Добавлен: 30.11.2023
Просмотров: 119
Скачиваний: 3
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Тақырыптың өзектілігі: Бүгінгінің тұтынушысы – бұдан он тіпті бес жыл бұрынғыдан басқа. Күнделікті біздің басымызға түсетін зор ақпараттық ағымның жағдайында, ақылымыз хабарламаларды маңыздылығына қарай сүзіп алатын болды. Ақпарат жолын тауып тұтынушының назарына іліккеннің өзінде, табиғатынан жалқау, түрлі тауарлардың көптігінен, күйбелең тіршіліктің қиындықтарымен басы қатып жүрген ол бір қалыпты өмірін өзгерткісі келмейді. Осы тұста телеарналар көрермендердің жеке қалауларын анықтап, соған қарай тұтынушының назарын өзіне аудартудың түрлі әдіс-тәсілін ойлап табуда. Біз таңдаған мәселе де Интернеттің шарықтап, жастардың барлығы дерлік сонда бас қойып жатқанда, отандық телеарналар қандай айла-әрекетке барып жатқанын анықтау болы табылады.
Жұмыстың өзектілігі: Конвергентті журналистика – жаңалықтарды бір уақытта БАҚ-тың барлық түріне бірдей жеткізетін әмбебап редакция. Олар ірі медиахолдинг қатарына кіретін БАҚ салалары: интернет, радио, телевидение, баспасөз. Олар бір-брін толықтырып отырады және «кросс-промоушн» көмегімен жарнамалардың, ақпараттар мен анонстардың әзірлену барысында медиаүдерісте пайдаланылатын қажетті әрі маңызды фактілер топтамасымен алмаса отырып, бір-бірін дамытады. Конвергентті редакция газет журналистикасының тереңдігін де, бейнелі ақпараттың эмоциясын да және қолма-қол онлайн интерактивтілігін де қамти алатын толыққанды материалдарды даярлауға мүмкіндік жасайды. Әлемдік коммуникацияның қазіргі жағдайы мемлекеттік құрылымдардың ықпалынан гөрі ірі корпорациялардың ықпалдылығы басым түсетіндігін көрсетіп отыр. Конвергенция – бұл нарық шеңберіндегі сан алуан салалардың бір арнаға келіп тоғысуы, яғни, БАҚ жүйесіндегі заманауи индустрия, телекоммуникациялық сектор, тұрмыс техникасын өндіру кәсіпорындары, ақпарттық технологиялар мен мультимедиалық қызметтер, желілік қызмет көрсету, бағдарламалық өнімдерді әзірлеу нәтижесінде жаңа ықпалды нарықтың пайда болуы. Соның нақты бір көрінісі – медиа-холдинг. Бұл – бұқаралық ақпарат құралдарының экономикалық тәуекелді диверсификациялау немесе саяси ықпалды күшейту мақсатында біріктірілуі. Әлемдік деңгейдегі коммуникативті медиамагнаттар: Р. Мердок, Р. Максвел, С. Берлускони, Т. Тернер және т.б. – әлемдік телеақпарат кеңістігіндегі айтулы құбылыстың жарқын мысалына айналған танымал кәсіби мамандар. Сондықтан да қазіргі уақытта біздің елімізде де медиаұйымдарды, корпорациялар мен медиахолдингтерді дамыту қолға алынды. Ұлттық ақпарат кеңістігінің баспасөзін, радио-клмпаниялары мен телеарналарын біріктіретін Қазақстанның жаңа медиахолдингтері ашылуда. Бүгінгі таңда жолға қойылған конвергентті редакциялар жұмысының негізгі екі тенденциясын атап көрсетуге болады: бұл тақырыптарды, жаңалықтар мен ақпараттарды жинайтын және бөлетін үйлестіруші рөлінің маңыздылығы; екіншісі – журналистердің БАҚ-тың барлық түріне арналған ақпарат әзірлеуге бейімделуі, яғни, болып жатқан қандай да бір оқиғадан БАҚ-тың барлық түріне қажетті нұсқада ақпарат жинауы (радио үшін аудиожазба, телеарна үшін бейнематериал, басылым үшін фотосуреттер мен сұхбаттар, т.с.с) және соның барлығын талапқа сай іріктеп-өңдеп, уақтылы жарыққа шығаруды жүзеге асыруы. «Журналистикадағы конвергенттілік» немесе «Журналистикадағы біріктірілген үдерістер» дегендер отандық медианарық үшін жаңа ұғым, жаңаша тақырып. Бұқаралық ақпараттық құралдары – мәтіндік, ауызша, аудио және бейне ақпараттың мүмкіндігінше тез берілуімен айналысатын ұжымдық-техникалық ресурстарды пайдалану арқылы халықтың санасын құруға бағытталған жеке индустрия. Қазіргі таңда отандық БАҚ жаңа әдіс-тәсілдер мен пішіндерді меңгеріп, сынап көруде. XXI ғасыр дегенде көзге қоғамның барлық салаларындағы жаһандану үрдісі, сандық ақпарат тарату мен ақпараттық технологиялар елестейді. Технологиялардың асқан шапшаңдықпен дамып жатқаны телехабар тарату саласының да күрделі өзгерістерге әкелуде. Ақпарат кеңістігіндегі жаңаша даму бағыттарының қай саласы болмасын тележурналистиканың бейнелі ақпаратын айналып өте алмайды. Өйткені, барлық БАҚ жүйесін аядай алақанына сыйғызып алған интербелсенділігімен ерекшеленетін интернет-журналистикадағы бейнелі ақпараттың өзі тележурналистикадан алынған түпнұсқа туынды. Жаһандану дәуірінде ғаламдық ақпарат торабынан тыс қалу мүмкін емес жағдай. Адамзат өміріндегі ақпаратқа деген сұраныстың тәулік, күн емес, сағат санап, сәт санап өсуі өркениеттің жаңа үлгілерін жасауға жол ашты. Кез келген БАҚ өз тұтынушыларын қажетті деңгейде ақпаратпен қамтамасыз ету үшін тың идеялар мен бұрын соңды қолданылмаған соны пішіндерді іздестіруде.
Жұмыстың міндеттері:
-
Қазақстандағы Интернет пен телевизия салаларының тарихына шолу жасау; -
Жаңа ақпараттық қоғам жағдайында аталған екі БАҚ-тың бірігу мәселесіне талдау жасау; -
«Жетінші арнаның» тәжірибесіне сараптама жасап, шетелдік өнімдермен салыстыру; -
Электронды БАҚ-тарды біріктіру үдерісіндегі әлеуметтік желілердің алатын орнын анықтау; -
Қазақстан медиа нарығында мұндай интеграция үдерісінің болашағы мен даму жолдарын айқындау.
Жұмыстың мақсаты: Бүгінде бізде БАҚ тек сан жағынан ғана өсіп отырған жоқ. Ақпарат құралдарының жаңаша түрлері де пайда болуда. Атап айтсақ, онлайн баспасөз, кабелдік телевизия, қысқа толқынды радио, смартфон немесе ұялы байланыстар арқылы ақпарат тарату, мобайлдық ақпарат қабылдау мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар медиа жүйесі өз ішінде интернет журналистика, із кесу журналистикасы, азаматтық журналистика, БАҚ жарнамалық насихаты, экономикалық және, экологиялық журналистика, талдау журналистикасы т.с.с. бағыттарға бөлінді.
Мұның бәрі қазақ аудиториясы үшін әлемнің әр тарабынан түрлі ақпараттар қабылдауға және жеткізуге, өздерінің көзқарастары мен ой, пікірлерін интернет арқылы көпке жеткізуге кең мүмкіндік беріп отыр. Қысқасы, ақпарат үшін уақыт пен кеңістік ұғымына тәуелділік барынша азайды, тіпті жоғалды деуге де болады. Мысалы, телекөрермендер кабелдік телевизияның 70-тен астам арнасы арқылы бірнеше тілде ақпарат алып отыр. Еліміздің ақпарат комитетінде ресми тіркелген БАҚ саны 10 мыңнан әлдеқашан асып кетті.
Қазақстанда бүгінде 9 миллион адам Интернет қызметін пайдаланады. Елімізде күніне 25-30 мың адам электронды үкімет қызметіне жүгінеді екен. Мұның бәрі ақпараттық жаһанданудың қаншалықты жоғары қарқынмен жүріліп жатқанын айғақтайтын шынайы көрініс [3].
Ақпараттық сұранысты өтеудің жиілігі осыншалық тұтасып, қарқынды өсуі қазақ журналистикасына елеулі ықпал етіп отырғанын ерекше атап айту ләзім. Ең алдымен ерекшелеп айтарымыз, таңдау мүмкіндігі мейлінше артты. Нәтижесінде, БАҚ арқылы ақпарат қабылдаушылар бірнеше топқа бөлінді. Оларды жас ерекшеліктеріне, кәсіби мамандықтарына, білім деңгейлеріне, әлеуметтік сипаттарына қарай бірнеше топтарға бөлуге болады.
Онлайн журналистикасының қарқынды дамуы дәстүрлі мерзімді баспасөздің оқырмандарын азайтып, олардың таралымын кемітті. Әсіресе, жастардың арасында газет-журнал оқитындардың саны күрт төмендеді. Олардың ең негізгі тұтынатын дүниелері интернет, телевизияның ойын-сауықтық бағдарламалары болып тұр. Күнделікті және апталық сапалы газеттердің оқырмандары жасамыс егде адамдарға айналды.
Осындай үлкен өзгерістер орын алып, теледидардың тұрақты көрермендері азайып жатқанда, отандық телеарна өз тұтынушысын қандай тәсілдермен ұстап қалып отырғанын анықтап, саралау.
Жұмыстың жаңалығы:
Қазақстандық БАҚ-тағы Интернет пен телевидение салаларының бірігу деңгейін зерттеу үшін отандық нарықта ойып тұрып орын алған «Жетінші арнаның» жұмысына сапалық және сандық анализ жасалды.
Алғашқы рет Қазақстандық медианарықта сыналған «екінші экран» технологиясы жайлы ақпарат берілді. Одан бөлек басқа да әдіс-тәсілдер сараланды.
Зерттеудің дереккөзіне отандық және шетелдік авторларының еңбектері, мерзімді баспасөз материалдары, интернет ресурстары пайдаланылды. М.Барманқұловтың «Телевизия: Бизнес әлде билік?» кітабы, А. Калмыков пен Л. Коханованың «Интернет журналистика» еңбегі, «Ақпараттық қоғам жағдайындағы электронды БАҚ: Ұлттық және жаһандық мәселелері, таяу болашағы» атты тақырыпта өткен Барманқұлов оқуларының материалдары диплом тақырыбын ашуда көп көмегін тигізді.
Диплом жұмысының құрылымы. Ғылыми жұмыстың негізгі мақсаты мен одан туындайтын мәтіндеріне орай танымдық, деректік, тарихи, проблемалық, салыстырмалы сипаттағы ғылыми болжам ретіндегі материалдарды сараптау негізінде жазылады. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелерден тұрады.
I. ИНТЕРНЕТ ПЕН ТЕЛЕВИДЕНИЕ САЛАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ
1.1. Қазақстандық телевизияның даму тарихы
Бастапқыда «Телевидение» сөзінің шығу тегіне мән беріп көрелік. Ол тұтастай бір тілден аударыла салынған сөз емес: грек тілінен «Tele» - «алыс», латын тілінен «Yidere» - «көру» деген сөздерінен алынған. Осылайша телевизияның қызметін ескере отырып, алыстан көру деген тіркесті тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да қарастыруға болады. Яғни белгілі бір оқиғаға қатыспасақ та, осы «әлемге кең ашылған терезе» арқылы оны өз көзімізбен көргендей әсер аламыз. Телевизияның ғажайып қасиеті де сол, ешкіммен байланысы жоқ, жалғыз адамның өзі қоршаған ортамен тығыз байланыс орнықтырады. Бұл қасиетін қоғамдық функциясы деп атайды. Телевизия басқа да өнер түрлері сияқты қоғамдық өмірді елеусіз қалдыра алмайды. Орын алып жатқан белгілі бір оқиға: сан түрлі конференциялар, ресми кездесулер, дөңгелек үстел отырыстары факті-деректерімен немесе кейіпкерлердің сөзімен дүйім жұртқа тікелей мағлұмат береді. Телевизия өзінің ерекшеліктеріне қарай ақпараттық және насихаттық құрал болып қалмайды. Оның маңызды қызметінің тағы бір көрінісі – халық ағарту құралы ретіндегі атқаратын функциясы [4]. Егер бұрынырақ адамдар жаңалықтарды баспасөзден оқу, радиодан тыңдау арқылы білген болса, телевизияның пайда болысымен олар ақпаратты көзбен көріп, құлағымен ести отырып, оқиғаның куәгері әрі жанашырына айналды. Телехабарлардың тарату ауқымы кеңейген сайын бағдарламалар түрлері де көбеюде. Сондай-ақ телевизия өзіне басқа да өнер салалары – театр, музыка, эстрада мен кино таралымдарын жинақтаған бірден-бір ақпараттың қайнар көзі болып келеді. Ал зиялы қауым өкілдері үшін телевизия жай ғана ақпарат құралы емес, сонымен қатар, өз ойын, мақсатын жеткізетін аудиторияға айналған. Көгілдір экранды көпшіліктің көңілін түсіреді не болмаса оларды үнемі дүрліктіреді деген кінә тағады. Олай болуы арналардың көбіне көрерменнің қалауын ескермей, алдын ала жасалған дүниені көрсете салатындығына байланысты. Телевизия жұртшылықты бөгде адамдардың өміріне араласуға шақырады, белсенділігін арттырып, бір-бірімен аралассын, қайғысымен бөліссе екен дейді. Сонда да көрерменнің толық араласа алмайтын жағдайлары болып жатады.
Отандық телевизияның өз жұмысын 1958 жылы 8 наурызда Алматы телестудиясында бастады. Дикторлар көрермендерді екі тілде Қазақ теледидарының алғашкы беташар қадамымен құттықтады, артынша «Үкімет мүшесі» атты көркем фильм көрсетілді. Сол кезеңде Алматыда 4000, ал облыстарда 1007 телевизор болды. Ал 1958 жылдың қараша айында Алматы телестудиясының жанынан кинотүсіру тобы кұрылды. Тұңғыш рет «Бір ауданда» киноочеркі түсірілді. Киноочерк Мәскеуде өткен Қазақ КСР-інін әдебиеті мен мәдениеті күндері Орталық теледидар аркылы көрсетілді. Ж.Жұмақановтың «Қоныстанушылар» телеқойылымы, Е.Брусиловскийдің «Дударай» операсының телевизиялык нұсқасы көрсетілді. 1959 жылы наурыз айында ұзақтығы 1 сағат 45 минутты құрайтын «Өнер шеберлерінің» концерті түсірілді. 1959 жылы 6 маусымда Алматы телестудиясының негізінде телеөнімдермен қамтамасыз ететін база құрылды. Ол Қазақстанның облыстық телестудияларын және Қырғыз КСР-інің Фрунзе телестудиясын қамтамасыз етті. 1959 жылы Алматы телестудиясында тұңғыш «жылжымалы телестанса» (ЖТС) іске қосылды. Абай атындағы опера және балет театрынан «Абай» операсы болса, Өндіріс орындарынан алғаш рет Алматы ауыр машина жасау зауытынан хабар берілді. 1960 жылы 24 сәуірде Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті «Республикада радиохабарлары мен телевидениені одан әрі дамыту туралы» қаулы қабылданды. Ленин алаңынан Бірінші мамыр шеруінен алғашқы трансляция берілді. 1962 жылы 5 маусымда «Республикада радио мен теледидар жұмысын одан әрі жақсарту шаралары туралы» қаулы кабылданды. 1964 жылы 1 қыркүйек пен 31 қазан аралығында Алматыда орыс әдебиеті мен мәдениетінің радиотелевизиялық фестивалі болып өтті. Оған Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Түрікмен және Тәжіктің телерадиокомитеттері қатысты. 1958-1964 жыл аралығында телеаудиторияға 140 хроникалы-деректі және көркем фильмдер көрсетілді. 1965 жылы қараша айында Алматы телеорталығы Орталық телевидениенің бағдарламаларын кабылдауды бастады. 1967 жылы шілде айында Қазақ теледидары Монреальде өткен Бүкілдүниежүзілік «Экспо-67» көрмесіне өз телеөнімдерін алып барды. 1967 жылы қыркүйек Қазақ студиясы көпсериялы көркем-деректі «МЕН Қазақстан» телевизиялық фильмін түсіруді бастады. 1967 жылы 4 қазан Орталық теледидардан «Орбита» қабылдау стансасы іске қосылды. Станциядан «Қазақстан күні» атты мерекелік бағдарлама «Октябрьмен нұрланған» деген ұранмен шықты. Республика Орталық теледидардың алғашқы түрлі түсті телехабарларын қабылдауды бастады.