Файл: 1. 1 Макроэкономиканы пні. 2 Макроэкономикалы талдауды масаттары, ерекшеліктері жне талдау дістері.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 07.11.2023
Просмотров: 313
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Елдің резиденттерінің кез-келген келісім шарт бойынша өтейтін төлемдері сол елдің төлем балансының тапшылық статьясына жатады. Төлем балансының кредиттік статьясына келесі келісім шарттар жатады: отандық тауарлар мен қызметтерді сату, біздің технологияны қолдану үшін шетелдіктердің лицензия алу ақысы, қазақстандық резиденттердің шетелден алатын зейнетақылары, отандық компаниялардың акциясын шетелдіктердің сатып алуы және де тағы басқалар. Осы аталған төлемдер төлем балансының жағымды сальдосын өсіреді.
Ресми резервтермен операциялар шоты шетелдік валюталар, алтын және басқа активтерді сату немесе сатып алу операцияларын қамтиды. Бұл операцияларды Ұлттық банк пен үкімет органдары жүзеге асырады. Бұл операциялар капитал қозғалысының балансы сияқты жүзеге асады, бірақ мақсатына (пайда табу емес) байланысты төлем балансында жеке статья ретінде қарастырылады. Егер үкіметтің ресми резерв активтері өссе (шетелдің орталық банктеріндегі салымдары) ол ақша ресурстарының ұлттық экономикадан тыс жерде қолданылғанын көрсетеді, яғни Қазақстанның төлем баланысында жағымсыз болып есептелінеді. Егер шетел үкіметінің ресми резерв активтері бізде өссе (біздің ұлттық банктегі салымдары) ол ақша ресурстарының ұлттық экономикада қолданылғанын көрсетеді, яғни Қазақстанның төлем баланысында жағымды болып есептелінеді.
12.2 Валюта нарығы: тұрақты және қалқымалы валюта бағамының жүйелері.
Валюта нарығы тауарлар мен қызметтер нарығымен тығыз байланысты және оған қызмет етеді. Валюта нарығында импорт пен экспорт операцияларын жүзеге асыруға қажетті валюталар ұсынылады және оларға сұраныс білдіріледі. Валюта нарығында айырбас бағамы (курсы) қалыптасады.
Айырбас бағамын қалыптастырудың екі негізгі жүйесі бар: тіркелген және қалқымалы валюта бағамының жүйелері.
Қалқымалы валюта бағамы нарықтағы валютаға сұраныс пен ұсыныстың еркін ауытқуы нәтижесінде қалыптасады. Тіркелген валюта бағамы кезінде Ұлттық банк ұлттық ақша бірлігі мен басқа елдердің валюталары арасындағы арақатынасты ресми түрде белгілейді.
Тіркелген және қалқымалы валюта бағамдарының артықшылықтары мен кемшіліктері бар.
Қалқымалы валюта бағамдарының артықшылықтары:
1) елдің экономикалық жағдайын көрсетеді және экономикалық субъектілерге нарықтық конъюнктурада ұтымды шешім қабылдауға мүмкіндік береді;
2) құбылмалы курс кезінде төлем балансын автоматты түрде реттеу жүргізіледі;
3) дамыған нарықтық ортаны болжайтын экономикалық салаға тікелей мемлекеттік араласу (яғни, озбырлық) мүмкіндігін барынша азайтады.
Кемшіліктері:
1) валюталық бағамның ауытқуы экономикалық субъектілер үшін белгісіздік туғызады және ұзақ мерзімді экономикалық болжамдарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді;
2) валюта бағамдарының өзгеруі экспорт пен импорттың өзгеруіне әкеп соғады және елдегі жұмыссыздық пен инфляция деңгейіне әсер етуі мүмкін.
Бекітілген курстардың артықшылықтары:
1) тұрақтылық пен айқындылық ұзақ мерзімді болжамдарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді;
2) тіркелген курс инфляцияны тежейтін құрал болуы мүмкін.
Кемшіліктері:
1) төлем балансын қолдау және реттеу үшін үлкен резервтердің болу қажеттілігін талап етеді;
2) оқшауланған ақша-кредит саясатын жүргізудің мүмкін еместігі - ақша массасы көлемінің өзгеруі есебінен елдің нарықтық конъюнктурасына ықпал ету мүмкін болмайды;
3) шаруашылық жүргізуші субъектілердің бірқатар субъективті факторларға (мысалы, үкіметтің саяси ерік-жігері мен құзыреттілігі) тәуелділік дәрежесі артады.
Екі валюталық режимнің артықшылықтары мен кемшіліктері әрбір елдегі нақты жағдайға байланысты аралас нұсқалардың пайда болуын туғызды. Әлемде ондаған ұқсас аралық нысандар бар, олардың арасында мыналарды атауға болады:
- түзетілетін (икемді) бекітілген курс - белгілі бір уақыт кезеңінде курсқа мерзімді түзетулер белгілейді;
- басқарылатын құбылмалы бағам - ашық нарықтағы бағамның ауытқуына жол беріледі, бірақ Ұлттық банк ауытқудың артық амплитудасын болдырмау үшін мерзімді валюталық интервенцияларды жүзеге асыра алады (бұл нұсқа – «лас жүзу» курсы деп аталады, түзету шамасы алдын ала жарияланбаса);
- бірлескен құбылмалы бағам - бұл схема үшінші елдердің ақша бірліктеріне қатысты олардың бірлескен еркін ауытқуына рұқсат беру кезінде бір валютаның екіншісіне қатысты түзетілетін тіркелген бағамын белгілеуді білдіреді;
- валюталық дәліз - ұлттық валюта бағамы ауытқуының жоғарғы және төменгі шектерінің бекітілуіне байланысты.
Халықаралық валюта практикасында өтімді қаражатты үнемдеу мақсатында жекелеген елдерде (мысалы, Бельгия, Италия, Франция) экономиканың коммерциялық секторы үшін тұрақты валюта бағамы белгіленсе, ал қаржы курсы үшін қалқымалы валюта бағамы белгіленеді.
Валюта бағамы сыртқы экономикалық саясаттың маңызды құралы болып табылады. Оның жағдайы мен динамикасы өнеркәсіп өндірісінің көлемі мен құрылымына, сыртқы саудаға, елдегі жұмыспен қамту құрылымына, экспорттық және импорттық бағалардың жағдайына, фирмалардың бәсекеге қабілеттілігі мен пайдасына айтарлықтай әсер етеді.
Валюта бағамдарының өзгеруіне әртүрлі факторлар әсер етеді, бұл валютаның сұранысы мен ұсынысына әсер ететін факторлар. Оларды 3 топқа біріктіруге болады:
1) курс құрушы;
2) курс реттеуші;
3) курс тәртібін бұзушы.
1. Курс құрушылар - валюталық бағамдарды қалыптастырудың негізінде жатқан базалық факторлар. Оларға жатады:
- валюталардың сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі (валюталық бағам салыстырмалы елдерде тауарлардың бірдей жиынтығын сатып алу үшін талап етілетін ұлттық валюталардағы ақша сомаларының көлеміне байланысты болуы тиіс);
- инфляция қарқыны жоғары болса ұлттық валюта бағамы төмен болады;
- сауда және төлем балансының жағдайы, төлем балансының белсенді сальдосы шетелдік әріптестер тарапынан ұлттық валютаға сұраныс өсетінін білдіреді, бұл оның бағамын өсіруге ықпал етеді;
- елдердегі нақты банктік пайыздық мөлшерлемелер деңгейіндегі айырмашылық (нақты мөлшерлеме = номиналды мөлшерлеме - инфляция қарқыны). Пайыздық ставканың өсуі шетелдік капиталдың ағынын ынталандырады, осылайша төлем балансының белсенді сальдосының пайда болуына және ұлттық валюта бағамының өсуіне ықпал етеді;
- халықаралық есептерде валютаны пайдалану ауқымы.
2. Курс реттеуші - валюта бағамдарын реттеуге бағытталған мемлекеттің түрлі шаралары. Оларға жатады:
- Ұлттық банктің валюталық интервенциялары;
- кедендік баж ставкаларының өзгеруі;
- импортқа квоталар мен лицензиялар;
- бағаларды мемлекеттік реттеу;
- заңнамалық әдістер ( құқықтық нормалар) - заңдар, Президент жарлықтары, Ұлттық Банктің хаттары;
- Үкіметтің валюталық саясаты.
3. Курс тәртібін бұзушы:
- үлкен көлемдегі алыпсатарлық валюталық операциялар;
- өндірістің күрт төмендеуі;
- капиталдың шетелге шығуы;
- маусымдық факторлар (көктем, егіс, қаражат жетіспейді, ақша массасының өсуі, ұлттық валюта бағамының төмендеуі);
- саяси биліктің ауысуы;
- халықтың ел басшылығына сенім деңгейі;
- инфляциялық күту.
Валюта бағамдары туралы сөз болғанда девальвация немесе ревальвация, құнсыздану немесе қымбаттау, сияқты терминдерді пайдалану қажет. Белгіленген (тұрақты) валюта бағамы режимінде ұлттық валютаның курсының өзгеруін девальвация немесе ревальвация деген ұғымдармен сипаттаймыз. Белгіленген айырбастау бағамымен елдің орталық банкі айырбастау бағамын өзі белгілейді. Белгіленген айырбастау бағамының жоғарылауы
девальвация деп аталады. Белгіленген валюта бағамының төмендеуі ревальвация деп аталады. Яғни, девальвация – бұл шетелдік валютаның курсын ұлттық валютамен есептегенде өсіру. Ревальвация - бұл шетелдік валютаның курсын ұлттық валютамен есептегенде төмендету. Шетел валютасының курсының өзгеруі құбылмалы валюта бағамдарының режимі кезінде валютаның құнсыздануы немесе қымбаттауы деп аталды.
12.3 Номиналды және нақты валюта бағамы.
Экономистер номиналдық және нақты валюта айырбастау бағамы арасындағы айырмашылықты көрсетеді. Номиналдық айырбас бағамы екі ел валютасының салыстырмалы бағасы (1$ = 425 теңге), яғни бір валютаның екінші валюта бірлігіндегі бағасы. Нақты валюта бағамы - бұл екі елде өндірілген тауарлардың салыстырмалы бағасы. Валюталардың нақты валюталық бағамы халықаралық саудадағы елдің бәсекелестігін көрсетеді. Ол ішкі нарықтағы және шетелдегі баға деңгейінің номиналды валюта бағамына көбейтілген қатынасы ретінде есептеледі, яғни:
R = е (Р/Рf) (4),
мұндағы:
R - нақты валюта курсы;
е - номиналды валюта курсы;
Р - ішкі, елдегі ұлттық валютамен есептелінген баға деңгейі;
Pf - шет елдегі ұлттық валютасымен есептелінген баға деңгейі.
Нақты валюта бағамының (R) өсуі (нақты құнсыздану) шетелдік тауарлар біздің өндірісіміздің тауарларымен салыстырғанда салыстырмалы түрде қымбатырақ болғанын және ішкі өндіріс өнімінің бәсекеге қабілеттілігі ұлғаюын білдіреді. Ал, оның төмендеуі (нақты қымбаттау) отандық тауарлардың салыстырмалы түрде қымбатқа түскенін, яғни Қазақстан бәсекеге қабілеттілікті жоғалтты дегенді білдіреді.
Экономикалық теорияда бір тауардың әр түрлі бағамен әр түрлі жерлерде бір уақытта сатыла алмайтындығы туралы негізгі постулат бар, бұл постулат бірыңғай баға заңы деп аталады. Халықаралық нарықтарға қатысты бірыңғай баға заңы сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі немесе сатып алу қабілетінің паритеті дейді. Сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі тұжырымдамасына сәйкес халықаралық бәсекелестік біртіндеп тауарлар мен қызметтердің ішкі және шетелдік бағаларын теңестіруге алып келеді. Валюталық бағам әр түрлі елдердегі баға деңгейінің динамикасындағы айырмашылықты өтеу үшін қаншалықты қажет болса, соншалықты дәл өзгереді.
Ұлттық ақша бірлігінің шетел валютасындағы бағамын белгілеу қазіргі уақытта валюталық бағам белгілеу (котировка) деп аталады. Ұлттық ақша бірлігі үшін шетел валютасы қабылданған кезде тікелей баға белгілеу (котировка)
, ал бірлік үшін ұлттық ақша бірлігі қабылданған кезде кері баға белгілеу (котировка) дейді. Кері бағамдауды пайдалану кез-келген валюта нарығында ұлттық валюта бағамын шетел валюталарымен салыстыруға мүмкіндік береді.
Экономикалық әдебиеттерде әлемдік валюта жүйесін жетілдіру қажеттілігі туралы жиі айтылады. Бір тұжырымдаманы жақтаушылар эмиссиясы халықаралық экономикалық айналым қажеттілігі мен барлық елдердің мүдделерін ескеретін резервтік валютаға біртіндеп көшудің орындылығы туралы айтады. Екінші экономистер халықаралық валюта саласында бірқатар жетекші ұлттық валюталардың рөлін күшейтуді қолдайды, яғни «көп валюталық» стандартқа көшудің орындылығы дәлелденеді. Алайда қазіргі экономикалық дамудың үш негізгі орталықтарының (доллар, евро, иена) өзара бәсекелестігі қазіргі валюталық қайшылықтардың себебі болып қала беруде.
12.4 Төлем балансының тапшылығы және оны реттеу әдістері.
Төлем балансының тапшылығы. Елдің резиденттері тарапынан төлемге әкеп соғатын кез-келген мәміле осы елдің төлем балансының тапшы баптарына жатады. Бұл автомобильдердің импорты, жүктерді (мұнайды) тасымалдау үшін шетелдік кемелерді пайдалану, шетелдіктерге сыйлықтар, жер учаскесін сатып алу, мысалы, Кипр аралында, Швейцария банкіне салым - мұның бәрі төлем баланысының тапшы статьясына кіреді. Төлем балансының кредиттік баптарына келесі мәмілелер жатады: басқа елдерге тауарлар мен қызметтерді сату, біздің технологияны пайдалануға лицензия үшін шетелдіктердің төлемдері, Қазақстан резиденттерінің шетелден алатын зейнетақылары, шетелдіктердің «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның акцияларын сатып алуы, аталған мәмілелер төлем балансының оң сальдосын арттырады.
Демек, төлем балансының жиынтық сальдосы ағымдағы операциялар мен капитал қозғалысы балансының сальдосының сомасы болып табылады. Егер ағымдағы операциялардың теңгерімінде және капитал қозғалысының теңгерімінде тапшылық болса, онда жиынтық теңгерім тапшы болады. Егер бір баланстың оң сальдосы болса, ал екіншісінде дәл осындай мөлшерде тапшылық болса, онда жиынтық баланс нөлге тең болады.
Ұсынылған және алынған валютаның сальдосы «ресми резервтердің өзгеруі» деп аталады. Ұлттық банк резервтерін (доллар, евро, алтын қорлары) долларға артық сұраныс болған кезде долларға сатады да, доллардың артық ұсынысы болғанда бұл валютаны сатып алады.
Төлем балансының жалпы тапшылығы Қазақстан резиденттерінің шетелдіктерге беретін валюталары олардан алатын валютадан көбірек болса пайда болады. Шетелдіктермен есеп айырысу үшін шетел валютасын Қазақстанның Ұлттық банкі ұсынады.