Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.12.2023

Просмотров: 1180

Скачиваний: 21

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Оқытушы тексеру үшін жиналып алынбаған жұмыстар студенттердің портфолиосында болуы керектігі туралы ескертеді.

- Үй жұмысы. Сабақта меңгерген жаңа білімдерін тереңдету мақсатында оқытушы студенттерге тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жазбаша түрде (мәселен, 3-4 беттік эссе немесе кесте, схема, график, жоспар, т.б. түрінде) келесі сабақта өткізуді тапсырады.

- Қорыту. Оқытушы сабақта қарастырылып, өз шешімін тапқан проблемаларға қысқаша тоқталып, бір-екі студенттен сабақтың қалайша өткендігі («Ұнады-ұнамады, Пайдасы бар – пайдасы шамалы» тұрғысында) туралы пікірін сұрайды.
5. Практикалық сабақ
Практикалық сабақ - пәннің теориялық мазмұнын толықтыратын оқу процесінің белсенді түрі. Практикалық сабақ студенттерге теориялық мәлімет бойынша нақты әрекеттер арқылы машықтанып, сол амалдар негізінде мәліметті игеру, меңгеру, тереңдету, дамыту мүмкіншілігін береді. Студенттер практикалық сабақта өз әрекеттерін жалқыдан (нақты мәліметтер) - жалпыға (теориялық тұжырымдар) бағыттайды.

Практикалық сабақта әдетте студенттер талдау және іздену жұмыстарымен (семинар сабақтарындағыдай) айналыспайды. Практикалық сабақтың мақсаты - студенттерді лекцияда келтірілген теориялық мәліметтерді өздерінің белсенді әрекеттерімен «тануға», «дәлелдеуге», өз қолымен «жасауға» жұмылдыру.

Практикалық сабаққа дайындалу барысында оқытушы арнайы оқу материалдарын дайындайды. Сол материалдар бойынша (идея, проблема, тұжырым, ереже, анықтама, рет пен тәртіп, схема, кесте, жоспар, параметрлер, ақпарат, статистикалық мәліметтер, көрсеткіштер, т.б.) студенттер өздерінің теориялық білімдерін қолданып, нақты әрекеттерді атқару дағдыларын игереді, өзіндік тұжырым жасайды. Сол себепті де мұндай оқу материалдарының нақты әрі ықшам болғаны дұрыс.

Студенттер лекцияда берілген теориялық мәліметті практикалық кеңістікке келесі әрекеттер арқылы аударады:

1. Теориялық мәліметті практикалық тұрғыдан жүзеге асыру немесе орындау (мәселен, статистикалық мәліметтерді санау, көрсеткіштерді есептеу, есептер шығару, мәселелерді шешу, ережелерді қолдану, кестелерді толтыру, т.б.).

2. Теориялық мәліметті дәлелдеу (практикалық қолданысын көрсету немесе беделді нұсқаларға сілтеме жасау).

3. Теориялық мәліметке өзіндік тұрғыдан баға беру (практикалық маңызын, тиімділігін, келтіретін пайдасын, артықшылықтарын /немесе керісінше/ айқындау, дәлелдеу; қолдау немесе қарсы шығу).


4. Теориялық мәліметті дамытатын, тереңдететін ұсыныстар жасау (идеялар ұсыну, оларды дәлелдеу және практикалық маңызын келтіру).
5.1 Практикалық сабақта компьютерді қолдану

Практикалық сабақта компьютерлік техниканы қолданғанда оның тиімділігі күрт өсетіндігі мәлім. Компьютер студентке ақпаратты игеру тұрғысында өз басының жеке біліктері мен дағдыларын дамыту мүмкіншілігін береді.

Компьютерді практикалық сабақта қолданғанда студенттерге келесі тапсырмалар берген орынды:

1. Қарастырылатын мәселе бойынша Интернеттен қосымша материалдар іздеу және оларды таңдап, бір жүйеге келтіру (классификациялау): ол үшін студент ақпаратты бөлімдер немесе тақырыптар бойынша жіктеуі керек.

Бұл тапсырманы ұсынғанда оқытушы студентке сайттардың адрестерін немесе тізімін алдын-ала бергені дұрыс.

Студент тапсырманы орындау барысында ЕХСЕL бағдарламасын қолдана отырып, берілген ақпараттың базасын дайындап, оларды белгілі бір жүйе бойынша бөледі.

2. Компьютерлік оқу бағдарламалары немесе оқулықтарды қолдана отырып, берілген проблема бойынша қандай да бір тапсырма орындау.

Мәселен, студент 1 С-Бухгалтерия бағдарламасын қолдана отырып, шағын кәсіпорын қызметкерлерінің айлық жалақысын есептеп шығады, немесе «Ағылшын тілін оқыту әдістемесі» электрондық оқулығынан алынған кейбір әдістемелік идеяларды қазақ тіліне оқыту мәселелеріне орай қолданады.

3. Интернеттен алынған қосымша материалдарды лекцияның теориялық тұжырымдарымен салыстырады, оларға баға береді.

Мысалы, ақпараттың екі көзі (лекция және Интернет) берген статистикалық мәліметтерді салыстырып, олардың әлеуметтік дамудағы (саясатта, экономикада, демографияда, мәдениетте, қоғамдық пікірде, т.б.) қандай тенденцияларды меңзейтіндігі жайлы талдау жұмысын орындайды.


5.2 Практикалық сабақ құрылымының үлгісі
І. Мотивация (немесе Қызығушылықты ояту) кезеңі

Сабақ басында оқытушы студенттерге теориялық тұжырымды (идея, проблема, ереже, анықтама, рет пен тәртіп, схема, кесте, жоспар, параметрлер, ақпарат, статистикалық мәліметтер, көрсеткіштер, т.б.) еске түсіруді ұсынады, сол мәселе бойынша өз ойлары мен пікірлерін анықтау мақсатында оларға төмендегідей тапсырмаларды орындауды ұсынады:

- Жеке жұмыс. Әр студент «Мен осы мәселені қалайша түсінемін?Ол бойынша ұстанымдарым қандай?» деген сынды сұрақтар төңірегінде берілген уақыт ішінде (1-2 минут) жекелей ойланады.

- Топтық жұмыс. Шағын топ ішінде студенттер өз ойларымен бөліседі, оларды талқылайды, өз ойларын толықтырады (4-6 минут).

- Жариялау және қорытындылау. Әрбір топтан бір студент (шешен, спикер) топ тұжырымдарын ауызша жария қылады. Олардың жауаптары тақтаға (плакатқа) жазылады.

ІІ. Білімді құрастыру немесе Мағынаны ажырату кезеңі

Оқытушы студенттерге теориялық мәселенің практикалық маңызын көрсететін (немесе дәлелдейтін) нақты бір жазбаша әрекет орындауды тапсырады.

Олардың қатарына, мәселен, теориялық мәліметке баға беру, оның практикалық маңызын жазбаша сипаттау, статистикалық мәліметтерді санау және олардың көрсеткіштерін талдау және тұжырымдау, көрсеткіштерді есептеу, мәселелер мен есептерді шығару, ережелерді қолдану, кестелерді толтыру, схемалар мен жоспар жасау, ақпар беру, тұлғалық немесе техникалық мінездеме жасау, т.б. кіреді. Бұл тапсырмалардың әр студентке жекелей берілгені дұрыс. Студенттер тобының қарастырып жатқан теориялық мәселесі бәріне ортақ бола тұра, олардың әрқайсысы бөлек жұмыс түрімен айналысады. Мысалы, бір студент ақпаратқа жазбаша талдау жасаса, екіншісі теориялық мәліметті практикалық тұрғыдан жүзеге асыру жоспарын құрады.

Бұл жұмыс келесідей тәртіппен орындалады.

- Топтық жұмыс. Студенттер шағын топ ішінде (4-7 минут) өздеріне жеке-жеке берілген тапсырмаларды қалайша орындайтындығы туралы өз ойларымен бөліседі, бір-бірінен кеңес сұрап, жұмыс жасау жоспарларын талқылайды.

- Жеке жұмыс. Әрбір студент өзіне берілген тапсырманы жекелей орындауға кіріседі. Бұл ретте оқытушы тарапынан олардың бір-бірімен ақылдаса алатын мүмкіншіліктері болатындығын және сол себепті де бір-біріне бөгет болмауы туралы ескертілгені орынды.


- Кеңесу. Жеке жұмыстар 2-3 минутқа доғарылып, студенттерге бір-бірімен және оқытушымен жұмыс барысы туралы кеңесуге мұрсат беріп тұрған орынды. Мұнда студенттер бір-бірімен ақылдасып, атқарылып жатқан жұмыс жайында бір-біріне жәрдем көрсетуі ықтимал.
ІІІ. Түсінікті дамыту немесе Ой-толғаныс кезеңі

Студенттер өздеріне тапсырылған жұмысты қалайша орындағандығы, теориялық мәліметті қалайша меңгергені және дамытқандығы туралы бір-біріне айтып беріп, атқарылған жұмыс жөнінде өз пікірлерін келтіреді.

- Жариялау және топтық талқылау. Студенттер шағын топ ішінде өз жұмысы жайлы әңгімелеп немесе жұмыстарын бір-біріне оқып беріп, білгені мен үйренгенін ортаға салады, өзара пікір алмасады (6-10 минут).

- Бағалау. Студенттердің орындаған жұмыстарын оқытушы жинап алып, келесі сабақта оларды рецензиялап, баға қойып келетіндігін ескертеді. Бағалау жұмысын (баға қою емес, бір-бірінің жұмыстарын рецензиялау мен пікір жазуды) студенттердің өздеріне де тапсырған орынды.

Оқытушы бұл жұмыстардың келешекте студенттердің портфолиосында болуы керектігі туралы ескертеді.

- Үй жұмысы. Оқытушы студенттерге қосымша дерек көздерімен (әдебиет, БАҚ, Интернет, ТВ, басқа мамандар) жұмыс жасап, сабақта атқарылған жұмысты дамытып, тереңдететін жазба жұмысын (мәселен, 3-5 беттік эссе немесе кесте, схема, график, жоспар, т.б. түрінде) келесі сабақта өткізуді тапсырады.

- Кері байланыс. Оқытушы бірнеше студенттен сабақтың қалайша өткендігі («Ұнады - ұнамады, Пайдасы бар – пайдасы шамалы, Үйрендім - Үйренбедім» тұрғысында) туралы пікірлерін сұрайды.
6. Өздік жұмыс
Кредиттік оқу жүйесінде өздік жұмыс студенттің білім алудағы негізгі әрекетіне жатады. Динамика мен өзгерістерге толы, ақпараттың шектен тыс өрбіген заманда тұлғаның негізгі қасиеті өздігімен үйрену мен білім игеру болып табылатындықтан, өздік жұмыстың маңызы барған сайын арта түсуде.

Кредиттік оқу жүйесі бойынша кез келген теориялық тақырып бойынша студенттердің талдау жұмысы келесідей тәртіппен өтуі ұтымды:

1. Студенттердің өздігімен танысқан теориялық материалды лекцияда тереңдету және талдау. Студенттер оқытушының көмегімен ақпаратты талдаудың негізгі бағыттарын толықтырады.

2. Теориялық материалды семинар сабағында проблема шешу тұрғысынан талқылау. Студенттер оқытушының жетекшілігімен теориялық материал бойынша нақты проблемаларды айқындап, олардың шешу жолдарын қарастырады.


3. Студенттер оқытушы ұсынған теориялық материалды өздігімен шығармашылық тұрғыдан меңгереді, нәтижесін жазба жұмысында келтіреді.

4. Студенттер өз жұмыстарын аудиториядан тыс уақытта бірлесе талқылап, жұмыстарын тереңдетудің жолдарын қарастырады, бір-біріне кеңес береді, бір-бірінің жұмыстарына бағалайды.

5. Студенттердің өткізген шығармашылық жұмыстары оқытушы тұрғысынан бағаланады.

Бұл жерде соңғы үш жұмыс студенттердің өздік әрекеттеріне негізделеді.

Өздік жұмыс студенттердің пәнді жүйелі түрде меңгеру, игерілген білім, білік, дағды, түсінік пен құзырлылықтарды бекіту, лекция және семинар сабақтарына жан-жақты дайындалуын қамтамасыз етіп, оларда өздігімен үйрену дағдыларын қалыптастырады.

Өздік жұмыс дегеніміз студенттің оқытушының қатысуынсыз және сабақтан тыс уақытта оқу жоспарында (силлабуста) белгіленген тапсырмаларды орындап, атқарған жұмысы туралы жазбаша есеп немесе ақпарат беруі.

Өздік жұмыста студенттер алған теориялық білімдерін талдап, қорытынды мен тұжырымдар жасап, оларды практикада қолдануға үйренеді.

Өздік жұмыс студенттің өз біліміне деген жауапкершілігін арттырып, өз білімінің мазмұндық траекториясын анықтауға және қолданатын әдіс-тәсілдерді таңдауға баулиды. Бүгінгі күні мұндай біліктерді меңгеру білім алу процесінің басты мақсатына айналып отыр.

Оқытушы өздік жұмысқа тікелей қатыспай, оны ұйымдастырып, сұрақтар мен тапсырмалар беру арқылы студент еңбегінің тиімділігіне сырттай ықпал жасайды.

Өздік жұмыстарды ұйымдастырғанда репродуктивтік (қайталау мен есте сақтауға негізделген) тапсырмалардан мүмкіндігінше бас тарту керек. Ондай жұмыстардың қатарына шығармашылықтың табы жоқ келесі әрекеттер жатады:

  • ұсынылған әдебиетті конспектілеу;

  • анықтамаларды (формулаларды, түсініктерді, мәтіндерді) көшіру, жаттау;

  • әртүрлі ақпарат деректерінен көшірген рефераттарды дайындау;

  • лекцияда қарастырылған мәліметтерді еске түсіру, қайталау; олардың тізімін келтіру, т.б.

Бұл жерде әсіресе рефераттарға тоқтап кеткен абзал, өйткені біз осы атаудың бастапқы мәнін ұмытып, оны «бірнеше ақпарат көзінен көшірілген жазбаша жұмыс» деп түсінеміз. Сол себепті де студент берілген тақырып (проблема, мәселе) бойынша екі-үш кітаптан өзі жасаған қисынды құрылымға сәйкестендіріп бірнеше абзац немесе бетті өзгертпестен көшіріп, еш сілтемесіз бүтін жұмыс түрінде оқытушының тексерісіне ұсынады.