ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 07.11.2023
Просмотров: 98
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Черновая II қорымы III қорған тобынан тұрады. Аталмыш қорым «Черновицкий марал өсіру» совхозының солтүстік-батысында орналасқан. Ол жер таулардың араларындағы алаңқай болып келеді. Бұл қорымнан екі қорған қазылған. № 1 қорғанның диаметрі 5,7 м, биіктігі 50-60 см, №2 қорғанның диаметрі 6,5 м, биіктігі 50-60 см.
Зерттеушілер қорғандарды зерттей келе олардың таза энеолиттік дәуірге жататындығын өліктің тізесі бүгіліп солтүстік-шығысқа басы қаратылғандығымен және қызыл охраның үстіне шашылғандығымен түсіндіреді. Қорғанның уақыты Б.э.д. III мың жылдық деп анықталған. Осындай энеолит тұрақтары Оңтүстік Сібірдегі Афанасьев мәдениетінде және Таулы Алтайдағы Курта қорымындағы қорғандарға ұқсастығы жайлы айтады. Черновая III қорымы аталмыш совхоздан солтүстік-шығыста орналасқан. Бұл қорымда 31 қорған және 30 қоршау бар екендігі белгілі болды. Үлкен қорғандардың диаметрі 16-17 м, кішілерінікі 5-6 м. Үйіндінің биіктігі 80-90 см. Қорымда сақина, тіктөртбұрыш, төртбұрыш тәрізді қоршаулар бар. Қоршаулардың бір бөлігі ірі тастан тұрғызылған. №6 қорғаннан монғол жылқысының сүйектері табылды. Қорғанның диаметрі 17 м, биіктігі 1,4 м, батысқа бағытталған саркофаг-астау табылды. Бұндай астаулар Таулы Алтайда және Тувада табылған. Астау-саркофак қазір Алматыдағы Орталық мұражайда ертедегі көшпенділер деген экспоцизияда жайғасқан.
Қатон-Қарағай аудан орталығының аумағынан Қатон-Қарағай I, II, III, IV, V қорымдары анықтадды. Олардың ішіндегі ең ірісі І-сі. Ол Қатон ауылының оңтүстік-шығысында орналасқан. Өзі 2 қорғанмен қоршаудан тұрады. Қорғандар шеңбер бойымен үйілген. Үйіндісі тасты-топырақты. Мөлшерлері 7-14 м диаметр, биіктігі 10-60 см аралығында. Қорымда 2 қорған қазылды. Екеуі де толық тоналған. № 1, III Черновая қорымдарын Б.э.д. VIII ғасырларға яғни ерте темір ғасырына жатқызуға болады.
Археологтар Черновая I № 6 қоршаудағы жерленген әйелдің мойын омыртқасының маңында табылған сардоникстан жасалған алқа, янтарьдан жасалған моншақ тапты. Бұрын бұндай зат Қазақстан территориясында тек Солтүстік Қазақстандағы кеиінгі қолаға жататын Боровое қоршауынан табылған болатын. Сардоникс алқасы армян археологы Б.Б Плотровскийдің айтуынша Ассирияда Б.э.д. VIII-VII ғ.ғ. жасалған. Осыған қарағанда Шығыс Қазақстандағы сақтардың қаратеңіз жағасындағы скифтермен тығыз байланыстары болса керек.
1988 жылы археологиялық жағынан аз зерттелген аудандарды зерттеу жұмыстары жүргізілді. Барлау және қазба жұмыстары Күршім, Марқакөл және қиын жететін аудандарда жүргізідді. Барлау нәтижесінде ерте темір ғасырына жататын 26 қорым табылды. Онда 487 қорған анықталды Бұл археология үшін үлкен жаңалық болды. Қорғандар негізінен тау және өзен аңғарларында тұрғызылған. Үйінділері тасты-топырақты. Орташа диаметрі 8-10 метрден 30-40 метрге дейін, биіктігі 0,7-0,8-ден 5-6 м дейін.
Күршім ауданында келесі қорымдар анықталды: Сарыкөл-1, Сарыкөл-2, Бәйгетөбе-1, Бәйгетөбе-2, Түлкілі.
Сарыкөл-1,2 үш қорған қазылды. Қорғандардың диаметрі 8-10 метрден 15-20 м дейін. Тас жәшіктері солтүстік-батысқа бағытталған. Бұлай жерлеу қола дәуіріне тән.
1989 жылдан бастап Ә.М. Оразбаев, Ә.Т. Төлеубаев бастаған экспедиция Семей өңірін зерттеді. Экспедиция құрамында ғылыми қызметкерлер Ғ.Омаров, Е.Бияров т.б. болды.
Жалпы Семей өңірі археологиялық тұрғыдан нақты зерттелген еді. Ал Тарбағатай тауының теріскейінен Шар өзеніне дейін, Ертістің батысынан Аягөз өзеніне дейінгі аралықта арнаулы экспедиция мүлде жұмыс істемеді. 1989 жылы экспедиция Семей облысының Ақсуат ауданында Ескеалмас, Масалы ескерткіштерін зерттеді. Барлығы 4 қоршау қазылды. Қола дәуірінің қоршаулары Ескеалмас, масалы ескерткіштерінен үш қабір түрі ашылды: топырақ, ұзын қақпақтасты сандықша және циста. Адамды жерлеу рәсіміне және қабірлердің құрлымына қарап бұл ескерткіштер андрон мәдениетіне жататындығын білуге болады. Циста қабірлер бұл ескерткіштердің Орталық және Шығыс Қазақстан қола дәуірі қоршауларымен этномәдени байланысы бар екендігін көрсетеді. Қабірлерден қыш құмыралар, қола аргелит әшекейлер және тоқыма матаның бір кішкене қалдығы табылды. Бұрын мата қалдығы Қазақстан жерінде 2-3 жерден ғана кездескен. Сонымен қола дәуірі ескерткіштерін барлық белгілеріне қарап Федоров дәуірінің соңы Алакөл дәуірінің бастапқы кезеңі, яғни б.з.д. XVI-XIV ғ.ғ. мерзімделеді. [12, 83]
1991 жылы Ә.М.Оразбаев және Төлеубаев бастаған экспедиция Семей облысы Ақсуат ауданының Кіндікті ауылымен Жарма ауданының Қызыл ағаш ауылының шекарасында Сабындыкөл бойындағы қола дәуірі қорымын зерттеді. Сабындыкөл ескерткіштері бір-бірімен қабырғалас үлкенді-кішілі қоршаулардан тұрады. Қоршаулардың, қабірдің формасына, жерлеу рәсіміне, қыш ыдыстар мен табылған заттар, әшекей бұйымдарға қарағанда Сабындыкөл ескерткіштері Андронов мәдениетінің орта кезеңі Алакөл дәуіріне б.з. д. ХІIІ-ХІІ ғ.ғ жатады. [13,114]
1991 жылы ерте көшпенділер дәуірі археологиялық экспедициясы Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы жылы Байғали, Долаңқара және ерте темір дәуірінің Боғас-1 ескерткіштерінде қола дәуірінің қоршаулары және ерте темір дәуірінің бір қорғанында қазба жұмысы жүргізілді.
Боғас-1 ескерткішіндегі 1,2,3,4 қоршау-қорғандарында мәйітті тастан қаланған циста-сандықшаға салып жерлеген. Қоршаудың сыртқы пішіні, ішкі құрылымында және табылған керамика сынықтарына қарап бұл жәдігерлерді қола дәуірінің б.з.д. XVII-XV ғасырларға жатқызылды. Номер 1-ші қорған дөңгелек пішінді, көлемі 15,6 м., биіктігі —1,1 м. Таудың жақпар қара тастары мен топырақ аралас үйіндіден тұрады. Етегінен ортасына қарай ені 1,4-2 метрдей тастармен көмкерілген. Қабірді ашу барысында солтүстік жағынан қойдың омырытқа сүйегі табылды. Тоқпақ жіліктің қасынан ақ моншақ жатуы мәйіттің әйел адамға жататындығы аңғартты. Боғас-1 ескерткішіндегі қорғандарды қалдырған адамдардың қандай этникалық тайпаларға жататындығы басы ашық мәселе болып отыр.
1996 жылы Ә.Т. Төлеубаев бастаған экспедиция Шығыс Қазақстанның Ақсуат ауданы Көкжыра елді мекенінен оңтүстік-батысқа қарай, Байқоңыр сайынан шыға берістегі «Шошқа түбек» - деген жерде Тұяқ ата дейтін жерден 70 метр жерде қола дәуірінің 5 қоршауын қазып зерттеді.
1998 жылы сол экспедиция Ақсуат ауданының Құлбабас ауылының оңтүстігіне қарай бір шақырым жерде екі қола дәуірінің ескерткіштеріне қазба жұмыстарын жүргізді.
Ескеалмас қорымы 31 қорғаннан тұрады. Үйіндісі тасты және топырақты, әртүрлі көлемде болып келеді. Орташа диаметрі 7-8 метр. Зерттеушілердің ерекше қызығушылығын алты қоршау туғызды. Олар ірі ақ кварцты тақталардан, кішкене және енгізіле қоршаған. Ақ кварцтың ішінде тек тақта тас сұр түсті. Ол бейне бір батыстан молаға кіретін жол іспеттес осы кешендегі барлық қорғандағы батыс жағының тастары түсімен, үлкендігімен, пішінімен ерекшеленіп тұрады. Бұл жерде кезінде қоныстанған халықта батыс немесе «өлілер елі» культы болған болуы керек.
Тарбағатайдың теріскей өңірінен Тұяқ ата, Сабындыкөл, Ескеалмас, Масалы, Құлбабас сияқты қола дәуірінің қорымдары ашылғанымен де, бұл дәуірдің қоныстарынан ешқандай белгі білінген емес. Сол себепті бұл өңірдегі қола дәуірі адамдарының баспаналары туралы зерттеушілер мәліметтер жеткілексіз екендігін ескертеді. [12, 88-90]
ІІ тарау. Шығыс Қазақстандағы 1997-2003 жылдардағы археологиялық зерттеулер
2. 1 1997 – 2000 жылдардағы археологиялық зерттеулер
Бұл кезең аз уақытты қамтығанымен, Отан тарихына, өлке тарихын танып білуге үлкен үлес қосты. Бұл жылдардағы зерттеулерге СМПИ студенттері де қатысты.
1998 жылы ҚР ҒА-ның Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының қазақ француз біріккен археологиялық экспедициясы қазақ Алтайының биік таулы аңғарындағы ежелгі көшпелілердің жерлеу ескерткіштеріне кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді қолға алды.
Соңғы оншақты жыл аясында Қытайдың Синьцзан өлкесінің бірсыпыра аудандарынан кейінгі қола және ерте темір дәуірінің ескі қорымдарынан табиғи - климаттық жағдайларға байланысты қатып-семіп, мумияланған адам мүрделерінің көптеп табылуы, әсіресе осы 90-шы жылдардың басынан бері Ресей археологтарының Қазақстан шекарасының іргесінен Алтайдың көк тауы үстіртіндегі «мәңгілік тоң» астында мұздап қатып мумияланған адам және жылқы мүрделерін табылуы бүкіл әлемнің әсіресе, қазақ археологтарының күшті ынта-ықыласын тудырды.
Қазіргі заманғы ғылымда осындай «мәңгілік тонданған обалардан» алынған органикалық материалдар мен адам және жылқы мүрдесінің қалдықтарын молекулярлық биология, генетика, медицина, антропология, палеозоология және т.б. жаратылыстану ғылымдарының ең жаңа жетістіктері арқылы осы заманғы жоғары ғылыми деңгейде зерттеп білудің мүмкіндігі бар. Зерттеулер арқылы алдымен евразиядағы іргелі де ұзақ тарихқа ие қазақ ұлтының этногенезін, нақтылап айтқанда, қазақ жеріндегі ежелгі тайпалардың генетикалық кодының кейінгі ұрпақтарына ауысуы мен өзгеріске ұшырауы проблемасын жан-жақтылы зерттеп анықтауға болады. [14,6] Бұдан сырт, осы заманғы ғылымда археологиялық ескерткіштерді сақтаудың, жөндеп қалпына келтірудің және зерттеп танудың жаңа ғылыми әдіс – тәсілдері жарыққа шығып отыр. Бұл да бұрын белгілі және белгісіз болып келген тарихи – мәдени мұрағаттарды жаңа қырынан зерттеп, зерделеп қазақ мәдениетінің түп төркінін және қалыптасу кезеңдерін одан әрі тереңдей айқындап білудің көкжиегін кеңейте түсер еді. [15, 220]
1996-1997 ж. барлау жұмыстары жүргізіліп әйгілі қорғанды қазу 1998 жылы жүргізілді. Берел қорымы Бұқтырма өзенінің оң жақ жағасындағы биік таулы аңғарда (1120 м), Берел ауылынан оңтүстік – батысқа қарай 7-8 км жерде орналасқан. Ол жердің табиғатын суреттеп жеткізуге сөз жетпейді. Ғажайып табиғат аясында осындай зәулім қорғандардың салынуына түрткі болғаны сөзсіз.
Берел қорымы үлкенді – кішілі бірнеше ондаған обалардан құралады, олар көбінесе солтүстік - батыстан оңтүстік – шығыс бағытта бір-екіден, кейде үш төрттен топ болып, қатар тізбектеле орналасқан. [12,174]
Берел қорымының үлкен (солтүстік) тізбегінің өзі үш топтан құралған. Солтүстік-шығыс топ СБ-ОШ бағытында созылған 6 қорғаннан тұрады. Соның ішінде 3 қорған бір-бірімен тұтасып, тізбек құрайды. Екі қорған солтүстік-батыста бөлек тұр. Және кішірек бір қорған солтүстік- шығысында орналасқан. Екінші топ көлемі әр түрлі 13 қорғаннан құралып, бірінші топтың ОБ-да орын алған. Он қорған СБ-ОШ бағытында созылып тізбек құраған. Тізбекке СШ-тан 3 кішірек қорған жабысып тұр. Үшінші топ БОБ-тан ШСШ-қа созылған 9 қорғаннан тұрады. Бұл топтағы қорғандар Үлкен Берел қорғанынын маңына топтасқан. [16, 23]
1998-2000 жылдар аралығында Солтүстік тізбектегі 3 қорғанда (№25,11,18) зерттеу жұмыстары жүргізіліп, әлемдік деңгейдегі жаңалықтар ашылды.
11 қорған. Обаның диаметрі 34,4 м, биіктігі 1,70 м. Қорған үйіндісінің сыртқы көрінісі сопақша формалы болып, үйіндінің ортасына таманғы тұсы төмен қарай отырып кеткен. Ескерткіштің жер бетіндегі құрылысының негізі-алдын ала дайындалған алаңда обаның ортасынан бастап ірі жалпақ тастарды қара топырақпен нығыздай отырып төсеп жасаған платформадан (тағандық) тұрады. Оба үйіндісінің етегі ірі тақта тастармен бірнеше қатар етіліп қаланып тиянақталған, ал оның арасы ұсақ тақта және малта тастармен тығындалып, үсті шым қабаттарымен көмкеріле жабылған.
№ 11 қорғанның тас үйіңдісін қопару ОБ сектордан басталды. Бұл сектордың материгіне жеткенде қабір дағы анықталмады. Сол себептен. СШ секторының жалдарын бойлай ені 3,5-4 м болатын траншея жүргізілді. Қабір шұңқыры қазып 2,70-4,05 м тереңдікке жеткенде қабір шұңқырының оңтүстік жағынан қалында жалпақ етіліп самырсыннан шабылып жонылған тақтайшалардан ұзыннан тіктөртбұрышты формада қиюластыра қойылған қима-таған (сруб) аршылды.
Шығыстан батысқа қарай ұзынынан қойылған ағаш қима тағанның көлемі 3,43X1,85 м. Қима-тағанның беті ұзыншақ, қалың, жалпақ тақтайшалармен 2 қатар етіп жабылған, сосын оның үсті бір қабат қайыңтозбен, бір қабат жоңышқамен 2 қабат етіп нығыздап жабылған. Тақтайшалар мен қайыңтоздың арасын жүннен тоқылған шекпенмен қымтап жапқан тәрізді-өйткені әр жерден шекпеннің шіріген қалдықтары табылды.
Қима-тағанның оңтүстік жағына таман үлкен сырғауылдан ойылып жасалған астау-табыт қойылып, мәйіттер сонда жерленген. Астау-табыттың көлемі: диаметрі-шығыс жағы 70-58 см, батыс жағы 78-61 см, ұзындығы 2,83 м. Жалпы обаның тас үйіндісінен бастап есептегенде қабір шұңқырының астау-табыт тұрған түбіне дейінгі тереңдігі 4,87 м. Астау-табыттың беті науама формалы тақтай қақпақпен берік жабылған. [17, 38]