Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.12.2023

Просмотров: 1174

Скачиваний: 21

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


- Интербелсенді лекцияда материал басылған мәтін түрінде беріледі.

Дәстүрлі лекцияда оқытушы ақпараттың негізгі көзі болғандықтан студенттер көбіне-көп оның айтқанын көшірумен айналысады. Мұндай бәлсенді (пассив) әрекеттер студенттердің лекция материалын терең меңгеруге жол бермейді: студенттер көп жағдайда өздерінің үйренуін лекция мәліметтерін есте сақтау, қайталау мен жаттау әрекеттерімен ғана шектейді.

Интербелсенді лекцияның мәтіні ауызша оқылмай, жазбаша үлестірмелі материал түрінде таратылып беріледі. Оқытушы лекцияны ауызша түрде студенттер тарапынан туындаған сұрақтарға жауап бергенде, лекция тақырыбын толықтырғанда ғана келтіруі мүмкін. Сол арқылы уақыт та үнемделіп, студенттер де оқу материалын өздік тұрғыдан игеру әрекеттеріне белсене араласады.

- Интербелсенді лекция диалог түрінде өтеді.

Қарым-қатынас келесі форматтарда өтуі мүмкін: оқытушы – студент/студенттер, студент – студент, студент – тақырып, студент – басқа пікір (зерттеуші, оқулық, т.б.). Интербелсенді лекцияда ой қозғау мен өмірден алынған нақты ситуацияларды талқылау және шешу тәсілдерін қолданған тиімді.

- Интербелсенді лекцияда материал тұтастай емес, бөлшектеліп беріледі.

Дәстүрлі лекцияда оқытушы лекцияны ауызша оқып, студенттерден тыңдау немесе конспект жасау (көшіру) сияқты бәлсенді (пассив) әрекеттерді атқаруды талап етеді.

Интербелсенді лекцияда әдетте мәтін бірнеше бөлімге (тиімді мөлшері 3-4 бөлік) бөлінеді. Қағазға басылып, үлестермелі материал түрінде таратылып берілген бөлімдерді оқу мен зерттеу барысында студенттер белсенді әрекеттер атқарады: олардың қатарына туындаған қиын мәселелер мен сұрақтарды келтіру, берілген мәлімет бойынша өз түсінігі мен пікірін қалыптастыру, лекцияның тұжырымдарын өзара талқылау, кесте толтыру, жоспар жасау, графиктер сызу, т.б. әрекеттер кіреді. Бұл белсенді әрекеттер жеке және бірлесе жұмыс жасау форматтарында өтеді.

- Интербелсенді лекцияда студенттердің бірлескен жұмысы қолданылады.

Студенттердің белсенді әрекеттері бірлескен жағдайда өтуі керек: берілген тапсырмалар шағын топ немесе жұп қатарында орындалады. Студенттер лекцияның бір бөлімін оқып болған соң, жекелей жұмыс жасап, сонан кейін жұптасып (немесе шағын топ құрамында) өз түсініктері мен туындаған ойларымен бөліседі: олардың жаңа білімі мен өзіндік пікірлері осындай ой талқы нәтижесінде пайда болады.


- Интербелсенді лекцияда жаңа білім студенттердің ой-толғанысы арқылы құралады.

Лекцияда студенттер қарастырылған материал бойынша «Мен сабақта не үйрендім?», «Бұл білім маған қандай пайда келтіреді?», «Бұл білімді қалайша қолдануға болады?», «Бұл білім маған не үшін керек?», «Бұл білімді ары қарай қалай дамытамын/ жалғастырамын?», «Тағы да не білгім келеді?» деген сұрақтар ауқымында ойланып, өз жауаптарымен бір-бірімен бөліскені орынды. Осындай ой-толғаныс нәтижесінде студент лекция материалы бойынша жаңа білім құрастырады.

- Интербелсенді лекцияда бағалау жазба жұмыстары арқылы жүзеге асырылады.

Студенттердің сабақта қалайша жұмыс жасағандығын, оның материалды қандай деңгейде игергендігін білу мақсатында лекция аяғында жазба жұмыстарын (ауызша ой-толғаныс әрекеттерінен кейін) орындау керек.

- Интербелсенді лекция кері байланыспен аяқталады.

Кері байланыс дегеніміз сабақтың соңында студенттерге бірнеше сұрақ қойып, олардың ойларын, қандай сұрақтары мен мұқтаждары бар екендігін, бүгінгі сабақ туралы пікірлері қандай екендігін анықтау. Бұл жауаптар алдағы сабақтарды жоспарлауда қолданып, келесі сабақты студенттердің пікірлері негізінде құрастыруға бағыттайды.
3.1 Интербелсенді лекцияның түрлері
Проблемалық лекция

Проблемалық лекцияларда қарастырылып жатқан тақырып бойынша бір-біріне қарама-қарсы пікірлер мен көзқарастар немесе қалыптасқан түсінікке қайшы теориялар келтіріледі. Бұл жерде басты мақсат студентті үйреншікті қалыптан шығарып, білім игеру процесін өзіндік тұрғыдан ұйымдастыру болып табылады: студент келтірілген пікірлерді таңдау мен дәлел келтіру арқылы өзіндік түсінік қалыптастырады.

Проблемалық лекцияда басты назар күрделі теориялық мәселелерге аударылып, пікірталас тудыратын сұрақтар қойылады, олардың ішінен біреуін таңдауды талап етіліп, студенттердің өзіндік пікір қалыптастырылуына жол беріледі. Бұл әдіс студенттерді проблемалық сұраққа жауап іздеуге ынталандырып, зерттеу жұмысына баулиды. Мұндай ізденіс барысында студенттердің өздері де проблемалық (екіұшты, дәлелдеуді қажет ететін, пікірталас туғызатын, түсінікке қиын, т.б.) сұрақтарды қойып, оларға өздігімен жауап беру тұрғысынан ізденеді. Сол себепті де проблемалық лекция диалогқа және зерттеу процесіне ұқсас.



Пікірталас лекциясы

Лекцияның бұл түрінде күрделі немесе жан-жақты қарастырылмаған, әрі сан алуан шешімдері бар, студент тарапынан көптеген сұрақтар туғыздыратын өзекті теориялық және практикалық проблемалар талқыланады. Пікірталас лекциясында оқу материалы жан-жақты талқыланып, түрлі позициялар тұрғысынан қарастырылады және бағаланады.

Мұндай пікірталасқа студенттердің барлығы дерлік араласады. Пікірталас лекциясында студенттер түрлі көзқарастар мен позицияларды салыстыру және талдау, оларды таңдау мен баға беру дағдыларын қалыптастырады. Олар ғылыми дискуссия жүргізу әдістемесімен танысып, өз ұстанымдарын қорғау және де қарсы жақтың пікірін сынау мақсатында дәлелдер келтіруді әрі оларды қолдануды үйренеді.

Лекцияда оқытушы күрделі әрі еікұшты мәселелер бойынша студенттердің пікірлері мен оларды айғақтайтын дәлелдерді келтіруді сұрайды. Бұл жерде оқытушы бір студенттің жауабын тыңдағаннан кейін аудиторияға «Бұл ұстанымға қарсы/келіспейтін пікірлеріңіз бар ма?» деген сұрақ қойып, қарама-қарсы позицияларды анықтап алуы керек, өйткені бұлай жасамаған жағдайда пікірталастың әрі қарай болуы екіталай.

Студенттер орындарынан қысқа түрде өз көзқарастарын жақтайтын пікірлер келтіреді, қарсы жаққа сұрақтар қояды. Лекция мазмұны осы дәлелдерді өрбіту, дамыту, тереңдету бағытында өрбиді. Қысқа (2-3 минуттық) дискуссияның өзі оқу процесін жандандыра түседі, студенттердің белсенділігін арттырып, олардың сабақ тақырыбын терең игеруіне мол септігін тигізеді. Әрине, оқытушы бұл жерде студенттердің сұрақтарын лекция мақсатына сәйкес бағыттап отыруы керек, өйтпегенде пікірталастың жүйесіз, ретсіз сипат алуы да мүмкін.

Пікірталас лекциясына дайындық барысында оқытушы келесі мәселелерге жіті назар аударуы керек:

  • пікірталас тудыратын негізгі мәселелер мен проблемаларды анықтау;

  • пікірталас туғызатын сұрақтарды алдын-ала дайындау;

  • студенттердің ой-толғанысын тудыратын проблемаларды анықтау;

  • пікірталасты жандандыратын мысалдар мен дәлелдерді дайындау.

Пікірталас лекциясының соңында оқытушы негізгі позициялардың артықшылықтары мен жіңішке жерлеріне қысқаша тоқталып, пікірталасқа қорытынды жасайды. Әрине, мұнда мәселе «Кім жеңді?» сұрағы төңірегінде емес, тек «Өз позицияңызды, ұстанымыңызды айқындай алдыңыз ба?» жайында болуы керек.
Лекция-консультация

Лекцияның бұл түрі конференция түрінде ұйымдастырылған лекцияға ұқсас. Консультацияның
талқылау, кеңесу, жәрдемдесу, кеңес беру деген ұғымдарды білдіретіндігін ескерсек, лекция-консультация да осы мағына аумағында болады.

Лекция-консультация студенттерге тек жаңа ақпарат пен проблема шешудің жолдарын ұсынып қана қоймай, сонымен бірге оларды игеруде туындаған мәселелер мен қиыншылықтар төңірегінде студенттердің жеке танымдық тәжірибесі тұрғысынан ұйымдастырылады. Лекция-консультацияда басты назар теориялық және практикалық тұрғыдан күрделі мәселелерге аударылады. Сол себепті мұндай сабақтарда тақырып жан-жақты және ауқымды түрде қарастырылмай, оның тек негізгі бөлімдері ғана талқыланады.

Студент тарапынан қиын сұрақ туындағанда, оқытушының дұрыс жауап беруге асықпай, оны шешуге басқа да студенттерді қатыстырып, басқалардың тәжірибесімен танысқандығы жөн. Мәселе мұнда дұрыс жауапты дайын күйде бермей, студенттерді ізденіске ынталандырып, игі нәтижеге апаратын бағдарды меңзеп, жол сілтеуде. Сонымен қатар проблеманы шешудің жолдарын тақылағаннан кейін оқытушы студенттерді өздік жұмыс пен ізденіске бағыттап, оларға ақпарат көздерін (әдебиет, Интернет, мақалалар, басылымдар, т.б.) ұсынады.

Лекция-консультация пікірталас ұйымдастырғанға да қолайлы. Студенттердің сан қилы идеялары мен мүдделерінің қарама-қайшылықтарын қақтығысқа келген соң, олардың жақындауы мен тоғысуы нәтижесінде жаңа көзқарастың пайда болуы ықтимал.

Лекция-конференция

Конференцияны бір жақтың сұрақтар қойып, екінші тараптың жауап беруі деп түсінген жөн. Мұндай лекциялар студенттерде сұрақ қою білігін қалыптастыруға бағытталады. Әдетте семинар және практикалық сабақтарда студенттер оқытушы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берумен шектеледі. Алайда сұрақ қою - таным процесінің тиімді тәсілдерінің бірі, ол студенттердің оқу материалын игеру және оны практикалық тұрғыдан қолдана білу деңгейін көрсетеді.

Лекцияның бірінші бөлімінен кейін студенттер өздерінде пайда болған сұрақтарды жазып алып, кейінірек оларды оқытушыға қояды. Лекцияның келесі бөлімдері студенттердің сұрақтарына жауап беру форматында өтеді.

Сұрақ-жауап-пікірталас

Оқытушы лекция алдында (мысалы, бір күн бұрын) алдын-ала берілген тапсырмаға сәйкес студенттердің лекция тақырыбы бойынша жазбаша сұрақтарын жинап алып, лекцияның бастапқы бөлімдерін осы сұрақтарға жауап беру форматында жүргізеді. Лекцияның кейінгі бөлімдерінде оқытушы даулы мәселелер төңірегінде студенттердің пікірлерін сұрап, шағын пікірталастар ұйымдастырады. Лекцияның келесі бөлімінде оқытушы пікірталас кезінде туындаған сұрақтарға жауап береді. Лекция соңында оқытушы пікірталастың қорытындысын келтіреді.
Лекция – пресс-конференция

Пресс-конференцияны өткізгенде сабаққа бір немесе бірнеше оқытушылар, не болмаса мамандар шақырылып, олар лекция тақырыбы бойынша студенттердің сұрақтарына жауап береді. Оқытушы мұндай лекцияда студенттер мен мамандардың арасында делдал болып, талқылау процесін ұйымдастырушы рөлдерін орындайды. Лекция соңында оқытушы қатысушылардың көзқарастары мен пікірлерін қорытындылайды.

Пресс-конференцияны өткізгенде рөлдік ойын элементтерін қолданған тиімді. Мәселен, мұнда студенттер сұрақ қойғанда белгілі баспасөз агенттіктері (Қазақпарат, Франс Пресс, CNN) немесе газеттердің («Егемен Қазақстан», «Жетісу», «Таймс») тілшілері рөлдерін орындауы мүмкін.
Сұрақ-жауап-талдау лекциясы

Мұндай лекцияда оқытушы алдымен студенттерге тақырып бойынша өз сұрақтарын қояды: сұрақтар студенттердің қызығушылығын тудыру үшін проблемалы немесе даулы болуы керек. Аз уақыт талқылаудан кейін студенттер берілген сұрақтарға өз жауаптарын келтіреді. Осыдан кейін оқытушы студенттер жауаптарын талдап, туындаған қиын мәселелердің шешімін ұсынып, қателерді түзету жолдарына тоқталады.