфғы мұзарратларны (зарарлыдан қашу ‑ автор) айырмақлық секілді ғылым‑білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады» [469]. (Құнанбаев А. Шығармаларының толық жинағы. Алматы, Қазмемкөркемәдеббас, 19616 693 бет.) Одан әрі ойын өрбіте келе Абай: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат‑хұрмет (қадір, сый – автор) таппақ секілді нәрселердің маххабатыvtн ғылым‑білімнің хақиқаты табылмайды», ‑ дейді [ 469-470]. (Құнанбаев А. Шығармаларының толық жинағы. Алматы, Қазмемкөркемәдеббас, 19616 693 бет.).
Абай ислам жолына түскендер иманның ақиқатын білулері керек дейді де, ал иман дегенді Алла тағаланың бірлігіне, құран сөзі оның сөзі екендігіне, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.у.) оның тарапынан елші екендігіне сену деп түсіндіреді. Осы сенім ғана пайда береді, шынайы иман болады дейді. Сонан соң Алла тағала ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, оны түгел білу мүмкін емес, Алла тағала ‑ өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Алланың сөзі – қарыпсіз, дауыссз, оның көрмегі де, естімегі де біз секілді көзбенен, құлақпен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты.
Абай сонымен қатар өз заманының білімсіз молдаларын қатаң сынаған. Оларды хакимдердің дұшпаны санады. Ал осы молдалардың шәкірттерінің көбісі біршама арап‑парсы тілін үйреніп, бірлі‑жарым болымсыз сөз біліп, соған мәз болып, өздерін артықшылықпен ұстайды. Олардан зиян болмаса пайда жоқ және осы мақтанымен қауымды адастырады деп ұлы ұстаз ойын түйіндейді
Бұдан ары Абай перзенттеріне Алланың жолының шексіз екенін, оның шегіне ешкімнің жетпегенін, алайда сол жолмен жүруді кім өзіне шартқылып қадам басса, сол таза мұсылман, толық адам. Ал құдайдың жолы – біреуге дүниеңмен, ақылыңмен, малыңмен жақсылық етуді мақсат тұтқан жол. Және ол жол шексіз, бірақ сол жолға аяғыңды берік бассаң шексіз құдаға жақындық пайда болып, нағыз құлы болу үміттен артық не бар дейді Абай.
5. Еңбектің адамды тәрбиелейтінін, адамды-адам еткен енбек екенін жақсы білген Абай Құнанбаев көптеген шығармаларында халықты еңбекке шақырды. «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік ‑ бәрі осыдан шығады» деп жазды Абай «Отыз сегізінші сөзінде». Ол қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретінінің бір себебін оның жұмысының жоқтығынан көреді. Егер ол егін салса, саудамен айналысса, мұндай жаманшылықпен айналысуға оның қолы тиер ме еді ойланады. Ол қоғамда болатын өзгерістерді тек адам еңбегімен байланыста қарады. «Төртінші сөзінде» «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, енбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп адал еңбекке үндеді. Жанын қарманып, адал еңбекпен мал табуды арлы адамның ісіне санады. «Жиырма тоғызыншы сөзінде» малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек деді..