Файл: Педагогика педагогикалы колледж студенттеріні педагогикадан жргізетін зерттеу жмысыны жйесі жне оны кезедері.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 05.12.2023

Просмотров: 636

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Павлов ілімінің айтуынша, жүйке жүйесінің әрбір типінің үш белгісі болады. Ол нерв жүйесінің қозу мен тежелуге негізделген.

1 Күшті қозуы тежелуінен басым

2 Күшті қозуы мен тежелуі тең

3 Күшті қозуы мен тежелуі тең, қозғалысы баяу

Міне, бұл Павлов ұсынған үш тип. Бірінші типті адамдар жұмыскер, жүйке жүйесі күшті, ондай адамдар қысқа және ұзақ қозуды және тежелуді басынан өткізеді. Екінші типті адамдар өте ширақ болады. Үшінші типті адамдардың кейбіреуінде қозу мен тежелу теңеседі, ал кейбіреуінде не қозу, не тежелу болады. Және мұнда Павлов жүйке жүйесінің күштілігі мен әлсіздігіне назар аударған. Күшті жүйке жүйесі бар адамдарды ол тағы екі типке бөлді:

1 Күшті, ұстамсыз

2 Күшті,ұстамды

Павлов өзінің ұсынған типтерін психологиялық темперамент типтерімен салыстырғанда, ол екеуінің тура келгеніне көзі жетті.

Флегматик темпераменті басым оқушының ерекшеліктері. Ол өте сақ, ұяң, байсалды, жұртқа жақсылық тілейтін, сенімді, тұрақты, бір қалыпты. Флегматик темпераментіндегі оқушы сабырлы, орынсыз асып-саспайды. Сабақта тыныш отырады, жанындағы оқушыны мазаламайды. Ауыр мінезді, көрсеқызар емес, мәселені тез шешуге асықпайды, салқын қанды. Бір істі бастаса салпақтап соңынан қалмайтын бала. Мұндай оқушының сезімдері сырт әлпетінен көрінбейді десе де болады. Ол оқушының дауыс екпіні баяу келеді, аптықпай, асып –саспай сөйлейді, сөзі ым –ишаралармен ерекшеленіп тұрмайды. Флегматик темпераментіндегі оқушының көпшілігі мектепке келгеннен кейін оқу дағдыларын меңгеруде өзінің икемділіктерін жақсы көрсетеді.

Холерик темпераменті басым оқушының ерекшеліктері. Бұл ұшып –қонып тұратын, күйгелек, тынымсыз, шамданғыш, көңіл –күйі жиі өзгеретін, қарым –қатынаста аумалы –төкпелі, тұрақсыз, соқпа мінезді, белсенді пысық, бірақ бейқам, ашуланшақ оқушы. Мұндай оқушы қимыл –істі сүйеді. Әдетте оның қимыл –қозғалысы батыл –шапшаң болады. Ол қызыққан жұмысына әбден беріліп, барлық ынтасын салып орындайды. Онда ой -әрекетінің белсенділігі байқалады. Ой – әрекетінің белсенділігі оқу тапсырмаларын орындауынан жақсы көрінеді. Спорт, әсіресе қозғалыс ойындарына бар ықыласымен қатынасады. Мектепте ұйымдастырылатын жұмыстарда балалардың алды болатын да осылар. Мұндай оқушының көбінің мінездері сотқар, шалдуар келеді. Өз эмоциялары мен қимыл –қозғалыстарын билей алмай, қабынып, «күйіп -пісуге» дайын тұрады. Ашуы шапшаң қатты, қияңқы, ұнамсыз істерге әуес. Бұлардың сөзі жылдам, интонациясы толқымалы, кейде топ ішінде даусы қатты шығып та кетеді. Олар тез, қызу сөйлеп, төңірегіндегілерді бірден ұйытады. Холерик темпераментіндегі оқушы өте сезімтал болғандықтан, түрлі әсерге тез беріледі, ызақор, ашуланшақ келеді. Оның бұл сияқты ерекшеліктері өткір көзінен, тез және оңтайы қозғалыстарынан жақсы байқалады.

Меланхолик темпераменті басым оқушының ерекшеліктері. Сәл нәрсеге ренжиді, өкпелегіш, пессимист, тұйық, сөзге сараң, аса баяу қозғалатын жайбасар. Мұндай оқушылардың сезімталдығы өте баяу көрінгенімен, оның сезімі ұзақ уақытқа созылады. Меланхолик мектеп өміріндегі оқиғалардың бәрін үлкен әсермен қабылдап, көп ойлайды. Мәселен, мұғалім оны тақтаға шақырып есеп шығартса, мұның өзі кейде әлдеқандай зор әсер етеді. Ол кейде қызараңдап ұялады, егер мұғалімнің тапсырмасын орындап шыға алмаса, осыған қатты қайғырады, көпке дейін бұл оның есінен кетпейді. Егер мұғалім сыныптағы оқушылардың көзінше оған ұрсатын болса мұндайда бала төмен қарап жылап, кейде жауап айта алмайтын жағдайға ұшырайды. Ол көпке дейін булығып, белсенді сөз айтудан қалады. Меланхолик темпераментіндегі оқушының, көбінесе өз жолдастарының арасында көзге түспей, жай ғана, жүріп –тұрғанды ұнатады, «мен» деп ешқашан ұмтылмайды. Ол ұялшақ, тартыншақ, тұйық болғандықтан, көпшіліктен аулақ жүргенді жақсы көреді. Мектепте осындай балаларды құрбы –құрдастары «қорқақ», «сылбыр», «үндемес», «маубас» тағы басқа деп келеке ететін кездері де болады. Ол жасқаншақ, сіркесі су көтермейді, бірбет, қыңыр, қисық келеді.

  1. Мінез туралы түсінік, мінез бітістері және оны тәрбиелеу.Типтік мінез бітістері: мейірімділік пен ізгілік, адалдық пен шыншылдық, борыш пен жауапкершілік, т.б.

Мінез – адамның негізгі өмірлік бет алысын және оның өзіндік әрекетінің айырмашылығын сипаттайтын сапалы өзгешелік. Ол – көп қасиеттердің бірлігі, түрлі өзгешеліктердің қосындысы, сонымен қатар адамды әр қырынан көрсететін қасиет. Мінез бітістері көп. Олардың бәрі де жеке адамның қасиеттері болып табылғанмен, мұның кез-келгені мінездің бітістері болып саналмайды.

Мінезді даралық өзгешеліктің өзегі, адамның негізгі тіршілік бағытының өрнегі деуге болады. Мінезде адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасының тарихы бейнеленеді. Мінез – кең мағыналы ұғым. Онда түрлі сапалар тоғысып жатады. Мінездің моральдық жағынан тәрбиелілігі, бірқалыптылығы, толықтылығы, күші мен айқындығы, салмақтылығы – оның негізгі сапалары болып есептелінеді.

Моральдық жағынан тәрбиеленген мінез адамды мінез-құлық тұрғысынан да, оның айналасымен байланысы тұрғысынан да сипаттап отырады. Коллектевизм, гуманизм, жұртшылық пікірімен санаса білушілік, өзінің міндетін орындаудағы жауапкершілік пен адалдық – мінездің осы сапасының негізгі компоненттері.



Рухани дүниесі бай қажеттері мен қызығулары, талғамы мен ой-өрісі кең адамдарды толық мінезді адам дейді. «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты (Әл-Фараби). Мінез сапаларының бірі – оның бірқалыптылығы. Мұндай адам құйындай ұйтқып тұрмайды, оның қастерлейтіні ылғи да сөз бен істің бірлігі. Кімнің мінезі толық болса, соның мінезі бірқалыпты да келеді. Бұл екеуі мінездің егіз қозыдай, бірінен екіншісі ешқашан ажырамайтын қасиеттері. Мінездің тұрақтылығы адамның саяси моральдық ұғымынан, түсініктерінен туындайды. Бұл қасиеттер адамның өмір сүруінің мән-мағынасын, әрекетінің мазмұнын белгілейтін мінездің сапасы.

Бірқалыпты, тұрақты мінезі бар адам басқалардың жетегінде кетпейді, оның зінің белгілі көзқарасы, принципі, өзіндік мінез-құлқы болады, ол қауіп-қатерден бой тасаламайды, керек жерінде батылдық көрсете біледі. «Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң айтпа сөз» деп Абай тегінен тегін айтпаған. Жақсы мінезге тән сапалардың біріне оның байсалдылығы жатады. Мінез адамның дүниеге көзқарасы мен сеніміне байланысып жатса ғана онда жоғарыда аталған сапалар қоры молаяды. Тек осындай мінезі бар адам ғана алдына айқын мақсат қоя алады.

И.П.Павлов адамның мінез бітістерін жоғары нерв қызметінің тума типтері мен өмір сүру барысында қалыптасатын уақытша нерв байланыстарының өзіндік «құйындысы» деп түсіндірді. Бұл жөнінде ол былай деп жазды: «… адамның мінез құлқының бейнесі нерв жүйесінің туа біткен қасиеттеріне ғана байланысты болып қоймайды, сонымен бірге организмнің жеке өмір сүру барыснда болатын ықпалдарға да байланысты, демек, кең мағынасында айтқанда, үнемі тәрбиелеу немесе үйрету жұмыстарына да байланысты болады».

Типтік мінездер – белгілі тарихи – қоғамдық жағдайлардың нәтижесі. Типтік мінездің кейбіреулері:

1) Отан сүйгіштік кісінің бойыдағы күш қуатын, білімі мен тәжірибесін халық мүддесіне оның игілігіне яғни адамның кіндік кескен жеріне білдіретін перзенттік борышы – оның кісілігін танытптын ерекше асқақ сезім. Отаншылдық – атамекенге деген сүйіспеншіліктің негізгі мазмұны, имандылық пен кісіліктің басты белгісі, басты өлшемі.

2) Мақсаткерлік (мақсатқа талпынушылық) –бұл өз мінез құлқын көздеген мақсатына алаңсыз бағыттауы, мұны өзінің ұстаған бағыт бағдар позициясына, танымы мен сеніміне, асыл арманына бағындыра алуы. Мақсаткерлік тек бір іспен өне бойы шұғылдану, онымен ылғида әуре болып жүру емес. Бұл соны қайткенде де орындап шығуға мықтап берілу, бір істі нәтижелі етіп тындыру.


3) Борыш пен жауапкершілік.Бұл адамның үй іші, әке шеше, тума туысқандарына қатысты перзенттік парызынан туындайтын қасиет. Мұның негізінде өзін әлпештеп , адам етіп өсіргендердің алдындағы жауапкершілігін бар санасымен терең аңғараалып, түсіну, бұл парызы мен қарызын қалай ақтау жолын ойластыру. Бұл кісіліктің басты белгісі, терең жіне күшті сана сезімді қажет ететін қасиет.

4) Мейірімділік пен ізгілік –басқаларға (әке-шеше, ағайын, туыс, таныс т.б.) көңіл бөлу олардың сеніміне ие болу, айналасындағылармен дұрыс қарым қатынас жасау, адамға эмоциялық жағынан тиімді.

5) Адалдық пен шыншылдық.Бұл екеуі бір бірімен біте қайнасқан кісінің жақсы мінез бітістері. Адалдық – сөздің таным мен сенімге ұштасуы, оның іс әрекетке қайшы келмеуі. Шыншылдық адамның азаматтық борышына, ар ожданына қалтқысыздығы. Адал да, шыншыл, әділетті болу – еңбек пен білім алуға, жалпы іс әрекетке дұрыс көзбен қарау, инабатты, тіршілікте тиянақты принципті болу деген сөз. Адалдық пен шыншылдық бар жерде кісі әділетті де, кішіпейілдік пен қайырымдылық етіп жүреді, бұлар кісінің абыройы мен атына дақ түсірмейді.

6) Достық –ортақ көзқарас пен мүдде, мақсат бірлігі негізінде пайда болып, уақыт сынынан өткен адамгершілік құндылығы мол тұрақты, тек адамға ғана тән жоғары сезім. Оның маңызды белгісі – өте берік, әрі терең эмоциялық жақындық. Ол адамның бір-біріне сөз жүзінде де, іс жүзінде де адал және шынайы болу, бір біріне толық сену, қайғы мен қиыншылықты өзара қол ұшын беру, өзара жауапкершілік пен қамқорлық.


  1. Қабілет туралы түсінік, түрлері: жалпы қабілет, арнаулы қабілет.Нышан және бейімділік. Нышанның табиғи негізі.

Ол – адамның бір іс-әре-кетті орындауда әрқилы деңгейде көрінетін жеке қасиеті. Оны данышпандар асыл мұраға да теңейді. Өйткені, кез келген адамда ерекше бір көзге түсетін қасиет болады. Егерде сол адам оны қастерлеп, өмірмен біте қайнасып жүруіне үнемі жағдай жасап отырса, иесінің қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Мұндай жан бәрібір өзінің алдына қойған мақсатына жетіп, еңбегінің жемісін татады. Олардың өз отбасына да, туған-туыс, қоғамына да тигізетін пайдасы зор.

Яғни, адам неғұрлым қабілетті болса, ол соғұ-рлым қай істі де табысты орындап, сый-құрметке бөленеді. Иә, адамдар үшін өз қабілетін жақсы істерге, ел игілігіне жұм-сағаннан артық бақыт жоқ. Тек есте болатын бір жағдай, кейбір адамдарда ерекше бір көзге түсетін бірнеше де қабілет кездеседі. Бұл – Жаратқан Иеміздің сол адамға берген несібесі. Бірақта біз оны күндемей, өз бойымыздағы қабілетті танып-біліп, оны бағалай, баптай білуге тиістіміз. Өмірде кездесетін бір сәтсіздіктен соң: «Менің бойымда еш қабілет жоқ, бәрібір мен бұл істі атқара алмаймын», — деген сары уайымға салынып, түңілмегеніміз, өз қабілетімізді одан әрі жетілдіре түскеніміз жөн.


Қабілеттілікті қалай таниды?

Ұлы ойшыл Кіші Сенека: «Адам өз қабілетінің қандай екенін бір іске кіріскенде ғана біледі», — депті. Ол рас. Сол себепті әрдәйім өз ісіңе сын тұрғысынан қарап, одан қорытынды шығара білуің қажет. Сірә, сондықтан да шығар, Дельфий храмында: «Өз бойыңа өзің үңіл» деп жазылып қойыпты. Мұны психологтар көпке дейін айтып та, жазып та жүрді. Мұнан туатын қорытынды: әрбір адамның өмірдегі бағыт, бағдары да, іс-әрекеті де, бәрі-бәрі өзінің бойына үңілуден басталады.

Нышан – мидың, жүйке жүйесінің, талдағыштардың адамдар арасындағы табиғи даралық өзгешеліктерін айыруға себеп болатын тума анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктері. Адамның белгілі бір іс-әрекетті орындауға бейімді болуы қабілеттің дамып қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Алайда, бұл нышандар іс-әрекеттің нәтижелі болуының толық жағдайы болып саналмайды. Ол үшін адам бойындағы нышандарды дер кезінде анықтап алу керек. Содан соң оны әр алуан әрекет үстінде дамытып отыруға бейімделіп, тәлім-тәрбие арқылы өрістете түсу қажет. Нышан сан қилы мағынада көрініс беоеді. Мәселен, әлеуметтік ортаның, тәрбие мен оқыту істерінің және түрлі жағдайлардың әсерінен белгілі бір нышандар негізінде түрлі қабілеттердің дамуы мүмкін. Мысалы, бойында шапшаңдық пен дәлдік, ептілік пен шеберлік нышандары бар адамдар тіршілік жағдайы мен қызмет саласына сай әр түрлі қабілетке ие болуы мүмкін. Бірі – хирург дәрігер, екіншісі – гимнаст, үшіншісі – суретші т. с. с.

Бейімділік пен қабілет көп жағдайларда бірге болады. Өйткені адамның бір нәрсеге қабілеттілігі оның бейімділігіне орай қалыптпасады. Бейімділік - адамның белгілі бір әрекетпен айналысуға бет бұрысы, оған көңіл аууы, оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі. Бейімділікті қандайда бір нышанның барлығын хабарлайтын белгі деуге болады. Мысалы: 2-3 жасар баланың музыка үніне құлағының елендеуі, онда музыкалық қабілетке байланысты табиғи негіздің бар екендігін көрсетеді.

  1. Ерік туралы түсінік. Күрделі еріктік амалдар. Адамның ерік сапалары. Балада еріктің дамуы және оны тәрбиелеу.

Ерік – бұл адамның өз мінез-құлқы мен іс-әрекетін саналы түрде басқара білуі. Ол мақсатқа жетудегі кедергілерді жеңуге көмектеседі. Кедергілер қаншалықты көп болса және адамның мақсатқа жетуге деген құштарлығы күшті болған сайын, ерік әрекетте бұлшық еттік және жүйкелік қысымның соншалықты жоғары болғандығын талап етеді. Бұл қысымды адам, ерікті күш жұмсау ретінде бастан кешіреді. Ерік жігерлік қысым жағдайын адам өз әрекетін, тежеу және өзінің басқада сырттай сезімдерін білдіруден тежелу кезінде де бастан өткізеді. Табандылық, қалауыңнан бас тару, қоғамдық мәні бойынша анағұрлым жоғарғы мотивтерге төтеп беру де ерікті қысымды, күш жұмсауды, яғни шынайы ерікті әрекетті талап етеді.