Файл: Адам интеллектісі дамуыны лингвистикалы аспектілері.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 29.10.2023

Просмотров: 390

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


3. «Ақыл-кеңес беру» мағынасындағы тұрақты тіркестер. Жол [жөн] көрсетті [сілтеді] (басшылық жасады, өміріне бағыт сілтеді). Мысалы: Ел ішінен сау келсең, Тағылым айтпас ер ме едің? Жол көрсетіп, сонда өлсең, Арманым бар дер ме едім (Абай). Жөн айтты (1. Жөн сілтеді 2. Ақыл-кеңес берді). Мысалы: Қысқа күнде ол қамтып, Шығады қырық колхозды. Бәріне де жөн айтып, Маздатады мол сөзді (Қ. Бекхожин). Жөнге салды (1. Жолға түсірді 2. Бетін жолға салды). Мысалы: Солардан бас қорғау ретінде және бір жағынан жаманын жазалаймын, жөнге саламын деген талаппен Абай алысады (М. Әуезов). Келеге кеңес кіргізді (ортаға ой, ақыл салды; қауымға ақыл қосты). Мысалы: О, шіркіндер, ол күнде Бұл күніңді ойлап па еді! Ол күнге енді бір сәлем! Онан бері өтейін, Келеге кеңес кіргізген Кешегі күнге жетейін (І. Жансүгіров). Келегелі кеңес [сөз] (ақылға қонымды, ауқымды әңгіме). Мысалы: Етпекке кеңес келелі, Азырақ сөйлеп берелі. Бақ пен дәулет тең келсе, Адамның болар кемелі (Майлықожа). Ақыл тапты (шаруаның ретін, жөнін келтірді). Мысалы: Адамзат тірлікті дәулет білмек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек. Екуеінің бірі жоқ, ауыл кезіп, Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек? (Абай). Тағлым тұтты [алды] (ісін, мінезін, ақыл-парасатын өнеге етті). Мысалы: Қазірдей көктем емес, Ол да күзде. Албырт шақ, Дүние де кең де бізге. Ақылын ағалардың Тағылы тұттық, Ар-ұят ұялаған кеудемізде (Қ. Бекхожин). Ақыл қосты [айтты, берді, салды] (кеңес берді, ой салды). Мысалы: Жердің, көктемнің жөнін сұрасқанда, Досан қарт, Әлмен, Сәлмен үшеуі ойлана, біріне-бірі ақыл қоса сөйлесті (М. Әуезов). Төрелік айтты/төресін берді (ақыл айтып, кеңес берді, келісім айтты). Мысалы: Сүйте жүріп, екі баласына ыстық асты әкеліп қоя отырып, аналық бір төрелік айтты (М. Әуезов). «Интеллектуалдық қызметті білдіретін ТТ» тобына жататын тұрақты сөз тіркестерінен адамның ақыл-ой жүйесі жеке емес, қоршаған ортамен байланыс орнату арқылы жетілетінін, танылатындығын аңғартады.

«Интеллектуалдық қабілетті сипаттайтын ТТ» тобына:

1. «Ақылды, дана» мағынасындағы тұрақты тіркестер

Өресі биік [жоғары, төмен] (диал. ақыл-ойы, шалымы өте жоғары). Мысалы: Кім болса да, баласын өресі биік жан болса екен деп тілейді (ауызекі сөйлеуде). Жіті көз (өткір көз, көреген). Мысалы: Панферов ойынан тез серпіліп, төңірекке көз жіберді. Әскери адамның жіті көзі күзгі қоңырқай жер реңінде әрең байқалатын, жақсы тасаланған зеңбіректерді байқады (Т. Ахтанов).

2. «Білімді, тәжірибелі» мағынасындағы тұрақты тіркестер.

Бес саусақтай білді (жатқа білді, жетік білді). Мысалы: Барлық сабақты бес саусақтай біліп алып, барлық класты аузына қаратса ғой! – деп қиялданды Сапар (М. Иманжанов). Көзі ашық (білімді адам, тереңнен ойлайтын жан). Мысалы: Ойласам, барласам, надан сахарадан, қараңғы қауынан шығып, көзі ашық адам болғанымды ен енді ұмытса керек, - деді Абай (М. Әуезов). Көзі қанық (жете білетін, білгір кісі). Мысалы: Біздің мұғалім мектебіміздегі еі көзі қанық адам деп есептеймін (ауызекі сөйлеуде). Омыртқасы түзу жігіт (диал. білімді, ақылды, көрнекті, іскер жігіт). Мысалы: Осы күні омыртқасы түзу жігіттердің дені отбасын құрып алған (ауызекі сөйлеуде).


3. «Айлалы, тапқыр» мағынасындағы тұрақты сөз тіркестер.

Айла ойлады/айла жасады/айла басты (әдіс қылды, қулық іс істеді). Мысалы: Егде тартұан алпыс айла жасап жүріп, қолына зорға қондырған жас әйеліне тез-ақ оралам, оған дейін сен де магазиндерге барып қайт, - деп кеткені де есінен шықты (Р. Райымқұлов). Айласы асты/айласын [амалын] асырды/айласын тапты (әдісі артып түсті; ретін келтірді, жөнін тапты, әдісін білді). Мысалы: Қайратпен кіріп жалынбай, Ақылмен тауып айласын, «Мен қалайға» салынбай, Жылы жүзбен жайнасын (Абай). Тақыр жерден шөп шығарған (қу, айлакер адам туралы айтылады). Қулық, айла – тапқырлықтыңбелгісі ретінде алынып, контексте интеллектуалдық мәнге ие деп санаймыз. Сондықтан осындай мағынадағы фразеологизмдер де топтауға қосылған. Тасбақаның аузынан шөп алған адам (диал.өте айлалы, тапқыр, епті адам). Алпыс екі [алпыс алты] айлалы (қу, амалы көп). Мысалы: Арт жағынан жауырыны бүлкілдейді, Қыран бүктеп астына дәл басқанда. Құсы да, иесі де қоразданар, Алпыс екі айлалы түлкі алғанда (Абай).

4. «Шешен, ақын» мағынасындағы тұрақты тіркестер. Буынсыз [сүйексіз] тіл (шешен, сөзшең). Мысалы: Буынсыз тілің, буулы сөзің, Әсерлі адам ұлына (Абай). Алмас тілді (өткір, әділ тілді; шешен сөзді; сөзі мірдің оғындай). Мысалы: Тақылдаған таңдайы, Кере қарыс маңдайы. Алмас тілді немесе Шешен болар ма екенсің? (С. Сейфуллин). Көмейі [көмекейі] бүлкілдейді (1. Өте шешен сөйлейді 2. Бірдеңе айтысы келді, дегісі келді). Мысалы: Арман сені де жақсы ізілдеген екен. Көмейің бүлкілдей берсін, шырағым. Бірақ, айтқаным айтқан: я Телғарамен, я Абзаловпен бол! (Ә. Тәжібаев). Жағы жоқ ақын [жан, шешен] (сөзуар, шешен адам туралы айтылады). Мысалы: Қалтадан өлең екен шыққан қағаз, Жағы жоқ ақын екен жігіт сабаз. Көшіріп ап өлеңді қолыма алдым, Жел сөзге онан өтер ақындық аз (М. Сералин). Орақ ауыз [ауызды]/от ауыз [ауызды]/от тісті [тілді] (өткір, өктем тілді,адуын мінезді; тілді кісі). Мысалы: Расын айтсақ, қарапайым колхозшы әйелдер ішіндегі талайталай от тілді, орақ ауызды, әзіл-қалжыңды шебер айтатын әйелдерді көп көргенбіз (С. Бақбергенов). Өткір тілді (кесіп түсер тура сөзді кісі; бет-жүзі деп иба етіп жатпас тура айтар тіл). Мысалы: Өлсем орным қара жер сыз болмай ма? Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?махаббат, ғадауатпен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? (Абай). Су жұқпас шешен (сөзден мүдірмейтін ділмар). Мысалы: Япырай, өзім-өз болғалы дәл осындай су жұқпас шешен адамды көрген жоқ едім (Б. Соқпақбаев). Ағып тұрған (1. Жырға жүйрік, сөзге шебер 2. Жалаң (өтірік) сөзді көп айтатын, сылдыр-суайт адам туралы да айтылады). Мысалы: Өзің болсаң, Темеке, Орны бөлек жақынсың. Қос өлкеге тел ерке, Ағып тұрған ақынсың (Ж. Молдағалиев). Қызыл тіл (шешен, орамды, жүйрік). Мысалы: Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең өзің біл (Абай). Аузының желі бар (тілге шешен, сөзге ұста). Мысалы: Аузының желі бар, Қолының ебі бар (мақал).



Тілімізде адам интеллектісінің төмен деңгейін танытатын: ақылсыз, білімсіз, надан, оқымаған, қараңғы, мисыз және т.б. сын есімдер бар. Осындай мәндегі тұрақты тіркестер де тілдік қолданысымызда кездеседі. Олар:

- миы толмады (ақыл-ойы жетілмеді),

- қараңғы адам (оқымаған кісі),

- надан кеуде/соқыр кеуде (оқымаған, қараңғы адам),

- соқыр сезім (ақыл таразысына түспеген, ақыл билігінен шығып кеткен көңіл-күй),

- соқыр сенім (білім, ғылымға сүйенбеген, қараңғы дүниетаным),

- соқыр тауыққа бәрі бидай (білмегенге бәрі бірдей; білмегенге жылтырақтың бәрі алтын, білмегенге ақ-қарасы бәрі бірдей деген мағынада),

- қуыс бас (ақылсыз деген ұғымда айтылады),

- өресі жетпеді (білім, дәрежесі, шама-шарқы деңгейлемеді),

- ойға олақ [тапшы] (топас, ойға шорқақ, ойлауға жоқ; ақылы аз, ақылы келте),

- ойсыз құлақ (надан, еш нәрсеге түсінбейтін топас кісі),

- ой таппады (ойлы, пікірлі адам бола алмады) және т.б. фразеологизмдер.


64. Эмоционалды интеллект және көсбасшылық интеллект (айырмашылықтары мен ұқсастықтары) ұғымдарына Венн диаграммасын толтырыңыз.

Эмоционалды интеллект (EQ) – бұл өзіңіздің эмоцияларыңызды позитивті түрде анықтау, пайдалану, түсіну және басқару қабілеті, мысалы, стрессті жеңілдету, қиындықтарды жеңу және жанжалды басу. Сондай-ақ, бұл қабілет басқа адамдардың эмоционалды күйін тануға мүмкіндік береді. Эмоционалды интеллектті зерттеу мен оны іс жүзінде қолдану арасында үлкен айырмашылық бар. Сіз белгілі бір қадам жасауыңыз керек екенін түсінуіңіз мүмкін, бірақ бұл сіз оларды жасайсыз дегенді білдірмейді, әсіресе стресс жағдайында. Мінез-құлық әдеттеріңізді өзгерту үшін сіз күйзелісті қалай жеңуге болатындығын білуіңіз керек.

Көшбасшылық - біздің өміріміздің барлық салаларына еніп, ұйымдар мен өзге де құрылымдардың тиімді қызмет етуінің алғышарты болып табылатын біліктілік қасиеті. Тиімді түрде көшбасшы бола білу мəселесі əсіресе əлеуметтік жəне психология ғылым салаларында кеңінен зерттеліп жүрген маңыздылығы жоғары тақырып болып табылатыны белгілі жайт.

Д. Гоулмен эмоциялық интеллектті тиімді басқарудың міндетті шарты деп қарастырады. Өзінің «Эмоциялық көшбасшылық» кітабында ол көшбасшылық қабілет үлгісін эмоциялық интеллект құрылымына сəйкес келесі түрде сипаттайды [5]:

  1. Өзіндік сана: өзіндік санасы жоғары дамыған көшбасшылар өз эмоциялары мен сезімдерінің əсерін саналауға қабілетті, бұл қасиет оларға күрделі жағдайларда мінез- құлықтың ең үздік тəсілін таңдауға көмектеседі.

  2. Өзін-өзі қадағалау: эмоцияны қадағалау, ашықтық, бейімділік, жеңуге деген ерік- жігер, бастамашылық, оптимизм. Өзін-өзі қадағалауы жоғары дамыған көшбасшылар - стрестерге төзімді, дағдарыс уакытысында тыныштық пен байыптылық сақтай білетін, аумалы-төкпелі жағдайларға тез бейімделе алатын тұлғалар.

  3. Əлеуметтік сезгіштік: эмпатия, іскери білімдарлық, елгезектік. Осындай қасиеттерге ие көшбасшылар қоршаған адамдарды тез түсініп, олардың орнына түсе алады; адамдардың қажеттіліктеріне өте сезімтал болып табылады.

  4. Қатынастарды басқару: ынталандыру, ықпал ету, жетілуге көмектесу, өзгерістерге қолдау көрсету, шиеленістерді реттеу. Осындай сипаттарға ие көшбасшылар өзінің қоластындағы адамдардың үн қатысуына ықпал етіп, оларды алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға жігерлендіре алады. Мұндай тұлғалар ұжым шеңберінде ауызбіршілік пен бір-біріне сенімді қалыптастыра алады.


Д. Гоулмен өзінің серіктес авторларымен бірге резонансты көшбасшылық терминін енгізеді. Аталған ұғым көшбасшы тұлға мен оның қарамағындағы адамдардың бір эмоционалды толқынға түсуін білдіреді. Резонансты көшбасшылық негізінде эмоциялық интеллект, саналау белсенділігі, оптимизм жəне эмпатия жатыр. Өздерінің зерттеулерінің нəтижесінде ғалымдар эмоциялық резонанс тудыратын төрт көшбасшылық стилді  (идеалистік стиль, үйретуші стиль, жолдастық стиль, демократиялық стиль) жəне жағдайды ескерместен қолданған жағдайда эмоциялық диссонансқа əкелетін екі стильді (талапшыл стиль, авторитарлы стиль) бөліп шығарды.

Көшбасшылық белгілі бір топтық міндеттерді шешумен тығыз байланысты болып табылғандықтан, топтық іс-əрекет түріне сəйкес инструменталды көшбасшы (the task leader) жəне экспрессивті немесе əлеуметтік-эмоционалды көшбасшы (the social-emotional leader) ажыратылады. Көшбасшылықтың бұл түрін өткен ғасырдың 50-жылдары Р. Бейлз бен Ф. Слейтер бөліп шығарып, осы құбылысқа «көшбасшылықтың рөлдік дифференциациясы» атауын берген болатын. Инструменталды көшбасшылық мақсаты топтың нысаналы түпкі міндеттерін шешуі барысында топты басқару болып табылады, ал эмоционалды көшбасшының рөлі ұжымда ішкі жағымды ортаны қалыптастыру жəне оның тұрақтылығын қамтамасыз етумен байланысты болып табылады. Топтық мақсаттың орындалу тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған инструменталды көшбасшы жиі түрде топ мүшелерімен өзара қатынастың нашарлауына алып келетін тəсілдерді қолдануы мүмкін. Ал эмоциялық көшбасшы көп жағдайда топтағы өзара қарым-қатынасты жақсартуға бағытталуы нəтижесінде өзінің эмоциялық интеллект қасиеттерін іске қосады. Тек топтық міндетке ғана бағытталған көшбасшының эмоциялық интеллекттің төменгі деңгейін байқату мүмкіндігі айтылады. Кейбір зерттеулерде, шынымен де, жоғарғы эмоциялық интеллект пен қарым- қатынасқа бағытталған демократиялық басқару стилі арасындағы байланыстар анықталған. Бұл ретте коммуникативті қабілет деңгейі төмен əйел-басшылар директивті жəне енжар стильдерді таңдауға бейім екендігі анықталса, ерлер көп жағдайда тек енжар басқару стилін қолданатыны байқалған [6].

65. Адамның интеллектуалдық сипатының метафоралануын тілдік фактілер негізінде дәлелдеңіз

Жалпы метафора туралы қандай пікір-пайым айтылса да, мәселе бұл терминнің беретін этимологиялық мағынасы аймағында болатыны сөзсіз. Көне грек тілінің сөзі метафора «ауыстыру», «ауыс мағына» деп аударылады және атқаратын негізгі қызметі де атауынан алшақ емес. Метафоралану тілдегі барлық бейнелеуіштердің алдыңғы қатарында тұратын құбылыс. Себебі, метафора біздің күнделікті сөз қолданысымызда, біз оқитын көркем шығармаларда, БАҚ беттерінде үнемі кездесіп, қалыптасып, толығып отырады. Тілдің байлығын танытатын мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері, нақыл сөздер, тұрақты теңеулер – барлығы метафоралық жолмен жасала алады.