Файл: Әлеуметтану -2 бөлік.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 13.08.2020

Просмотров: 867

Скачиваний: 6

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау кезінде пайда болған отбасылық қауым әлеуметтік топ және шаруашылық негіздерінің біріне айналды. Отбасы өндірістік қатынастарға, оның ішінде меншіктік қатынастарға тікелей тәуелді болды. Мәселен, некелік қатынастардың алғашқы тарихи формасы полигамия, ал өндіріс құрал-жабдықтарына жеке меншіктің пайда болуына байланысты ол моногомиялық (бір некелік) отбасымен ауысқан.

Отбасының әлеуметтік мәні, пайда болуы және даму кезеңдері туралы ғылымда әртүрлі қағидалар мен пікірлер, белгілі ағымдар болды. Швейцариялық құқық тарихшысы И. Я. Бахофен ( "Материнское право") неке мен отбасының тарихи жағынан үнемі өзгеріп отыратындығын дәлелдеп, бір некелі отбасынан бұрын көп некелі қатынастардың болғанын, патриархаттан бұрын рудың өмірінде әйелдің экономикалық және рухани билігінің басым болғанын көрсетеді.

Ағылшын этнографы Л. Морган өзінің басты «Көне қоғам» (1877) кітабында алғаш рет отбасы тарихын барынша дұрыс бағытта талдаған. Зерттеушінің жорамалы бойынша, адамзат қоғамы тарихының бастапқы кезеңінде адамдар арасындағы жыныстық қатынастарға ешқандай шек қойылмаған - үлкендер мен жастар, балалары мен ата-аналары қатынаса берген. Бұл жабайы не жартылай жабайы кез болатын. Одан топтық отбасы (алғашқы қауымдық құрылыс), пуналуалдық отбасы (матриархат, топтық неке, бірақ аға‑қарындастар арасында некелік байланысқа тыйым салынды), жұптық отбасы (матриархат пен ұжымдық неке сақталған жағдайда бір еркек басты ер адам есебінде болады да оның маңайында отбасының мүлкі, еңбек бөлінісі, кәсіп пен жеке меншік туады), патриархалды отбасы (отбасында ер адам жетекші орын алады, оның бірнеше әйелі болуы мүмкін, әйелдер еркекке тәуелді болады және т.б.), моногамдық отбасы (жұптық неке) болған.

3. Әлеуметтік институт ретінде отбасы мен некенің әлеуметтік функцияларын айқын білу маңызды мәселе. Алдымен әлеуметтік функция дегеніміз не? Ол ‑ қоғам мен оның қызметін ұйымдастыруда әлеуметтік институттардың атқаратын рөлдері. Отбасы мен некенің функциясы қоғамдағы жағдайларға қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Дегенмен олардың басы ашық бірнеше функцияларын атауға болады. Алдымен отбасын алайық. Ол: 1) ұрпақ жалғастығын қамтамасыз ету, осы арқылы отбасын қалпына келтіріп, қоғам мүшелерін толықтырып отырады; 2) тәрбиелік‑регулятивті функция атқарады; 3) тұлғаның әлеуметтену үдерісін шешеді. Тұлғаның жан‑жақты дамуына отбасында әлеуметтік қолайлы жағдай жасау; 4) отбасының өз мүшелеріне жан‑жақты қамқорлығы, олардың әлеуметтік және психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді; 5) экономикалық және шаруашылық‑тұрмыстық функция атқарады. Бұл ‑ отбасы мүшелерінің бірге материалдық игіліктерді өндіруі мен бөлуі, бірге өмір сүруді ұйымдастыруы; 6) алғашқы әлеуметтік бақылау функциясын жүзеге асырады. Отбасы мүшелерінің әртүрлі өмір жағдайларындағы мінез‑құлқын моральдық және әлеуметтік жағынан реттеп отырады.


Некенің әлеуметтік функцияларын қарастырғанда некенің отбасы мен мемлекеттің, отбасы мүшелері арасындағы қатынастарды реттейтін нормативті‑құқықтық институт екенін ескерген жөн. Сонымен некенің әлеуметтік функциясы төмендегідей: 1) Ерлі‑зайыптылардың өздерінің және балаларымен өзара қатынастарының құқықтары мен міндеттерін әлеуметтік мойындау және заңдастыру; 2) Ерлі‑зайыптылардың, сондай‑ақ отбасы мүшелерінің арасындағы экономикалық және шарушылық‑тұрмыстық қатынастарды реттеу; 3) Отбасы мен мемлекеттің арасындағы қатынастарды реттеу; 4) Отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесін құқықтық жағынан қамтамасыз ету. Мысалы, некеге тұру арқылы біреуі күйеуі, екіншісі әйелі болып, ерлі‑зайыпты атанады.

Отбасының әлеуметтік функциясын сөз еткенде оның мүшелерінің мәртебелік‑рөлдік қатынастарына байланысты айтпай кетуге болмайды. Басқа әлеуметтік институттар сияқты отбасында да әлеуметтік мәртебелермен қатар соған сәйкес рөлдер бар.

Әлеуметтік мәртебе дегеніміз не? Ол – белгілі құқықтар және міндеттермен, мінез‑құлық нормалары және ережелерімен сипатталатын тұлғаның қоғамдағы жағдайы. Ал отбасының әлеуметтік мәртебесі ‑ бұл қоғамдағы әлеуметтік мәртебелердің көптеген түрлерінің бірі. Ол ‑ алдымен индивидтің отбасы құрылымындағы, сонан соң жалпы қоғамдық құрылымдағы орны. Мысалы, ана, әке және т.б. Отбасылық мәртебелер бар: ол ерлі‑зайыптылық, ата‑аналық, туыстық және т.б. Әрбір мәртебенің құқықтары мен міндеттері бар.

Отбасының әлеуметтік рөлі дегенге тоқтамас бұрын әлеуметтік рөл дегенді айқындап алған жөн. Ол ‑ белгілі әлеуметтік ұстанымы бар тұлғаларға қоғам қоятын талаптар жиынтығы. Әлеуметтік рөлді орындау отбасы мүшелерінің әлеуметтенулік үдерісіндегі рөлдік бейнесімен тығыз байланысты. Бұл отбасылық мәртебемен байланысты болатын мінез‑құлықтық әрекет.

4. Еліміздегі нарықтық қатынас пен бәселестік ежелгі отбасын күрделі өзгерістерге алып келді. Қазір отбасының қиыншылықтары көбейді. Ол көбіне ажырасуға әкеліп отыр.

Отбасында қайшылықтардың тууының негізгі екі себебі бар: ішкі және сыртқы себептер. Сыртқы себептерге тұрғын үй, табыс, әдет-ғұрып, ұлттық ерекшеліктер және т.б. жатса, ішкі себептерге — махаббат, эмоция-сезім, қамқорлық, ауызбірлік және т.б. Себептердің екеуі де жас отбасы үшін дағдарыс жағдайын тудыруы мүмкін.

Отбасының тұрақсыздығы ажырасуға апарады. Біздің республикамызда 1994-1996 жылдар аралығында 100 мың тұрғынға шаққанда, ажырасу орта есеппен 40 мың болды, ал 1997 жылы 32,8 мыңға жеткен.

Ажырасудың негізгі себептері: 1/ жұбайлардың мінез-құлқының, көзқарастарының сәйкес келмеуі; 2/ арақ ішу, әсіресе, ерлер тарапынан; 3/ үй жағдайының, әсіресе, жастар үшін қолайсыздығы; 4/ жұбайлық опасыздық; 5/ ұрпақсыздық немесе балалы болғысы келмеушілік; 6/ жыныстық кемшілік. Осы аталған себептер әр аймақтарда әртүрлі көріністе болады. Ресейде - арақ ішу, мінездің сәйкессіздігі, Эстонияда - жұбайлардың опасыздығы, Арменияда, Грузияда, Өзбекстанда — ата-анаға дұрыс қарамаушылық, т.б.


Зерттеулердің нәтижелеріне қарағанда, некенің бұзылу себептері некеге тұрғанға дейінгі жағдайларға да байланысты. Олар әлеуметтік-экономикалық жағдай, қыз бен жігіттің білім ерекшеліктері, мәдени дәрежесі, жас ерекшеліктері, жас ерлі‑зайыптылардың ата-аналарының теріс әсерлері, т.б.

Кайсыбір зерттеулерге жүгінсек, жастардың басым көпшілігі достарының арасында, би алаңында, жырақта жүргенде және тағы басқа жерлерде танысады екен.

Адамды жақсы тани білу үшін, онымен мүмкіндігінше көбірек араласқан жөн. Сүйіктіңнің жақсы жақтарын да, кемшіліктерін де жете білу үшін, оны өмірдің әрқилы сәттерінде көрген жөн. Косағыңды өмірлік деп тандайсың, сондықтан да некеге тұру жөніндегі шешіміңді туған-туыстарың мен достарыңа айтудың алдында әбден ойланып-толғанып алған дұрыс. О.Бальзак: «Ерлі-зайыптылар бастары қосылғанша бір-бірінің мінез-кұлқын, әдеттерін біліп алмаса, некенің бақытты болуы мүмкін емес» деген болатын.

Ер мен әйелдің некеге тұруы өмірге жаңа адам келеді. Қоғамның материалдық негізі - экономика, өндіріс, ал өндіріс адамның іс-әрекеті арқылы дамиды. Ол үшін ұрпақ жалғастығы үнемі болып, дамып отыруы керек. Демек, некелесіп отбасын құру адамзат ұрпағын дамытудың бірден-бір негізі болып табылады.

Қазіргі қоғамдағы отбасы қатынастарын зерттеушілер отбасы дағдарысқа ұшырады дейді. Бұған туылымның азаюы, әртүрлі тұрмыстық жағдайлардан ажырасудың көбеюі, ата‑аналардың қайтыс болуынан отбасының ыдырауы. Жүз жыл бұрын еркек пен әйел орташа барлығы 1,5 жылдай баласыз тұрса, қазір шамамен 20 жыл тұрады. Бүгінгі ерлі‑зайыптылар некелік өмірдің 54% орнына 18% ғана балалар тәрбиесіне арнайды.

Қоғамда толық емес отбасылар кең тарайтын құбылысқа айналды. Бұл баланың әкесіз өсуіне, оның дұрыс тәрбие ала алмауына жол ашады.

Қорыта айтқанда, осы күнгі неке-отбасы мәселесінде үш басты проблеманы атап көрсетуге болады: 1) отбасының беріктік, тұрақтылық проблемасы; 2) бала табу, ұрпақ өсіру проблемасы; 3) отбасының тұрмыс жағдайындағы қиыншылықтар проблемасы.

Қолдағы мәліметтерге қарағанда, 15 және одан жоғары жастағы адамдарды алғанда ерлердің 62,3 және әйелдердің 55,6 пайызы некеде тұрады екен. Ерлердің 4,4 және әйелдердің 8,1 пайызы ажырасқандар. Ерлердің 2,9 және әйелдердің 14,7 пайызы жесірлер. Өздеріңіз көріп отырғандай, ерлерге қарағанда әйелдер арасында жесірлер 4 есеге көп. Бұған ерлер жасының қысқалығы да әсер етеді. Қазір респуликада өмір сүрудің орташа ұзақтығы 65,8 болса, әйелдер 71,5, ерлер 60,5 жас өмір сүреді.

Енді некеде тұрмағандардың көрсеткіштеріне көңіл бөлейік. Ерлердің 30,4 және әйелдердің 21,6 пайызы некеде тұрмағандар. Ал 30 және одан жоғары жастағы ерлердің 20,2 және әйелдердің 19,9 пайызы некеде болмағандар.

Қазір жастар есейіп барып үйленетін болды. 20-29 жастағылардың 54,3 пайызы үйленбегендер. Ал қыздар арасында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен - 33,9 пайыз. Бір ойшыл: егер адам баласы 35 жасқа дейін үйленбей, содан пайда тауып жүрмін десе, оған салық салу керек – деген екен.



Бақылау сұрақтары

1. «Отбасы» мен «неке» ұғымдарының анықтамасы.

2. Отбасы мен некенің әлеуметтік функциясы.

3. Отбасындағы мәртебелік қатынастардың қалыптасуы мен ерекшеліктері.

4. Отбасы құрылымы мен неке қатынасының тарихи типтері.

5. Қазіргі отбасы дамуының кейбір мәселелері.

6. Қазіргі қазақ отбасы дағдарысының себептері неде?






















VIII тақырып. Мәдениет әлеуметтануы


1. Мәдениеттің әлеуметтік құбылыс ретінде түсінігі.

2. Мәдениеттің құрылымы мен типтері.

3. Мәдениет әлеуметтануының басым бағыттары.

4. Мәдениеттің негізгі әлеуметтік функциялары

1. Ерекше қоғамдық құбылыс ретінде мәдениет - қоғам дамуының жүйелі салалы, адамның қоғамға, табиғатқа қатынасының сапалық деңгейін білдіретін категория. Осыған байланысты жалпы мәдениет ұғымының нақты мағынасы бар: еңбек мәдениеті, өндіріс мәдениеті, тұрмыс мәдениеті, экологиялық мәдениет, саяси мәдениет, мінез-құлық мәдениеті және т. б.

«Мәдениет» деген сөз қазақ тіліне арабтың «маданият» ‑ қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл ‑ орта ғасырдағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезенінде қалыптасқан түсінік. Бізге үйреншікті болып кеткен «мәдениет» ұғымы тәрбие және білімге тікелей қатысты, бұл ұғымдар барлық халықтардың рухани қайнар бұлағы болып табылады. Оның тамыры сонау көне заманда жатыр.

Мәдениеттің 300-ден астам анықтамасы бар. Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке төмендегідей анықтамалар берілген: а) мәдениет - халықтың мәдени саладағы табыстары мен шығармашылығының сапалы жиынтығы; ә) мәдениет - адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі сапалы қызметі мен өзіндік ерекшеліктері; б) мәдениет - адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті, т.б.). Қорыта айтқанда, мәдениет дегеніміз жеке адам бойындағы қасиеттердің сапалық дамуы және қоғамдағы құндылықтармен ұштастырылып, әлеуметтік үдерістермен біте қайнауы болып табылады.

2. Тұтас жүйе ретіндегі мәдениеттің әлеуметтік элементтері жөнінде әртүрлі көзқарастар мен ғылыми бағыттар бар. Құрылым туралы кең тараған түсінік бойынша мәдениет негізінен диалектикалық бірліктегі материалдық және рухани болып екіге бөлінеді. Мәдениеттің бұл екі түрі де адамның рухани дүниесін, әлеуметтік өмірді өзгертуімен байланысты болады. Сонымен қатар тұрмыстық мәдениетті де атай кеткен артық емес. Мұны көбіне‑көп рухани мәдениеттің нақты көрінісі ретінде қабылдауға болады.

Материалдық мәдениет адамның табиғатқа қатысымен, оны өзгерту, қайта құру үдерістерімен және өз әлеуметтік ортасымен өзара қарым‑қатынасы, өз мұқтажын қанағаттандырумен байланысты болады. Бұған материалдық игіліктерді өндіру мәдениеті (өңдірістегі сапалы құрал-саймандар, техника, құрылымдар, т.б.) жатады. Рухани мәдениетке ғылым, өнер, әдебиет және адамдарды тіршілікке бағдарлайтын идеялар, құндылықтар, нормалар, салт‑дәстүр, ойлау әдістері және т.б. жатады.


Мәдениетті материалдық және рухани деп бөлу шартты, өйткені олардың арасында тығыз байланыс, қатынастар бар. Осылардың нәтижесінде олар бір-біріне әсер, ықпал етіп отырады. Мысалы, адам ойындағы кейбір ғылыми идеялар, техникалық жобалар мен тұжырымдар өмірде жаңа техника, сайман, басқа да құрал-жабдық түрінде шындыққа айналып жатса, ал жаңадан пайда болған техника, технология, ғылыми жетістіктер және т.б. жаңа идеялардың, тұжырымдар мен теориялық ойлардың тууына ықпал етеді.

Кейінірек, яғни ХХ ғасырдың бірінші жартысында мәдениетті үшінші құрамдас бөлігі туралы да түсінік пайда болды. Ол ‑ мәдениет әлеуметтік құрамы. Мәдениеттің әлеуметтік құрамы дегеніміз – бұл адамдардың әлеуметтік институттар мен мәртебелер жүйесіндегі өзара қарым‑қатынасы.

Мәдениетті төмендегідей негізгі төрт элементтен тұрады деген де пікір жоқ емес. Оның біреуі адамдардың қоршаған ортада бағдарға алатын түсініктері мен ұғымдары. Екіншісі – қарым‑қатынас, яғни кеңістік мен уақыттағы өзара байланыс. Үшінші – құндылықтарға қатынас, яғни нені және қалай игеру қажет. Төртінші – белгілі бір мәдениеттің құндылықтарына сәйкес адамдардың мінез‑құлқын реттейтін нормалар мен ережелер. Ал әлеуметтанушы Геннадий Иванович Козырев мәдениетті төмендегідей құрылымдардан тұрады деп есептейді:

1. Сана – бұл адамдарды басқа мақұлықтардан айыратын басты белгі. Сана (жады, ойлау) адамға әлемді, бүкіл қоршаған ортаны және өзін ғана танытып қоймайды, сонымен қатар өзі де білім және тәжірибемен толығады, бар жинаған құндылықтарды келесі ұрпаққа жеткізеді.

2. Қоршаған әлемді бағалай білу, қабылдау және оны игеру әдістері. Адамның жануарлардан айырмашылығы өзінің де, басқаның да әрекеттері мен ниетін жақсы не жаман деп бағалай алатындығында.

3. Тіл – адами қарым‑қатынастың ойлаумен бірліктегі аса маңызды құралы. Бұл коммуникацияның дыбыстар мен симболдардан тұратын ерекше жүйесі. Тіл мәдениетті сақтаудың да, келер ұрпаққа оны жеткізудің де негізгі құралы. Тілдің бірлігі жалпы мәдениеттің бірлігі сияқты адамдардың тұтаса түсуіне игі ықпал етеді. Сондай‑ақ тілдің бөлектігі адамдар арасындағы өзара жек көру мен алауыздықтың себептері де болуы мүмкін. Сол себепті тілдік мәселенің өте нәзік екенін қандай бір қоғам болмасын мүшелері жақсы білгені, тиісінше көңіл бөлгені жөн.

4. Қызмет – бұл адамдардың өз мұқтаждарын қанағаттандыру мақсатындағы, қоршаған әлемді және өз табиғатын өзгертуге бағытталған саналы әрекет. Адамның қызметі басқа жануарлардан саналы сипатымен бөлектенеді.

2. Мәдениет көп функционалды және көп қырлы. Ол тіршіліктің әртүрлі саласы мен әртүрлі әлеуметтік қауымдастықта өзінің ерекшелігін көрсете алатын қасиеті бар.

Әлемдік деңгейде мәдениетті батыстық және шығыстық деп бөлу бар. Мұның өзі де іштей еуропалық, латинамерикалық, славяндық және т.б. деп бөлініп жатады. Сондай‑ақ әрбір ел өз шекаралары шеңберінде көпэтносты мемлекетте жалпы мәдениеттің әртекті сипатына қарамай өзінің ұлттық мәдеиетін қалыптастырады. Ал ұлттық қауымдастық және ұлтаралық кеңістік шеңберінде мәдениетті халықтық, элитарлық және көпшілік түрлеріне бөлуге болады. Сонымен қатар кез келген үстем мәдениет шеңберінде мынандай социомәдени құбылыстар ‑ субмәдениет және қарсы мәдениет бар.