ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 13.08.2020
Просмотров: 1471
Скачиваний: 40
Ш.Уәлихановтың әлеуметтік көзқарастары
1. Қазақ қоғамның прогрестік даму туралы.
2. Халықтық реформаның жалынды жаршысы.
3. Халық шығармашылығы - халықтың әлеуметтік айнасы.
4. Дін туралы әлеуметтік ой‑пікірлер.
1. Қазақ халқының тұңғыш ағартушысы, ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің 30‑ға толмаған қысқа өмірінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихына, географиясы мен этнографиясына қатысты, сондай‑ақ бірсыпыра қоғамдық‑саяси тақырыптарға арналған бірталай елеулі шығармалар жазды. Ол еңбектер орыс, ағылшын, неміс және француз тілдерінде жарияланды. Шоқан, шын мәнісінде, шығармалары осынша әлем тілдеріне аударылған, ғылымға сіңірген еңбегін дүниежүзі ғылымы мойындаған тұңғыш қазақ ғалымы болатын.
Ш. Уәлихановтың қоғамдық-әлеуметтік және саяси мәселелерді сөз ететін «Қазақтардың өрісі мен қонысы туралы», «Сот реформасы жайында жазба», «Баянауыл округі туралы», «Өлкенің үкімет басқару жүйесі мен саяси жағдайы», "Жоңғар очерктері", "Сахарадағы мұсылмандық туралы», "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы", "Тәңірі" сияқты еңбектерінде және достарына жазған хаттарында біз оның әлеуметтік көзқарастары көп жағдайда әлемдік озық идеялармен ұштасып, үңдесіп жатқанын байқай аламыз. Ол қазақты орыс мәдениетіне жақындату, орыс ғылымына үйрету идеясы арқылы ұлтының рухани және мәдени өркендеуіне ықпал етуді өзінің азаматтық мұраты деп білген.
Шоқан Уәлиханов ‑ қоғам дамуының прогресті жолын қолдаушы, демократиялық бағытты ұстанушы ғана емес, өз халқының артта қалғандығы туралы ой‑толғаныстардың иесі. Ол Ресеймен экономикалық және мәдени байланысты нығайта түсу қазақ халқының дамуы үшін қажет деп санады, сондықтан ұлттық шектелушілік пен тұйықтықтың халық мүддесіне жұмыс істемейтінін жақсы түсінді. Сол себепті қазақ халқының алдыңғы қатарлы дамыған елдермен жан‑жақты байланыста болғанын қалады. Соның ішінде сан жылдар көрші ел – Ресейдің Қазақстан үшін ерекше маңызы барын ескере отырып, ол өз халқының ұлттық дербестігін сақтауын ойлады. Ол «Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол халық дамудың қандай дәрежесінде тұрса да, өздігімен дамуы, өзін өзі қорғауы, өзін өзі билеуі қажет» деп жазды [1, ]. (Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп». 2010. Т.4. - б.).
Шоқан Уәлиханов патшалық отаршыл өкіметті батыл сынады, оның қазақ даласына алып келген әділетсіздіктері мен заңсыздықтары жергілікті халықты қанап, ашықтан‑ашық аямай сорып отырғанын ашына жазды.
Шоқан Уәлиханов шығармаларының ішінде оның «Сот реформасы туралы жазба» атты еңбегі ерекше қызыығушылық туғызады. Бұл, біріншіден, сол кездегі қазақтың саяси‑құқықтық, әлеуметтік‑экономикалық ойының теориялық және практикалық жағынан асқар шыңы. Екіншіден, бұл ‑ қазақтың ұлттық мұң‑мүддесін ойлаудың шынайы көрінісі. Үшіншіден, автордың жасынан орысша оқып, орыс ортасында өсіп, орысша тәрбиеленгенімен, еуропа мәдениетін ұстанғанымен өзінің қазақ халқының адал перзенті екенін жарқын дәлелдеген шығарма.
Ұлы ғалым патша үкіметінің христиан дініндегі әрі отырықшы орыс тұрғындарына дайындалған сот реформасы жобасының көшпенді, діні бөлек халыққа түгелдей қолданылса, оның пайдадан гөрі зияны мол екенін, тіпті «тұрпайылылық» болатынын атап көрсетеді. Шоқан Уәлиханов реформаларды жүргізгенде қоғамдық‑тарихи үдерістердің ерекшеліктерін ескеруді қажет деп санайды. Сондай‑ақ қандай бір реформа болмасын қоғамдық қажеттілік пен қаржы болғанда ғана жүзеге асатынын атап көрсетеді. Шоқан қоғамдық қажеттілік деген ұғымға адамдардың ақыл‑қабілетін, өнегелілігін, саяси сана сезімінің жоғарылығын сиғызады.
Ш. Уәлиханов реформаны іске асыру барысында халықтың ерекшелігін ескеруі жайлы пікірін тереңдете түсіп, реформалардың сәтті болуы халықтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын, заңдарын жан-жақты зерттеуге байланысты екенін айтады. Ал қазақтың еуропалық реформаны қабылдайтын қабілетін арттыру үшін қарапайым халыққа алдын ала білім беру арқылы ой қабілеттілігі мен жүйке жүйесін жетілдіру керектігін жақсы түсінген Шоқан Уәлиханов қоғамдық‑саяси жаңарудың қозғаушы тетігі ретінде экономикалық және әлеуметтік факторларға бірінші кезекте мән берді. Өйткені ол қоғамның алға басуының, оның материалдық қажеттерін қамтамасыз ету шарты екенін жақсы білді. Қабылдағалы отырған реформа халықтың материалдық мұқтажына шақталуы, әрі сол қоғамның ұлттық мінез‑құлқына сай келуі қажеттігі қатаң ескертілді.
2. Ш. Уәлиханов сол кездегі қазақ еліндегі тәртіпті өзгертудің, қоғамдық құрылысты жаңартудың жолдарын іздеді, қоғамның прогресті түрде алға дамуы материалдық әл-ауқатты жетілдіруге байланысты екенін терең түсінді. Ол былай деді: «Сондықтан халық реформасы жөніндегі мәселе сияқты соншалықты маңызды болатындай қоғамдық мәселе жоқ… Біздің қазіргі уақытымызда халыққа етене жақыны әрі ең маңыздысы болып, оның ең толғақты қажеттіліктеріне тікелей қатысты реформа экономикалық және әлеуметтік реформалар есептеледі, ал саяси реформалар экономикалық реформаларды жүргізу құралы ретінде орын алады, өйткені әрбір адам жекеше түрде және бүкіл адамзат ұжым болып өз дамуында бір ғана соңғы мақсатқа ‑ өзінің материалдық тұрмысын жақсартуға талпынады, осы тұрғыдан пргресс (ілгерілеушілік) аталатын нәрсе анықталады [1,84]. (Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп». 2010. Т.4. - 496 б.). Бұл жерде ерекше бөліп айтар мәселе ‑ Шоқан «прогресс» деген ұғымның мазмұнын адамдардың материалдық әл‑ауқатын жақсартуға қатысты қарап, оны халықтың бостандығы және ағарту ісімен байланыстырады.
Ш. Уәлиханов сол кездегі патрирхаттық-феодалдық қазақ қоғамын ең ірі екі әлеуметтік топқа: бір жағынан, сұлтандар мен билер, байлар мен қожалар болып, қазақ қоғамының мәртебелі тобына, екінші жағынан, «дала пролетариаты» деп атап, кедейлер тобына бөлді. Сонымен қатар Шоқан отарлаушы шенеуніктермен ауыз жаласқан кейбір жергілікті феодалдарды көре алды. Өзінің 1862 жылғы 6 желтоқсанда А.Н.Майковқа жазған хатында: «Жергілікті сұлтандармен және қарадан шыққан байлармен де келісе алмай жүрмін, өйткені олар өздерінің бұрынғы құлдарын жаман ұстайды, бұл құлдар азат етілгенмен де қайда барарын білмей, сол бұрынғы қожаларының қолында жүр. Мен оларға еңбекақы төлеңдер және адам сияқты қылып ұстаңдар деп сұлтандар мен байларға талай рет айттым, өйтпесеңдер болмайды деп заңмен де қорқыттым. Олардың ат құйрығын кесістім, бірақ оның есесіне, мен қырғыз даласындағы пролетариатпен жақсы доспын және олармен оп‑оңай үйлесе кетем» деп жазуы тегіннен‑тегін емес. [2, 147-148] (Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп». 2010. Т.5. - 528 б.)
Шоқан Уәлиханов қазақ халқын білімге, мәдениетке үндеді. Ол тек ақиқат білім ғана күмәннан арылатын рух береді, тек сол ғана өмір мен материалдық тұрмысты бағалауға үйретеді деді. Ол білімді адам қоғамда еркін болады дей отырып, бәрінен бұрын оқу қажет деп санады. Халқының сауатсыз болғанын жасырмай айтқан Шоқан оның қабілетті, өркениетті қабылдай алатын ел екенін дәлелдеді. "Атаның ұлы емес, адамның ұлы" болған Шоқан шығармаларынан халқына деген шексіз жанашырлығын, сүйіспеншілігін байқаймыз. Патша үкіметінің қазақтарға кемсітушілік саясатты қолданып отырғанына ол үзілді-кесілді қарсы шықты.
3. Ш. Уәлихановтың философиялық көзқарастары, әсіресе адамдардың діни сенімі туралы ойлары сол кездегі замандастарынан ерекше. Оның негізгі себебін Шоқанның терең білімі және айрықша қабілетімен түсіндіруге болады. Ол табиғат пен қоршаған ақиқат‑шындық адамның санасынан тыс тіршілік етеді деген шешімге келген, әлемді мәңгілік және шексіз деп санаған. Оның діннің шығу себебін ғылыми түрде дәлелдемек болуының өзі өз дәуірі үшін бір адым ілгері басқандық болып саналады. Шоқан діни надандықтың қас жауы болды. Ол қазақтарға татар молдалары мен ортаазиялық өтірік әулиелердің зиянды әсерін бар ынта-жігерімен әшкереледі. Ол сол кездегі ислам дінін негізінен насихаттап жүрген шала сауатты татар, татарланған молдалардың тірлігінен де болуы мүмкін.
Ш. Уәлихановтың діннің шығуын ғылыми түрде дәлелдемек болуы өз дәуірі үшін бір адым ілгері басқандық болып саналады. Қазақтың шамандығы негізін түсіндіруіне қарағанда ол философиялық негізгі мәселені ‑ материя мен сананың ара қатынасын материалистік тұрғыдан шешкен. Бұл бағытта «Қырғыздардағы шамандықтың қалдықтары» деген мақаланың орны бөлек. Ұлы ғалым шамандықтың шығуын адамның табиғатты қадір тұтуымен, ерекше мәпелеуімен байланыстырды, болмысты коршап тұрған табиғат адам санасына тәуелді емес деп түсінеді. «Шаман адам күнге таң қалып, оған тағзым етіп, табынды; айды көріп оған да табынды; ол табиғаттағы барлық нәрсеге, осы түсіну қиын күш бар жердің бәріне, уақыт сияқты мәңгі, өзі көк аспан атаған көк тәңірге табынды» дей отырып, шамандықтың шығу тегін адамның қоршаған ортаны, табиғатты мәпелеуінен, қадір тұтуынан іздеді [1,54]. (Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп». 2010. Т.4. – 496 б.)
Оның пікірі бойынша, шамандық алғашқыда дүниеге тұрпайы табыну түрінде анықталды, жалпы көк идеясында оның барлық жеке бөліктері ‑ күн мен ай, өзен мен таулары, керемет тастары мен ағаштары т.б. қадір тұтылады. Сондай‑ақ діни сенім табиғат күшінің адамға еткен өктемдігінің әсерінен, адамның оның алдында әлсіздігінен пайда болғандығын дәлелдейді. Өзі қыр‑сырын біле алмаған адам ортаны қадірлеу, құрметтеу, өзіне жылы жағдай жасауды ойлады. Өйткені адам табиғаттың ықпалымен әрекет етіп, өмір сүреді. Шоқан Уәлихановтың: «Табиғат пен адам, өмір мен өлім аса керемет табиғаттан тыс ғажайып пән болды және ол әрқашан зерттелмейтін құпия саналды. Айтыңыздаршы, табиғат пен адамнан ғажап, одан да құпия не болуы мүмкін? Бүкіл әлемді оның таңғажайыптарымен бірге тану қажеттігілі, өмір мен өлімнің және адамның табиғатқа қатынасы туралы сұрақтар шамандықты – бүкіл әлемді немесе табиғатты және өлген адамдарды шексіз қадірлеп, мәпелеу жағдайын тудырды. Сөйтіп аңғалдық кезеңіндегі адам табиғат не бүкіл әлем деп аталатын күн, ай, жұлдызды және басқа да шексіздікті, мәңгілік пен алуан түрлілікті қадір тұтуға алып келді» деп жазуы тегіннен‑тегін емес еді [1,54]. (Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп». 2010. Т.4.-496 б).
Табиғат адамға, әсіресе оның аңғалдық кезеңінде ықпалы тым күшті, тым қуатты болды, тым құпия болды, сөйтіп адам өзі өмірінде басшылыққа алатын табиғатқа қатысты ереже‑қағидалар тудырды. Шамандық наным‑сенім деп атайтын ырым‑салттардың шығу тегі, міне, осындай деп атап көрсетеді.
Ш. Уәлиханов «Даладағы мұсылмандық туралы» мақаласында мұсылмандық фанатизм мен діни реакционизмге батыл түрде қарсы тұрды, қазақ қауымының өркендеуіне бірден-бір тежеу, қырсық осыдан деп ұқты. Ол «Біз қалайда татарлық кезеңді айналып өтуіміз керек» деді, өйткені олар ультрамұсылмандық бағыттың қанат жаюына ықпал етіп отыр деп атап көрсетті. «Тек ақиқат білім ғана күмәннан арылатын рух береді, тек сол ғана өмір мен материалдық тұрмысты бағалауға үйретеді» деп жазды [1,77]. (Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп». 2010. Т.4. – 496 б.). Қырғыз даласын Орынбор мүфти ведомоствасынан бөліп, аймақтық ерекше ахун тағайындау, татар молдарының орнына қазақтар мен қожаларды бекіту ұсынды.
Ш. Уәлиханов басқа да ағартушылар сияқты дінге сенуді тек қараңғылық пен надандықтың, табиғаттың құпиясын шеше білмеудің нәтижесінен деп түйсініп, түсіндірді.
Ш. Уәлихановтың алдыңғы қатарлы ағартушылық идеялары оның Орта Азия хандықтарының жағдайы туралы айтқан пікірлерінен айқын көрінеді. Хандар мен бектердің езуінде азап шегіп отырған Орта Азия халықтарының өмірін жақсы біле отырып, ол өзінің. еңбектерінде феодалдық тоқырау мен деспотизмді әшкерелеп, Орта Азия халықтарының азып-тозып, артта қалғандығын күйінішпен айтады. Қазақтар мен Орта Азия халықтарының артта қалуының басты себебін ол монархиялық тәртіптен іздеді.
Шоқан Уәлиханов қазақ халқының болашағы тек өркениет пен оқу-ағартудың табыстарына байланысты деп білді. Өзінің бұл талаптарын ол «Даладағы мұсылмандық туралы» деген мақаласында негіздеп, «Біз қалайда татарлық кезеңді айналып өтуіміз керек, өйткені олар ультрамұсылмандық бағыттың қанат жаюына ықпал етіп отыр деп атап көрсетті. Ол сонымен қатар үкіметтің қандай да бір білімге қарсы кез келген дінге қамқорлық танытпауын, қорқыту мен соққыға негізделген теологиялық заңдарды далаға зорлықпен енгізбеулерін талап етеді.
Шоқанның әдебиет саласында қалдырған мұралары аса маңызды. Ол әр халықтың әдебиетін оның қоғамдық, әлеуметтік өмірімен тығыз байланыста қарайды. Әсіресе, оның қазақ поэзиясының халықтық сипаттары жайлы ойлары қызғылықты. Поэзияның халықтың рухани серігі болып келе жатқанын айтты. Ол: «бұл халықтың ертеден өзіне тән тұрмысында есте қалдырмаған бірде‑бір маңызды оқиғасы, бірде‑бір тамаша адамы жоқ деуге болады. Олардың бірін суырып салма ақындар не жыршылар жыр етсе, екінші біреулерінің атын кейінгі ұрпақ естерінде ұмытылмастай етіп белгілі бір сыбызғышы не қобызшы музыканттар тастап кеткен», ‑ деп жазды. Шоқан Уәлиханов «Оңтүстік Сібір руларының тарихы туралы ескертпелер» атты еңбегінде халық аңыздары мен ертегілердің негізін өмірмен, шындықпен байланыстырады. Бұған оның «Егер Гомердің поэтикалық шығармалары мен Геродоттың ел аузынан жинаған мәліметтері тарихи құнды мағлұматтар деуге тұрарлық болса; егер ауыздан ауызға тарап жеткен кез келген мысалдың негізінде шындық оқиға жатқан болса, онда қазақтардың көнеден келе жатқан аңыз әңгімелері, тұрмыс тіршілігі, қазіргі күнгі өмір салты мен ата‑баба тұрмысының айнасы болған дәстүрі және салыстыра келгенде тарихи мәліметтермен барлық жағынан дәл келетін осының барлығы тарихи ақиқат деген сөз», ‑ деп жазуы айғақ [3,256]. (Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп». 2010. Т.1. – 376 б.)
Шынында да халық эпостары, ертегілер, аңыз‑әңгімелер, поэзия, көркем және ғылыми әдебиеттерді әлеуметтік ақпарат көздері ретінде қарастыруға болады. Тіпті тастардағы жазудың өзі сол кездегі адамдар тұрмысы туралы әлеуметтік ақпарат екеніне дау жоқ. Әртүрлі ұлттар әртүрлі кезеңде өзінің әлеуметтік сезім‑күйлерін осылайша көрсетті.
Шоқан көшпелі елдердің мәдениеті жоқ деп санайтын және оны менсінбейтін кейбір Еуропа ғалымдарының пікіріне дау айтады. Ол «Еуропада әлі күнге дейін көшпелі тайпалар қатыгез тобыр және тәртіпсіз жабайылар деген қате түсінік басым, ‑ жазды ол. – Көшпелі монғолдар мен қырғыз туралы түсінік дөрекі және мал сияқты варвар деген идеямен тығыз байланысты. Алайда, осы варварлардың көп бөлегінің өз әдебиеті мен жазбаша және ауызша ертегі аңыздары бар. Алғашқылардың қатарына монғолдар мен жоңғарлар, екіншісіне монғол түркі тектес көшпелі тайпалар жатады. Қыр қазағы өзінің арұятымен ақыл ой қабілеті жағынан отырықшы татар мен түріктен әлдеқайда жоғары. Поэзияға икемділігі, әсіресе суырып салып жанынан жыр шығару барлық көшпенділердің ерекшелігі [3,257]. (Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп». 2010. Т.1. – 376 б.).
Халықтардың тұрмыс ұқсастығы олардың әдебиеттерінің ұқсастығын туғызатыны туралы тұжырымды Шоқан қазақ пен араб поэзиясын салыстыра отырып, көшпелі елдердің қай‑қайсысы болсын өлең‑жырға бай, шебер, мұндай қасиеттердің болуына көшпелілердің алаңсыз көшпелі өмірі, ұшы‑қиыры жоқ жасыл дала мен моншақтай тізілген жұлдыздары көп ашық аспанды сұлу табиғат әсер еткен болуы мүмкін деп жазды. Жазуы жоқ елдердің өткен тарихы мен салтын тануымыз үшін ұзақ желіге құрылған, күрделі эпостардың үлкен мәні барлығын Шоқан қырғыз халқының «Манас», «Семетей» туралы дастандарының үлгісінде көрсетпек болды. «Бұл аса зор эпопеяда, ‑ деп жазды Шоқан, ‑ қырғыз халқының өмірі, әдет‑ғұрпы, жағрафиясы, діни дәрігерлік ұғымдары, шетелдермен қарым‑қатынасы түгел қамтылған...».
Шоқанның өз халқын айрықша сүюі, «...қазақ халқы ең бейбітшілікті сүйгіш халықтардың бірі» деуі оның шынайы да терең сезімнің көріністері еді. Жасынан орыс әскери ортада өскен, еуропа мәдениетін қабылдаған, тамаша орыс офицері Шоқанның орыстанып кетуге барлық алғы шарттары бар еді. Алайда ол өз халқына адалдығын соңғы демі шыққанша сақтады. Ол таптық мүдделер мен соқыр сенімдерден биік тұрды. Саналы өмірін халқына қызмет етуге арнады. Ресей империясының құрамына еніп отырған барлық бұратана тайпалардың ішінде халқының санының көптігінен, байлығы жөнінен қазақ бірінші орын алатынын айта отырып, ол алдағы өркендеу де қазақтардың үлесіне тиесілі деген оптимистік пікір танытады.
Ш.Уәлихановтың өз халқын сүюі оның қадір‑қасиеті мен кемшіліктерін терең білуі халқының келешегіне шексіз сеніммен астасып жатты. Ол: «Ресей империясының құрамына енетін барлық бұратана тайпалардың ішінде халқының санының көптігінен, байлығы жөнінен біз бірінші орын аламыз. Меніңше алдағы өркендеу де бізге – қазақтардың үлесіне тиеді» деп жазды [1,87]. (Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп». 2010. Т.4. - 496б.). Көшпенділерге нәсілшілдік қатынасты әшкерелей отырып, Шоқан Уәлиханов қазақтардың өзіндік ерекшеліктерін, мәдениетін, ақыл‑парасатын, адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалап, басқа кейбір отырықшы түркі халықтардан артық екенін батыл жақтады. Ол өзінің «Оңтүстік сібір тайпаларының тарихы туралы мақаласында» мақтанышпен былай деп жазды: «Еуропада әлі күнге дейін көшпенді тайпалар қатыгез тобыр және тәртіпсіз жабайылар деген қате түсінік басым. Көшпенді монғолдар мен қырғыз туралы түсінік дөрекі және мал сияқты варвар деген идеямен тығыз байланысты. Алайда, осы варварлардың көп бөлігінің өз әдебиеті мен жазбаша және ауызша ертегі аңыздары бар... Қыр қазағы өзінің ұяты мен ақыл‑ой қабілеті жағынан отырықшы татар мен түріктен әлдеқайда жоғары. Поэзияға икемдігі, әсіресе суырып салып жанынан жыр шығару барлық көшпенділердің ерекшелігі» [3, 257]. (Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп». 2010. Т.1. – 376 б.).