Файл: Әлеуметтану - 1 бөлік.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 13.08.2020

Просмотров: 1475

Скачиваний: 40

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Шоқанның әлеуметтанулық көзқарасының ең бір бағалысы — тарихты алып барушы күш — халық екенін дұрыс тануы болды. Шоқан шын мәнісінде тарихты ілгері бастырудағы халықтың рөлін дұрыс көрді. Ол қазақ халқының тағдырын орыс халқының тағдырымен байланысты қарады. Бірақ Шоқан өзінің еңбегі мен ісі кімге пайдалырақ болатынын да жақсы сезген. Оның көбірек сөз қылатыны қазақ халқы болды. Шоқан өз еңбектерінде ең алдымен ұлттық мәселелерді алға қоюға тырысты.

Ш. Уәлиханов халықтың болашағы үшін күрескен, орыстың өнер-білімін үндеген, қазақты орыс мәдениетіне жақындату, орыс ғылымына үйрету идеясын жақтаған адам. Ол қазақ халқының жаңаруын оқу-білім беру, ағарту ісінен іздеді. Сол арқылы қолынан келгенше ұлтының рухани және мәдени өркендеуіне ықпал жасау деп білді.

Шоқанның артыкшылығы да сонда - ол халық тұрмысына көз жіберді, өзінің талап-ойының барлығын халықтың атымен байланыстырды. Ол Ол «Ресей империясы құрамына енетін барлық бұратана тайпалардан саны жағынан, байлығы жағынан және бәлкім, келешектегі дамуына сенімі жағынан бірінші орын бізге – қырғыздарға (қазақтарға –автор) тиесілі» дей отырып, халымыздың, орыс қоғамы ойлағандай, соншалықты жабайы және тұрпайы еместігін, ақындық қасиеттен де құр емес, оның бай, тамаша әдебиеті бар екенін атап көрсетеді [1,87]. (Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп». 2010. Т.4. 496 б.). Шоқанның бұл сөзінен Россия басқа халықтардан гөрі қазақ халқын ең алдымен алға бастауы керек деген пікір көрінеді; бірақ бұдан басқа халықтар тұра тұрсын деген ұғым тумайды, қайта оның басқа халықтар туралы, мысалы, қырғыз, якут т. б. халықтар туралы да осындай пікірде болғаны мәлім.

Шоқан өз өмірінің негізгі мақсаты — халыққа қызмет ету, оны патша шенеуніктері мен жергілікті байлардың зорлық-зомбылығынан қорғау, қолынан келгенше оның рухани және мәдени өркендеуіне ықпал жасау деп білді. Ол қазақ жеріне өктемдік пен заңсыздық әкелген патшалық отаршыл үкіметті батыл сынады, билеп-төстеушілердің орынсыз баюына жол ашатын нәрсе - олардың қолындағы шексіз билік деп ұқты. Ол билікті халықтың еркімен шектеуді дұрыс деп санады. Сол кездегі қазақ еліндегі тәртіпті өзгертудің, қоғамдық құрылысты жаңартудың жолдарын іздеді.

Сондай-ақ ұлы ғалымның адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін адамдар еркін болуы шарт деген ойы бүгін де аса маңызды. Ал еркіндікті дұрыс пайдалана білу үшін халықтың сауаты жоғары болуы тиіс деп тұжырымдады.

Бақылау сұрақтары

1. Шоқанның әлеуметтік көзқарасының ең бір бағалысы неде?

2. Шоқан халықтың қалыпты түрде өсуі үшін не қажет деп санады?

3. Шоқан қоғамдық мәселеде халыққа не керек деп ойлады?

4. Шоқан саяси реформаны неге экономикалық істерді жүзеге асыратын құрал ретінде қарады?

5. Шоқан экономикалық, әлеуметтік, саяси реформаларды іске асыру барысында халықтың қандай жағдайларын ескеруі керек деп санады?


6. Шоқан билеп-төстеушілердің орынсыз баюына жол ашатын нәрсені қалай түсінді?

7. Шоқан неге билікті халықтың еркімен шектеу қажет деп санады?

8. Ұлы ғалым адамдар өз қасиеттерін дамыту үшін не керек деп есептеді?

9. Шоқан еркіндікті дұрыс пайдалана білу үшін халыққа не қажет деп ойлады?

10. Ш.Уәлихановтың дін туралы ойлары қандай?

11. Ш.Уәлиханов тарихты алға алып барушы кім деп санады?

12. Ш.Уәлихановша халыққа етене жақын, ең маңызды қандай реформалар?

13 . Ш. Уәлиханов экономикалық істерді жүзеге асырудың құралы қандай реформа деп санады?

14. Неге Шо0ан Қазақтар арасында өз тілінде өтетін, ертеден етене таныс билер сотының сақталуын талап еткен кім?

15. Билеп-төстеушілердің орынсыз баюына жол ашатын нәрсе - олардың қолындағы шексіз билік деп ұққан кім?

16. Еркіндікті дұрыс пайдалана білу үшін халықтың сауаты жоғары болуы тиіс деп тұжырымдаған кім?

17. Кім «Білімді адам қоғамда еркін болады» деген ғалым кім?

18. Билікті халықтың еркімен шектеуді дұрыс деп санаған кім болатын?




Ы.Алтынсариннің әлеуметтік ойлары

1. Мектеп, оқытушы туралы.

2. Қоғамдағы ғылым мен білімнің әлеуметтік рөлі туралы.

3. Жас ұрпақтың тәрбиесі жайында.

1. Қазақтың тұңғыш кәсіби ағартушысы, ақын және ойшыл Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) бүкіл өмірін халықты ағарту идеясына арнады, қазақ қоғамындағы ғылым мен білімнің жарқын жаршысы болды. Оның қоғамдық-саяси көзқарасының оянуына, демократиялық бағытта қалыптасуына, ағартушылық қызметіне орыстың алдыңғы қатарлы педагогтарының ортасы, олардың бостандық жолындағы ой-пікірлері мен іс-әрекеттері әсер етті.

Торғай облысының халық училищелерінің инспекторы болып оншақты жыл қызмет істеген, өз халқының даму бағытын да, шығар асуын да мұрат еткен өз ұлтының адал перзенті Ы.Алтынсариннің өзінің ана тілінде жазған тұңғыш "Қырғыз хрестоматиясының «Сөз басында» «...қазақ халқы азбаған, табиғаты таза халық. Оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды: ой‑пікірі еркін; оның келешегі үшін оған тек сана‑сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр» деп жазуын толық түсінуге болады. Ол қазақ халқының экономикалық және рухани дамуын тездетудің негізгі құралы ретінде барлық қазақ ауылдарында орыс-қырғыз мектептерін ашу міндетін қойды. Мұны қазақтарға білім беруді маңызды шаралардың біріне, дамудың негізгі құралына балады. Мектептерді халық арасында білім таратушы мәдениет ордалары деп санаған өзінің идеясын іске асыру үшін ол 1883-ші жылы Торғай қаласыңда қолөнер мектебін (ремесленная школа) ашты. Бұл мектептің ашылуын ағартушының өзі қазақ халқы өміріндегі "айрықша мәнді оқиға" деп атап, оны "қырғыздардың нақты білімінің бастамасы" деп санады.

Ыбрайдың Ушинский жолымен жүргізген оқыту жүйесі бойынша: мектеп ең алдымен халықтық мектеп болуы керек, ол халықтың тұрмысына ыңғайлы, шаруашылығына қолайлы болып құрылуы керек. Мектептер халықтың қалың бұқарасын қамтуы үшін ауылдарда, болыстарда, уездерде ашылуы керек. Ауыл мектебі ауыл өміріне, болыстық мектеп — болыстағы жағдайға сай құрылуы керек. Ауыл мектептері үлгілі, тәртіпті, көрнекі, мәдениетті, ауылдағы бүкіл мәдени-ағарту жұмысының орталығы, «қазақтарды оқытудың негізгі буыны» болуға тиіс. Мектеп ішкі мазмұнымен ғана үлгілі болып қоймасын, сонымен бірге сыртқы формасымен де ауылға үлгі берсін. Қазақ шаруалары балаларын мектепке алып келгенде, балам білім алады деп қана қуанбасын, өзі де сол мектепті көріп, «өмірді осылай құру керек екен» деп, үлгі алып қайтатын болсын деп есептеді.


Ыбрай өзінің практикалық ісінде өзі ұйымдастырып, ашқан мектептерін мейлінше үлгілі етіп құрды, мектеп жастарын білімге, өнерге, тазалыққа, адалдыққа, халықты сүюге, оған қызмет етуге, шаруашылыққа болысып, ата-анасына жәрдем беруге, еңбекке баулыды. Мектепте арнаулы программалық сабақтармен қатар, қосымша сабақ ретінде, балаларды қол өнеріне баулыды. Балаларды еңбекке баулу үшін мектеп айналасында бақша, жеміс ағаштарын отырғызды, гүл ектірді, оны күтіп-баптаудың жолдарын үйретті.

Ы. Алтынсарин шығармаларымен де тарихи дамудың феодалдық-рулық сатысын сақтаған өз халқының болашағы, оның қандай жолмен алға басатыны туралы аса құнды, терең ой-пікірлер айтып, ісімен де дәлелдеген. Ол орыстың озық мәдениеті мен білімі қазақ халқының рухани дамуының жолы деп қараумен бірге жергілікті жерде орыс-қырғыз мектептерін ашу ісімен айналысты. Бұл мектептерде білім алудың өте пайдалылығын және қажеттілігін көпшілік бұқараға ұғындыру және жас балаларды білімге қызықтыруды Ы.Алтынсарин өзінің негізгі міндеттерінің бірінен санады. Қазақ балаларына арнап оқулықтар, оқу құралдарын және әдістемелік кітаптар жазды. Ол, әсіресе мұғалімдерге ерекше көңіл бөлді: «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы. Тамаша педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілетін инспектор бақылауы да жақсы оқытушыға тең келе алмайды. Сондықтан да мен жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін» - деген болатын [1, ]. (Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. – Алматы, «Ғылым», 1955, 217‑бет). Ал өзінің мұрағатында сақталған 1882 жылдың 29 шілдесіндегі хатында: «дүниедегі ең қымбатты адам ‑ халық мұғалімі, окытушы ‑ мектептің шешуші күші» деп жазды.

Ы.Алтынсарин өз сөзімен айтқанда, «пайдалы нәрсенің бәріне жаны құмар» қазақ халқының тарихында тұңғыш оқытушы-педагог болып құрметті орын алады. Ол қазақ сахарасында тұңғыш рет дүние тану мектебін ұйымдастырды. Мектептің оқыту, оқу жүйесін орыстың алдыңғы қатарлы педагогтерінің іліміне, халық тәжрибесінің негізіне сүйене отырып жасады. Ол ағартушылық жолға түскен күннен бастап казақ балаларын ана тілінде окыта алатын да кадрлар даярлау ісіне белсене кірісті. Патша үкіметі Ыбрайдың бұл тілегін қабылдамады. Керісінше, Ыбрайды қудалай бастады. Ыбрай өзінің тағы бір хатында оқытушылар даярлайтын училище ашуға талпынамын деп, басыма пәле іздеп алдым, өкімет орындары маған теріс қарай бастады, «жер аударылуға аз-ақ қалдым» деп күйініп жазды.

2. Ы.Алтынсарин жастарды білім‑ғылымға шақырды. Өйткені оқу‑білім бар жақсылықтың, материалдық және рухани игіліктердің бастауы, онсыз байлық та, бақыт та, мұрат та жоқ. Сол себепті ол: «Сауатсыз, білімсіз адамдар — қараңғылықта адасушы, көзі жоқ соқыр, ақылы жоқ надан», - деп жазды. Оның ойынша, нағыз адамдар — ғылымды игерген, біліммен қаруланған, дүниенің игілігін өздерінің рухани өсулеріне пайдалана білетін кісілер. Ғылым мен білім адамды сол кездегі қазақ қоғамының жауы надаңдықтың бұғауынан босатып, оның ойын өрелі өріске жетелейді. Қазіргі мектеп көрген қауымға етене таныс «Кел, балалар, оқылық» деп басталатын өлеңнің мына жолдары ғылым мен білімнің бар құдыретін ашып тұрған сияқты:


Оқысаңыз балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

Болмаса

Мал дәулеттің байлығы

Бір жұтасаң жоқ болар,

Оқымыстының байлығы

Күннен‑күнге көп болар,

Еш жұтамақ жоқ болар.

Осылай жастарды ғылымды, техниканы білуді үгіттей отырып, Ы.Алтынсарин «Біз болмасақ сіз барсыз, Үміт еткен достарым...» деп, жас ұрпаққа зор сенім білдіреді. Ол:

«Өнер-білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызған,

Айшылық алыс жерлерден

Жылдам хабар алғызған.

Мың шакырым жерлерге

Күн жарымда барғызған.

Адамды құстай ұшырған

Мал істейтін жүмысты

От пен суға түсірді.

Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді,

Теңізде жүзді балыктай,

Дүниені кезген жалықпай,

Білгендерге осылар,

Бәрі дағы қанықтай,

Білмегенге танықтай.

Біздер бекер жатпалық,

Осыларға таныспай,

Ат өнері білінбес,

Бәйгеге түсіп жарыспай...‑ деп баланы ғылым мен техника дүниесіне тереңдеп кіруге, техниканы игеруге ұмтылдырады.

Бұлардан қалай қарапайым әлі дәл айтуға болады! Осы жерде Ы.Алтынсариннің ақыл мен білімнің ара қатысына орай айтылған ойын да келтіре кеткен артық етпес. Ол былай деп атап көрсетті: «Табиғи ақыл айналадағы бізді қоршағанды ғана қамтуға қабілетті, ал, оны дамытып, біздің көрмегенімізді де білуге қабілетті ететін дүниелік (светский) білім ғана».

3. Ы. Алтынсарин демократиялық бағыттағы педагогикалық ғылымның негізіне сүйеніп, қазақ оқушылардың бойына ізгілік өрнегін егу үшін ана тілінде тұңғыш "Қырғыз хрестоматиясы" оқулығын дайындады. Ондағы көздеген мақсаты, қазақ оқушыларын орыс тіліндегі кітаптарды пайдалана білуге баулу, орыс мәдениетін түсінуге үйрету болатын. Өйткені ол оқушылардың көпшілігі өздерінің кейін болыс, ауылнай, сот болатынын жақсы білді. Келешекте қазақ ауылдарында демократиялық идеялардың таратушысы болу үшін, оларды әділдік, тазалық, шындық рухында тәрбиелеуге тырысты. Сондықтан ол хрестоматияға балаларға таныс, олардың өмірлеріне жақын, демократия және гуманизм рухында жазылған, халықтық идеяларды тарататын әңгімелер, мысалдар, өлендер мен жырлар тандап алынды. Бұлардың негізгі идеялары жастарды тазалыққа, адалдыққа, еңбек сүюге, мейірбандыққа, қайырымдылыққа, достықка карай баулу еді. Олар балалардың ой-өрісін кеңейтуге, жаратылыс ғылымдарынан мәлімет беруге арналған. Ыбрай оқушының ойын аздан ‑ көпке, аласадан ‑ биікке, төменнен ‑ жоғарыға қарай дұрыс өрлетеді. Мысалы, жастарды әуелі өздерінің туған жерімен таныстырған, сонан соң алыстата-алыстата келе дүниежүзілік географиялық жағдайларды баяндаған.

Ислам дінін жетік меңгерген Ы. Алтынсарин бұл діннің көшпелі қазақ елінің рухани тәрбиесіндегі рөліне ерекше көңіл бөлген. Осы бағытта оның артына қалдырған мұрасының ең маңыздысының бірі «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты оқу құралын болып саналады. Автор осы еңбегінің жазылуы жайында былай дейді: «...біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегітүсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алуына жол бермеу үшін мен соңғы кезде Мұхаммед шариғатына үйрене бастап... осы оқу құралын құрастыруға кірістім». Еңбекте ол ислам туралы объективтік түсінік беруге ұмтылыс жасады, мұсылмандық құқық пен өсиеттің, діни жарлықтар мен салт-жораларының ережелерін объективті түрде баяндап берді. Сонан соң бұл кітапты жазудағы тағы бір мақсат – ислам дінін шала сауатты татар молдаларынын қорғау еді. Өйткені Ыбырай Алтынсарин ойынша, олар «бүгінгі таңда жағымсыз ықпал етіп отыр, ал келешекте одан да бетер әсер етуі мүмкін». Бұл ойлар Шоқан Уәлихановтың «Біз қалайда татарлық кезеңді айналып өтуіміз керек, өйткені олар ультрамұсылмандық бағыттың қанат жаюына ықпал етіп отыр деген ойларымен сабақтас болып жатыр.


Ы. Алтынсарин қазақ қоғамындағы ертеден келе жатқан әдет-ғұрып, дәстүр нормаларының адамдар арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды нығайтудағы рөлін ашып көрсетеді. Ол, әсіресе, қазақтардың құда болу салтына ерекше мән беріп, одан қоғамды нығайтудың бірден-бір маңызды факторын байқады. Бұл бағытта Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру және құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлеріне арнаған очерктерінде кеңінен сөз болған. Бұл очерктер қазақ халқының әртүрлі кезеңдегі өзінің әлеуметтік сезім‑күйлерін танытуымен құнды.

Халқымыздың ұлы ағартушысы, жазушы, ақын, қоғам қайраткері Ыбрай Алтынсарин халқына қызмет етуді «азаматтық борыш» санаған. Ол дүниенің кілті ғылымда деп түсінді, өз халқын, әсіресе жастарды оқытуды, оларға білім‑ғылым нұрын шашуды арман етті. Осы үшін сәулетті мектеп, оның шешуші күші – оқытушы, жақсы оқу құралы керек екенін терең түсінді, соны жүзеге асыру үшін күресті. Сол себепті де қараңғы қазақ жеріне білім мен ғылымның шам шырағын жаққан ұлы ұстаздың аты өзінің шексіз сүйген халқының жадында мәңгі қала бермек.


Бақылау сұрақтары

1. Ы.Алтынсарин халықтың дамуының негізгі құралын неге балады?

2. Ы.Алтынсаринше, мектеп үшін ең керекті не?

3. Ы. Алтынсарин «сауатсыз, білімсіз адамдар» туралы не айтты?

4. Ы. Алтынсарин «нағыз адамдар» деп кімдерді атады?

5. Ы.Алтынсарин: мектеп ең алдымен қандай болуы керек деді?

6. Ы. Алтынсарин халық мұғалімін қалай бағалады?

7. Ы. Алтынсарин казақ балаларын неге ана тілінде окытуды ұсынды?

8. Мектеп, оқытушы туралы.

9. Қоғамдағы ғылым мен білімнің әлеуметтік рөлі туралы.

Абайдың әлеуметтанулық көзқарастары

1. Қоғам туралы ойлар.

2. Адам болмысы, толық адам туралы.

3. Ағартушылық‑гуманистік ой‑тұжырымдар.

4. Діннің әлеуметтік қызметі туралы

5. Адам тәрбиесіндегі еңбектің рөлі жөнінде.

1. Қазақ халқының ұлы ақыны және кемеңгер ойшылы Абай Құнанбаевтың (1845-1904) әлеуметтанулық ой‑пікірлерін әңгіме еткенде негізінен мынандай мәселелерді қарастырған жөн. Біріншіден, Абайдың қоғам туралы ойларына арнайы тоқтау қажет. Өйткені бұрын‑сонды қазақ ойшылдарының арасында Абайдан артық қоғам туралы іргелі ой‑тұжырымдар жасаған көп емес. Ол өз кезіндегі қазақ қоғамының басты мәселелеріне жауап беруге ұмтылды. Батыс әлеуметтанушыларының еңбектерімен жақсы таныс ол қоғамның, әрине адамзаттың даму үдерісін үш сатыға бөлді. Біріншісі – қоғамның төменгі сатысы, онда белгілі бір әлеуметтік тәртіп, өмірлік бағдарлар жоқ. Бұл ‑ "жарым адамның" ауыр, ұзақ, бақытсыз өмірі. Ондай адамды Абай жануарға теңейді. Екінші кезеңде қоғам белгілі бір тәртіпке ие болады, оны нығайтады, материалдық молшылыққа қол жетеді. Ақыл-ой арқылы рухани болмыс ретіндегі жалпы адамзаттың негізі танылады. Бұл деңгейде Абай жеке адамды "алаш" деп атайды. Үшінші деңгейде адам баласы рухани даму жолмен кемелдікке жетуге тиіс. Бұл шынайы ілімге және мәңгілік қанағаттандыруға апарар жол, оған "толық адам" жетеді. Алайда, бұл деңгейге жалпы қоғам түгел қол жеткізе бермейді, оған тек жекелеген адамдар ғана қол жеткізуі мүмкін, сондықтан да ол қайсы бір қоғам болмасын алдағы мақсаты бола береді. Оның жоғары сатысы әлеуметтік тәртіп пен жоғары парасатты тұлғаны қоса қамтиды.