Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.10.2023
Просмотров: 292
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
«Еңбек ұтқырлығын арттыру және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа белсенді шаралары» міндеті.
Қолда бар еңбек ресурстары құрылымын өнімді жұмыспен қамту пайдасына өзгертуге және еңбек ресурстарын анағұрлым өнімді жұмыс орындарына қайта бөлуге бағытталған кешенді шараларды іске асыру жоспарлануда. Шаралар жұмыс күшінің кәсіби және аумақтық ұтқырлығын қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау, көлеңкелі жұмыспен қамтуды ресімдеу және еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер ашуға арналған өзге де құралдар мәселелерін қамтитын болады.
1.17 «Кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыру нәтижесінде босатылған қызметкерлерді қолдау» бастамасы. Жергілікті атқарушы органдар кәсіпорындармен бірлесіп, кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыру нәтижесінде босатылған қызметкерлерді қолдау бойынша келісілген саясатты әзірлейді. Босатылған қызметкерлерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін жаңа жұмыс орындарын құру (оның ішінде ірі бизнестің ұзақ мерзімді тапсырыстар беруі және өңірдің ШОБ кәсіпорындарында талап етілетін өнімдерді игеруге өзге де жәрдемдесу арқылы), қайта оқыту мен жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің басқа да шаралары көзделетін, бірлескен Жол карталары іске асырылатын болады.
1.18 «Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту» бастамасы. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды еңбек нарығында талап етілетін кәсіптік дағдылар мен құзыреттер алу мүмкіндігімен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша халықтың аса мұқтаж топтарына: жастарға («Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы шеңберінде); мүмкіндігі шектеулі адамдар мен егде жастағы адамдар (арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеу есебінен) қысқа мерзімді курстар өзектендіріліп, іске асырылады.
1.19 «Бейресми жұмыспен қамтылған жұмыскерлердің қызметін ресмилендіру» бастамасы. Бейресми жұмысты қамтуды азайту үшін шаралар кешені, оның ішінде жеңілдетілген тіркеу, есепке алу және салық салу жүйесін енгізу, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамту, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және ауылдық жерлерде жұмыспен қамтылғандарға ерекше назар аудара отырып, еңбек шарттарын «заңдастыру»; «көлеңкелі» жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, профилактикалық шараларды кеңейту, «жосықсыз жұмыс берушілердің» тізілімін енгізу; мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жеке тұлғалар мәртебелерін өзектендіру; ақпараттық-түсіндірме жұмыстары іске асырылатын болады.
1.20 «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бастамасы. Өнімді жұмыспен қамтуды арттырудың негізгі бағыттарының бірі жаппай кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. Ол үшін кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытуды, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауды қоса алғанда, ауылдық жерлердегі қызмет көрсетулер мен кооперацияны кеңейтуді ескере отырып, оның ішінде қаладағы және ауылдық жерлердегі микрокредиттеуді дамыту арқылы қолдау шараларының толық спектрі көрсетілетін болады.
1.21 «Ерікті қоныс аударуға жәрдемдесу» бастамасы. Жұмыс күші артық облыстардан кадрлар жетіспеушілігі байқалатын облыстарға ерікті қоныс аударуы кезінде еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру жалғастырылады.
Бұл тәсіл еңбек ресурстарына сұранысқа сәйкес кейін ішкі мигранттар ағынын саралай отырып, өңірлік квоталар белгіленетін «экономикалық өсу нүктелерінде» (агломерацияларға, ірі және орта қалаларға, ірі жобаларды көшіру, перспективалы шекара маңы аумақтары) негізделетін болады.
Көшіп-қонушыларға тұрғын үй жалдау мен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша жылдық шығыстарды өтеуге субсидия нысанында қаржылық қолдау көрсетілетін болады. Бұл ретте аталған қаражатты қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігі берілетін болады. Сонымен қатар тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй қарыздарын беру мүмкіндігі қаралатын болады.
Көшіп-қонушыларды жұмысқа орналастыру үшін қосымша ынталандыру шаралары жергілікті атқарушы органдардың субсидиялау құқығымен, сондай-ақ көшіп-қонушылар кәсіпкерлік негіздеріне алдын ала оқытып, оларға жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар мен бау-бақша, ауыл шаруашылығын жүргізуге немесе коммерциялық мақсаттарға жер учаскелерін беруді қамтамасыз ете отырып, жұмыс берушілерді тарту болып табылады.
«Еңбекті үйлестірудің тиімді моделін құру» міндеті
Салалар, елді мекендер мен санаттар арасындағы еңбек ресурстары ағынын тиімді басқару қатарлас жұмыс істейтін арналарды үйлестіретін еңбек нарығының дамыған инфрақұрылымы есебінен қамтамасыз етіледі, ол арқылы мемлекет пен бизнес барлық өтініш білдірген азаматтарға қолдау шараларын көрсететін болады.
1.22 «Электрондық еңбек биржасын енгізу» бастамасы. Онлайн-портал базасында мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарындағы, жеке агенттіктердегі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы, интернет-алаңшаларындағы барлық бос орындар мен жұмыс іздеушілер туралы деректерді шоғырландыру үшін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаңша енгізілетін болады. Электрондық биржа қаржылық шығындарсыз және қамту географиясы ауқымды түйіндеме мен бос орындарды электрондық форматта іздестіру үшін кең мүмкіндік береді. Азаматтарға арналған ақпараттық пакет бос орындар сипаттамасын және мемлекеттік қолдаудың сүйемелдеуші қолжетімді шараларын, оның ішінде уақытша тұрғын үй алу шарттары мен мүмкіндіктері, көшіп-қонуға дайындық тәртібі, біліктілік алу мүмкіндіктері мен ұсыным жасалатын оқу орындары туралы ақпаратты қамтитын болады.
Онлайн-портал сервистері онлайн-режимде кәсіптік бағдарлау, азаматтарды талап етілетін кәсіптер мен оқыту курстары, сапа болжамдары және еңбек нарығы бойынша талдама туралы хабардар ету сияқты көрсетілетін қызметтердің кең спектрін қамтитын болады.
Сонымен қатар еңбек кітапшаларының электрондық форматы енгізіледі. Бұл азаматтардың ресми түрде жұмыспен қамтылуы туралы ақпарат алуға, қызметкердің бейінін онлайн-режимде жүргізу мен оның құзыреттілігін растауға мүмкіндік береді.
1.23 «Халықты жұмыспен қамту орталықтарын жаңғырту» бастамасы. Мемлекеттік халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысына трансформация жүргізіледі. Жүгінген жұмыссыздар мен өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарға, әрбір іздеуші үшін оның дағдыларын диагностикалауға және оны тұрақты және өнімді жұмыспен қамтамасыз ету бойынша атаулы шаралар кешенін тұжырымдауға негізделген кәсіби дамудың дербес стратегиясын әзірлей отырып, кәсіптік бағдарлау, талап етілетін кәсіптер бойынша оқыту, жұмысқа орналастыру бойынша қызметтер көрсетілетін болады.
Жұмыс берушілерге қатысты мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтары өзара іс-қимылдың белсенді және электрондық форматын енгізеді. Бос жұмыс орындарын, оның ішінде цифрлық арналар есебінен, тіркеу рәсімдерін оңайлату жұмыс берушілердің базасын едәуір кеңейтеді, олар үшін халықты жұмыспен қамту орталықтары қазіргі заманғы HR-қызметтер ретінде жұмыс істейтін болады.
Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысында барлық рәсімдер барынша автоматтандырылады, ал жұмыс іздеушілермен де, сол сияқты жұмыс берушілермен де байланыстар «бір терезе», атаулылық пен нәтижелерге бағдарлану қағидаттарында жолға қойылатын болады. Бұл ретте еңбекті үйлестірудің көп арналы жүйесінің тиімділігін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қызметтеріне қол жеткізу нүктелерінің көптігі: халыққа қызмет көрсету орталықтары, egov «электрондық үкімет» порталы, ауылдық елді мекендер әкімдері мен бірыңғай электрондық еңбек биржасы есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда.
1.24 «Азаматтарды еңбекке орналастыруға жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тарту» бастамасы. Азаматтардың еңбекке орналасу мүмкіндіктерін кеңейту үшін кәсіптік бағдар беру, еңбекке орналастыру, кадрлар даярлау және қайта даярлау бойынша көрсетілетін қызметтер сияқты жекелеген мемлекеттік көрсетілетін қызметтер аутсорсингі арқылы жеке жұмыспен қамту агенттіктері тартылатын болады. Жеке ұйымдардың көрсететін қызметтеріне ақы төлеу олардың жүгінген азаматтарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуі мен тұрақты жұмыспен қамтуы көрсеткіштеріне байланысты болады.
Бұл еңбек нарығында мамандандырылған делдалдардың нарығын құрады, еңбекке орналастыру арналарын, азаматтардың еңбек ұтқырлығының мүмкіндіктерін кеңейтеді және бәсекелестік есебінен қызмет көрсетулер сапасын жоғарлатады.
«Шетелден жоғары білікті кадрлар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау» міндеті
Кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін қайта құрылымдаудың өтпелі кезеңінде жергілікті жұмыс күші құзыреттілігінің тапшылығы Қазақстанға жоғары білікті мамандарды – шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтар мен шетелдік жұмыскерлерді тарту бөлігінде еңбек нарығын айтарлықтай ырықтандыру арқасында ішінара қанағаттандырылатын болады.
1.25 «Жоғары білікті шетел жұмысшыларын тарту үшін ынталандыру шараларын енгізу» бастамасы. Жоғары білікті мамандарды тарту үшін преференциалдық режим құрылады, біліктілік деңгейі бойынша шетелдік қызметкерлер үшін визаларды санаттандыру жүзеге асырылатын болады. Жоғары білікті кадрлар үшін квоталар, экономикалық орындылығына тест жүргізу қажеттілігі жойылады, виза алу мерзімі қысқарады, елде болу ұзақтығы ұлғайтылады, құжаттарды тапсыру процесі оңайлатылады.
Ел үшін басым жобаларды іске асыруға қатысу үшін білікті шетелдік жұмыскерлерге іске асыратын жобаларының сипатына байланысты рұқсаттар бірден 3 жыл мерзімге беріледі. Қазақстанда, әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және өңдеу өнеркәсібі салаларында дербес және ұзақ мерзімді кәсіби қызметті жоспарлайтын жұмыскерлер үшін біліктілінің сәйкестігі туралы анықтама да үш жыл бойы жарамды болады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) жанынан визалық-көші-қон және салықтық көрсетілетін қызметтерге, ақпаратты өңдеу орталығы, халыққа қызмет көрсету орталығы (бұдан әрі – ХҚКО) және мамандандырылған ХҚКО көрсететін қызметтерге ғана емес, сол сияқты тұрғын үйді, білім беру және медицина мекемелерін іздестіруге жәрдемдесуге де «бір терезе» қағидаты бойынша орталықтандырылған қолжетімділік мүмкіндік беретін АХҚО Экспат Орталығы құрылады.
АХҚО Экспат Орталығы көрсететін қызметтер Астанада тұрып жатқан барлық шетел азаматтарына да, оның ішінде ағылшын тілінде де қолжетімді болады.
Күтілетін нәтижелер
Білім беру жүйесі өзекті мазмұны мен нәтижелі білім беру процесінің арқасында отандық жұмыс берушілердің сеніміне және қоғамның мойындауына ие болған біліктіліктің барлық деңгейлерінде тиімді еңбек ресурстарын жеткізушіге айналады. Білім беру сапасының көрсеткіштері жақсарады;
2025 жылға қарай PISA тестінің деректері бойынша орта мектеп білімінің сапасын бағалау математика бойынша 460-тан 480-ге дейін, оқу бойынша
427-ден 450-ге дейін, ғылым бойынша 456-дан 490-ға дейін өседі.
Тиімді жұмыс істеп тұрған еңбек нарығы институттары ниет білдірушілер үшін сапалы жұмыс орнын табуға мүмкіндік береді. Еңбек өнімділігі төмен өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың үлесі 2025 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санынан 13,6%-дан 10%-ға дейін төмендейді.
Шетелдік жоғары білікті мамандарды тарту қысқа мерзімді кезеңде еңбек нарығының қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.