Файл: аза тілі пнінен жаратылыстануматематикалы баыттаы 11сыныпа арналан мемлекеттік емтихан (эссе) жауаптары 20212022ж.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 29.11.2023
Просмотров: 415
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
37. Абайдың Он жетінші қарасөзіндегі «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» сөзінің мәнін дәлелдеп жазыңыз.
Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол - менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те - менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.
Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын - мен, сенің сөзіңді ұғатұғын - мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» - депті.
Онан соң жүрек айтыпты: «Мен - адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын - мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.
Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:
- Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман, - депті.
-Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да - бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның
екеуінің де сүйенгені, сенгені - сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, - депті. - Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ - менің ісім, - депті. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады.
- Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен.
- Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам - сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, — депті.
38. Айгүл Кемелбаеваның «Шашты» әңгімесінің идеясын ұлттық мүдде тұрғысынан талдап жазыңыз.
Айгүл Кемелбаеваның «Шашты» әңгімесі өткен жылдың құйрықты жұлдызындай жарқ етіп, сөзге көңіл суарған көпшіліктің айызын бір қандырып, қапысыз бабамұратты бағзы заманның шежіресіне қанық еткен-ді. Әңгіме өрісі кең, кей тұста этнографиялық, кей тұста тарихи мағлұматтарға жүгінсе, кей тұста атбегілік әуселесі әулиелікке ұласқан қазақтың дегдарлығын паш етеді, кей тұста ел мен жердің аңысын аңдығандай географиялық әу-жайға қанықтырып қояды. Жазушының жұрнақ пен жалғауға шолақ, қайыруы тез, ұғынуы күрделі сөз байламдары кібіртіктетіп, екі үш қайтара оқуға байлап қоятыны бар. Әйтсе де, Айгүл идеяның тінін қиялдан өрмейді, тарихи негізі бар оқиға желісін кейінгіге шынайы ұқтырмақ болғандай. Ұлттық құндылықтар мен өшпес мұраттар, дін мен ділді, адамшылық пен азбандықты ту еткен шығармасының кең ауқымына, терең иіріміне қарап эпикалық әңгіме деп тануға болады.
Құлдық қамытына байланған иісі қазақ, руы қыпшақ Кенжебекті түркпеннің құлақ-кесті құл-атбегісі «қаңбақша ауып, тамырсыз дедектеген» Тасқұл-қаңлы «Ай-Күн жарықсыз болмас» деп жұбатады. Жылқышы ата түркпен мен қазақ руларының аталас, дағды қалпын айырып, екі елдің жаугершілік мінезінен сыр шертеді. «Қазақылық заманнан үш жүз бір ту астына біріксе, ер түрікпеннен бөлек, Өр Алтайдан Еділге өтіп, қырғидай тиген құба қалмақтан, Ысық көлдің арғы жағынан жөңкіліп тиісетін жауынгер тайпа қырғыздан. Ормандай кәпір орыстан, сірә да жеңілмес еді». Алты бақан алауыз болғанымен, «кертағыдай бұл қазақ бүлікшіл, өлермен халық екенін көрсет!» деп баланы түрікпен ат бәйгесінде қаракөк тұқым, аузымен құс тістеген хас жүйрікпен қашырмақ болады. «Жылқы әулие, әулиеге тапсырдым!». Көз алдыңызға көкірек кенересін даналық кемсерген, әулие-абыз қарияның зор пішіні келе қалады. Ғазиз, абыройлы өлімнің алдында құлқамыт өмірдің түк мәні жоқ. «Өмір мен өлім деген не тәйірі!». Құлдықтан қашу зор үрей, алдын тосып құмдақ шөл, сусыз шөлейт, алаөкпедей көбік құсқан ағынды дария тұр, бірақ, ата балаға қанат береді, құлдықтың түбі тексіздік, тамырсыздық деп көрсетеді. Тексіздік үлкен таңба, қала берді жұтылу. Жазушы қазақтық санадағы тексіздікті бүгінгі құлдыққа да саяды, санаң құлдықтан азат болсын деп үгіт етеді.
Қазақ пен қазанатты айыру – ұлттың ар-қасиетіне сына қағу. Жылқыны сүю – Тәңірді әспеттеумен тең бе дерсің қазаққа. Жылқыға құмарлықтың өзі рухтың, ойдың да Жаратқанымен табысуға аңсары емес пе екен? «Қазақ атқа мінбесін, қазақ атқа мінсе, бір дене, бір жанға айналып кетеді». Жазушының көркем шығармаларында, эсселік әдеби толғаныстарында жылқы жануары туралы тәтті тамсаныс, ерен көзсіз махаббат жырдай есіледі. Бұл тақырыпқа қалам тербеуінің өзі – қазақтың ежелгі өмірлік құндылықтарын қайтарып алып, бүгінгі санасы тұтас тамұқтай ұрпаққа уыздай ұсынбақ болғандай.
« – Бұрынғы көнекөз жұрт көкірегі ерен көркем еді, толған ай көрсе шашты, жазғы сәуле құйылса түкті деп жатушы еді». Жазушы құдайға қараған қазақтың жұпар аңқыған сәуле санасын аңсармен сағынып, беттескендей, бөрілі қазақты құшақ басқандай жазуы ненің сипаты? «Ойсыз, доссыз, бақытсыз» қорқытты ма екен?
«Түрікпен Қорқытқа көр қазба дейді. Мен айтамын, Қорқытқа көр қазылсын, уақыты келсе даяр тұрады!». Шығармада «бастары қосылмайтын ақырзаман жастарының» ойсыз, бақакөзденген ұландардың бөрігін алып түсіп, төсінен басып, ұйқылы ояу ұлттың намысына тиер бұзаутіс қамшының ащы шықпыртындай сөздер көп-ақ. Түрікпен «аш құлақ та тиыш құлақ» дер, бірақ «мен» – мен қазақпын – «Тұрлаусыз өскен құландай қыпшақ қаныңды сатпа!» дейді. Жазушының ішкі дүниесі ышқынып, ызалы қолы уақытынан кеш сермегендей, адуынды мінезбен Кенжебектей ұландарын қайрап, түйреп өтеді.
Шығарма сәтті аяқталған. Пессимизм біздің буынға түскен буынқұрт, жазушы осыны жақсы ұғады. Ата сертке, қазақтың жомарт жүрегінің дұғалы лебізіне иланады. Батасыз ердің көгермейтінін біледі.
Жазушының стиліндегі төкпелі жырдай алақұйын сөйлем легі, асқақтап шапшитын елірме пафос ерен рух қанатын байлайды, жайдақ аттай сылбырлықпен ел мен жердің аңысын шертіп, қазақтық кемел дүниетанымға бөктіреді. В.Шукшин: «Мен «телеграфтық стиль» дегенді білмеймін, тартпайтын әңгімені ғана білемін» депті. А.Кемелбаеваны оқу – қарысып қатқан қолтығыңды сөгу, қамау теріңді алу, зиялы зердені талап етеді. Әуелгі туындыларынан-ақ, шұбалаңқылау, энциклопедиялық ірі біліммен танылған шығармагердің бар міні сол – ұлан-ғайыр төгілген тіркестерге бар білімін сарқып жұмсау шығар. Бірақ әдебиеттің негізі көркем тіл, көмбеленген астарлы тіл деп ұқсақ, Айгүлде бұл олқылық қайта өз бағын асырып отыр. Жұлдызын жарқыратып тұр. Тіпті, диалогтарындағы ежелгі сөйлеу мәнерінде ақпараттық нығыздық бар. А.Кемелбаева эпостық емеуріннен таза стиль қалыптастыра алған өз жолы бар қаламгер
.
39. Оразақын Асқардың «Шетте жүрген бауырларға» өлеңінің негізгі идеясын адамгершілік тұрғыдан талдап жазыңыз
Шетелдегі қандастарымыздың ұлттық-рухани, мәдени жағдайына байланысты қордаланған күрделі мәселелер жетерлік. Солардың ішіндегі ең бастысы әрі қауіптісі — болашақта өз ұлтының тарихынан, тілі мен руханиятынан, яғни қазақи болмысынан айырылған, сонымен қатар, өздері тұратын елдердің этникалық ортасына сіңіскен, түрі қазақ болса да, тілі бөтен ұрпақтың пайда болуы, шетелдегі жас жеткіншектеріміздің ассимиляцияға ұшырап кетуі. Бұлай алаңдауымызға себеп те жоқ емес.
Өйткені шеттегі бауырларымыз білім алатын көптеген қазақ мектептері жабылып, қазақ тілінің пән ретінде оқытылуы тоқтатылуда. Бұдан бөлек, қазақ тіліне қатысты шетелде оқытылатын оқулықтар мен басқа да оқу-әдістемелік құралдардың арасында алшақтық басым. Яғни қазақ тілінің грамматикасы мен басқа да шарттары түрліше оқытылуда. Әліпби де түрліше. Бір ғана мысал, қазақ тіліндегі сауатын төте жазумен ашқан Қытайдағы қандастарымыз Отанына оралғанда қазақ жазуын оқудан қиналып қалғандарына куә болып жүрміз. Осы тектес мәселелер кесірінен шартарапқа тарыдай шашылған қазақтардың басқа елдегі бауырларымен ауызша тілдесе алғанымен, жазбаша тілде ұғынысулары өте қиын жағдайда. Қазақ тілінің елдегі қолдану аясын кеңейтіп, мемлекеттік деңгейде талап күшейсе де, шеттегі қандастарымыздың ана тіліне қатысты жоғарыдағыдай мәселесі тасада қалуда. Осыған байланысты халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен еліміздегі тіл жанашырлары қатысқан «Шетелдердегі қазақтардың ана тілін сақтау мен өрісін кеңейту жолдары» атты дөңгелек үстел болып өтті.Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бүгінгі көтеріп отырған мәселесі — елімізде кезек күттірмейтін, маңыздылығы орасан зор мәселе. Меніңше, билік басындағылар бұл мәселенің осыншама маңызды екенін сезінбейтін секілді. Қазақтардың көп шоғырланған жері — Ресейдің де, Қытайдың да сол елдердегі қандастарымызға жасап отырған саясаттары — ассимиляцияға шұғыл айналдыруға бағытталған саясат. Сол елдерде қаншама мектеп болған, бүгінде сол мектептердің барлығы жабылып, сол жүздеген мектептің орнына бір-екеуін ашқандай болып жатыр. Қытайда қазақша оқу бастауыш мектеп деңгейінде ғана қолданылады. Бұны да айтпай кетуге болмайды. Бұның зардабын уақыт өткеннен кейін көретін боламыз. Өйткені кейін өз тілдерін мүлде білмейтін немесе өте нашар білетін бірнеше миллион ұрпағымыз пайда болады. Яғни бұл — үлкен мәдени дағдарысқа апаратын жағдай. Сол себептен қазірден бастап мұның алдын алғанымыз жөн. Оралмандар мәселесін айтқан кезде, елге көшіру мәселесін ғана айтпауымыз керек. Сол шетелдердегі тіл мәселесіне, білім-ғылым мәселесіне бей-жай қарамауды үкіметтен талап етуіміз керек. Кейінгі кезде күрделене бергеннен кейін бұл мәселе біраз жөнге салына бастаған сияқты. Бірақ шетелдегі қазақтың барлығы толығымен елге оралмасы анық. Өйткені өз ата-бабалары жерінде отыр. Бұны сырттағы мемлекеттердің өздері мойындауда. Шыңжаң автономиялы ауданындағы ең құнарлы, ең жайлы, табиғаты тамаша, экологиясы керемет жер қазақтарға тиесілі. Мысалы, Қытайда қазақтар алты аймақта тұрады. Сол алты аймақтың төртеуіне Іле, Баркөл, Ақсай, Моры деп қазақша атау берілген. Ал қалған екі аймақ қазақша атаумен аталмаса да, ол жерлерде қазақтар басым. Яғни қазақтың жері екенін қытайлардың өздері мойындап отыр. Тағы бір мәселе — шеттегі қандастарымызға ақпараттық жәрдем, білім беру мәселелерін қолға алу жөнінде арнайы үкіметтің қаулысын шығару туралы билік өкілдеріне талап қойсақ. Себебі қаржыға басқалай жолмен қолымыз жетпейді. Шетелде орталықтарды ашуды басқа емес, «Қазақ тілі қоғамы» көтеріп, жоғарыдағы шенеуніктерге жол көрсету керек
40. Оразақын Асқардың «Шетте жүрген бауырларға» өлеңінде көтерілген мәселені бүгінгі күнмен үндестіре талдап жазыңыз.
Өзім шетелде білім алып, шеттегі қазақ жастарының жай-күйімен етене танысып келгендіктен, сол жайттарды ортаға салмай, үнсіз қалуды жөн санамадым. Еуропадағы қазақ бауырларымыздың басты проблемалары — шеттегі қазақтарға қазақ тілінен дәріс беретін маманның жетіспеушілігі. Осы мәселеге қатысты біз, жастар, бұрын да бастама көтерген болатынбыз, алайда қолдау болмаған соң, аяқсыз қалды. Сондай-ақ, шетелде жүргенде менің байқағаным, қай елдегі қандастарымыз болмасын, тек орта буын өкілдері ғана қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ал кейінгі толқындары ауызекі қатынас тіл ретінде көбінесе өздері өмір сүріп отырған елдің тілін қолданады, қазақшаға шорқақ. Мысалы, Германиядағы жастар немісше, Франциядағы жастар французша сөйлейді. Сондай-ақ, шет тілін игергенде бір нәрсеге ерекше зер салу маңызды, ана тілінің негізі мықты болу керек. Қаншама басқа тілді меңгерсе де, сонда ғана өз тілінің жанашыры боп қалады. Сонымен қатар өзге тілді қабылдау да жеңіл болады екен. Себебі басқа тілді игеру аударма арқылы келетін дүние ғой. Екінші мәселе — шетелдегі қазақ балаларының ана тілін меңгерулеріне жағдай жасау, қолдау көрсету. Олардың барлығын көшіріп әкелу мүмкін емес, алайда сол шеттегі қазақ балаларының ана тілдерінен ажырап қалуына жол бермеуіміз керек.Қазақ тілінің шетелдердегі өрісі туралы айтқанда, мынадай үш арнаны бөліп көрсетуге болады. Бірінші өріс – елімізбен іргелес елдердегі қазақтар мен алыс шетелдердегі қазақ диаспорасының тілі. Шетелдегі қазақтарды былайша екіге бөліп қарастыруымыздың мәні бар. Олардың барлығын бірдей диаспораға жатқызуға болмайды. Ресейдегі, Қытайдағы, Моңғолиядағы, Өзбекстандағы қазақтардың басым бөлігі өздерінің байырғы ата-бабасының жерінде мекендеп жатыр. Тарихтың таңдауы, тағдырдың жазуымен қандастарымыздың бір бөлігінің қызыл сызықтың сыртында қалуына тура келген. Сонымен, алыс-жақын шетелдерді тұтастай алғанда, қазіргі таңда шет мемлекеттерде қазақтардың үштен бірі, яғни бес миллионға жуық қазақ мекендеп жатыр. Мұның сыртында шетелге білім қуып, жан бағыс қамымен жұмыс істеуге аттанған қазақ азаматтарының да қарасы көбеюде. Олардың бірқатарының сол елдерде түпкілікті қоныстанып қалып жатқандары да бар. Мұны да назардан тыс қалдыруға болмайды.