Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.12.2023

Просмотров: 1172

Скачиваний: 21

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Қатені түзету лекциясы

Мұндай лекциялар студенттерді шұғыл түрде (уақыттың тапшылығы мен оқытушы тарапынан тікелей көмектің жоқтығын ескере отырып) талдау жасап, шешім қабылдауға және ақпаратты бағалауға бағыттайды. Оқытушы студенттерге сабақ тақырыбында әдейілеп қате жіберетіндігін ескертеді. Студенттердің міндеті – қатені тауып, оны түзетудің мүмкін жолдарын ұсыну.
Екі оқытушының лекциясы

Бір тақырып бойынша лекцияны екі оқытушы оқиды/жүргізеді. Мұндай лекция екі оқытушының бір-бірімен және студенттермен жасалған диалог түрінде өтеді немесе пікірталас сипатын қабылдайды.
3.2 Интербелсенді лекция құрылымының үлгісі
І. Мотивация (немесе Қызығушылықты ояту) кезеңі

Оқытушы лекцияның мақсаттарын, негізгі идеяларын, сұрақтары мен түсініктерін нақты айқындап, оларды студенттерге ұсынады, сабақ соңында студенттердің лекцияны өз мақсаттарына жету тұрғысынан талдап, оны бағалайтындығын ескертеді.

- Студенттерге тапсырма. Лекция басында қарастырылатын тақырып (сұрақ, ақпарат) бойынша студенттерге қандай білімдері, ойлары мен пікірлері, игеруге қиындық туғызатын қандай проблемалары бар екендігін сұрақ қою немесе тапсырма беру арқылы анықтайды.

- Жеке жұмыс. Әр студент «Менде осы тақырып бойынша қандай білім, ойлар мен ұстанымдар бар?қандай мәселелерді игеру мен үшін қиын болды?» деген сұрақтар төңірегінде берілген уақыт ішінде (2 минуттан 6-ға дейін) жекелей ой қозғайды, ойларын дәптерлеріне жазып қояды.

Бұл жазбаларын студент сабақ бойы толықтырады; сабақ соңында бастапқы жазғандарына қайта оралып, оларды қорытынды жазбасымен салыстырады, сол арқылы өз білімін қандай деңгейде жетілдіргендігін анықтайды, ой толғайды.

- Топтық (немесе жұптық) жұмыс. Шағын топ ішінде немесе жұптасып студенттер жазғандарымен бөліседі, білгендерін толықтырады, проблемаларды анықтайды (сабақ мақсатына қарай 3-тен 10-минутқа дейін уақытта).

Бұл жерде басты мәселе студенттің талқыланатын тақырып бойынша алдын-ала (сабаққа дейін) өздігімен дайындалу, силлабуста көрсетілген тапсырмаларды орындау, ұсынылған әдебиетпен танысу жұмыстары қандай деңгейде болатындығы жөнінде. Топтық жұмыста студенттер талқылау мен ой бөлісу арқылы білімдерін өрбітіп қана қоймай, қиындық туғызған проблемалардың тізімін анықтап, жазып қояды.


- Жариялау. Оқытушы әрбір топтан бір студенттің ауызша жауап беруін сұрайды. Жариялауда барлық топтардың жауаптары тыңдалғаны дұрыс, алайда уақыт тапшы жағдайда оқытушы бір топтың жауабымен шектеліп, басқалардан жауапты қысқаша толықтыруды немесе онымен келісетін/келіспейтіндігін ғана сұрауы мүмкін.

- Қорытындылау. Оқытушы тақтаны (немесе плакатты) екі бағанға бөліп, сол жағын «Не білеміз?», ал оң жағын «Қандай проблемалар бар?» деп атап, студенттердің жауаптарын жазады.

Әрі қарай сабақта студенттер айқындаған проблемалар мен сұрақтар қарастырылады. Бұл жерде басты назарды маңызды және күрделі мәселелерге аударып, жекелеген проблемаларды студенттердің өздік жұмыстарында шешуге тапсыруға тұрарлық.

ІІ. Білім құрастыру (немесе Мағынаны ажырату) кезеңі

Сабақтың бұл кезеңінде оқытушы студенттердің топтарына өздері айқындаған және таңдап алған проблемалар бойынша лекция ұсынады. Қағазға басылған лекция мәтіні студенттерге таратылып беріліп, оның бөлімдер бойынша оқылатындығы ескертіледі.

- Жеке жұмыс. Лекцияның әр бөлімін оқығанда студенттерге белсенді амалдарды орындау тапсырылады. Бұл әрекеттер лекцияны көшіру немесе конспектілеу сияқты жұпыны емей, ойлану арқылы мәтінге өз қатысын айқындап (бұрыннан білетін, жаңадан білген, маңызды немесе түсінуде қиындық туғызатын жерлерін анықтау), өзінде туындаған сұрақтарды жазу, өз түсінігі мен комментарийлерін келтіру секілді күрделі мазмұнда болуы керек.

- Топтық жұмыс. Студенттер лекцияның әр бөлімін оқығаннан кейін, шағын топ ішінде (2-4 минут) өз ойларымен бөлісіп, білгендерін толықтыру жұмысымен айналысады.

ІІІ. Түсінікті дамыту (немесе Ой-толғаныс) кезеңі

Сабақтың бұл кезеңінде оқытушы студенттердің өздерінің қандай білім алғандарын айқындап, өздерінің жаңа біліміне баға беру процесін ұйымдастырады, сабақтан кейін жаңа білімді өздігімен толықтыру мен жетілдіру ісімен қалайша айналысатындығы туралы ойларымен бөлісуге шақырады.

- Топтық (немесе жұптық) талқылау. Студенттер топ ішінде немесе жұп болып білгені мен үйренгенін тұжырымдайды, өзара пікір алмасады, олардың практикада қолданысын талқылайды (3-5 минут).

- Жеке пікірлер. Оқытушы талқылаудан кейін 1-2 студенттен өз ойларын ауызша келтіруді сұрайды.

- Бағалау. Студенттердің сабақта қалайша жұмыс жасағандығын білу және олардың алған білімдерін анықтау мақсатында оқытушы оларға жекелей жазу жұмысын орындауды тапсырады. Оқытушы жазба жұмыстарын тексеру үшін жинап алады немесе олардың портфолиода көрініс табу керектігін ескертеді.



- Үй жұмысы/Өздік жұмыс. Сабақта меңгерген жаңа білімдерін тереңдету мақсатында оқытушы студенттерге силлабуста келтірілген өздік жұмыс тапсырмаларын орындауды ескертіп, жұмыс нәтижелерін жазбаша түрде (мәселен, 3-5 беттік эссе немесе кесте, схема, график, жоспар, т.б. түрінде) келесі сабақта өткізуді тапсырады.
4. Семинар сабағы
Семинар сабағы тақырып бойынша оқу материалдарын игерудің қорытынды кезеңі болып табылады. Сол себепті де мұндай сабақта студенттердің өздік жұмысы қорытылып, бағаланады.

Лекция сабағымен салыстырғанда семинарда салмақ толығымен студент жағына ауысады, студент бұл сабақтарда негізгі рөл атқарады. Семинар сабағында студенттер теориялық мәселелерді тереңінен қарастырып, оларды практикада қолдану дағдыларын қалыптастырады. Студенттер талқыланатын проблеманы түсіндіру, талқылау, талдау және бағалау әрекеттері арқылы өз пікірлерін, ұстанымдары мен позициясын келтіреді: семинар сабағын топтық талқылау мен пікірталас арқылы ұйымдастырған тиімді.

Семинар сабағының тағы да бір ерекшелігі келесідей: әр студент қарастырылатын мәселелерді талқылауға тең құқылы және белсенді түрде қатыса алады. Ал оқытушы мұнда студенттердің пікірлерін қорытындылаушы, күрделі мәселелерді айқындаушы, кеңес-консультация беруші рөлдерін атқарады.

Семинар сабақтарында теориялық мәселелер практикалық тұрғыдан қолдану аясында қарастырылып, меңгеріледі. Ғылыми проблеманы талқылау практикада кездескен ситуацияларды мысал ретінде келтіру немесе кемшіліктерді сынау түрінде ғана өтпейді, мұндай жұмыстар талдау (анализ) әрекеттерін қолдануды талап етеді. Сабақта студенттер жүйелі түрде ойлау, негізгі мәселелердің аясында нақты баяндау, логикалық тұжырымдау, басқалардың пікірін сыни тұрғыдан бағалау сияқты біліктерін көрсете білуі керек.

Семинар сабақтарында теориялық оқу материалын меңгерудің келесі тиімді нысандарын қолдануға болады: проблемалардың шешімін табу, ақпаратты (статистикалық көрсеткіштер, ғылыми көзқарас, тұжырым, заңнамалық ережелер, т.б.) талдау мен бағалау, практикалық ситуацияларды жан-жақты талқылау мен оларды шешу жолдарын қарастыру.

Семинарға дайындалу барысында студенттер силлабустарда келтірілген өздік жұмыс тапсырмаларын орындап, қосымша әдебиетпен (ғылыми журналдардағы мақалалар, Интернеттегі мәліметтер, жаңа ресми құжаттар, ғылыми басылымдар, т.б.) танысуы керек.


Семинар сабақтары белгілі бір ғылыми проблеманы немесе пәннің бір бөлімін тереңінен және жан-жақты қарастыру мен талқылауға арналып, студенттерде келесі тәжірибе, білік, дағды, машықтарды қалыптастыруға бағытталады:

  • абстрактылық, логикалық және сыни ойлау қабілеттерін қалыптастыру;

  • танымның методологиялық және әдістемелік тәсілдерін практикада қолдану мен оларды жетілдіру;

  • бірлесе жұмыс жасау (топ ішінде, команда құрамында) дағдыларын жетілдіру;

  • кез келген ақпаратты талдау қабілеттерін, таңдау жасау, қорытындылау мен шешім жасау біліктерін қалыптастыру мен жетілдіру;

  • теориялық білімді практикада, өндірістік ситуацияларда қолдану біліктерін жетілдіру;

  • қарастырылатын проблемалар бойынша өз ойы мен пікірін қысқа, айқын, дәлелді түрде жеткізу;

  • кез келген білімді өздігімен игеріп, оның негізінде шығармашылық арқылы жаңа түсінік пен білім құрастыру.


4.1 Семинар сабағы құрылымының үлгісі
І. Мотивация (немесе Қызығушылықты ояту) кезеңі

Сабақ басында оқытушы студенттерге талқыланатын проблеманы (проблемаларды) ұсынып, сол мәселе бойынша білімдерін, пікірлері мен көзқарастарын анықтау мақсатында оларға келесі тәртіппен төмендегідей тапсырмаларды орындауды ұсынады:

- Жеке жұмыс. Әр студент «Мен осы тақырып бойынша не білемін?Бұл мәселе бойынша ойларым мен ұстанымдарым қандай?» деген сынды сұрақтар төңірегінде берілген уақыт ішінде (1-3 минут) жекелей ойланып, өз идеяларын қағазға түсіреді.

- Топтық жұмыс. Шағын топ ішінде студенттер жазғандарымен бөлісіп, талқылау ұйымдастырады, өз ойларын толықтырады, оларға өзгерту енгізеді. Топтық талқылау нәтижесінде студенттер бәріне де ортақ, жалпылама бір шешімге тоқталуы керек. Бұл жұмысқа уақыт көбірек беріледі (шамамен 5-7 минуттай).

- Жариялау. Кезекпен әрбір топтан бір студент (шешен, спикер) топ тұжырымдарын ауызша жария қылады.

- Қорытындылау. Оқытушы немесе оқытушының сұрауы бойынша бір студент талқыланатын проблема бойынша бүкіл аудитория келтірген негізгі деректер мен проблемалардың қысқаша тізімін тақтаға (плакатқа) жазады.

- Негізгі проблеманы айқындау. Тақтаға жазылған тізім ішінен студенттер оқытушының ұйымдастыруымен ең өзекті проблеманы таңдайды (проблемалардың бірнешеу болуы да мүмкін; мұндай жағдайда әр топ сабақтың келесі кезеңінде жеке проблеманы қарастыру ісімен шұғылданады).

ІІ. Білім құрастыру (немесе Мағынаны ажырату) кезеңі

Сабақтың бұл кезеңінде студент топтары өздері айқындаған және таңдап алған проблеманы шешу жұмысымен айналысады. Оқытушы шешімнің теориялық мағлұматты практикалық кеңістікке аудару тұрғысынан орындалуы керектігін баса ескертеді (мақсат теорияны еске түсіруде емес, ол білімді қажетке жаратуда болып табылады).

- Топтық жұмыс. Студенттер шағын топ ішінде (10-20 минут) проблеманы шешу ісімен шұғылданады. Оқытушы оларға мәліметті жан-жақты қарастырып, зерттеп, игеруге тиімді белсенді тәсілдерді ұсынады (мәселен, Ой қозғау, Рөлдік ойын, т.б.). Жұмыс нәтижесі графикалық түрде көлемді қағазға (плакат, А3 форматындағы қағаз) түрлі-түсті маркерлермен түсіріліп, қабырғаға ілінеді.

ІІІ. Түсінікті дамыту (немесе Ой-толғаныс) кезеңі

Сабақтың бұл кезеңінде оқытушы студенттердің өздерінің жаңа біліміне баға беру процесін ұйымдастырып, болашақта (сабақтан кейін, ертеңгі күні) жаңа білімді қалайша өздігімен толықтыру және жетілдіру ісімен айналысатындығы туралы ойларымен бөлісуге шақырады.

- Презентация. Кезекпен әрбір топтың атынан бір студент (шешен, спикер) ортаға шығып, берілген уақыт ауқымында (1,5-2 минут) плакатта келтірілген өз тұжырымдарын жария қылады, оларды қорғайды, оқытушы мен басқа топтардың сұрақтарына жауап береді.

- Қорытындылау. Оқытушы әр топ келтірген шешімдердің тиімді жақтарына тоқталып, қысқаша комментарий береді. Өз тарапынан проблема шешудің басқа да жолдарын ұсынады, сол тұрғыдан студенттерді өз тұжырымдарына толықтыру мен өзгертулерді енгізуді сұрайды.

- Толықтыру. Студенттер топ ішінде (2-3 минут) өз ұсыныстарын тағы да бір рет сараптап шығып, жасаған өзгертулері жайында аудиторияны хабардар етеді.
- Бағалау. Студенттердің алған білімдерін анықтау мақсатында оқытушы оларға жекелей жазу жұмысын орындауды тапсырады (6-10 минут). Жазу жұмысының Эссе, Еркін жазу, Дөңгелек үстел, т.б. тәсілдері арқылы жүзеге асырылуы орынды.

- Жариялау. Егерде уақыт жеткілікті болса, студенттер топ ішінде өздерінің жазғандарын әріптестеріне оқып береді. Әр топтан бір жұмыс (студенттің қалауы немесе басқа студенттердің тілектері бойынша) бүкіл аудиторияға оқылады. Оқытушы барлық студенттерден жазба жұмыстарын жинап алуына болады немесе тек өзіне тексеру үшін керекті жұмыстарды жинап алып (мәселен, оншақты жұмыс), қалған жұмыстарды қабырғаға іліп қойып, үзілісте студенттердің олармен танысуды және бағалауды (мәселен, ұнаған жұмысқа жағымды комментарий жазылған постер іліп қоюға болады) сұрайды.