Файл: Әлеуметтану -2 бөлік.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 13.08.2020

Просмотров: 866

Скачиваний: 6

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Тұлғаның әлеуметтік құрылымының көптеген маңызды элементтері бар. Оның ең біріншісі сана. Бұл тұлғаның әлеуметтену үдерісінде қалыптасады. Сана индивидтің әлеуметтенуіне және қоғамның әлеуметтік өміріне қатысуы үшін қажетті білім, тәжірибе, әлеуметтік нормалар, құндылықтар, мінез‑құлық қалыптарын игеруге мүмкіндік береді. Екіншісі, өмір салтынан туындаған еңбек, қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық, отбасы-тұрмыстық қызмет түрлері. Бұл жерде еңбек тұлғаның әлеуметтік құрылымын анықтайтын ең басты, мәнді буыны болып саналады. Үшіншісі, тұлғаның шығармашылық қызметке қабілеттілігі, білімі, дағдылары. Қалыптасқан тұлғаны индивидтен шығармашылық қабілеттері ерекшелейді. Төртіншісі, тұлғаның рухани дүниесі, яғни материалдық және рухани саладағы объективтендірілген адам қызметінің амалдары мен тәсілдері, коғамның мәдени құндылықтарын меңгеру дәрежесі. Бесіншісі, тұлғаның өмірде басшылыққа алатын адамгершілік нормалары мен принциптері. Алтыншы элементі, ол адамның мінез-құлқының басты бағытын анықтайтын принцип болып есептелетін сенім. Осы құрылымдық элементтер белгілі дәрежеде әрбір тұлғаға қатысты болады. Өйткені әрбір тұлға қоғамдық өмірге қатысады, білімді меңгереді, оларды басшылықка алады.

Тұлғаның әлеуметтік құрылымы әрдайым өзгеріске түсіп тұрады. Себебі оны қоршаған әлеуметтік орта ‑ туыстары, достары, таныстары, қоғам және т.б. өзгеріп отырады. Тұлға жаңа ақпарат, жаңа білім алады. Бұл білімдер сенімге айналады. Сенім өз кезегінде адам қылықтарының сипатын анықтайтын болады.

Әрбір қоғам өз мүддесін, ұстанған қағидаларын жүзеге асыруға күш-жігерін, бүкіл білімі мен тәжірибесін жұмылдыратын жетілген тұлғаның болуын қалайды. Бұл мақсат күнделікті өмірде білім беру мен тәрбие жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдары және т.б. арқылы жүзеге асады. Тұлғаны қалыптастыру - қиын, әрі ұзақ мерзімге созылатын үдеріс. Солай дегенмен де объективтік жағдай бірдей болғанымен, әртүрлі субъективтік себептерге орай тұлғалардың қалыптасуы әртүрлі типте болуы мүмкін.

4. Адамдар туғанынан өмірге бейімделіп тумайды. Ол туа салып өзіндік «меніне» ие болмайтыны белгілі. Адам біртіндеп білімін кеңейтеді, толықтырады. Өмірден әлеуметтік тәжірибе жинайды. Бір дәуірден екінші дәуірге мұра ретінде келе жатқан мәдениеттің үлгілерін, ұлттық құндылықтарды, алдыңғы ұрпақтың өнегесін үйренеді. Мұндай үдерісті ғылым тілінде әлеуметтену дейді.

XIX ғ. аяғында Америка әлеуметтанушысы Ф. Гидденс, француз әлеуметтанушысы және психологі Г. Тар тұлғаның әлеуметтік ортаға байланысты қалыптасуын «әлеуметтену» дей отырып, осы ұғымды ғылыми айналымға енгізді.

Индивид жалпы адами, құқықтық және кәсіби‑квалификациялық ережелерді, әлеуметтік мінез-құлықтың нормалары мен принциптерін, рухани құндылықтар мен идеалдарды, дағдылар мен үрдістерді, ептілік пен шеберлікті, әлеуметтік сапа-қасиеттерді, білім мен біліктілікті игерудің арқасында әлеуметтік байланыстардың, институттардың және қарым-қатынастардың мүшесі бола алады. Сөйтіп адам өзін‑өзі, өзінің мүмкіндіктерін, іс‑әрекетін объективті бағалай алуды, яғни өзін өз көзімен ғана емес, өзгенің көзімен де қарай алатын интеллектуалды дағдыны қалыптастырады.


Әлеуметтену адамның өмір бойына тән және өзінің мазмұны жағынан екі жақты үдеріс. Бір жағынан, қоршаған орта адамдардың көзқарастарына, іс-әрекеттеріне тұрақты әсер етеді. Сөйтіп адам әлеуметтік тәжірибе жинайды. Екінші жағынан, ол құндылықтар мен нормаларды игеруі керек.

Сонымен әлеуметтену деп адамның қоғамдық сананы игеруін, мінез-құлық нормалары мен ережелерді, ілімдерді, рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, оларды өзінің ішкі‑сезім күйіне айналдырып, соның негізінде белсенді іс-әрекет иесі болуды айтады.

Әлеуметтенудің негізгі факторлары: биологиялық (тектілік жағынан жағымды не жағымсыз қасиеттер), психологиялық (мінез‑құлық ерекшеліктері, жадының сапасы, әлеуметтік нормаларды игеру үдерісіндегі интеллектуалды негіздердің болуы не болмауы), экономикалық (отбасының материалдық жағдайы, тұрмыстық ахуал т.б.), әлеуметтік (индивидтің жақын әлеуметтік ортасы: отбасы, оқу орыны, армия, замандас‑құрдастары т.б.).

Адамдарды қоршаған көптеген әлеуметтік құрылымдардың ішінен ең бірінші адамның өзінен бастап мынандай негізгілерді атауға болады: адам, отбасы, ұжым (топ), қауымдастық (жік, тап, халық, ұлт, конфессия және т.б.), ұйым (мекеме) және институт (мемлекет, құқық, білім, өнер, денсаулық сақтау және т.б.).

Әлеуметтену ұзақ та күрделі үдеріс. Ол мынандай кезеңдерден түрады: мектепке дейін (қоршаған әлемге, басқа адамдарға эмоционалды‑сезімдік қатынас, ойындар арқылы тәжірибелік іс‑әрекет пен дағдыға үйрену, тіл ұстарту), мектеп кезі (білім алу, мәдениетке үйрену, интеллект болып қалыптасу), мектептен кейін (жұмысшы мамандығын игеру, орта немесе жоғары арнаулы білім алу, еңбек етуге дайындалу), белсенді еңбек ету кезеңі (еңбек ұжымына кіру, іскерлік қатынас дағдысын игеру, іскерлік бәсекелестігі ережесін меңгеру, табысқа ұмтылу, өзінің мәртебесін көтеру және материалдық игілікке жету), зейнеткерлік жас (жеңіл еңбекке көшу немесе тиісті қарым‑қатынас пен мінез‑құлық формасына сәйкес еңбектен толық босау).

Әлеуметтену қоғамның даму дәрежесіне байланысты, тәуелді. Қоғамдағы қабылданған саяси түсініктер, мәдени құндылықтар, әлеуметтік-экономикалық факторлар адамға әсер етеді. Дегенмен әлеуметтенуде әлеуметтік институттардың рөлі күшті. Мысалы, мемлекет пен партияның рөлі ерекше. Әлеуметтенуге ақпарат құралдары көп ықпал жасайды. Олар адамға тікелей ықпал етіп, мәдени құндылықтарға деген қатынасын қалыптастырады, бір идеалды негіздеп, қорғап, екіншісіне тойтарыс береді, адамзаттың ғасырлар бойы қалыптастырған қазыналарын, алдыңғы ұрпақтың өмірлік тәжірибесін соңғы ұрпаққа жеткізіп, тұлғаны тәрбиелейді.

Әлеуметтенудің негізгі институтары.

1). Әлеуметтену ең алғаш отбасынан басталады. Парсонс әлеуметтенудің бастапқы құралы отбасы десе, қазақ "ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" деп тегін айтпаған. Үйде қалыптасқан көзқарас көбіне өмір бойына адамның жадында қалады.


2). Әлеуметтенудің келесі сатысы – білім жүйесі (балабақша, мектеп, арнаулы және жоғары оқу орындары). Бұл кезде жалпыға бірдей негізгі қазыналар мен көзқарастарды оқушылар оқып біледі. Жастар ұйымдарына қатысып алғашқы өмірлік тәжірибелер жинайды. 16 жастан сайлауға қатыса бастайды, азамат атанады, іс-әрекетіне толық жауап береді. Көбісі жоғары оқу орнына түсіп, терең білім алады.

3). Еңбек ету институттары (материалдық өндіріске қатысу, әртүрлі еңбек ету салалары, кәсіби мамандықты игеру, басқару ісіне қатысу).

4). Рухани сала институты (философия, ғылым, дін, өнер, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралы).

5. Тұлғаның әлеуметтену үдерісінде оның өмірлік ұстанымы, мақсат‑мұраты, белсенділігі, қоғамдық қызметтің белгілі бір түріне бейімділігі, мінез‑құлқы ерекше орын алады. Өмірлік тәжірбе көрсетіп келе жатқанындай, белсенді, алдына нақты мақсат қоя білетін, өзінің рухани мүмкіндігін молынан пайдалана білетін адам әруақытта табысқа жетіп отырады. Ал өмірдің қалыптасқан ығына қарай жүріп, өз мүмкіндігін жетілдіргісі келмейтін адамдар көп нәрседен ұтылады.

Сонымен тұлғаның мұраты әлеуметтенудің объективті жағдайларын тиімді пайдалануға ұмтылу, өзінің жеке дара қабілеті мен мүмкіндіктерін алға қойған мақсаттарға жетуге тұрақты жұмылдырып отыру болып табылады.

Өмірде алға мақсат қоя білу де мәнсіз емес, алайда оған жете білу әлде қайда маңызды. Ал мақсат дегеніміз не? Бұл – қызметтің нәтижесінен идеалды, ойша асып түсу, сондай‑ақ соған жетудің амалдары мен жолдары.

Өмірлік мұраттарды шартты түрде негізінен төрт түрге бөлуге болады: 1) келешегін айқындайтын білім, мамандық алу; 2) соның нәтижесінде тұрмыста қолайлы жағдай жасауға ұмтылу; 3) қызметте өсу, жаңа лауазымға ие болу, жақсы жалақы алу; 4) өзінің білімі мен білігін, қабілеті мен белсенділін үнемі көтеріп отыру.

Әрине, өмірлік мұратты таңдау, мақсатты жүзеге асыру бірнеше факторларға: 1) қоғамдағы объективті жағдайларға байланысты; 2) индивидтің қандай әлеуметтік топқа жатуына; 3) тұлғаның өзінің әлеуметтік‑психологиялық сапаларына байланысты. Бұл факторларды тарқатып айту қажет.


Бақылау сұрақтары

1. «Тұлға» ұғымының түсінігі.

2. «Адам», «индивид», «тұлға» деген ұғымдардың арасындағы айырмашылықтар қандай?

3. «Тұлғаның әлеуметтік типі» дегеніміз не?

4. Тұлға құрылымының негізгі компоненті қандай?

5. «Әлеуметтік мәртебе» және «әлеуметтік рөл» ұғымдарының анықтамасы айтыңыз?

6. Тұлғаның әлеуметтенуі деген не және оның мәні.

7. Тұлғаның қалыптасуына әсер етуші күштер қандай?

8. Тұлғаның әлеуметтік мұраты неде?















VII тарау. Отбасы әлеуметтануы


1. Отбасы қоғамның элементарлық ұясы ретінде.

2. «Отбасы» мен «неке» түсініктерінің анықтамасы.

3. Отбасы мен некенің құрылымы және тарихи типтері.

4. Отбасы мен некенің әлеуметтік функциясы.


3. Қазіргі отбасы мен неке дамуының кейбір мәселелері.


1. Отбасы ‑ қоғамның өте маңызды, адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкелетін әлеуметтік құрылымының негізі. Қазақ «Отан отбасынан басталады» деп жайдан‑жай айтпаған. Сондықтан отбасын зерттеу әлеуметтанудың басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Отбасы дегеніміз не, оның пайда болуы мен өзінің даму жолында қандай кезеңдерден өтті, міне, осының бәрі зерттеушілерді ежелден қызықтырып келеді. Сонау Платон, Аристотельден бастап, Конт, Спенсер және басқа әр кезеңнің зерттеушілері қоғамның құрылымын айқындаймын деп отбасына соқпай кете алмады. Аристотель мемлкеттің пайда болуын тікелей отбасының кеңею үдерісімен байланыстырады. Егер туыстық (род) алғашқы отбасының пайда болуының бастауы болса, онда алғашқы отбасы адам қоғамының пайда болуының бастауы болған.

Отбасы – неке мен туыстық сезімге негізделген одақ, тұрмыстық бірлік, өзара жауапкершілік пен қолдауға, басқалармен үйлесімді өмір сүруге үйрететін әлеуметтік өмір мектебі.

Әлеуметтану отбасын екі жақты ‑ шағын әлеуметтік топ және әлеуметтік институт ретінде қарастырады. Біз отбасын шағын әлеуметтік топ ретінде қарастырғанда зерттеу пәніміз отбасы ішілік қарым‑қатынастар болады. Ал әлеуметтік институт ретінде зерттегенде бізді ең бірінші отбасы мен мемлекеттің өзара әрекеттестігі, сондай‑ақ отбасының әлеуметтік функциялары қызықтырады.

Отбасының негізі заң жүзінде бекітілетін еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынастардың тарихи шартты формасы неке болып табылады. Ол адамның әлеуметтік-табиғи, сонымен қатар материалдық және рухани өмір қажеттілігі, әйел мен еркектің өзара түсінісу, еріктілігі негізінде құрылған, олардың өзара құқықтары мен міндеттерін белгілейтін бірлігі.

Қоғамның ең алғашқы институттарының бірі ‑ отбасының аса маңыздылығы оның атқаратын үш негізгі қызметінен көрінеді. Біріншісі, отбасы қоғамның өз‑өзінен көбейіп, ұрпақ жалғастығын қамтамасыз етіп отыратын ерекше әлеуметтік институт. Екіншісі, отбасы қоғамның мәдени мұрасын бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғастырады. Үшіншісі, отбасы қоғамдық игіліктерді өндіруге қатыса отырып, өзінің өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.

Отбасы некеге карағанда күрделі жүйе, себебі ол жұбайларды ғана емес, олардың балаларын, басқа туыстарын да біріктіреді. Оның қалыптасуы мен дамуы әлеуметтік, таптық, ұлттық әдет-ғұрып сипаттарына, өмір сүру ортасындағы ізгілікті қарым‑қатынастарға, қоғамның мәдени дәрежесі мен материалдық жағдайына байланысты.

Отбасының тұрақтылығы мен бақыттылы болашақ ерлі‑зайыптылардың некенің адамгершілік және құқықтық негіздерін терең түсінуімен, олардың бірге өмір сүруге психологиялық даярлығымен, қоғам алдындағы жоғары жауапкершілікті ұғынуымен, күнделікті тұрмыстық және шаруашылық дағдыларды игеру деңгейлеріне байланысты болады. Орыстың ұлы педагогы К.Д. Ушинский: «Еңбексіз, тыңғылықты, байыпты еңбексіз отбасы бақытты бола алмайды» деген.


Отбасы әлеуметтік институт есебінде ‑ адам қоғамының қалыптасуымен бірге пайда болған әлеуметтік құбылыс. Оның негізін құрайтын неке сүйіспеншілік пен махаббаттың іс жүзіне асуы болып табылады. Қазақстан Республикасының Ата Занында: «Занда белгіленген жасқа толған еркектер мен әйелдердің некелесіп, отбасын құруға құқығы бар. Неке ерлі-зайыптылардың ерікті түрде келісуіне және құқық теңдігіне негізделеді»—деп көрсетілген.

Некеге тұру біздің елімізде азаматтық хал актісін тіркеуден (АХАТ) басталады. Бұл қазіргі азаматтық заңдардан туындаған. Некенің заң жүзінде немесе діни ұйымдар арқылы тіркелуі жұбайлардың екі жақты міндеттерін қалыптастырады, жауапкершіліктерін арттырады, ерлі-зайыптылардың арасындағы барлық адами‑құқықтық қарым-қатынастарды реттейді.

Ертеректе неке суын ішу мешіт арқылы да іске асырылған. Қазір әлемнің көптеген елдерінде шіркеуде тіркеледі. Бұл біздің өмірімізге де еніп келеді.

Некеге тұру жасы біздің Конституциямызда 18 деп көрсетілген, Украина мен Өзбекстанда 17 жас. Көптеген елдерде әйелдер үшін неке жасы кем: Францияда 15 жас (еркектер үшін 18 жас), Италияда тиісінше 14 және 16 жас, ГФР-де 16 және 21, АҚШ-та (әртүрлі штаттарда) 14—18 және 15—21 жас. Бірқатар мұсылман елдерінде (мыс, Сауд Арабиясында, Йемен Араб Республикасында) көп әйел алуға заң бойынша рұқсат етіледі.

2. Адамдардың өз ұрпағын жалғастыруға табиғи құштарлығы некеден, отбасын құрудан басталады. Неке ‑ тарихи кезеңдерге сай қалыптасқан, қоғам негіздейтін және реттейтін, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін ресім. Жаңа ұрпақтың тұлғасы мен рухани жетілуі көп дәрежеде некелік қатынастың сипатына байланысты. Ал некенің әлеуметтік мәніне саясат, құқық, мораль, дін әсер етеді.

Қоғам неке тәртібін реттеумен қатар, оны қорғау жөнінде өзіне белгілі дәрежеде міндет алады, некелескен жұбайларға өз балаларын материалдық жағынан қамтамасыз етуге, тәрбиелеуге, демек, отбасының болашағы үшін жауапкершілік жүктейді. Некенің тұрақтылығы ерлі-зайыптылық және ата-аналық парызды сезіну, өзара сыйласу және өзара көмекке көп байланысты. «Үйлену дегеніміз - өз құқығыңның жарымын азайтып, міндеттіңді екі есе көбейту» деген сөзді Онеро де Балзак жайдан‑жай айтпаған.

Некенің алғашкы түрлері жайында әртүрлі жорамалдар бар. Кеңес ғалымдарының көпшілігі былай деп санайды: әуелде, «алғашқы адам табыны» дәуірінде неке болмаған. Ол кезде талғамсыз жыныстық қатынас (промискуитет) үстем болды: әрбір әйел сол табындағы кез келген еркекпен, әрбір еркек кез келген әйелмен жыныстық қатынас жасаған. Орта және палеолит дәуірінде, рулық құрылыс тұсында, экзогамия (ру ішінде некелесуге тыйым салу) және топтық неке пайда болды, бұл жағдайда бір топтағы барлық еркектер басқа топтағы барлық әйелдермен жыныстық қатынас жасауға ерікті болды. Оқтын-оқтын жеке жұп болып ұшырасу тарай келе, рулық құрылыс дамыған кезде, жұп неке пайда болды, яки жұбайлар бір жұп болып бірікті. Бұл кезде топтық некенің сарқыншақтары сақталды (сорорат, полигамия). Дамыған неолит дәуірі мен онан кейініректе, металдар дәуірінде, рулық құрылыс ыдырау барысында, патриархалдық отбасы пайда болды, ерлі-зайыптыларды бір-бірімен берік біріктірген дара неке қалыптасты, сөйтіп отбасы тұтастығы қамтамасыз етіліп, ол алғаш рет қоғамның экономикалық ұясына айналды. Әртүрлі қоғамдық құрылыс жағдайында некенің сол құрылысқа тән бірқатар өзіндік әлеуметтік-құқықтық сипаты болды. Мыс, құл иеленушілік қоғамда ерікті азаматтар үшін ғана неке танылды, ал құлдардың ерлі-зайыптылық тұрмысы тек қана бірге тұрушылық деп саналды.