Файл: азастан республикасы денсаулы сатау министрлігі марат оспанов атындаы батыс азастан медицина университеті.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 05.12.2023
Просмотров: 245
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
2.15. Құлақ құлығын алу
Сыртқы есту жолы терiсiнде май және түрi өзгеше тер бездерi болады. Бұл бездер,физиологиялық жағдайда, аралас өнiм-құлық бөледi. Құлық көп мөлшерде бөлінетін болса, ол сыртқы есту жолының бітелуіне және қабынуына алып келеді, кейде естудің төмендеуінің себептерінің бірі болып табылады. Сондықтан, құлақтың құлығын алу үшін, сыртқы есту жолын жуу әдісін қолдану қажет.
Сол қолдың І-ші және ІІ саусағымен құлақ қалқанын жоғары және артқа қозғап, ал оң қолмен Жане шприцін (150мл) ұстап, ұшын сыртқы есту жолына (жарғақты-шеміршекті бөліміне) енгізіп, жылы сумен (температурасы 37°С) жуады (30 сурет).
30 сурет- Жане шприцімен құлақты жуу
Шприцті сол қолдың III және IV саусақтарымен тіреу арқылы, сыртқы есту жолының қабырғасы мен дабыл жарғағын зақымдауын болдырмайды. Жылы суды сыртқы есту жолының артқы қабырғасының бойымен жібереді. Жуу кезінде, құлақ құлығы толығымен немесе бірнеше бөлшектер болып шығады. Жуынды суды сыртқа шығару үшін, науқастың басын иығына қарай қисайтып, құлағын құрғатады. Құлақ құлығы қатты болса, оны жұмсарту мақсатында құлаққа глицерин-сода ерітіндісін күніне 10 тамшыдан 3 реттен 2-3 күндей тамызады. Осы тағайындалған шарадан соң, құлақ құлығы оңай алынады.
2.16. Политцер бойынша есту түтігін үрлеу
Адам Политцер(Adam Politzer, 1835-1920, Вена, Австрия) – австриялық ғалым, отиатрия профессоры, ортаңғы құлақты үрлеу әдістемесін ұсынған.
Бұл әдіс ортаңғы құлақтың созылмалы қабыну ауруларында диагностика және емдеу мақсатымен қолданылады. Ол үшін алмұрт тәрізді резеңке баллоны (31 сурет) және түтікті отоскоп қажет. Дәрігер оң қолымен баллонның ұшын науқастың оң немесе сол мұрын кіреберісіне енгізеді және сол қолының І-ші бармағы, ІІ –ші және ІІІ саусақтарымен екі мұрын танауын қысады, науқастан«ку-ку» немесе «па-ро-ход» деген сөздерді буын-буынымен айтуын сұрайды. Осы кезде, дәрігер оң қолымен ұстап тұрған баллонды күрт қысу арқылы үрлейді және оны жібермей тұрып (мұрын қуысынан секретті тартпас үшін), ұшын мұрын танауынан шығарады. Жұтыну кезінде мұрын-жұтқыншақ таңдай пердесімен жабылады, сол себепті фонацияны суды жұтумен алмастыруға болады. Баллонды науқастың көмейі (қыдық) жоғары қозғалған сәтте қысу керек. Бірақ жұтыну кезінде үрлеу науқас үшін жағымсыз. Осы манипуляциядан соң, науқас естудің жақсарғанын және құлақтың ашылғанын айтады. Егер науқастың сыртқы есту жолына резеңке түтіктің (отоскоп) бір ұшын еңгізіп, ал қарсы жағындағы ұшымен дәрігер тыңдаса, үрлеген кезде евстахий түтіктің тарылу дәрежесіне байланысты, әртүрлі шулы дыбыстар естіледі.
31 сурет-Политцер бойынша құлақты үрлеуге арналған баллон
2.17. Сыртқы есту жолынан бөгде денені алу
Жане шприцімен құлақты жылы сумен жуу арқылы бөгде денені алу негізгі әдіс болып табылады /100 мл/ (32 сурет).
32 сурет -Жане шприці
Ісінген бөгде денелер (бұршақ, асбұршақ) болған жағдайда олардың көлемін кішірейту /бүрісуі/ үшін, алдымен құлаққа спирт ерітіндісін тамызады. Тірі бөгде дене болса, жәндіктерді жансыздандыру /өлтіру/ үшін сыртқы есту жолына спирт немесе май ерітіндісін құяды.
Егер бөгде дене сыртқы есту жолының сүйекті бөлігін толықтай жапса, үшкір бөгде денелерде (металл жаңқасы және т.б.) орналасса, дабыл жарғағында тұрақты тесік болса, онда құлақты жууға қарсы көрсеткіш болып табылады.
Егер жуу нәтижесіз болса, онда тәжірибелі оториноларинголог көзбен бақылап отырып, бөгде дененің арғы жағына тұйық ілмекпен өтіп немесе бөгде денеге өткір ілмекті енгізіп алады.
Бөгде дене алынбаса, онда ота жасалады /сыртқы тәсілмен/, балаларда жалпы наркоз қолданылады.
2.18. Сыртқы құлақ ауруларында парамеаталды новокаинды
блокада жасау
Новокаинды блокада И.П.Павлов, Н.Е.Ухтомский, Н.Е.Введенский ұсынған жүйке жасушаларының қызметін қалпына келтірудегі қорғаныштық тежелудің рөлі туралы идеяларының шығармашылық дамуының негізі болып саналады. Қабыну ошағындағы вегетативті жүйке жүйесіне новокаин блокадасы оң мәнді әсер етеді.
Сыртқы құлақтың ауруларында (фурункул, диффузды сыртқы отит) парамеаталды новокаин блокадасы қолданылады. Ол үшін қабыну ошағы айналасындағы жұмсақ тіндерге 0,5%-5-10 мл новокаин ерітіндісін енгізеді. Егер новокаин ерітіндісіне 150-250 мың бірліктегі пенициллинді қосса онда өте нәтижелі болады. Блокада алдында инъекция орнын спиртпен өңдейді, блокада жүргізгеннен кейін құрғақ стерилді таңғыш қойылады.
2.19. Құлаққа салқын және қыздырғыш компресс қою ережелері
Құлаққа салқын және қыздырғыш компресс қоюжедел іріңді ортаңғы отитте жергілікті ауырсынуды басу мақсатында қолданады. Бұл емдеу амалдарына науқастардың реакциясы бірдей емес: біреулері салқыннан, басқалары, жылудан кейін ауырсынудың азаюын сезінеді.
Құлақ аймағына қыздырғыш компрессті дайындау үшін, көлемі 15х15 см, 3-4 қабаттан тұратын дәкені пайдаланады. Осы дәкенің ортасын құлақ қалқаны үшін ортаңғы бөлігінен сопақша тесік жасалады. Дәкені спиртке немесе жартылай спиртті ерітіндіге батырып, құлақ аймағына қояды. Дәкенің үстіне кленка немесе балауыз қағазы орналастырылады, ол дәкені толық жабуы керек. Балауыз қағаздың үстін мақтамен жабады.
Компресс науқастың басына бинт арқылы таңылады. Салқынды басқанда ыдыстағы мұз қолданылады, оны құлақ аймағына қойып, науқастың басына мата бауымен /таспасымен/ бекітіледі.
3. Мұрын және мұрын маңы қойнауларының ауруларындағы қажетті тәжірибелік дағдылар
3.1.Мұрын қуысының вестибулоскопиясы.
Мұрын кіреберісі вестибулярлы бөлік болып аталады. Сондықтан, мұрын кіреберісін қарау, вестибулоскопия болып табылады (вестибуло- + грек тілінен. skopeo қарау).
Дәрігер науқастың маңдайына оң қолдың II – V саусақтарын орналастырып,оң қолдың I саусағымен мұрынның ұшын көтереді. Бұл кезде мұрын қуысының кіреберісі көрінеді (мұрын пердесінің алдыңғы бөлігі, мұрын қуысының түбі және мұрын қанаттарының ішкі беткейі). Бұл әдіс мұрын кіреберісіндегі терісінің өзгерістерін, тіліктер және ісіктерді көрсетеді. Егер мұрын танауының көлемі үлкендеу болса, онда қарау үшін мұрынжұтқыншақ айнасын қолдануға болады.
3.2. Алдыңғы риноскопия
Алдынғы риноскопия – мұрын қуысының алдынғы бөліктерін қарау.
Қажетті құралдар: маңдай рефлекторы немесе маңдай шамы, мұрын айнасы, жарық көзі.
Қарау техникасы: Оң қолмен науқастың басын ұстайды (төбесінде орналасады). Сол қолға мұрын кеңейіткішін (мұрын айнасын) ұстап(33 сурет),мұрын қуысына жәймен жабық күйде енгізеді, сосын жәйлап ұшын /браншаларын/ ашып мұрын кіреберісін кеңейтіп, оны жоғары көтереді. Айна браншаларын ауырсыну және қан кетуді болдырмау үшін мұрын пердесіне қатты баспау қажет. Алдымен науқастың басын төменге иіп, мұрын қуысының төменгі бөліктерін қарайды (1 позиция). Бұл кезде төменгі мұрын жолы мен төменгі мұрын кеуілжерінің алдыңғы бөлігі көрінеді. Науқастың басын сәл артқа шалқайтып, мұрын қуысының ортаңғы бөліктерін қарайды. Бұл кезде ортаңғы мұрын кеуілжерінің /раковинасы/ алдыңғы бөлігі мен ортаңғы мұрын жолы көрінеді. Одан кейін мұрын қуысының жоғарғы бөліктерін қарайды (2 позиция) (34 сурет).
33 сурет - Мұрын айнасын ұстау. 34 сурет - Алдынғы риноскопия жүргізу.
Сонымен бірге, мұрын қуысының медиальды қабырғасына (мұрын пердесі) назар аударамыз, жоғарыдан төмен оның барлық бөлімдері тексеріледі (3 позиция). Мұрын кіреберісіндегі түктерді қысып қалмау үшін, мұрын айнасының браншалары мұрын қуысынан жартылай жабылған күйде шығарылады.
Мұрын қуысының ортаңғы бөліктерін толық қарау үшін (ортаңғы риноскопия) ұзын браншалары бар мұрын айнасы (Киллиан айнасы) қолданылады. Мұрын кілегейінің 2% лидокаин анестезиясынан кейін, айна браншаларын ортаңғы мұрын кеуілжерінің төменгі жағына енгізіп, біртіндеп ашады. Ортаңғы мұрын кеуілжерін медиалды бағытта ығыстырғаннан кейін гаймор, маңдай қуысының, торлы лабиринттің алдыңғы және ортаңғы қойнауларының табиғи тесіктері орналасатын жартыай тәрізді саңылау көрінеді.
3.3. Артқы риноскопия
Артқы риноскопия – мұрын қуысының артқы бөлімдерін және мұрынжұтқыншақты қарау әдісі.
Қажетті құралдар: маңдай рефлекторы, мұрын-жұтқыншақ айнасы, ауыз қуысын қарау үшін шпатель, жасанды жарық көзі, ыстық су.
Қарау техникасы. Сол қолға шпательді алып науқастың тілінің алдыңғы 2/3 бөлігін төмен басады (35 сурет). Науқастан еркін дем алуын және бос отыруын сұрайды. Оң қолға жылытылған мұрын-жұтқыншақ айнасын алып (оның айналық беті кыздырылады, салфеткамен сүртіліп, айнаның қаншалықты қызғанын анықтау үшін металды беткейін дәрігер білегінің сыртқы жағына басады), оны жұмсақ таңдай арғы жағына өткізеді. Бұл әрекет кезінде айнаның беткейі жоғары қаратылады. Құсу рефлексін болдырмас үшін айнаны кілегей қабатқа тигізбеу керек. Дәрігер маңдай рефлекторының жарығын мұрын-жұтқыншақ айнасына бағыттайды және айнаны оңға, солға бұру арқылы мұрын-жұтқыншақтың барлық бөлігін және мұрын қуысының артқы бөлімдерін көруге мүмкіндік болады.
-
сурет - Артқы риноскопияның көрінісі:
1-тілшік; 2-мұрын-жұтқыншақ айнасы; 3-тіл; 4-шпатель.
Мұрын кеуілжерлерінің артқы бөлігімен бірге хоананы, мұрын-жұтқыншақтың күмбезін және артқы қабырғасын, жұтқыншақ бадамшасын, бүйір қабырғасынан евстахий түтігі саңылауынкөреміз (36 сурет).
36 сурет - Артқы риноскопияның эндоскопиялық көрінісі:
1-желбезек /сошник/, 2-хоана, 3-төменгі, ортаңғы, жоғарғы мұрын кеуілжерлерінің артқы бөлігі, 4-есту түтігінің мұрын-жұтқыншақ сағасы, 5-тілшік, 6-түтік қатпары /валик/.
Құсу рефлексі жоғары болғанда мұрын-жұтқыншақты қарау (артқы риноскопия) мүмкін болмайды, онда 10% лидокаин немесе 3% дикаин ерітіндісімен аппликациялық анестезия жасалады.
Кейде арнайы шпателмен немесе науқастың мұрыны арқылы енгізілген резиңке катетерді аузынан шығарып, жұмсақ таңдайды жоғары ығыстырып, артқы риноскопия жүргізеді.