Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.10.2023
Просмотров: 295
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
2-реформа. Технологиялық жаңарту мен цифрландыру
Реформаның мәні: реформа қазіргі бар салаларда және жалпы экономикадағы еңбек өнімділігін ұлғайтуға, сондай-ақ оның күрделілігін арттыруға бағытталған. Цифрлық экономиканың дамуын қамтамасыз ету қажет.
Шығындардың төмендеуі, тауарлар өндіру мен қызмет көрсетулер көлемінің артуы, салалардың әртараптандырылуы және жоғары өнімді жұмыс орындары санының өсуі негізгі нәтижеге айналады.
2025 жылға қарай Қазақстан үшін қағидатты өзгерістер:
көп ресурстарды тарту есебінен экономикалық өсуді ынталандырудан - неғұрлым жоғары өнімділік пен ғылымды қажетсіну есебінен, цифрлық технологияларды тиімді қолдану арқылы өсу;
Үкіметтің қорғауы мен бақылауындағы алдыңғы қатарлы технологияларды дамытудан - шетелдік технологияларды трансферттеу мен бейімдеу және өз технологияларын дамыту үшін орта құру болмақ.
Алдағы міндеттер
Реформалардың алдында, 4.0 индустрия элементтерін үйлесімді түрде қоса отырып, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуды қамтамасыз ету арқылы еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік және сервистік секторларды – жоспарлауды, маркетингті, логистиканы интеграциялайтын ақпараттық платформаларды іске қосу қызмет көрсету міндеті тұр.
«Салаларды технологиялық жаңарту және цифрландыру» басымдығы
Технологиялық жаңғырту қазіргі бар кәсіпорындардың өнімділігін арттырады, оларды сыртқы нарықтарда неғұрлым қазіргі заманғы және бәсекеге қабілетті етеді. Жаңа, әсіресе цифрлық технологиялар экономиканың барлық салаларында жергілікті стартаптардың да, сол сияқты Қазақстан аумағында орныққан шетелдік компаниялардың да жаңа жоғары өнімді кәсіпорындарының пайда болуы үшін іргетасқа айналады.
«Болашақтың технологияларын дамыту» міндеті
Өнеркәсіпті одан әрі жаңғыртудың маңызды бағыты – Төртінші өнеркәсіп революциясы немесе 4.0 индустриясы элементтерін қолданылатын базалық салаларды технологиялық қайта жабдықтау жөніндегі шаралар кешенін іске асыру. Цифрлық шешімдерді енгізу барлық физикалық активтерді және оларды цифрлық экожүйеге интеграциялау толассыз цифрландыру үшін негіз құруға мүмкіндік береді, бұл жаппай өндіруден жаппай дараландыруға көшу негізін құруға, өндіріс икемділігін арттыруға, жаңа өнімдерді игеру уақытын қысқартуға, логистикалық процестерді жеделдетуге ықпал етеді. Саланың технологиялық даму деңгейін арттыру үшін:
жаңа отандық технологияларды әзірлеуге және шетелдік технологияларды, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс/сатып алу арқылы оқшаулауға сұраныс жасауға;
жаңа технологияларды коммерцияландыру мен трансферттеуді қаржылық қолдауға;
технологияларды сараптауды, консультациялық қызметтер мен салаларда/секторларда алдын ала мақұлданған технологиялық шешімдерді қалыптастыруды қамтитын сараптамалық сүйемелдеуге бағытталған тиісті технологиялық саясатты айқындап, іске асыру қажет.
Цифрландыруды дамыту үшін нарықтағы ойыншылар тарапынан цифрлық технологияларға сұранысты сыни ынталандыру маңызды. Оларды қолдануды барынша пайдалы ету үшін жағдайлар жасау қажет, бұл олардың тартымдылығын арттырады.
2.1 «Технологиялық процестерді стандарттау» бастамасы. Ұлттық стандарттарды ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес кезең-кезеңімен жаңарту қамтамасыз етілетін, стандарттау саласындағы салалық мемлекеттік органдардың жұмысы жандандырылатын, қазіргі заманғы стандарттар алу және технологиялық құзыреттерді арттыру үшін кәсіпорындарды ынталандыру құралдары кеңейтілетін, аккредиттелген зертханалар желісі дамытылатын болады.
Осы жұмыс шеңберінде мемлекеттік органдар салалардағы техникалық регламенттер мен стандарттарды халықаралық талаптарға және жаңа технологиялық трендтерге сәйкестігі тұрғысынан талдау мен өзектендіруді жалғастырады.
2.2 «4.0 индустриясының құзыреттер орталығын құру» бастамасы.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жергілікті және шетелдік өнеркәсіптік компаниялар инновациялық шешімдерді ауқымды ету, бүкіл ел бойынша өндірістер арасында өзін дәлелдеген 4.0 индустриясы технологияларын сипаттау мен тарату, оларды пайдаланудың практикалық тәжірибесін, қажетті ұйымдастырушылық өзгерістерді беру үшін құзыреттілік орталықтары құрылады.
2.3 «Модельдік цифрлық фабрикалар құру» бастамасы. МЖӘ негізінде, 4.0 индустриясының технологияларын енгізу болжанып отырған және өндіріске цифрлық технологияларды енгізудің тиімділігін паш ететін, сондай-ақ нақты кейстерді өнеркәсіптің басқа кәсіпорындарына көбейтуге мүмкіндік беретін модельдік цифрлық фабрикалар құру жоспарланып отыр.
2.4 «Компанияларды жабдықтарды жаңартуға ынталандыру» бастамасы. Компанияларды өндірісті жаңғыртуға қажетті жабдықты жаңартуға, өндірістік және басқару процестеріне жаңа шешімдерді сатып алуға әрі енгізуге ынталандыру шаралары әзірленіп, іске асырылатын болады. Бұл шаралар қаржылық, сол сияқты қаржылық емес жеңілдіктерді, ақпараттық қолдауды және басқаларды қамтиды.
2.5 «Технологиялар трансферін ынталандыру» бастамасы.
Кәсіпорындармен бірлесіп, салалардың технологиялық міндеттері мен проблемаларын айқындау, кəсіпорындардың өздерінің тиімділігін арттыруға көмектесетін әлемдегі қолжетімді технологиялар туралы хабардарлығын арттыру жөніндегі жұмыстар жүргізілетін болады. Кәсіпорындардың қалыптастырылған технологиялық сұрау салулары халықаралық технологиялар трансферті желілеріне және басқа мамандандырылған онлайн-сайттарға орналастырылады. Ұсынылған технологиялық шешімдерді, олардың талдауы мен іріктемелерін қоса алғанда, қазақстандық кәсіпорындар пысықтайтын болады.
Шетелден жоғары технологиялық және озық технологияларды іздестіру, сатып алу кезінде, сондай-ақ халықаралық технологиялар трансферті желісіне ену арқылы қазақстандық компанияларға көмек көрсетілетін болады.
2.6 «Технологиялық брокерлерді тарту» бастамасы. Елге қазіргі заманғы технологиялардың ағынын қамтамасыз ету мақсатында B2B (бизнеске арналған бизнес) форматында технологиялық брокерлік қызмет көрсетулер нарығын ынталандыру жөнінде шаралар тұжырымдалатын болады. Технологиялық брокерлердің міндеті – кәсіпорындар диагностикасын жүргізу, ынтымақтастық пен трансфер нысаны бойынша консультациялар беру және оқыту, жаңа технологияларды енгізуге қатысты ұсынымдар беру, мамандар мен әріптестерді тарту болып табылады.
2.7 «Инвестициялық жобаларға міндетті технологиялық сараптама жүргізу» бастамасы. Мемлекеттік бюджеттен қолдау табатын өңдеу өнеркәсібінің инвестициялық жобаларына технологиялық сараптама жүргізудің бірыңғай тәсілдері/критерийлері енгізіледі. Бұл тәсілдер/ критерийлер ескірген технологиялар ағынын және өндіру рентабельділігі мен өнімділігі төмен тиімсіз жобалардың санын азайтуға бағдарлануы тиіс.
2.8 «Жасыл технологияларды дамыту» бастамасы. Жаңа технологияларды таңдау мен енгізу кезінде шетелде энергиялық тиімді және ақылды деп танылған, климаттық жарамдылығы мен экономикалық тиімділігі оларды Қазақстанның жағдайында пайдалануға мүмкіндік беретін технологиялар басым технологияларға айналады.
Электр энергетикасында жаңа генерациялау көздері, оның ішінде электр энергиясына өсіп келе жатқан сұраныс пен ескі электр станцияларын пайдаланудан шығаруды ескере отырып, ЖЭК-ті пайдалану бойынша объектілер енгізіледі.
Қазіргі заманғы стандарттарды қолдану, энергия тиімділігін арттыру және энергияны генерациялайтын станциялардың пайдалану шығындарын төмендету «Жасыл технологияларды» енгізудің негізгі факторларына айналады.
Бұл үшін ішкі және халықаралық қаржылардың жеткілікті көлемі жұмылдырылып, қажетті инвестицияларға қолдау көрсетуге бағытталған қаржылық қызметтер құрылатын болады.
«Жасыл жобаларды» қаржыландыру жөніндегі жаңа құралдар (атап айтқанда «жасыл» облигациялар шығарылымы) АХҚО базасында құрылатын болады.
Қазақстанның технологиялар трансферті жөніндегі бастамасын – «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын іске асыру жалғастырылады және «жасыл» бизнеске көшуге, «жасыл» технологиялар мен үздік практикаларды трансферттеу мен бейімдеуге және «жасыл қаржыларды» дамытуға қолдау көрсететін «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық (бұдан әрі – ЖTХО) құрылатын болады.
«Инфрақұрылымды дамыту және цифрландыру үшін кедергілерді жою» міндеті
Экономиканы цифрландыруды дамыту үшін телекоммуникациялардың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету қажет. Интернетпен қамту, оның өткізу қабілеті ұлғайтылып, заңнамалық және әкімшілік кедергілер барынша азайтылатын болады.
2.9 «Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту» бастамасы. Салаларды технологиялық жаңарту және цифрландыру бойынша жағдайлар жасау үшін сенімді, қолжетімді және қауіпсіз цифрлық инфрақұрылымды дамыту жалғасатын болады. Ауылдардың цифрлық теңсіздігін төмендету мақсатында қосымша неғұрлым перспективалы 1 249 ауылдық елді мекен үшін жоғары жылдамдықты Интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады. Халықтың 95%-ы цифрлық эфирлік хабар таратылымымен қамтамасыз етілетін болады.
2.10 «Ең жаңа технологияларды дамыту үшін заңнамалық жағдайларды қамтамасыз ету» бастамасы. Неғұрлым қолайлы технологияларды пайдалануды стандарттау және зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету сияқты болашақтың технологияларын дамытуды және экономиканы цифрландыруды ынталандыруға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер қабылданатын болады.
2.11 «Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым жасау» бастамасы. Интернеттің қазақстандық сегментіндегі ақпараттық және киберқауіпсіздікті бұзуға байланысты инциденттерге ден қою үшін үйлестіру күшейтіледі. Мемлекеттік органдарда және жеке компаниялармен әріптестік шеңберінде (мысалы, бейіндік қауымдастықтар арқылы) қажетті құрылымдар құрылатын немесе күшейтілетін болады. Қазақстан ақпарат беру және сақтау стандарттарын айқындау бойынша киберқауіпсіздік мәселелеріндегі халықаралық процестерге қатысушыға айналады.
Зиянды кодты, ақпараттық қауіпсіздік құралдарын зерттеу зертханасы, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы сынақ зертханасы жарақтандырылатын болады.
Азаматтардың ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша хабардар болуы арттырылады, сондай-ақ мектептерде АКТ-ні қауіпсіз пайдалану негіздеріне оқыту енгізілетін болады.
«Өнімділігі жоғары технологиялық компанияларды тарту» міндеті
Өнімділігі жоғары технологиялық компаниялар болашақ экономиканың негізіне айналуы тиіс. Бұл үшін өзіндік инновациялық кәсіпорындардың пайда болуына және дамуына, сондай-ақ жоғары технологиялық шетелдік компанияларды орнықтыру үшін жағдайлар жасау қажет.
2.12 «Жоғары өнімді технологиялық компанияларды оқшаулау» бастамасы. Трансұлттық және жоғары технологиялық компаниялармен нақтыланған ынтымақтастық қамтамасыз етіліп, оларды Қазақстанға тарту үшін жағдайлар жасалатын болады. ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін ескере отырып, күш-жігерді шоғырландыру үшін Халықаралық стандартты сауда жіктемесіне сәйкес келетін Жоғары технологиялық өнімдер тізбесін әзірлеу жоспарлануда.
Шетелдік инвесторлар үшін ұлттық және өңірлік деңгейлерде барлық қолданыстағы инвестициялық қолдау шаралары туралы шет тілдеріндегі ақпаратқа қол жеткізу жақсарады. Бұл ретте қолдау шараларының тиімділігін бағалау жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша неғұрлым тиімсіз шараларды оңтайландыру, мемлекеттік органдар мен салалық даму институттары рөлінің аражігін ажырату мен нақтылау күтіліп отыр.
Қазақстан аумағында шетелдік компанияларды орнықтыру кезінде жергілікті қызметкерлерді оқытуға ерекше назар аударылатын болады.
2.13 «Орныққан компаниялардың өзара байланысын қамтамасыз ету» бастамасы. Басқару тиімділігін арттыра отырып, арнайы экономикалық аймақтар (бұдан әрі - АЭА) және индустриялық аймақтар) бұдан әрі – ИА) инфрақұрылымын салу аяқталады. МЖӘ қағидаты бойынша ИА мен индустриялық парктер салу тетігі дамытылатын болады.
АЭА мен ИА-ны регламенттейтін заңнама жетілдірілетін болады. АЭА мен ИА аумақтарында қатысушыларға технологиялық шешімдерді тестілеу және енгізу, технологиялық платформаларды орналастыру, құзыреттер орталықтарын, моделдік өндірістер, инкубаторлар құру, консалтингтік қызметтер көрсету үшін жағдайлар жасалатын болады.