ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 07.11.2023
Просмотров: 92
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Онда да Берелдік деп аталатын Шығыс Қазақстан археологиялық кезеңіне (Б.з.б. V-ІV ғ.ғ.) тән жерлеу сақталған.
Өлкенің археологиялық ескерткіштерін зерттеуде жергілікті жоғарғы оқу орындарында да ат салысып келе жатқаны белгілі. Өскемен педагогикалық институты 1964 жылдан бері кейде өз бетінше, көбінесе басқа экспедициялар құрамында жыл сайын қазба жұмыстарын жүргізген. Студенттер жоғарыда айтылғандай С.С.Черниковтің алтын қорғанды қазуына да ат салысқан.
Әр жыл сайынғы қазбаларға тоқталмай тек бір жылынан мысал келтіре кетсек.
1968 жылы Зевакино селосынан 5 км жерден 300-ге жуық әр-түрлі уақытқа жататын қорғандар табылды. Қола ғасыры молалары қабырғасымен қойылған жалпақ плиталар дөңгелек қоршау тізген және жер үйінділері тас сақиналармен қоршалған.
Ішкі мола тас жәшіктен, цистадан немесе ағаш қимадан тұрған. Өліктер бүгулі күйі бір жақ жанына қарап, бастары батыс, оңтүстік батысқа қарап жатқан. Табылған заттардан саз ыдыстарды қола салпыншақтарды, моншақтарды, қола сырғаларды атауға болады. Олар Федоров және Алакөл андронов мәдениетіне тән заттар.
Қарасұқ ескерткіштері төртбұрышты және дөңгелек қоршаулы келеді. Бір ерекшелігі молалар бір-біріне жалғаса орналасқан. Өліктердің басы оңтүстік батыс және оңтүстік шығысқа қаратылған. Кейбір қорғандардан малдардың сүйектері табылған.
Ерте темір қорғандарына ағаш жәшік немесе құр шұңқұр тән. Ағаш жәшіктің түбі болмаған.Тереңдігі 3,5 метрге, 2 жағдайда адамның үстінде жылқының қаңқасы табылды. [8, 40-60]
Соңғы темір кезеңіне жататын қорғандарды өлікті өртеген және өртемеген деп екіге бөліп қарастыруға болады. Өртелгенде тас үйіндінің астында калциленген сүйектердің қасында темірден жасалған таға, балта, жебе ұштары , жанында арнайы қазылған шұңқырда жылқының сүйектері табылды. Табылған матариалдар ІХ-Х ғ.ғ. жатады. Жалпы табылған затттар автордың пайымдауынша, VII-X ғасырға жатады.
Осы жылдары жиналған мол материал өңделіп ҚазақКСР-нің 1977 жылғы,
одан кейін Қазақстан тарихының ( 1996 ж) бөлімдеріне енгізілді.
1. 2 XX ғасырдың 70-90 ж.ж. экспедициялар жұмыстары
ХХ ғасырдың 70-жылдардың аяғына дейінгі археологиялық жұмыстар Шығыс Қазақстан аумағында үлкен ауқымда және ғылыми негізде жүргізілді. Оның нәтижесінде өңірдің материалды және рухани тарихын түсінуге жүйелеуге, үлкен талпыныс жасалды. Шығыс Қазақстандағы қазбалар көрсеткендей және дәлелденгендей мүстелік кезеңнен бері қонысталыпты, неолитке қатысты тұрақтардың көптігі, бұл өңірде бірігей қола мәдениетінің дамуына барлық негіздер бар екенін көрсетіп берді. Қола мәдениетінің көптеген ескерткіштерін зерттей келе С.С.Черников оны алдыңғы, орта және соңғы қола деп ғылыми қорытындылады. Сондай-ақ ерте темір ескерткіштерін зерттей отырып оның да анық аңғарылатын үш кезеңнен тұратындығы анықтады: Мәйәмір кезеңі ( б.з.б. VII- VI ғ.ғ. ) Берел кезеңі (б.з.б V-ІV ғ.ғ.), Құлажорға кезеңі (б.з.б ІІІ-І ғ.ғ.).
ҚазССР FA ТАЭИ-ның Шульба СЭС салынған жердегі археологиялық экспедицияның жұмысына біз палеолит ескерткіштерінен орта ғасырлардағы археологиялық жәдігерлерге дейін кезең-кезеңмен тоқталуды жөн көрдік. Бұл экспедиция 1977-1983 ж.ж. аралығында жүргізілген кең ауқымды кешенді археологиялық экспедиция болды. Су басу қаупі бар барлық жердің археологиялық ескерткіштерді зерттеуге сол кездегі Республикамыздағы ең танымал археолог мамандар тартылды. Оның құрамында C.M.Ахинжанов, А.Г. Максимов, Ф.Х.Арсланова, А.С.Загородный, З.Самашев
Ж. Таймағамбетов, т.б. белгілі ғалымдар жұмыс жасады. Әр жылдары археологиялық қазбаны жүргізуге Археология институтымен бірге Каз ГУ-дың, Семей, Өскемен педагогикалық институттарының студенттері де қатысты.
Алдымен палеолит кезеңіне байланысты жұмысына қысқаша бірақ нақтырақ тоқталсақ. 1977 жылы барлау жұмыстары Новобаженовка селосынан сол жақ жағалауда Таврия ауылынан оң жақ жағалауда Глубокое ауылына дейін жүргізілді. Ертіске құйатын Шүлбі, Оба, Қарашат, Қызылсу өзендерінің аңғарлары зерттелді. Қарашат және Шүлбі өзендерінің жағаларынан бұрын Қаратау және Сарыарқадан табылған тастан жасалған құралдар табылды.
Зерттеулер барысында ашель кезеңіне жататын тас құралдар табылған жоқ. Мустъеге жататын тас құралдар Бөдене 1 тұрағынан көптеп табыдды. [9,27] Археологтар негізінен құралдарды жасауға қажетті шикізат көздеріне жақын жерлерден барлау қазбаларын жасап соның арқасында тұрақтарды дөп тауып отырса керек.
Қызылсу өзенінің Қызылқұйған деген жерден кейінгі палеолитке жататын: қырғыштар, үшбұрыш тәрізді сыналар, нуклеустар, пластиналар, кескіштер табылды. Шульба тұрағынан екі мәдени қабаттан 2000 жуық тастан жасалған құралдар табылды. Төменгі қабаттағы заттарды Ж.Таймағамбетов Сібір және Алтай ескерткіштерімен салыстыра отырып уақытын Б.э.д. 25-30 мыңжылдықтар деп көрсетті. [5,10]
Неолиттік тұрақтар 1980 ж. Таврия ауданындағы Қызылсу өзені маңынан табылды. Соцчингиз ауылының маңынан призматикалық жаңқаланған тастар, қырғыштар, тілікшелер, садақ ұштары, өндіріс қалдықтары табылған екен. Оларды Ж. Таймағанбетов зерттей келе, ескерткішті ерте неолитке жатады деп тұжырымдады. 1981 жылы Пяный Яр ауылынан 700-800 м батыстан 70-тей тас бұйымдары шығады. Пролетарка ауылынан бірнеше тас жаңқалары табылды. Жалпы алғанда мұндағы неолиттік ескерткіштердің ең көрнектісі жоғарыда айтылған. Қызылсу тұрағы алғашқыда ерте неолитке жатқызылғанмен Ж.Таймағанбетов геометриялық микролиттердің болуына қарап және керамика жоқтығына сүйеніп мезолиттік тұрақ болуы да мүмкін деп топшылады. [10,12]
Қола дәуірі ескерткіштерінен Ортаңғы база Бетқүдық, Темір-Қанқа, Белокаменка, Ковалевка, Жартас, Кіші Қойтас зерттелді. Кіші Қойтастан басқа ескерткіштер бұрын зерттелмеген. Зеттеу барысында қола дәуірі ескерткіштерінің орта және кейінгі қола дәуіріне жататындығы анықталды. Ондай тұжырым жасауға молалардан табылған заттар мүмкіндік берді.
Қола ғасырын зерттеумен айналысқан ғалым А.Г.Максимова өзінің қазба материалдар негізінде осы аймақтың қола дәуірінің Федоровтың және Замаревтың кезеңдердің ескерткіштерін бөліп көрсете отырып, ерте және кейінгі қола дәуірінің екі сатылы кезеңдемесін ұсынды.
Осы өңірдің қола дәуірі ескерткіштерін зерттеуге елеулі үлес қосқан тағы бір ғалымымыз Ф.Х.Арсланова өз зерттеулерін сараптай келе, Шығыс Қазақстанның Федоров ескерткіштері Қарасұқ мәдениетінің белгілі бір топтарымен етене жақын екендігі күмән туғызбайды деп түйген.
Аймақтың қола дәуірі ескерткіштерін зерттеп жүрген А.С.Ермолаева Шығыс Қазақстанның қола дәуірінің керамикаларын кешенді түрде қарастыра келе, Федоровтық және Бишіқұл деп сыртқы жасалу түрлеріне қарай бөлді. [11,6]
Ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеуді қазірде республикамызға танымал археолог Зейнолла Самашев және Ю.И.Трифонов жүргізді. Осы дәуірге жататын Жартас, Қарашат III, Ақши II ескерткіштері зерттелді. Олардың хронологиясымен классификациясы жасалды. Ескерткіштер негізінен ерте темірдің Құлажорға кезеңіне сәйкес келеді.
Құлажорға молаларында тас жәшіктер қырынан көміліп, үстін тақта тастармен жапқан төрт және одан да көбірек қашалмаған көлемді тақта тастардан құрастырылған, өліктерді шалқасынан, созылған күйінде, басын батысқа қаратып жерлеген. Тек бірнеше жағдайда ғана оң жақ қырынан бүрістіріп жерленгендер кездеседі. З.С. Самашев Жартас, Қарашат III, Ақши ІІ-ні кезінде С.С.Черников қазған Зевакино, Баты, Қатон ескерткіштеріне ұқсастығын айтады. Автор сонымен бірге С.С.Черниковтың “соңғы темір ескерткіштерінде ғұндардың іздері байқалады” деген тезисін не дәлелдейтін, не жоққа шығаратын дәлел табылмағанын айтады. [5,112]
Шүлбі экспедициясында ең көп қазылған, зерттелген кезең ортағасырлық көшпенділер кезеңі болды. Бұл ескерткіштерді қазуды Ю.И.Трифонов басқарды.
Ақши І, ІІ, III, Қарашат I, II, Сандықала, Қоғалы I қорымы Ертістің сол жақ жағалауында Жартас, Ковалевка, Темір-Қанқа II, Измайловка, Белокаменка молалар тобы оң жақ жағалауда қазылды. Аталған барлық қорғандар ешқандай күмәнсіз IX—X ғасырлардағы қимақ уақытына жатқызылады.
Молалар әр түрлі дәрежеде шымдалған және сақталған. Тасты-топырақты қорғандардың диаметрі үш метрден сегіз метр аралығында. Молалар 2-3-тен бір-біріне меридиан бойымен жалғастыра салынған, “ұзын қорғандарға” жатады.
Қазбаға дейін объктілерді ертекөшпенді қорғандарынан айыру мүмкін болмады. Кейбіреулері жер бетінде әзер байқалатын. Көптеген орта ғасырлық ескерткіштер оғанға дейінгі дәуірлер ескерткіштермен бір жерде орналасқан. Соған қарамастан олар жеке шоғырланыпты.
Осыдан 2500 жыл бұрын Европа мен Азияның Карпат пен Алтай тауларының арасында бақташылықпен, малшылықпен айналысатын скиф-сақ мәдениеті өзінің дамуының шырқау шегіне жетті. Скиф-сақ тайпаларының Алтай, Жетісу, Оңтүстік Сібір аралығында мекендегенін ескерсек, олардың Қазақстанның және оны айнала орналасқан халықтардың қалыптасуында үлкен орын алғаны сөзсіз. Осы тезистің дұрыстығын негізге ала отырып, 1985-1988 жылдары қазіргі Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ-ті археологиялық экспедиция ұйымдастырды.
Экспедицияның мақсаты “айналымға бұрыннан бар материалдың үстіне қосымша дерек жинау, осы деректер бойынша Қазақстанның шығыс аймағындағы қола және ерте темір дәуіріндегі тайпалардың этникалық тарихын зерттеу” деген тақырыптың маңында жұмыс жүргізіді. [12, 11]
Қола дәуірін зерттеудегі басты жайт, ол андрондықтардың мәдениетінің локальді ерекшеліктерін, пайда болуын, құру себептері болды. “Әлі күнге дейін андрондықтарды Қарасұқ тайпаларымен бе, әлде қайдан келгені белгісіз көшпелі тайпалармен алмастырылды ма, жоқ әлде андрондықтар өз ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамудың әсерімен жаңа даму сатысына көтерілді ма деген сұрақтар маңында дау азайған жоқ” деп келе осы археологиялық экспедициясының басшысы А.М.Оразбаев пен Г.К.Омаров соңғы тұжырымның шындыққа жанасатынын дәлелдеуге тырысады. Олар сондай-ақ “егер біз тұжырымды дәлелдей алсақ андронов мәдениетінің Орталық Азияда, Қазақстанда және Оңтүстік Сібір тарихында ерекше роль атқарғанын айта аламыз” дейді.
1985 жылы Шығыс Қазақстан және Семей облысы жерінде қола және ерте темір дәуірінің ескерткіштерін барлауын және қазуын археология және этнография кафедрасы атқарды. Барлау Большенарым ауданының “Шығыс кольцо” деп аталатын жолдың жиегінде жүргізілді. Ізденістердің нәтижесінде ары қарай келешекте зерттеуге бірқатар молалар тобы мен қорғандар табылды. Серебрянск қаласынан шығысқа қарай 60 шақырым жерде Бұқтырма өзенінің аңғарынан ерте темір ғасырының ескерткіштері табылып, олар картаға түсірілді. Шығыс Қазақстан облысының Таврическое ауданындағы Қызыл-Су өзенінің бойындағы қола ғасырына жататын "Қойтас" молалар қорымында қазба жүргізілді, нақтылай түссек қорымның Бетқұдық совхозынан он шақырым оңтүстікте орналасқан. Ол жерде тастардың жайылып жүрген қойлар тәрізді шашырап жатуынан "Қойтас" деп атаған. [12, 24]
Өздерінің тақырыбын аша түсу үшін экспедиция осы қорымды одан сайын зерттей түсуді қолға алды. Оған дейін "Қойтас" қорымын 1983 жылы ҚазССР-нің Ғылым Академиясы Шульба экспедициясы моланы қазған болатын.
1985 жылы қорымның жалпы жоспары жасалды. Онда 124 қорған және қоршаулар бар екендігі белгілі болды. Қорым солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр. Қорғандардың сыртқы келбеті әр қилы шеңбер тәрізді, төртбұрыштылар кезігеді. Үйіндінің 7-8 метрге жететін және биіктігі 1,5 метр болатын қорғандар кейінгі қола дәуіріне жатады. Экспедиция барысында он қорған қазылып зерттелді.
"Қойтас" қорымынан алынған антропологиялық материалдар аз, сондықтан молалардан табылған барлық адамдарды бірнәсіл типіне жатқызуға келмейді. Тек бір ғана ер адамның сұлбасын европоидқа жатқызуға болады. Шығыс онтологиясының ерекшеліктері аздап қана білінеді.
Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің археология және этнография кафедрасының келесі зерттеген қорымы "Баймұрат". Ол қорым Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданының Ертістің оң жағасындағы Баймұрат тауының солтүстік етегінде. Қорым батыстан шығысқа 400-500 метрге созылып жатыр. Қорым жиырма моладан тұрады. Қорымның батыс жағынан үш қола ғасырына жататын қорған және кейінгі уақыттарға жататын бір қорған қазылған. Қорған қазудың соңғы технологиялары пайдаланып, ғылымның басқа салаларындағы жетістіктер қолданылды. Қола ғасырына жататын қорғандардан тас жәшіктердің табылуы және оның қопарылып тастауы бұл жерлерде тонаушылардың болғанын көрсетеді. Зерттеушілер қорғаннан табылған заттарға жан-жақты сипаттама жасап оларды тіркеген. "Қойтас" қорымынан табылған саз ыдыс-аяқтарды археологтар үш топқа бөледі.
-
Классикалық көзе тәрізді. Түбі тегіс, сурет көзенің жоғарғы жағында салынған. -
Көзе-банка тәрізді. -
Банка тәрізді ыдыс аяқтар жатады.
1986 жылы маусымдағы Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы Катон-Қарағай ауданында барлау және қазба жұмыстарын жүргізді. Археологтардың айтуынша бұл аймақ солтүстік шығысында Ресейдің таулы аймақтарымен, оңтүстік-шығыста Қытаймен шектесетін Қазақстанның түкпірінде, шекаралық аймағындағы ең аз зерттелген жерлердің қатарына жатқызады. Совет уақытында бұл жерде екі археологиялық экспедиция жұмыс жасады. Біріншісі С.И.Руденко 1927 жылы екі қорған қазған. 1961жылы С.С. Сорокин аудан орталығы Қатон-Қарағайдан алыс емес жерде алты қорған қазды. Осылайша бұл аймақ осы экспедицияға дейін аз зерттелген аймақтар қатарына жатқан болатын. 1986 жылы Шығыс Қазақстан экспедициясы 12 қорымды анықтады. Оған Қатон-Қарағай 1,2,3,4,5, Шынғыстай, Берел, Жамбыл совхозы маңындағы қорғандар тобы Черновая 1,2,3,4,5 және тағы басқалар. [12,28] Жиынтығы ерте көшпенділердің 100-ден астам қорғаны анықталды. Қорғандар топырақты және тасты-топырақты болып келеді. 1986 жылы маусымда 15 қорған қазылды. Негізгі жұмыстар Черновая қорымында жүргізілді. Черновая І-де 9 қорған бары белгілі болды. Ол бұғы өсіретін Черновицкий совхозының оңтүстік-шығысында орналасқан. Осы қорымнан шығысқа қарай 300 метр жерде таулы қырат созылып жатыр. Черновая І-де 3 қорған қазылды. Қорғандардың диаметрі 14-20 м, биіктігі 1,2-1,5 м. Қорғандардың барлығы толығымен қазылды. Қорғандармен қатар ол жерден бір қоршауда аршылды. Қорғандарды қолмен қазу қиын болғандықтан бульдозерлер қолданылды. Қорғандардың барлығы өте ертеде тоналған. Бір қызығы 1-ші қорған скиф-сақ дәуіріне жатқанмен өлікті жерлеуде оған тастан жәшік жасаған бұл қола ғасырдағы тайпалардың ғұрпына жатады. Сондықтан осы жайтты жергілікті мәдениет эволюциясының бір дәлелі деп қарауға болады. № 2 қорғаннан ағаш табыт табылды. Үш қорғанның ішінен де адам қаңқалары бар болып шықты. Цилиндр, ромб тәрізді алқалар табылды.