Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.10.2023
Просмотров: 287
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Бұл үшін жаңа экономиканың кадрларға сұранысы мен кадрларды даярлау жүйесімен үндестіру, сондай-ақ қазірдің өзінде жұмыс істейтін жұмыскерлерді қайта оқыту мен біліктілігін арттыруға қол жеткізуін қамтамасыз ету қажет. Бұл процестің басталу нүктесі жаңа экономиканың кадрлық қажеттілігін айқындайтын ұлттық болжамдау жүйесі мен ұлттық біліктілік жүйесін дамыту болады.
Білім беру жүйесінің жалпы деңгейін арттыру мұның қисынды жалғасына айналады: жаңа экономиканың сұраныстарына қарай халықаралық стандарттар ескеріле отырып, білім беру бағдарламалары өзектендірілетін болады, педагог кадрларды даярлау мен уәждеу сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Білім беру саласындағы өзгерістер жеке бизнеспен әріптестікте іске асырылып, еңбек нарығы қажеттілігін технологиялық әрі цифрлық құзыреттерге ие білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Қазірдің өзінде бар еңбек ресурстарының әлеуеті барынша тиімді пайдаланылуы тиіс. Экономиканың жаңғыруы мен кәсіпорындар, салалар мен елді мекендер арасындағы жұмыс күшінің ілеспе қозғалысы неғұрлым өнімді жұмыс орындарына біртіндеп және икемді орын ауыстыру үшін жағдайлар жасауды талап етеді, бұл еңбек ұтқырлығы мен еңбек нарығы инфрақұрылымын дамыту есебінен іске асырылатын болады. Қазақстандықтардың белсенді жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу бойынша белсенді шаралар мен шекараның арғы жағынан жоғары білікті мамандар тарту экономиканы қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге де ықпал ететін болады.
«Білім беру экономикалық өсудің негізі ретінде» басымдығы
Білім беру жүйесі барлық деңгейлерде қолжетімділік пен инклюзивтілікті қамтамасыз ету мен ағымдағы еңбек нарығының сұранысына да, сол сияқты болашақ экономиканың сұранысына да сай кадрлар даярлауға бағытталуы тиіс.
«Түгел қамтитын және талап етілетін білімге қол жеткізу» міндеті
Технологияның тез дамуы мен экономиканың өсуі білім беру мен оқытудың жаңа әдістеріне қажеттілікті талап етеді. Білім беру бағдарламалары мамандандырылған салалық дағдыларға, сондай-ақ күрделі кешенді міндеттерді шығармашылықпен және инновациялықпен шешу дағдыларына ие, үнемі өзін өзі жетілдіруге ниетті және командада жұмыс істей алатын кадрларды даярлауға бағытталуы тиіс.
1.1 «Білім берудің қолжетімділігі мен инклюзивтілігін қамтамасыз ету» бастамасы.
Мектепке дейінгі білім беру балаларды когнитивтік дамыту мен оқуға қызығушылығын ынталандыру үшін маңызды бастау нүктесі болып табылады. Балаларды 1 жастан 6 жасқа дейінгі жаста мектепке дейінгі білім берумен қамтуды арттыру мақсатында МЖӘ тетігін пайдалана отырып, жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жалғастырылады. Бұл үшін жұмыс күні толық емес шағын орталықтар жергілікті бюджет пен МЖӘ тетіктерінің қаражаты есебінен біртіндеп толық жұмыс істейтін режимге ауыстырылатын болады.
Барлық тілек білдірушілерге жұмыс біліктілігі, оның ішінде курстық даярлық бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім алу тетігі кеңейтіледі. Бұл жастар үшін тегін алғашқы жұмыс біліктілігіне қолжетімділікті қамтамасыз ететін әлеуметтік лифт жасауға мүмкіндік береді. Барлық тілек білдірушілер, оның ішінде біліктілігі жоқ жастар, аз қамтылған отбасылардың балалары, жұмыссыздар, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен оқу орталықтары мен колледждер базасында өз бетінше жұмыспен қамтылған, сондай-ақ жұмыс берушілер курстық даярлықпен қамтылады.
Инклюзивті білім беру психологиялық-педагогикалық cүйемелдеумен қамтамасыз етіледі, арнайы кабинеттер құрылады, талап етілетін жұмыс біліктіліктері бойынша арнайы орта, техникалық және кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім берудің оқу бағдарламалары жасалады, сондай-ақ педагог қызметкерлердің біліктіліктері арттырылады.
Ерекше білім беруді талап ететін адамдар үшін білім берудің барлық деңгейлеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіледі, жан басына қаржыландыру шеңберінде жоғарылатылған қаржыландыру нормативі көзделетін, білім беруге арналған мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылатын болады.
Жоғары оқу орнының ақылы бөліміне еркін түсу мақсатында талапкерлерге оқуға түсу емтихандарының нысанын таңдау құқығы берілетін болады.
1.2 «Білім берудің барлық деңгейлеріндегі бағдарламалардың мазмұнын жаңарту» бастамасы. Балаларды бастауыш білім алуға дайындау үшін мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыруда сабақтастық жасалатын болады. Денсаулықты қамтамасыз етуге, ұтымды тамақтануға, қауіпсіздік пен ерте жастан когнитивтік, әлеуметтік дағдыларға және өз бетімен оқу дағдыларына оқытуға бағытталған балалардың ерте дамытудың кешенді жүйесі қалыптастырылатын болады.
Ғылыми жетістіктерге және ерте жастан тәрбиелеу мен оқытудың озық практикасына негізделген жаңа тиімді білім беру бағдарламалары енгізіледі. Ата-аналарды балаларды ерте жастан тәрбиелеу мен оқыту бойынша ақпараттық оқыту мен үйрету бағдарламасы іске асырылатын болады.
Орта білім беру жүйесіне оқушылардың бойында функционалдық сауаттылықты, сыни ойлауды, нақты өмірде білім мен дағдыларды қолдану қабілеттерін қалыптастыруға бағдарланған жаңартылған мазмұн енгізу жалғастырылады. Оқу бағдарламаларына жаңа технологияларды, ғылыми инновацияларды, математикалық модельдеуді, бағдарламалауды, робот техникасын және бастапқы технологиялық дайындауды дамытуға бағытталған STEM-элементтері қосылатын болады. Бұл үшін қосымша білім беру бағдарламалары, сыныптан тыс іс-шаралар, ғылыми үйірмелер мен сыныптан тыс сабақтар ұйымдастырылады, барлық қажетті инфрақұрылымы және оларды күтіп-ұстау тетіктері бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар желісі құрылады. Жоғары сыныптарда бірқатар пәндер ағылшын тілінде оқытылатын болады.
12 жылдық білім беру жүйесіне көшу байқау мен педагогикалық және ата-аналар қоғамдастықтармен кең талқылау қорытындылары бойынша жүзеге асырылатын болады.
ТжКБ жүйесінде жұмыс берушілердің қатысуымен және жаңа кәсіби стандарттар негізінде әзірленген WorldSkills халықаралық талаптарын, робот техникасын, цифрлық дағдыларды, көптілділікті ескеретін жаңартылған білім беру бағдарламалары енгізілетін болады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берумен сабақтастықты қамтамасыз ету үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде оқытудың кредиттік-модульдік технологиясына көшу жүзеге асырылатын болады.
ТжКБ жүйесінде халықаралық және кәсіби стандарттарға сәйкес келетін білім беру бағдарламаларын әзірлеу және тарату базалық колледждер мен кәсіпорындармен бірлесіп құрылған құзыреттілік орталықтары арқылы жүзеге асырылатын болады. Кадрларды даярлауды жүйелендіру мақсатында ТжКБ оқу орындарын бейіндеу бойынша жұмыстар жалғастырылады.
Жұмыс берушілердің жәрдемімен ТжКБ мен жоғары білім беру бағдарламаларын өзектендіру үшін қазіргі бағдарламаларға бағалау жүргізілетін болады, оның қорытындысы бойынша неғұрлым талап етілетін мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларының тізілімін жаңарту жоспарлануда.
Нарықта неғұрлым талап етілетін бағдарламаларды іріктеу үшін білім беру бағдарламаларына тұрақты түрде мониторинг және олардың тиімділігіне салыстыру (мысалы, бітірушілердің жалақысының деңгейі, жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі бойынша) жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік білім беру тапсырысының құрылымы кадрларға болжанатын қажеттіліктер мен бизнестің қатысуымен айқындалатын салалар арасындағы жұмыспен қамтылғандардың болжамды ағындары бойынша деректер ескеріле отырып, қайта қаралатын болады.
Ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО арасындағы кооперацияны арттыру бойынша жұмыстар (пилоттық жобалар шеңберінде) жалғастырылады, бұл жұмыс барысында студенттер - зерттеу қызметіне, ал ғылыми-зерттеу институттарының профессор-оқытушылар құрамы ЖОО-ларда сабақ беруге тартылатын болады. Бұл студенттерге арналған оқытудың ғылыми және қолданбалы құрамдасын арттыруға, оларды инновациялар мен технологияларды әзірлеуге және енгізуге тартады.
ЖОО студенттеріне негізгі білім беру бағдарламаларын игеру кезеңінде қосымша біліктілік алу мүмкіндігі берілетін болады.
1.3 «Академиялық еркіндікті және жұртшылықтың қатысуын арттыру» бастамасы. Орта білім беру ұйымдарының басқарушылық және қаржылық қызметіне қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мақсатында қамқоршылық кеңестер өкілеттіктерінің спектрі кеңейтілетін болады. Қамқоршылық кеңестер мектептер мен балалар үйлерінің ішкі өмірін ұйымдастырудағы маңызды органдардың бірі болады, мектептердің өзін-өзі бағалау рәсімдері жетілдірілетін болады. Мектептерді мемлекеттік бақылау білім беру саласындағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Оқу орындарын орталықтан алу және олардың академиялық, басқарушылық дербестігін арттыру саясаты жалғасады.
Жоғары оқу орындарына оқу бағдарламаларын әзірлеуде, кадрлық жұмысты ұйымдастыруда, бюджетті басқаруда дербестік ұсынылады. Студенттерді жалға алу процесіне дайындауға және практикадан өтуге, одан әрі жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін ЖОО-ның кәсіби бағдарлану офистері өзектендірілетін болады.
ЖОО-лардың тиімділігін бағалау білім беру процесінің және оқу орнын басқарудың сапасына, еңбек нарығында түлектердің талап етілуіне, жүргізілетін зерттеу жұмысының өзектілігіне және коммерцияландырылуына байланысты болады. Сонымен қатар, жыл сайын түлектер мен жұмыс берушілерді жыл сайынғы бағалаудың негізінде білім беру бағдарламалары мен жоғары оқу орындарының рейтингі жүргізілетін болады. Бұл білім беру сапасын және білім беру бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоғары оқу орындарын басқару бойынша озық практиканың мысалы ретінде Назарбаев Университетінің тәжірибесін пайдалану жоспарлануда.
1.4 «Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті кеңейту және білім беру саласына жеке инвестициялар тарту» бастамасы.
Білім берудің барлық деңгейлерінде әріптестікті кеңейту және жеке инвестицияларды тарту білім беру қызметтерінің сапасын арттырудың, мемлекеттік білім беру объектілеріне жүктемені және білім беру ұйымдарындағы орындар тапшылығын төмендетудің, жеке білім беру қызметтерін дамытудың маңызды құралдарының бірі болып табылады.
Барлық толық жинақталған қалалық мектептерде білім беру мекемелерінің шығындарын қаржыландырудан - «әрбір оқушыға бекітілетін ақша» қағидаты бойынша оқушылардың санына байланысты оларды оқытуға арналған шығындарды қаржыландыруды көздейтін жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі енгізілетін болады.
Бұл білім беру ұйымдары арасындағы бәсекелестікті және білім беру қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, білім беру тапсырысы меншік нысанына қарамастан мектептерде орналастырылатын болады, бұл жеке секторды жеке мектептер желісін кеңейтуге уәждейтін болады. Мектептердің СанЕжН мен ҚНжЕ қайта қаралады, мектептерді сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталатын болады.
Мектеп оқушыларын қызығушылықтары бойынша үйірмелермен барынша қамту мақсатында жеке сектор есебінен қосымша білім беру дамитын болады.
ТжКБ жүйесінде жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативтері қайта қаралып, ТжКБ ұйымдарын сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталатын болады. Дуалды оқыту шеңберінде студенттерге практикалық сабақтарды бергені және ұйымдастырғаны үшін қосымша төлем түрінде өндірістен инженер-педагогикалық кадрларды тарту үшін ынталандыру шаралары көзделетін болады.
Жеке қаржыландыруды тарту шеңберінде жоғары оқу орындары мен компаниялардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру жоспарлануда. Компания тарапынан әріптестік үлес қосу білім беру гранттарын бірлесіп қаржыландыруды, тағылымдамадан өту мүмкіндігін, тәлімгерлік жүйесін, тренингтер мен практикалық оқу іс-шараларын өткізу үшін алаңшалар беруді қамтитын болады.
1.5 «Білім беруді цифрландыру» бастамасы. Барлық процеске қатысушылардың электрондық деректер банкін және білім алушының электрондық бейінін, сондай-ақ қажетті цифрлық сервистерді қамтитын білім беруді басқару жүйесі құрылады.
Мысалы, балаларды бала бақшаларға қабылдау процесі автоматтандырылатын болады, орта білім беруде электрондық күнделіктер мен журналдар енгізілетін болады. Білім беруді басқару жүйесі мемлекеттік органдардың бірыңғай деректер базасына интеграцияланатын болады. Сонымен қатар Big Data технологиясын (ауқымды деректерді өңдеу технологиясы) пайдалана отырып, басқа цифрлық білім беру сервистері интеграцияланады.