Файл: 1. 1 Макроэкономиканы пні. 2 Макроэкономикалы талдауды масаттары, ерекшеліктері жне талдау дістері.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.11.2023

Просмотров: 312

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

г) технология;

д) өндірістегі артық қуаттар.

3. Мемлекет шығынының өзгеруі.

4. Таза экспорт шығындарының өзгерісі:

а) шетелдің ұлттық табысы;

б) валюта бағамы.

Тұтынушылардың материалдық және қаржылық активтерден тұратын тұрмыс жағдайы жақсарса немесе төмендесе тұтынушылар тауарларды сатып алуға көбірек қаржы жұмсайды немесе шығындарын қысқартады, ал бұл жиынтық сұраныстың ұлғаюына немесе қысқаруына әкеледі. Олар жиынтық сұраныс қисығының оңға жоғары немесе солға төмен ығысуына әкеледі.

Тұтынушылардың күтулері олардың болашақ кірісін болжаумен байланысты. Егер адамдар олардың табысы артады немесе төмендейді деп күтсе, онда олар ағымдағы табыстан сатып алуға көп немесе аз шығын жұмсайды. Бұл жиынтық сұраныстың өсуіне немесе керісінше қысқаруына әкеледі. Едәуір қарыздар ағымдағы тұтынуды қысқартады және сол арқылы жиынтық сұраныстың төмендеуіне, демек, сұраныс қисығының солға жылжуына әкеледі. Табысқа салынатын жоғары салықтар жиынтық сұраныстың төмендеуіне және керісінше әкеледі.

Пайыздық мөлшерлеме өссе инвестицияға сұраныс қысқарады және керісінше, инвестициялардан болашақта жоғары пайданы күту инвесторларды ынталандырады немесе керісінше, салық мөлшерлемесінің төмендеуі немесе өсуі де инвестицияға сұранысты өзгертеді. Қажетті жаңа технологиялардың енгізілуі аз шығынмен жаңа сапалы көп өнім өндіру арқылы пайданы өсіруге мүмкіндік береді, сондықтан өндірушілер инвестиция жасауға мүдделі болады. Фирмаларда артық қуаттардың болуы жаңа инвестициялық тауарларға сұранысты қысқартады. Осы факторлар инвестициялық шығындардың ұлғаюына және жиынтық сұраныстың қисығының оңға немесе солға жылжуына алып келеді.

Тұрақты баға деңгейінде ұлттық өнімді мемлекеттік сатып алуды ұлғайту салық алымдары мен пайыздық мөлшерлемелер өзгеріссіз қалғанға дейін жиынтық сұраныстың өсуіне әкеледі.

Шетелдердегі ұлттық табыстың азаюы қарама-қарсы нәтиже береді: ел экспортының таза көлемі жиынтық сұраныстың қисығын солға ығыстыра отырып, ұлттық валютаның шетел валюталарына бағамын ұлғайта отырып қысқарады, өйткені бағамның осындай өзгеруі шетел тұтынушылары үшін ұлттық өнімнің қымбаттауына және осы елдің сатып алушылары үшін импорттық тауарлардың тартымдылығының өсуіне әкеледі.
3.2 Жиынтық ұсыныстың классикалық және кейнсиандық зерттеу тәсілдері.

Жиынтық ұсыныс – әрбір баға деңгейінде барлық өндірушілердің ұсына алатын тауарлар мен қызметтердің жалпы саны. Бағаның неғұрлым жоғары деңгейі кезінде өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуға және тауарлар мен қызметтердің жиынтық ұсынысына ынталандырулар туындайды. Ал төмен баға деңгейінде керісінше болады.


Жиынтық ұсыныстың қисығы үш кесіндіден тұрады (2 сурет).

Сурет 2 – Жиынтық ұсыныс қисығы
1. Кейнсиандық кесінді. AS сызығы көлденең, ол нақты өнім көлемінің (Y) өндіріс факторларының толық жұмысбастылық жағдайындағы өнім көлемінен (Yf) аз екенін көрсетеді. Яғни, экономикада толық жұмысбастылық жоқ, ол тоқырау немесе дағдарыс жағдайында. Кейнс экономиканың қысқа мерзімдегі жағдайын қарастырады. Номиналды мөлшерлер (еңбек ақы, баға т.б.) нақты мөлшерлерге қарағанда тұрақты және нарықтығы өзгерістерге икемді емес. AS сызығының көлденең болуы сирек кездесетін шекті жағдай. Егер номиналды еңбек ақы мен баға қатал түрде тұрақты болса AS сызығы көлденең, ал номиналды еңбек ақы тұрақты болған мен баға өзгеріп тұратын болса сызық көлбеулеу болады.

2. Классикалық кесінді. AS сызығы тік кесінді, ол толық жұмыспен қамту жағдайына сәйкес келеді, ұлттық өндірістің нақты көлемі (Yf) барынша жоғары деңгейде, оны толық жұмыс бастылық жағдайында ары қарай ұлғайту мүмкін емес. Классиктер экономиканың ұзақ мерзімдегі жағдайын қарастырады. Баға мен еңбек ақы нарықтағы жағдайға байланысты өзгере алады және реттеу қызметін орындайды. Шығарылым мөлшері тек өндіріс факторлары мен технологияға байланысты. AS сызығының тік болуы сирек кездесетін шекті жағдай. Егер баға мен еңбек ақы нарықтағы жағдайға икемді болса AS сызығы тіктеу болады.

3. Аралық кесінді. Кейнсиандық кесінді мен классикалық кесіндінің арасын көрсетеді. Ол ұлттық өнім көлемінің ұлғаюымен және бағаның өсуімен немесе керісінше ұлттық өнім көлемі мен бағаның қысқаруымен сипатталады.

Жиынтық ұсынысқа әсер ететін бағадан тыс факторлар:

1. Ресурстарға бағаның өзгеруі:

а) ішкі ресурстардың болуы (жер, еңбек ресурстары, капитал, кәсіпкерлік);

б) импорттық ресурстардың бағасы;

в) нарықтағы үстемдік.

2. Өнімділікті өзгерту.

3. Құқықтық нормалардың өзгеруі:

а) кәсіпорындардан алынатын салықтар және субсидиялар;

б) мемлекеттік реттеу.

Ресурстарға бағаның өсуі өндіріс шығындарының өсуіне әкеледі, нәтижесінде жиынтық ұсыныс төмендейді (қисық солға ығысады) және керісінше болады.

Өнімділік өндірістің нақты көлемінің жалпы шығындарға қатынасы ретінде өлшенеді. Сондықтан өнімділікті арттыру арқылы өндірістің көлемін ұлғайтуға болады, осылайша жиынтық ұсынысты арттыруға немесе қысқартуға болады. Жиынтық ұсыныс қисығы орнын не жоғары солға, не төмен оңға жылжытады.



Егер салық өссе, онда шығындар да өседі, осылайша жиынтық ұсынысты солға ығыстырады және керісінше қысқартады.

Мемлекеттік реттеу іскерлік белсенділікті тежейді және жиынтық ұсынысты қысқартады, бірақ сонымен бірге мұндай реттеу қажет.

Жиынтық ұсыныстың қисығы қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерде әр түрлі, сондықтан классикалық және кейнсиандық модельдерді айқындайды.
3.3 Жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың тепе-теңдігі.

AD мен AS қисықтарының қиылысқан нүктелерінде макроэкономикалық тепе-теңдік қалыптасады. Ол тепе-тең өндіріс көлемі мен тепе-тең баға деңгейінің мөлшерін көрсетеді. Мүмкін болатын ең жоғары өндіріс көлеміне, толық жұмысбастылыққа және байсалды инфляцияға қол жеткізгенде жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың оңтайлы макроэкономикалық тепе-теңдігі жүзеге асады.

AD мен AS өзгерістері (қисықтарының жылжуы) тепе-тең өндіріс көлемі мен тепе-тең баға деңгейінің мөлшерін өзгертеді. Макроэкономикалық тепе-теңдік AS қисығының кез-келген кесіндісінде қалыптаса береді, оны суреттен көріп, талдай аламыз.

Жиынтық ұсыныстың кейнстік кесіндісінде AD1 мен AS тең, тепе- тең өнім көлемі Y1. Бірақ экономикада толық жұмысбастылық жоқ, экономика дағдарыс немесе тоқырау жағдайында. Негізгі проблема - жұмыссыздық деңгейін қысқарту және экономиканы жандандыру. Жиынтық сұранысты ынталандыруға бағытталған фискалды саясаттың нәтижесінде жиынтық сұраныс AD1-ден AD2-ге өсіп жаңа тепе-теңдік пайда болды, өнім көлемі Y1-ден Y2-ге ұлғайды, жұмыссыздардың саны азайып, ұлттық табыс өсе бастайды. Ұлттық табыстың өсуі жиынтық сұраныстың ары қарай өсуіне себеп болады. Бірақ баға деңгейі өзгермейді. Неге баға деңгейі өзгермейді? Себебі экономикада өскен сұранысты қанағаттандыруға қажетті өнім көлемін өсіру мүмкішлігі бар, ол әлі де толық қолданылмаған ресурстар. Экономика жиынтық ұсыныстың аралық кесіндісіне қарай жылжиды.

Сурет 3 - Тепе-тең өндіріс көлемі мен тепе-тең баға деңгейі
AS-тің аралық кесіндісі. Жиынтық сұраныс AD*1- ден AD*2-ге өседі, нақты ұлттық өнім Y*1-ден Y*2-ге көбейеді, баға деңгейі P*1-ден P*2-ге қарай өсе бастайды. Баға деңгейінің өсуінің себептері:

1) нақты ұлттық өнім көлемінің өсуі ұлттық өндірістің даму деңгейін сипаттайды, өндіріс ұлғайған сайын жұмыссыздық азайып, ұлттық табыс өседі, ол экономикалық игіліктерге сұранысты өсіреді де баға деңгейінің өсуіне себеп болады;


2) экономика толық жұмысбастылық жағдайға жақындаған сайын кәсіпкерлік сектордың өскен сұранысты қанағаттандыру мүмкіншілігі қысқара бастайды. Кейбір салаларда ресурстардың жетіспеушілігі пайда болады, ресурстар оның ішінде еңбектің қызметі қымбаттайды. Бұл өндіріс шығындарының өсуіне әкеледі. Тауарлар мен қызметтердің шығыны өссе, олардың бағалары да өседі;

3) толық жұмысбастылық жағдайда ресурстардың оның ішінде жұмыс күшінің жетіспеушілігін пайдаланып кәсіподақтар еңбек ақының өсуін де талап етулері мүмкін. Бұл да баға деңгейінің өсуіне себеп болады.

AS-тің классикалық кесіндісі. Экономика толық жұмысбастылық жағдайында Yf көлемінде нақты ұлттық өнімді қамтамасыз етеді. Жиынтық сұраныстың ADf 1-ден ADf2-ге өсуі баға деңгейін Рf 1-ден Рf 2-ге өсуіне әкеледі. Нақты ұлттық өнім көлемін ары қарай өсіру мүмкіншілігі жоқ, себебі барлық ресурстар толық қолданылған. Классиктердің ойынша ұзақ мерзімде номиналды жалақы икемді болғандықтан толық жұмысбастылықты қамтамасыз ете алады. Толық жұмысбастылық жағдайдағы нақты ұлттық өнім көлемін жиынтық ұсыныс анықтайды, ал жиынтық сұраныс баға деңгейінің өсуінің негізгі себебі. Жиынтық сұраныстың баға деңгейіне әсерін классиктер айналымдағы ақша массасының өзгеруімен байланыстырады.

Сонымен, ұзақ мерзімдегі жиынтық ұсыныс қисығы тік немесе тіктеу болады. Нақты ұлттық өнім көлемі еңбек, капитал және технологиямен байланысты, оған баға деңгейі әсер етпейді. Ұзақ мерзімде жиынтық сұраныстың өзгерісі ақша ұсынысына байланысты. Ақша ұсынысының өсуі немесе қысқаруы жиынтық сұраныстың қисығын не төмен, не жоғары жылжыту арқылы баға деңгейін өзгертеді, бірақ нақты өнім көлеміне әсер етпейді.
3.4 Ұзақ мерзімдегі тепе-теңдік және AD-AS моделіндегі тұрақтандыру саясаты.


Сурет 4 - Ұзақ мерзімдегі тепе-теңдік




Суреттегі LRAS – ұзақ мерзімдегі жиынтық ұсыныс, SRAS- қысқа мерзімдегі ұсыныс. А) суретіндегі а нүктесінде жиынтық сұраныс, ұзақ мерзімдегі жиынтық ұсыныс және қысқа мерзімдегі ұсыныс қисықтары түйіліседі және ұзақ мерзімдегі тепе-теңдік орнайды. Ол баға деңгейінің өзгерісінен пайда болады. Б) суретіндегі а нүктесінде экономика тепе- тең жағдайда. Бір себептермен Ұлттық банк ақша ұсынысын қысқартты делік, жиынтық сұраныс қисығы орнын төмен солға жылжытады. Қысқа мерзімде егер баға икемсіз болса бұл экономиканы а нүктесінен б нуктесіне көшіреді. Өндіріс көлемі мен жұмысбастылық деңгейі олардың табиғи деңгейінен (Yf ) төмен болады. Бұл экономикада құлдыраудың пайда болғанын көрсетеді. Уақыт өте сұраныстың қысқаруы еңбек ақы мен бағаны да төмендете бастайды. Баға деңгейі төмендеген сайын экономика жиынтық сұраныс қисығының бойымен төмен с нүктесіне қарай жылжып, жаңа ұзақ мерзімдегі тепе-теңдік қалыптасады. Өндіріс көлемі мен жұмысбастылық өзінің табиғи деңгейіне келеді, бірақ баға бұрынғыдан төмен.


Осы тұжырымдарға байланысты храповик эффектісі туралы да айта кеткен жөн. Көптеген экономистердің ойынша жиынтық сұраныстың қысқаруы бұрынғы тепе-теңдікті қалпына келтірмеуі де мүмкін, әсіресе қысқа мерзімде. Бір рет өскен баға деңгейі өзінің бұрынғы деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін емес. Оның себептерін білім алушылар өз беттерімен талдай алады.

AD-AS моделіндегі тұрақтандыру саясаты.

Жиынтық сұраныс пен ұсыныстың күрт өзгеруі (шок) өндіріс көлемі мен жұмыспен қамту деңгейін әлеуетті деңгейден ауытқуына алып келеді.

Сұраныс шоктарының себептері: ақша ұсынысының немесе олардың айналым жылдамдығының күрт өзгеруі; инвестициялық сұраныстың және экзогендік сипаттағы басқа да құнды емес оқиғалардың күрт ауытқуы.

Ұсыныс шоктарының себептері: ресурстар бағасының күрт өзгеруі; ресурстарды жоғалтуға әкелетін табиғи апаттар; кәсіподақтардың белсенділігін күшейту; заңнамадағы өзгерістер (атап айтқанда қоршаған ортаны қорғау жөніндегі талаптарды күшейту) және экзогендік сипаттағы басқа да құнды емес оқиғалар.

Жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың күрт өзгеруі жағымды және жағымсыз деп бағаланады. Оларды графикте AD мен AS қисықтарын оңға немесе солға жылжыту арқылы көруге болады. Бұл жағдайларда өнім көлемі, баға деңгейі және жұмысбастылық төмендейді немесе өседі. AD-AS моделінің көмегімен экономикаға шок әсерін, сондай-ақ мемлекеттің тұрақтандыру саясатының салдарын бағалауға болады.

Тұрақтандыру саясаты жиынтық ұсныс пен жиынтық сұраныстың күрт өзгерулерінен (шок) туындайтын ауытқуларды жеңілдетуге, өндірістің тепе-тең көлемін қалпына келтіруге және бұрынғы деңгейде жұмыспен қамтуға бағытталған үкіметтің іс-әрекеті. «Ұлы Депрессия» жылдарында классиктер ұсынымдарының тиімсіздігі түбегейлі жаңа көзқарас пен экономикалық дағдарыстардың, жаппай жұмыссыздық пен инвестициялық белсенділіктің төмен деңгейінің түсініктемесін талап етті. Оларды Дж. М. Кейнс ұсынды. Кейнс өзінің теориясында бағалардың, жалақының және пайыздың икемсіздігін, макроэкономикалық тепе-теңдікке қол жеткізу тұрғысынан нарықтық механизмнің дәрменсіздігінің болуын негізге алды. Нәтижесінде осындай нарықтық механизмдердің дәрменсіздігі мемлекеттің тұрақтандыру саясатын, мемлекеттің нарықтық экономикаға араласуын талап етеді.

Тұрақтандыру саясаты - экономиканың неғұрлым тұрақты жай-күйіне сәйкес келетін фискалдық саясат көрінісінің неғұрлым типтік нысаны. Ол бір жағынан тұрақсыз дағдарыстық жағдайдың алдын алуға арналған, ол үшін экономикалық параметрлерді белгілі бір шектерде ұстап тұру керек болады. Екінші жағынан, макроэкономикалық көрсеткіштерді оңтайлы деңгейге жақындатуға ұмтыла отырып, қалыптасқан экономикалық жағдайды жақсартуды қажет етеді.